Елордада су бұру мәселелері бойынша ғылыми-практикалық конференция өтіп жатыр

Астана жаңалықтары: Елордада су бұру мәселелері бойынша ғылыми-практикалық конференция өтіп жатыр
Бүгін елорда әкімдігінде «Су бұрудың өзекті мәселелері: Ағынды суларды тазарту. Нөсер және дренажды кәріз» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтіп жатыр. Конференция жұмысына отандық және шетелдік сарапшылар, ғылыми зерттеушілер. ҒЗИ, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың өкілдері қатысуда.

Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев конференцияға қатысушыларға табысты жұмыс тіледі. Қала басшысы көтерілген мәселелердің кез келген шаһар үшін маңызды болып табылатынын атап өтті.

– Бүгінгі конференцияның мақсаты су тазарту саласындағы үздік инновациялық технологияларды енгізу мен озық тәжірибені және қаламыздың инженерлік инфрақұрылымын модернизациялау аясында оларды қолдану мүмкіндігін талқылауға негізделеді. Елордамыз қарқынды дамып келеді, оны одан әрі дамыту мәселелері алдымызға жаңа міндеттер қояды, олардың бірі ағынды суларды бұру мен тазарту мәселелерін кешенді түрде шешу қажеттілігі болып табылады. Бұл жобаны үздік әлемдік практикаларды ескере келе, кешенді жүзеге асыруға тырысамыз, сондықтан бұл конференция әлемдегі техникалық шешімдерді зерделеп, олардың ең үздіктерін қолдануға көмектеседі деп ойлаймыз, – деді Әсет Исекешев.

БҰҰ ДБ Қазақстандағы тұрақты өкілі Наримас Шимомур конференция барысында баяндама жасап, Қазақстанның астанасының қарқынды дамуы қызметтер сапасына ерекше назар аударуды қажет ететінін және бүгінде су бұру мәселесін көтеру маңызды екендігін айтып өтті.

– Астанада су бұру проблемаларын шешу және санитарлық жағдайларды жақсарту үшін нақты қадамдар жасалып жатқанына қуаныштымын. Бұл қаланың тұрақты дамуына және экожүйенің жақсаруына әкелетін алғышарттар. Әрине, бұл фактор тұрақты экономикалық қызметке негіз болады, – деді ол.

Пленарлық отырыс барысында ағынды суларды тазартудың теріс салдарын жою туралы Дүниежүзілік банктің ағынды сулар мен су қоймаларын тазарту мәселелері жөніндегі кеңесшісі Минахем Либхабер баяндады.

– Ағынды суларды тазарту кезінде үздік сапаға қол жеткізу керек. Негізгі ластаушы заттар суда болады, ал оларды жойған кезде – бұл түрлі аурулар тудырады. Тазарту ағынды сулардың қайда, қандай жинақтағышқа жіберілетініне байланысты, өйткені ластау орын алатын қабылдағыш әртүрлі болуы мүмкін, – дейді Минахем Либхабер.

Оның айтуынша, тазарту технологиялары әртүрлі, сондай-ақ, ағынды сулардың типтері де маңызды. Бұл ретте климаттық жағдайлар да маңызды рөл атқарады, тазарту құралдары төмен және жоғары температуралар үшін арнайы жобалануы керек.

Конференция ккешке дейін өтеді. Пленарлық отырыстан кейін панельді сессиялар басталды.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11182
Әрі қарай

Әсет Исекешев елордалық құрылыс компанияларының өкілдерімен кездесті

Астана жаңалықтары: Әсет Исекешев елордалық құрылыс компанияларының өкілдерімен кездесті
Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев пен қаланың басты салушылары қалалық әкімдікте өткен кездесуде құрылыс қызметін дамытудың негізгі мәселелерін талқылады.

Кездесу барысында Ә. Исекешев құрылыс секторының елорданың индустриалды кешенінде жетекші орында екендігін және экономиканың барлық салаларын дамытуға елеулі үлес қосатынын атап өтті.

Құрылыс саласына салынған инвестициялардың негізгі қаржы көздері шаруашылық субъектілерінің өз қаражаты болып табылады, оның көлемі 227,6 млрд теңгені (59,3%) құрады, сондай-ақ 97,3 млрд теңге (25,3%) -мемлекет қаржысы, салымдардың бір бөлігі — құрылыстар мен ғимараттарды салу және күрделі жөндеу бойынша жұмыстар, олардың үлесі 76,7%, немесе 294,6 млрд теңгені құрады.

Тұрғын үй құрылысындағы инвестицияның шамамен 18% Астанаға тиесілі. Үстіміздегі жылдың жеті айында 74,1 млрд теңге инвестиция тартылды.

