«Астана Опера» МОБТ қазақстандық дарынды музыканттардың жаңа буынының қатысуымен концерт ұсынады

21 қазан күні «Астана Опера» МОБТ сахнасында қазақстандық дарынды музыканттардың жаңа буыны Рахат-Би Әбдісағин, Азат Мәлік, Назым Сағынтай, Қалқаман Дүйсенбаевтардың қатысуымен «Жастар шығармашылығы» концерті өтеді. Олардың есімі шетелде кеңінен танымал.

Мысалы, Рахат-Би Әбдісағиннің жасы небары 17-де, алайда ол 100-ге жуық шығарманың авторы атанып үлгерді. Қазақстандық композитор түрлі бағыттар мен стильдерде жұмыс жасайды.

«Біздің қазіргі заманғы қазақстандық композиторлардың заманауи музыканың жаңа қырларын ашып, осы стильде өздерін таба білгені қатты қуантады. Көрерменді бұл шығармалардың мәнін түсініп, қызық үйлесім тапқан бояуларды тыңдап, музыкалық бейнелеу арқылы шығарманың терең идеялық мазмұнын сезіну мүмкіндігі күтіп тұр», — дейді музыкатанушы Маржан Жәкенова.

Кештің мазмұнды бағдарламасына Рахат-Би Әбдісағиннің Германия, Венгрия, Австрия және тағы басқа елдердің көрерменін таң қалдырған шығармалары енгізілді. Виолончель мен фортепианоға арналған «Light at the end of tunnel». Ш. Айтматов әңгімесінің желісімен жазылған фортепианоға арналған «Rondine Piangente» («Жыл құсының жылауы»).

Рахат-Би Әбдісағиннің музыкасын Александр Тараскин (флейта), Алмаз Тоқпанов (кларнет), Данияр Есімханов (фортепиано), Айдар Фазылов (вибрафон) орындайды. Фортепиано партиясында — Раушан Бескемпірова.

Концерттің басталуы 19:00-де, билет құны — 2000 теңге.
Әрі қарай

Астанада халықтың әлсіз топтарына қатты отын алуда көмек көрсетіледі

Елорданың жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасының ақпаратына сәйкес, пешпен жылытылатын жеке үйлерде тұратын жасы бойынша зейнеткерлер, мүмкіндіктері шектеулі ересектер және балалар отынды сатып алуда көмек ала алады.

Маңызды талап аталған адамдар санаты тұрғын үйдің меншік иесі және басқа тұрғын үйі болмауға тиіс, сондай-ақ, отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы 3 ең төменгі күнкөріс деңгейінен немесе 81 318 теңгеден аспауға тиіс. Өтемақы жылыту маусымына 8 айлық есептiк көрсеткiш (16 968 теңге) көлемінде төленеді. Егер қатты отынды сатып алуға өтемақы алуға құқығы бар бiрнеше адам бiр жеке меншiк тұрғын үйде тұрған жағдайда, өтемақы тек қана бiреуiне берiледi. Әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші жылыту маусымы кезеңінде Астана қаласының Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасына Иманбаева көшесі, 16 мекен-жайы бойынша жүгіну қажет.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11481
Әрі қарай

Алдағы бес жылда Астанада сумен жабдықтау және су бұру тарифтері қымбаттамайды

Алдағы бес жылда елордада сумен жабдықтау және су бұру тарифтері қымбаттамайды. Бұл туралы бүгін «Астана Су Арнасы» ҚМК нысандарына пресс-тур кезінде ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің өкілдері мәлім етті.

«Астана Су Арнасы» АҚ үшін тарифтер 2016 жылдың 1 қаңтарында бекітілді. 2017 жылдың 1 мамырынан бастап пайдаланылған су тарифі 86,87 теңгені, және сумен жабдықтау қызметтеріне 94,25 теңгені құрайды. Алдағы бес жылда бұл тариф бекітілген бағалар деңгейінде сақталуға тиіс», — деп атап көрсетті монополияларды және бағаларды реттеу бөлімінің басшысы Нұрлан Айтбаев.

2016 жылдың 1 мамырынан бастап елорда тұрғындарына қызметтерге тафритерді төмендету арқылы өтемақы төленеді. Табиғи монополияларды реттеу агенттігі департаменті өкілдерінің айтуынша, өтемақы тариф жалпы сомасы 205 млн теңге болатын 2015 жылға жоспарланған инвестициялық бағдарламада қарастырылған шаралардың орындалмауы үшін қарастырылған.

