Астанада ЭКСПО-2017 мамандандырылған xалықаралық көрмесінің алғашқы күні басталды

Астана жаңалықтары: Астанада ЭКСПО-2017 мамандандырылған xалықаралық көрмесінің алғашқы күні басталды

ЭКСПО-2017 мамандандырылған халықаралық көрмесі қала тұрғындары мен қонақтарына таңертеңгі сағат 9-дан бастап есігін айқара ашты. Шараның алғашқы күнінде, түске дейін көрмеге 10 мыңнан астам адам келді.

Келушілер көрмеге қатысушы елдердің павильондарымен емін-еркін танысу мүмкіндіне ие болды. «АСТАНА ЭКСПО-2017 ҰК» АҚ басқармасының төрағасы Ахметжан Есімовтың айтуынша бірінші күні 87 қатысушы ел өз павильондарының есігін ашты.

Бүгіннен бастап кез-келген адам үздік тәжірибе алаңдарын көріп, таныса алады. Мұнда баламалы энергия көздері бойынша әлемнің үздік жетістіктері қойылған. Жұмыстарды арнайы халықаралық комиссия іріктеді. Шығармашылық энергия аумағы да іске кіріскен. Тағы бір бірегей нысан – 2000 көрерменге арналған конгресс орталығы. Бұл жерде зал түрленіп, жаңа кеңістік пайда болады. ЭКСПО аумағында 700 ш.метрден қабылдауға арналған 4 аймақ бар. Тап осы жерде кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шетелдік қонақтарға арнап қабылдау өткізді.

Көрме конақтары 1100 орынға арналған киноконцерт залын энергия холын көре алады. 12 мың көрермен сыятын амфитеатр 9 маусымда көрменің салтанатты ашылуына арналған концерттік бағдарламаның сахнасына айналды. Бірлескен павильонда бес ірі шетелдік және бес ұлттық компаниялардың жұмыстары қойылды.

Бүгіннен бастап ЭКСПО аумағында орналасқан барлық мейрамхана, дәмханалар толық жұмыс істеп жатыр.

Осы күні сфераның 8-қабатында орналасқан Қазақстан павильоны да көпшілікке таныстырылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қазақ елі павильонымен тыңғылықты танысып шығу үшін 3-3,5 сағат уақыт қажет. Ал барлық көрме аумағын танып-білуге 3-4 күн кетеді.

Ғимараттың тақырыптық концепциясы болашақ энергиясының мұражайы іспетті және 8 деңгейден тұрады – «Болашақтағы Астана», «Ғарыш энергиясы», «Күн энергиясы», «Жел энергиясы», «Биомасса энергиясы», «Кинетикалық энергия», «Су энергиясы» және «Ұлттық павильон». «Нұр Әлем» негізінде 5000 ш.м. алаңында Қазақстанның Ұлттық павильоны орналасады, ол негізгі екі аймаққа бөлінеді: Қазақстанмен танысу және «Жасампаз қуат» аймағы.

«Сфера болашақтың мұражайы ретінде қалады. Бұл жерде атақты әлемдік компаниялар жұмыс істеді. Сол себептен нысанға болашақта қызығушылық танытатындардың қатары қалың болып, «Нұр Әлем» танымал орынға айналады. Құрылымдық жағынан диаметрі 80, биіктігі 100 метр құрылыс осыған дейін болған емес. Мұнда соңғы заманауи технологиялар ғана қолданылды, — деді «АСТАНА ЭКСПО-2017 ҰК» АҚ басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов.

Бұдан бөлек, 10 маусымда АҚШ, Швейцария, Польша, ҚХР, Түркіменстан, Ресей т.б. елдердің ресми таныстырылымы өтті. Халықаралық ұйымдар арасында БҰҰ павильоны таныстырылды.

Көрме 10 маусымнан 10 қыркүйек аралығына дейін 3 ай бойы жұмыс істейді. Ашылу салтанаты кеше, 9-маусым күні конгресс орталықта 17 мемлекет пен үкімет басшыларының қатысуымен өтті. Мамандандырылған көрменің ашылуында немесе жабылу сәтінде бұрын соңды осыншама көлемде басшылар қатысқан емес.
Әрі қарай

Қала тұрғындары мен қонақтары ЭКСПО-2017 көрмесінің басталуы туралы әсерлерімен бөлісті

Астана жаңалықтары: Қала тұрғындары мен қонақтары ЭКСПО-2017 көрмесінің басталуы туралы әсерлерімен бөлісті

Мыңдаған астаналықтар мен қала қонақтары елдегі елеулі оқиға -ЭКСПО-2017 мамандандырылған халықаралық көрмесінің салтанатты ашылу рәсімінің куәгері болды.