Кездесу барысында салушылар құрылыс барысында туындайтын проблемалық мәселелер бойынша өз ұсыныстарын жеткізді. Кездесуге «BI Group» компаниясы Директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев «Хайвилл Қазақстан» ЖШС бас директоры Канг Джон Дэ, «ОРДА INVEST» Корпорациясының» басқарма төрағасы Шалқарбек Тәліпов және басқалары қатысты.

Салушылар жер аумақтарын игеру саласындағы проблемалар, нақтырақ айтқанда, жерлердің шекарасында орналасқан жылжымайтын мүлікті сатып алуға байланысты қиындықтар туралы айтып берді. Сондай-ақ, кездесуге қатысушылар паркингтер салу кезінде тұрақ орындарына, құрылыс мерзімдерінің ұзақтығына және құрылыс жүргізуге рұқсат құжаттарын алу барысында қойылатын талаптардың тым жоғары екендігін жеткізді және т.б. Құрылыс компанияларының өкілдері елорданың қала құрылысы кеңесіне инвестициялаумен айналысатын бизнес өкілдерін қосуды ұсынды.

Кездесу қорытындысы бойынша елорда әкімі мемлекеттік органдарға құрылыс компанияларында туындайтын проблемаларды зерделеп, оларды шешу үшін тиісті тапсырмалар берді, сондай-ақ, бизнес пен мемлекеттік органдардың өкілдерінен құрылыстағы проблемалық мәселелерді шешу жөніндегі Комитет құрылатын болды.

Сонымен қатар, Ә. Исекешев жұмыстарды жүргізу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша құрылыс ұйымдарына қойылатын кейбір талаптарға тоқталды. Осы талаптар аясында салынып жатқан нысандардың сапасына, рұқсат құжаттарынсыз құрылыс жүргізуге, құрылыс алаңдарын тиісінше ұстамауға, құрылыс ұйымдарының жұмыскерлерінің тұруы, тұрмысы мен тамақтану жағдайларына, сондай-ақ еңбек мигранттарының көші-қон процесін және тұрғын үйлерді заңсыз сату мәселелерін бақылауға баса назар аударылды.

Әсет Исекешев кездесуге қатысушыларға заң талаптарын сақтау мен бұзушылықтарға жол бермеу бойынша кеңес берді.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11178
Әрі қарай

2017-ден бастап орыс мектептерінде қазақ тілі жаңа технологиямен оқытылады

Білім және ғылым: 2017-ден бастап орыс мектептерінде қазақ тілі жаңа технологиямен оқытылады

Алдағы жылдан бастап орыс тілінде оқытатын мектептерде қазақ тілін меңгерудің жаңа әдістемесі енгізіледі. Бұл туралы бүгін Астанада Қазақстан білім саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінде ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлім етті.

«Мемлекеттік тілді одан әрі қарай дамыту және жаңа әдістемені енгізуге тоқталатын болсақ, бізде жыл сайын қазақ тілінде оқитын оқушылар саны өсуде. Бүгінде жетпіс пайыз мектеп оқушылары қазақша білім алуда. Биыл балалардың 72 пайызы қазақ тілінде ҰБТ тапсырды. 2016 жылы жоғары оқу орындарына бөлінген гранттардың 80 пайызы мемлекеттік тілдегі мамандықтар. Бірақ, әлі де шешілмеген маңызды мәселені айтатын болсақ, орыс мектептерінде қазақ тілі оқытылса да, олар мемлекеттік тілді күнделікті өмірде қолданбайды. Сол мектептерде жаңа әдістеме керек болып тұр және оны барлығымыз түсінеміз», — деді министр.

Осы ретте Е. Сағадиев жаңа әдістемені бірлесіп дайындауға отандық ғалымдар мен әдіскерлер жұмылдырылғанын айта келе: «Әдістеменің негізгі жобасы дайын және ол кешегі сессияда таныстырылып, талқыланды. 2017 жылғы оқу жылынан бастап орыс тілінде оқитын балаларға қазақ тілін үйрететін сол жаңа коммуникативтік технологияларды енгізе бастаймыз. Дариға Нұрсұлтанқызы (Премьер-Министрдің орынбасары), Сіздің берген тапсырмаңызға сәйкес, әдістеме әрі қарай оқушылармен бірге ересек адамдарға да ұсынылады», — деді.