2016 жылдың 9 айында «Астана Су Арнасы» ҚМК инвестициялық шараларды орындау көлемі 837 млн. теңгені құрады. Қаржы станцияларда есептегіш құралдары бар автоматтандырылған жылу тораптарын орнатуға, тозығы жеткен сорғы жабдықтарын ауыстыруға, 2,8 км кәріз желілерін қайта жөндеуге және тағы да басқа жұмыстарға бағытталған.

Мамандардың айтуынша, үстіміздегі жылдың соңына дейін 413 млн теңге соманың кешенді шараларын іске асыру көзделген, соның ішінде, суды коммерциялық есептеудің автоматтандырылған жүйесін енгізудің бірінші кезеңі, және 2017-2020 жж. сумен жабдықтау және су бұру желілерін қайта жөндеу үшін ЖІЖ әзірлеу және түзету жоспарланған.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11486
Әрі қарай

Астанада «Бәріміз бірдейміз - кемсітуді білмейміз» байқауының жеңімпаздары анықталды

Қазақ ұлттық өнер университетінде «Бәріміз бірдейміз — кемсітуді білмейміз» атты қалалық конкурстың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Байқаудың басты мақсаты мүмкіндігі шектеулі жандардың шығармашылық әлеуетін дамытуға және олардың қоғамға араласуына қолдау көрсету.

«Кәсібінің үздігі» аталымында Камалиден Оспанов — 1-ші, Сәуле Айдарханова 2-ші, Қорған Конкулов 3-ші орын алды.

«Үздік студент» аталымы бойынша Алтыншаш Мұқатаева 1-ші орыннан көрінсе, Мейрамкүл Батырханова 2-ші, Рузи Шихов 3-ші орынға табан тіреді.

Жанмұхаммед Серіктің отбасы «Ең тату отбасы» аталымында жеңімпаз атанса, осы номинацияда 2-ші орыннан Дәмелі Загитованың отбасы, 3-ші орыннан Дос Төлегеновтың отбасы көрінді.

«Үздік жасампаз» аталымы бойынша 1-ші орын алғандар Елизавета Данилова және Александр Фролов болса, Сәуле Сыздықова — 2-ші, Фархат Катренов 3-ші орын иеленді.

«Біз бұл байқауға балалардың психоневрологиялық мекемесінің атынан қатыстық. Менің сегіз жасар ұлым Жанмұхамед би билеп, өнер көрсетті. Оған билеген ұнайды. Сондықтан бәріміз оған қолдау көрсетіп, байқауға дайындадық, сөйтіп, міне, он конкурсанттың ішінен бірінші орын алып отырмыз», деп мәлім етті біздің тілшімізге «Үздік отбасы» аталымында жеңімпаз атанған Гүлнәр Дайырбекова.

Ұйымдастырушылар байқауға қатысушылар саны жыл санап артып келе жатқанын айтады. Биыл шығармашылық байқау төртінші рет өтіп отыр.
Әрі қарай

Астанада конькимен жүгіруден Әлем кубогының ІІІ кезеңі өтеді

2016 жылдың 2-4 желтоқсанында «Алау» мұз айдын сарайында Әлем кубогының ІІІ кезеңі өтеді. Шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылып отыр.

Шараны ұйымдастырушылар – Астана қаласының әкімдігі, ҚР мәдениет және спорт министрлігі, сондай-ақ «Ұлттық конькимен жүгірушілер федерациясы» РҚБ.

Спорттық журналисттер мен фотокорреспонденттерді аккредитациялау басталды, ол үшін белгіленген үлгідегі нысанды толтырып, nfk_pr@mail.ru электронды поштасына жолдау керек.

Өтінімдер 4 қарашаға дейін қабылданады.

Айта кетейік, жақында Астанада конькимен жүгіруден ҚР Кубогы өткен болатын. Жарыстың қорытындысы бойынша Әлем кубогының кезеңдеріне қатысатын ел құрамасына кіретін спортшылар анықталды.
Әрі қарай

Астана қаласының коммуналдық қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеуде

Ауа температурасының күрт төмендеуі мен жауын-шашынның түсуіне байланысты Астана қаласының коммуналдық қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

«Астана Тазалық» ЖШС-інің ақпаратына сәйкес, бүгінгі күннің өзінде қала аумақтарын тазалап, жолдарға құм-тұз қоспасын себу үшін 139 арнаулы техника мен 250-ден аса адам жұмылдырылды.