Тарихи оқиғадан қарапайым халықтың алған әсері қандай? Тұрғындар мен қонақтар өз ой-пікірлерімен бөлісті.

— Мен кешегі шараны теледидар арқылы көрдім, өте жоғары деңгейде өтті! ТМД елдері арасында мұндай оқиға болған емес. Жоғары лауазымды қонақтардың келуі де үлкен жайтты аңғартады. Керемет!, — деді Астана тұрғыны Рамиль Хусеев.

Астаналық Анастасия балаларымен бірге көрмені шілдеде барып көрмекші. Шараның алғашқы күндері шетелдік туристер мен басқа өңірлерден келетін отандастарымыз тамашалап болған соң міндетті түрде баратынын айтты.

— Біз әзірге теледидардан көрдік, тыңғылықты дайындықтың нәтижесі бірден байқалды. Жан-жақтан қонақтар келіп, Елордамызға тамсанып жатыр. Мен де балаларымды маңызды шараға алып барамын, — деді Анастасия.

— Кеше бізге төрткүл дүние көз тікті. Маңызды шара алдағы үш айда жалғасады. Бүкіл Қазақстан кешегі айтулы оқиғаны тамашалады деп ойлаймын. Қаншама елдің көшбасшылары келді, біз Елбасымызбен мақтанамыз. Ел мәртебесі одан әрі асқақтап жатыр, — деген ойымен бөлісті қала тұрғыны Мұрат.

Ал оның он жастағы ұлы Әлімжан ЭКСПО қонақтарына көрсетілетін мәдени-ойын сауық шарасына қатыспақ.

— Көптеген әртістер өнер көрсетеді. Мен де солармен бірге осындай шараға қатысатыныма мақтанамын. ЭКСПО-ның арқасында Қазақстанды бүкіл әлем танып жатыр, — деді астаналық жас тұрғын.

ЭКСПО-2017 мамандандырылған халықаралық көрмесінің алғашқы күні таңертең ертемен көрме ғимаратының алдына адамдар көптеп жиналды. Келушілердің арасынан қала тұрғындарынан бөлек, Қазақстанның әр түкпірінен жиналған қонақтарды да көруге болады. Шетелдік туристер де ашылған павильондарды үлкен қызығушылықпен тамашалап жүр.

— Салтанатты шараның ашылу рәсімін көру мүмкіндігіне ие болдық. Ғаламдық деңгейдегі, мәнді-мағыналы оқиға деп айтар едім. Елдегі осындай жетістіктермен мақтанамыз, біздің балаларымыздың болашағын ойлап көңілімізді қуаныш кернейді. Танымдық, тәрбиелік маңызы зор шарамен таныссын деген мақсатта Павлодардан арнайы балаларыммен келдім. Германия мен Монаконың павильондарын тамашалап үлгердік. Баламалы энергия көздері туралы тақырып расымен өзекті, — дейді бүгін таңертен Павлодардан келген балалар дәрігері Гаухар.

Елорда тұрғыны Назымбек шараның әрбір сәтін қалт жібермеу үшін әйелімен таңертеңгі сағат 9-да көрмеге арнайы келіпті.

— Кеше біз отбасымызбен бірге ЭКСПО маңында отшашуды тамашаладық. Отшашу БАӘ деңгейінде өтті деп жатыр. Расымен, солай. Ал қазір көрмені аралап, танысып жатырмыз. Алған әсерімді айтып жеткізе алмаймын. Павильон өкілдерінің ыстық қабылдаулары ерекше. Енді алдағы концертке билет алуды жоспарлап отырмыз, — дейді Назымбек.

Бір сағат бұрын Италиядан энергияның баламалы көздері туралы зерттеп жүрген ғалымдардың бір тобы келді.