ҚазАқпарат
Әрі қарай

Жұмыспен қамту орталығына 8 мыңнан астам жүгінді

Астана жаңалықтары: Жұмыспен қамту орталығына 8 мыңнан астам жүгінді
Жұмыспен қамту орталығына 8 487 адам жүгінді. Олардың 4 233 адамы тұрақты жұмыс орындарына, 1 244 адам қоғамдық жұмыстарға жіберілді. Сондай-ақ, 623 адам кәсіптік оқытудан өтіп жатыр, 435 түлек жастар практикасына қатысуда, 105 жұмыссыз азамат әлеуметтік жұмыстарға орналастырылды.

Мұнымен қоса, жыл басынан бері 9 Бос орындар жәрмеңкесі, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі тұлғалар үшін, әйелдер мен жастар және арнайы білім беру саласына да қатысты жәрмеңкелер өткізілді. Жұмыспен қамту орталығы жұмыс берушілерді «Халықты жұмыспен қамту туралы» ҚР Заңының нормалары мен ережелерін сақтау туралы ақпараттандырады.

Сонымен қатар, «Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» бағдарламасы туралы елорда тұрғындарын хабардар етумен айналысатын мобильді топ жұмыс істейді. Елорда тұрғындары еңбек нарығындағы жағдай мен кадрларға сұраныс жайлы толық ақпарат ала алады.

Бұрын хабарланғандай, үстіміздегі жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша елордамызда еліміздің басқа аумақтарымен салыстырғанда жұмыссыздық деңгейі төмен болып, 4,7%-ды құрады. Сонымен қатар, қолға алынған шаралардын нәтижесінде әйелдер жұмыссыздығы 1,6 пайыздық бөлікке (6,3%-дан 4,7%-ға ) және жастар жұмыссыздығы 0,4 пайыздық бөлікке (5,6% -дан 5,2%-ға) төмендеген.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11174
Әрі қарай

Инновациялық жобаларға 180-220 млн теңгенің гранты беріледі

Білім және ғылым: Инновациялық жобаларға 180-220 млн теңгенің гранты беріледі

«Өнімді инновацияларды ынталандыру» атты жобаның негізгі мақсаты – озық ғылыми технологияларды өз елімізде қолға алып, өндіріске енгізу. Осыған орай, әрбір жобаға қыруар қаржы бөліп, оны идеядан бастап бизнес жобаға дейін дамыту жоспарланған. Сөйтіп, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты барынша күшейту көзделіп отыр. Конкурстың алғашқы кезеңі тамыздың аяғына дейін жалғасады. Сол уақытқа дейін нақты идеяны ұсыну қажет. Ал бизнес-жоспар мен жобаны іске асыру тәртібін кәсіби мамандармен бірлесіп әзірлеуге болады. Ол жұмысқа Ұлттық кәсіпкерлер палатасы атсалысуға даяр, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Өткен айдың соңында ғылыми топтарға арналған гранттық бағдарлама жарияланды. Оның басты мақсаты – өз ғылыми зерттеулерін өндіріске, я болмаса, нарыққа шығарғысы келетін ғалымдарға қаржылай көмек көрсету. Грант екітүрлі топқа арналған. Біріншісі тәжірибесі мол беделді қазақстандық ғалымдарға арналса, екіншісі жас ғылыми қызметкерлерге беріледі. Іріктеу екі кезеңнен тұрады. Қазір бірінші кезең өтіп жатыр. Ол осы айдың аяғына дейін жалғасады. Гранттың көлеміне келер болса, аға ғылыми қызметкерлер тобына 230 млн. теңге берілсе, кіші ғылыми қызметкерлер тобына 180 млн. теңге қарастырылған», — «Өнімді инновацияларды ынталандыру» жобасы басқарушы тобы директорының орынбасары Алау Ахметжанов.

Оның айтуынша, топ басшысы міндетті түрде Қазақстан азаматы болуы тиіс. Бұдан басқа, топтың құрамына бір коммерцияландыру маманы, яғни бір кәсіпкер мен бір технолог кіруі керек. Барлық мүшелердің санын жетіге жеткізуге болады. Грант 3 жылға беріледі. Осы уақыттың ішінде ғалым өз технологиясы негізінде өнім өндіріп, оны нарыққа шығаруы тиіс. Сондай-ақ жобаға қосымша қаржы тартып, лицензиясын басқа елдерге сатқан жөн.

Жобаның жалпы құны – 110 млн. АҚШ доллары. Бұл ақшаны Дүниежүзілік банк заем ретінде беріп отыр. Сондықтан қаржының қайтарымына баса назар аударылады. Ал әрбір ғылыми жобаның тиімділігін тексеріп отыру үшін Ғылым мен коммерциализация бойынша халықаралық кеңес құрылады. Кеңес мүшелері жобаларды іріктеп, мониторинг жасайтын болады. Әзірше жобаның нақты бір бағытына шектеу жоқ. Ең бастысы, бизнес идея отандық өндірістің өнімділігін көтеруі шарт.