Синоптиктердің болжамына сәйкес, алдағы үш күнде елордада күн бұлттанып, оқтын-оқтын қар жауады, сырма боран соғып, көктайғақ болады. Ертең, 20 қазанда ауа температурасы түнде 4...6° С, күндіз -1 -ден +1°С-ге дейін. 21 қазанда ауа температурасы түнде 6...8°С дейін төмендеп, күндіз 1 — 3°С нөлден төмен. 22 қазанда көшпелі бұлт шығады, оқтын-оқтын қар жауады, сырма боран соғады. Солтүстіктен 914 м/с жел соғады. Ауа температурасы түнде7...9°С, күндіз 2 4°С.
Әрі қарай

Астанада Рақымжан Қошқарбаевтың ескерткіші ашылды

Бүгін Астанада Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевқа арналған ескерткіштің ресми ашылуы өтті. Қазақ жауынгері 1945 жылдың 30 сәуірінде Қызыл әскер сарбазы Григорий Булатовпен бірге Рейхстаг ғимаратына Жеңіс туын тіккен.

Ескерткіш Б. Момышұлы және Р. Қошқарбаев даңғылдарының қиылысында орналасқан. Жобаға сәйкес, мүсіндік композицияның биіктігі — 6 метр, ал гранит тұғырдың биіктігі 4,5 метр. Ескерткіштің авторы «Қазақ Елі» монументін жасауға қатысқан белгілі мүсінші Асқар Нартов.

«Бүгін қазақ жауынгері Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігін мәңгілік ету үшін осы монументті ашып отырмыз. Оның есімі өскелең ұрпақтың жадында ерліктің символы ретінде сақталуы керек, сол себепті Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында елордада аты аңызға айналған нағыз жауынгерімізге арнап ескерткіш орнатылды», — деп атап өтті салтанатты шара барысында сөз сөйлеген Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев.

Салтанатты шараға Рақымжан Қошқарбаевтың қызы — Әлия, оның немерелері, сондай-ақ, лейтенант Қошқарбаев туралы кітаптың авторы — Қасым Аппасұлы қатысты.

Монументті орнатуға елорда әкімдігі бастамашы болды, ескерткішті дайындаған және орнатқан — «BI-Group».

Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігін көп жылдар бойы кеңестік тарихшылар мойындамай келді. 2007 жылы ғана Екінші дүниежүзілік соғыста Берлинде Рейхстагты басып алу кезінде Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатовтың бірінші болып ту тіккендері туралы ресми түрде мәлімдеме жасалды. Осы ерлікті жасаған кезде Қошқарбаев небәрі 21 жаста болған. 2001 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен Рақымжан Қошқарбаевқа қайтыс болғаннан кейін «Халық қаһарманы» атағы берілді.
Әрі қарай

Елордада тұрғын үйлер мен құрылыс нысандарының саны артып келеді

Астана қ. Статистика департаментінің ресми мәліметтеріне сәйкес, елордада тұрғын үй құрылысының қарқыны артып, құрылыс нысандарының саны ұлғайды.

2016 жылғы қаңтар-қыркүйекте тұрғын үй құрылысына бағытталған инвестициялар көлемі 99 081,4 млн теңгені құрады, бұл 2015 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштің 101,1% құрайды. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемінде тұрғын үй құрылысында игерілген қаражаттар үлесі — 18,3%.

Барлық қаржыландыру көздерінің есебінен 14 903 пәтерге арналған тұрғын үйлер пайдалануға берілді, тапсырылған тұрғын үйлердің жалпы ауданы 1 644 497 шаршы метрді құрады, бұл 2015 жылғы қаңтар-қыркүйектегі көрсеткіштен 29%-ға көп.

Жеке салушылар жалпы ауданы 124 791 шаршы метр тұрғын үй салған. Бұл 2015 жылғы қаңтар-қыркүйектегі көрсеткіштен 3,8 есе көп. Тұрғын үйлерді пайдалануға берудің жалпы көлемінде жеке тұрғын үй құрылысының үлесі 7,6%-ды құрады, 2015 жылғы қаңтар-қыркүйекте 2,6% болған.

Елордада 2016 жылғы қаңтар-қыркүйекте тұрғын үйлердің жалпы ауданының 1 шаршы метрін салудың орташа нақты шығыны 128,9 мың теңгені, оның ішінде жеке салушылардың тұрғызылғаны 105,2 мың теңгені құрады.