— Мен Италиядан келдім. Келгенімізге көп болмағандықтан, әлі толық танысып үлгермей жатырмыз. Дегенмен, алғашқы әсеріміз жаман емес. Көптеген елдердің жұмыстарын көріп тұрмыз, әзірге адамдардың қатары қалың емес, оның себебі де түсінікті, бүгін шараның алғашқы күні әрі таңертеңгі уақыт. Болашақта қуат көзін алмастыратын баламалы энергияға қатысты жобалармен танысу үшін арнайы келдім. «Болашақтың энергиясы» тақырыбын дамыта отырып, көп жетістіктерге қол жеткіземіз деп ойлаймын. Өйткені, әлемде осы бағытта өте көп бастамалар қолға алынуда, — деді Италиядан келген турист Матиа.

Семей тұрғыны Жандос — темір ұстасы. Көрменің алғашқы күніндегі шараларды көріп-тамашалау мақсатында отбасымен арнайы келіпті.

— Кешегі салтанатты шараға жолда болғандықтан үлгермедік. Елордаға бес күнге келдік, осы аралықта барлық павильондармен танысып шыққымыз келеді. Күн сайын көркейіп келе жатқан бас қаламыздың көрікті жерлерін де аралағымыз келеді, — деді Жандос.

— Шара өте қызықты, ауқымды, жарқын, әдемі әрі қайталанбас деңгейде басталды. Бүкіл әлем көз тіккен шараны өз көзімізбен көріп жатырмыз, инновациялық жобалармен жақын танысқым келеді, — дейді Арайлым Ысқақова.

Қоғамдық ұйым өкілдері де өз ой-пікірлерімен бөлісті.

— ЭКСПО-2017 мамандандырылған халықаралық көрмесінің ашылуы – ғаламат шоуға айналды. Өзім осы тарихи сәттің куәгері болғаныма қуанамын. Кеудемді қуаныш кернеді, Еліммен мақтандым. Елбасымыз 17 елдің көшбасшыларын қалай қарсы алғанын онлайн тамашаладық. Ал отшашудан алған әсерімді айтып жеткізе алмаймын, — деді BestForKids қайырымдылық қорының өкілі Әйгерім Қарбаева.

— Бұл маңызды шараны әрбір қазақстандық тағатсыздана күткені рас. Еліммен, Елбасыммен мақтандым. Мен өзім әуесқой фотографпын. Сол себептен онлайн көрсетілімде әрбір кадр, әрбір сәт, әрбір қозғалыс есепке алынғанын бірден аңғардым. Ұйымдастырушылардың еңбектері орасан. Еліміз одан әрі өсіп, өркендей берсін. Осындай мазмұндағы маңызды шараны екінің бірі өткізе алмайтыны ақиқат, — деді «Астана-Арена» стадионының «Достық» спорткомбинатының бөлім басшысы Шыңғыс Қабылов.
Әрі қарай

ЭКСПО-2017 ашылу салтанаты өтті

Астана жаңалықтары: ЭКСПО-2017 ашылу салтанаты өтті

Жылдың басты оқиғасына Елбасы және 17 мемлекеттің үкімет басшылары мен Президенттері қатысты. Салтанатты ашылуына көрменің аумағына РФ Президенті Владимир Путин, Чехия Президенті Земан Милош, Люксембург Премьер-министрі Ксавье Беттель, Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев, Қытай коммунистік партиясының ОК бас хатшысы Си Цзиньпин және өзге де мәртебелі меймандар келді.

-2012 жылдың қарашасында Парижде 100-ден астам халықаралық көрме бюросына мүше мемлекеттер бізге осы көрмені өткізуге үлкен құрмет пен сенім танытты. Мен барлық мемлекеттерге біздің өтінішіміз бен тақырыбымызды қабылдағаны үшін алғыс айтқым келеді. Осындай ауқымдағы көрме – ол тек бір мемлекеттің ғана күші емес, бұл осы көрмеде өз жетістіктерін ұсынатын халықаралық қауымдастықтың еңбегі. Астанадағы халықаралық ЭКСПО көрмесі – біздің мемлекетіміздің дамуындағы, жаһандық кеңістіктегі Қазақстан ұлттық брендін қалыптастырудағы жаңа белес, — деді мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы біздің мемлекетімізді әлемдік аренада танымал еткен бұл оқиғаның маңыздылығы мен қажеттілігін атап өтті.