Толық ақпарат:fpip.kz
Әрі қарай

Ата-аналар оқушылардың үлгерімін қосымшаның көмегімен бақылайды

Астана жаңалықтары: Ата-аналар оқушылардың үлгерімін қосымшаның көмегімен бақылайды
Енді ата-аналар оқушылардың үлгерімін электронды түрде бақылай алады. Биыл Edupage порталы арқылы Astana Learning Management System жобасы іске қосылады. Аталған жүйе веб-сайт форматында да, смартфондар мен планшеттерге арналған мобильді қосымша түрінде де жасалды.

Edupage порталының көмегімен сабақ кестесімен, бағалармен, үй тапсырмаларымен кез келген уақытта танысып, сабаққа қатысу журналын, асхана мәзірін көріп, қосымша оқу материалдарын алуға, тіпті сауалнамаларға да қатысуға болады.

Жоба мектеп жаңалықтарын, алмастырушы мұғалім, өткізілетін жиналыс немесе шаралар туралы ақпаратты тәулік бойы оқуға мүмкіндік береді. Ата-аналар мектеп әкімшілігімен және әр мұғаліммен тікелей байланыс орнатады.

Ал мұғалімдер болса, осы жүйенің көмегімен сабақ кестесін автоматты түрде жасап, барлық бағаларды электрондық түрде тіркейді.

Қосымшаны Play Market пен App Store-дан жүктеп алуға болады.

Жүйе іске қосылған кезде мектеп әкімшілігі оқушыларға пароль сөздер таратады.

Айта кетейік, бағдарлама ғаламтордың ең төмен жылдамдығымен жұмыс істейді.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11172
Әрі қарай

Елордада жұмыссыздық деңгейі 4,7% құрады

Астана жаңалықтары: Елордада жұмыссыздық деңгейі 4,7% құрады

Халықты жұмыспен қамтуды зерттеу мәліметтері бойынша үстіміздегі жылдың 2-ші тоқсанында жұмыссыздар саны 22,8 мың адамды, ал жалпы, жұмыссыздық деңгейі 4,7% құрады.

Астана қаласы статистикадепартаментінің мәліметінше, екінші тоқсанда Астана қаласының экономикасында 466,2 мың адам жұмыс істеген, соның ішінде 229,5 мыңы — ер, 236,7 мыңы — әйел.

Жұмыс істейтін адамдар құрылымында жалдамалы қызметкерлердің үлесі 95% немесе 442,8 мың адамды (соның ішінде 220,6 мыңы — ер, 222,2 мыңы — әйел) құрады, ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны 5% немесе 23,4 мың адамды (соның ішінде 8,8 мыңы — ер, 14,6 мың — әйел) құрады.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11169
Әрі қарай

Үш тілде оқыту қалай жүзеге асады?

Білім және ғылым: Үш тілде оқыту қалай жүзеге асады?

Үш тілде оқыту биылғы жылы, тіпті 2017, 2018 жылы да емес, тек қана 2019 жылдан басталады және тек қана 10-11 сыныптарда жүргізіледі. Алдағы үш жылда кадрларды даярлау жоспарлары іске асырылады.

Инварианттық бөліктегі пәндерді оқыту тілі мынадай болып анықталды:

— қазақ тілінде оқытатын мектептердің жаратылыстану-математикалық бағыттағы 10-11 сыныптарында 2019 жылдан бастап барлық пәндер қазақ тілінде, тек қана физика, химия, биология, информатика – ағылшын тілінде, дүние жүзі тарихы, орыс тілі мен әдебиеті – орыс тілінде жүргізілмек. Вариативтік компонентті оқыту тілі – мектептің өз еркінде болады. 2019 жылға дейін мектептер жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді оқыту тілі ретінде ағылшын тілін таңдауға құқылы.

— орыс тілінде оқытатын мектептердің жаратылыстану-математикалық бағыттағы 10-11 сыныптарында 2019 жылдан бастап, барлық пәндер – орыс тілінде, тек қана физика, химия, биология, информатика – ағылышын тілінде, Қазақстан тарихы, қазақ тілі мен әдебиеті – қазақ тілінде жүргізіледі. Вариативтік компонентті оқыту тілін таңдау мектептің өз еркінде болады. 2019 жылға дейін мектептер жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді оқыту тілі ретінде қазақ және ағылшын тілдерін таңдауға құқылы.