Сондай-ақ, нысандардың құрылысында да өсім байқалып отыр.

Ведомствоның мәліметінше, 2016 жылғы қаңтар-қыркүйекте Астана қаласының кәсіпорындары мен ұйымдары 399 775,5 млн теңге сомасына құрылыс жұмыстарын орындады. Орындалған құрылыс жұмыстары көлемінің ең жоғары үлестік салмағы 54,6%-ы жеке меншік мердігерлік ұйымдарға, 45,3%-ы шетелдік мердігерлік ұйымдарға тиесілі, мемлекеттік мердігерлер жалпы көлемнің 0,1%-ын орындады.
Әрі қарай

Астана Италия балетінің жұлдыздарын қабылдайды

2016 жылдың 29 қазанында елордалық театрдың Үлкен залы сахнасында «Астана Опера» театрының артистері мен неаполитандық Сан-Карло театрының белгілі артистерінің қатысуымен Гала-балет ұсынылады. Концерт «Астана Опера» Симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өтеді. Дирижері Арман Оразғалиев.

Сан-Карло театры атынан 6 солист келеді, олардың арасында Антонелла Альбано, Маурицио Личитра және Сальваторе Мандзо сияқты балет жұлдыздары бар.

«Біз Сан-Карло театрындағы достарымызды көретінімізге қуаныштымыз, олар бұған дейін театрымызға бүкіл кордебалет құрамымен келіп, «Жизель» балетін қойған. Артистер үшін мұндай кездесулер өте маңызды, өйткені өзара тәжірибе алмасып, жағымды сезімнен қуат аламыз, ал, оның бәрі кейін біздің көрерменге беріледі, — дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тайыр Ғатауов.

«Астана Опера» әртістері де елорда тұрғындары мен қонақтары үшін бірқатар тосын сый дайындап қойған. Гала-балет бағдарламасы аясында таяуда ғана Балет әртістерінің ІІІ халықаралық байқауының жеңімпазы атанған Бақтияр Адамжан мен Серік Нақыспеков өнер көрсетеді. «Астана Опера» театры балетінің жаңа солисті Олжас Тарланов П. Чайковскийдің «Аққулы көл» балетінде алғаш рет Зигфридтің рөлін сомдайды, онымен бірге балеттің жетекші солисі Әйгерім Бекетаева сахнаға шығады.
Әрі қарай

«Нұр Отан» партиясының Қарағанды облыстық филиалының қолдауымен Қарағанды облысының дін басқармасымен «Тәуелсіздік негіздерінің бірі – рухани келісім» тақырыбындағы дөңгелек үстел өтті.

Іс-шара Қазақстан Республикасының Рухани келісім күні аясында ұйымдастырылған.
Жиынға Қарағанды облысының әкімі, «Нұр Отан» партиясының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков, дін және этномәдени бірлестіктер көшбасшылары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінің қатысуымен өтті. Дөңгелек үстел мақсаты – Қазақстан Республикасында ұлтаралық және конфессияаралық келісімді сақтау және нығайтуға бағытталған көкейкесті мәселелерді қарау.

Алғы сөзінде облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков Тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің табысты дамуының іргетасы бейтшілік пен келісімнің арқасында екендігін атап өтті.

— Тәуелсіздіктің 25 жылдық тарихында елімізде барлық ұлттар мен ұлыстардың ана тілінде сөйлеуіне, өз әдет ғұрыптары мен дәстүрін сақтап, өз дінін ұстануына барлық жағдайлар жасалған, — деді қуанышпен Нұрмұхамбет Әбдібеков.
Конфессиялар жетекшілері мемлекеттік органдар тарпынан діни экстремизмның алдын алу бағытындағы ауқымды істерге оң баға беріп, аталған жұмысты әрі қарай жалғастыру жөніндегі ұсыныстарын айтты.

«Дөңгелек үстелдің» жұмысын қорытындылай келіп, оның қатысушылары халыққа арналған Еліміздегі демократиялық қағидаларға негізделген барлық қоғам мүшелерінің құқықтарын, діни сеніміне құрметпен қарау, ұлтаралық және діни бірлестіктер арасындағы татулық пен тұрақтылықты сақтауға және халықты бейбітшілік пен келісімді нығайту арқылы діни экстремистік және террористік актілерге жол бермеуге шақырып, туралы қарар қабылдады.