— «Болашақтың энергиясы» тақырыбын ұсынып, біз ғылыми прогресстің бел ортасында болуды көздейміз. Лондондағы дүниежүзілік көрмеден бері бір жарым ғасыр ішінде адамзат ауқымды технологиялық өзгерістерді өткерді. Біз бүгін тиімді, қауіпсіз энергия саласындағы жаңалықтардың босағасында тұрмыз. Біздің көрмеміз осы ғаламдық процесске өз үлесін қосатынына сенімдімін. Қазіргі заманның парасат пайымы жоғары адамдарының қатысуымен өтетін шара адамзаттың жаңа даму жолын айқындап береді, — деді Президент.

-Миллиондаған қазақстандықтар, әлемнің түкпір-түкпірінен келген 100 мыңдаған қонақтар әлемдік ғылыми инженерлік ойлардың үздік жетістіктерімен танысады. ЭКСПО бағдарламасында 600 әртүрлі шара жоспарланған. Олар мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастың дамуына ықпал етеді, Қазақстан мәдениетімен тек Астанада ғана емес, ел бойынша танысады. Біз барлық қонақтарды біздің аймақтарымызды көруге, ерекше табиғатпен, тарихи мұралармен танысуға шақырамыз. Қайда барсаңыз да барлық жерде сізді қонақжай халық қарсы алады,- деді мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы 2050 Стратегиясында жасыл экономика тұжырымдамасына көшу мақсаты қойылғанын айтты. Онда Қазақстан қайта қалыпқа келетін көздер арқылы 2050 жылға дейін электр қуатының жалпы көлемінің жартысын өндіруге қауқарлы болу керек деген мақсат қойылған. Сонымен бірге экономиканың энергиялықсыйымдылығы азаяды. Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде екі есеге кеміген. 2025 жылға дейін осы көрсеткіштерді тағы 30% төмендету жоспарланған.

Ашылу салтанатында музыкалық шоу жасау үшін командасында дүниежүзілік белгілі шараларда, оның ішінде Олимпиада ойындары мен Евровидениеде жұмыс істеген Еуропа мен Ресейдің үлкен тәжірибелі, жоғары білікті мамандары бар StarProject продюсерлік компания шақырылған. Ауқымды шоудың бағдарламасы энергия тарихына негізделген. Ғаламның пайда болуынан заманауи уақытқа дейінгі және оның болашақта іске асыратын жаңалықтары көрсетілді. Басында шоуды ойлап тапқандар күн энергиясының пайдаланылуын көрсетті. Одан кейін жер шарына айналып, әлемде құбылыстардың пайда болу кезеңдерін қамтыды. Қызықты көрсетілім ақырындап заманауи Қазақстанды көрсетумен аяқталды. Қойылымға 300 жоғары деңгейлі бишілер мен әртістер қатысты. Қазақстандық белгілі опера әншісі Мария Мудряк халық әні «Япурайды» орындады.

Ашылу салтанатының соңында лазерлік шоу қойылып, отшашулармен аяқталды.

Көрмеге 115 мемлекет және 22 халықаралық ұйым қатысады. Бұдан бөлек өз жобаларын алып компаниялар: Shell, Samsung, CityGroup, Siemens, Казатомпром тағы да басқалары ұсынады.

3 ай бойы 10 маусымнан бастап 10 қыркүйекке дейін қалаған адамдар халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесін тамашалай алады. Тақырыбы – «Болашақтың энергиясы» әлемдік қауымдастықтың назарын энергия тұтыну және ұқыпты тұтынуға аудару болып табылады.

Астанада көрме кезінде 6000 мәдени-бұқаралық шаралар өтеді.
Әрі қарай

Астанада ЭКСПО көрмесі аумағының үстінен дрондарды қолдануға тыйым салынды

08.06.2017, 18:28 Жаңалықтар / ЭКСПО-2017
Заңды білмеу оның жауапкершлігінен құтқармайды. Содықтан біле жүріңіз — Астанада ЭКСПО көрмесі аумағының үстінен дрондарды қолдануға тыйым салынды.
Астанада ЭКСПО халықаралық көрмесінің әуе кеңістігінде ұшқышсыз ұшатын аппараттарды қолдану үшін құзырлы органдармен келісілуі тиіс. Олар мемлекеттік күзет қызметі, ҚР ҰҚҚ, ҚР ИДМ азаматтық авиация комитеті. Әрі оларды пайдалану ұшу жоспарына сай жүргізілгені жөн.
Астана жаңалықтары: Астанада ЭКСПО көрмесі аумағының үстінен дрондарды қолдануға тыйым салынды

«Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі» туралы ҚР Заңына және ҚР Үкіметінің 2011 жылғы 12 мамырындағы «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану ережелерін бекіту туралы» №506 қаулысына сай әуе кеңістігіне дрондарды ұшыруға шектеу қойылып отыр.