2019 жылға дейін жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді ағылшын тілінде оқытуға өз еркімен көшкен мектептер үшін Министрлік қорытынды аттестаттауды пәндер бойынша қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде дайындайды.

2017 жылы көктемде 9-11 сыныптарға арналған үш тілдегі емтихан материалдары әр мектепке жеткізілетін болады. Мектеп бітіруші қорытынды аттестаттау кезінде тілді таңдауға құқылы болады.

Сонымен қатар, мектеп бітіруші түлек қазақ тілі және әдебиеті пәні бойынша міндетті емтихан тапсыратын болады.

bilimnews.kz
Әрі қарай

Елордада 31,8 млрд теңгенің 6826 нысаны заңдастырылды

Астана жаңалықтары: Елордада 31,8 млрд теңгенің 6826 нысаны заңдастырылды
Бүгінгі таңда Астана қаласының жергілікті атқарушы органдарына жалпы сомасы 95,5 млрд теңгені құрайтын 7405 өтініш келіп түсті. Соның ішінде, тұрғын және тұрғын емес нысандар, коммерциялық нысандар, сондай-ақ заңды тұлғаларға қатысу үлестері бар. Барлығы жалпы құны 31,8 млрд теңгені құрайтын 6826 нысан заңдастырылды.

Астана қаласының мемлекеттік кірістер органдарына шетелде орналасқан 10 нысан бойынша 440,8 млн теңгені құрайтын 8 арнайы декларация ұсынылды. Сонымен қатар, ҚР тыс орналасқан 6,3 млн теңгені құрайтын үш заңды тұлғаларға қатысу үлесі заңдастырылды.

Ақша қаражатын заңдастыру да жүргізіледі. Жалпы құны 416,3 млрд теңгені құрайтын 284 арнайы декларация ұсынылды, соның ішінде 8,3 млн теңге мөлшерінде 10% алым төлеу арқылы шотқа енгізбестен 82,5 млн теңге заңдастырылды. Сонымен қатар, 8,1 млн теңгені құрайтын бағалы қағаздар заңдастырылды.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11152
Әрі қарай

«Арай» саябағында тамақ пен сән фестивалі өтеді

Астана жаңалықтары: «Арай» саябағында тамақ пен сән фестивалі өтеді

Тамыздың 27-сі мен 28-і күндері «Арай» саябағында сағат 12-ден кешкі 20-ға дейін Astana food and fashion festival атты тамақ пен сән шарасы өтеді. Фестиваль ҚР Конституция күніне орайластырылып отыр. Келушілер ерекше ас мәзіріндегі тағамдардан дәм татып, қаладағы үздік дәмханалар мен мейрамханалардың қызықты ұсыныстарымен танысады. Сонымен қатар, фестиваль қонақтары отандық дизайнерлердің жаңа коллекцияларын, қолдан жасалған өнер туындыларын, аксессуарлар мен қазіргі заманғы қазақстандық суретшілердің арт-жобаларын тамашалайды.

Саябақ аумағы бірнеше аймаққа бөлінеді. Дәстүрлі «Шатыр», «Жерұйық» және «Көк базар» секцияларынан басқа, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ мейрамханалар мен дәмханаларға, қазақстандық кәсіпкерлер мен ШОБ өкілдеріне ақпараттық-таныстыру секторын ұсынады. Ал Pop Up Shop Astana аймағында дизайнерлік киім, әшекейлер, интерьер заттары мен көркемсурет галереясы жәрмеңкесі ұйымдастырылады.

Елордалық жетекші аспазшылар дұрыс тамақтану бойынша шеберлік сыныптарын, сайыстар өткізіп, дәрістер оқиды.

Айта кетейік, шараға Астана қаласының Recommended by EXPO-2017 серіктестері де қатысады.

Шара барысында бүкіл отбасыға арналған жәрмеңке өткізіліп, кроссфитке арналған ашық алаң жасалады. Балалар батуттарда секіріп, аквагрим, көркемдік пленэрлер, қолөнер студияларына, түрлі ойындарға қатысып, көңіл көтереді. Саябақтағы «Кинотеатр» секторында заманауи фильмдер көрсетіледі, ал «Чиллаут» аймағында қонақтарға ыстық кофе ұсынылады.

Astana food and fashion festival шарасы қазақстандық өнімдерді, брэндтер мен маркаларды дамытуға, отбасылар үшін қауіпсіз демалыс ұйымдастыруға, халықты салауатты өмір салтын ұстануға тартуға, сондай-ақ, қала тұрғындарын аспаздық пен сән әлеміндегі жаңалықтармен таныстыруға бағытталған. Биыл мерекелік шараға 10 мың адам келеді деп күтілуде.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11154
Әрі қарай