Егер рұқсат етілмеген фактілер анықталатын болса ҚР әуе кеңістігін пайдалану ережесіне сай тиісті тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіледі.

Құқық бұзғандар әкімшілік жазаға тартылады. Жеке тұлғалар үшін 10 АЕК бойынша 22. 690 теңге, лауазымды тұлғаларға 20 АЕК бойынша, яғни 45.380 теңге көлемінде айыппұл салынады.

Елордалық тәртіп сақшылары көрме аумағының әуе кеңістігінде, яғни шектеу қойылған аумақта ұшқышсыз ұшатын аппаратарды рұқсатсыз қолданбақ болған 4 фактінің алдын алды. Аталған фактілер бойынша әкімшілік материал әзірленіп, құзырлы органдардың қарауына жіберілді.

Мамандар қала тұрғындары мен қонақтарынан, БАҚ өкілдері мен блогерлерден ҚР ұшқышсыз ұшатын аппараттарды қолдану туралы заңнама талаптарының бұзылуына жол бермеулерін шақыруда деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Әрі қарай

Мумия: Үлкен әңгіменің әлқиссасы

Киностан: Мумия: Үлкен әңгіменің әлқиссасы
Жиырмасыншы ғасырдың арғы-бергі кезеңдерінде түсірілген үлкенді-кішілі «Мумияларды» білесіз бе, жоқ па — ол жағынан хабарым жоқ, бірақ 1999 жылы жарық көрген, кейінірек екі сиквелге, бір приквелге һәм мультсериалға ұласқан «Мумия» жайында естігеніңіз анық. Әйтеуір, жоқ дегенде Арнольд Вослу ойнаған тірі өлік есіңізде бар шығар.

Universal Pictures басшылығы шым-шытырық оқиғалар мен суперқаһармандар жаулап алған кинематографқа жаңа "әулетті" әкеліп тықты. «Франкенштейн», «Франкенштейннің қалыңдығы», «Дракула», "Қасқыр-адам", "Қара лагунадан шыққан мақұлық", «Көрінбейтін адам» және осы «Мумия» секілді студияның классикалық хоррор-кейіпкерлері кіретін бұл жоба «Түнек әлем» деп аталады.

Киностан: Мумия: Үлкен әңгіменің әлқиссасы
Студия «Түнек әлемнің» алғашқы фильмі ретінде 2014 жылы «Дракуланы» көрсеткісі келген болатын, алайда кейінірек оны бөлек жоба етіп, циклді «Мумиядан» бастауды шешіпті. Екі туындыны да көрген адам ретінде олары дұрыс болған екен деп отырмын.

Осындай арқалаған ауыр жауапкершілігі бар, DC мен Марвелдің сансыз кейіпкерлерін санап, шатаса бастаған көрерменді мүлдем жаңа ғаламмен таныстырмақшы болған «Мумия» осы аптада Қазақстанның прокатына шықты.

Жылдың басты фильмдерінің бірі саналған бұл ремейк, менің ойымша, сәтті шыққан жазғы блокбастерлердің біріне айналуы тиіс. Ұлы дүние күтудің қажеті жоқ, әлбетте. Драйв, экшн, үрей, флешбектердегі Аманет ханшайымның сұлулығы мен археолог әйелді ойнаған Аннабелль Уоллистің сүйкімділігі, бірді-екілі сәтті әзіл — әдемі аттракцион.

Киностан: Мумия: Үлкен әңгіменің әлқиссасы
Арнайы әсерін айтып, талдап жатпайын. Үлкен студия бұл қиындық туғызбауы керек. Сюжеті де қарапайым. Дәл қазір қызығы — актерлер.

«Ел жатса да, енекем жатпайды» деген жұмбақтың жауабына келетін, сай-файы бар, экшны бар түрлі жобалардың тұрақты қонағы Том Круз мұнда бас рөлге ие. Ник Мортон дейтін арамзалау, ақымақтау, жалдамалы әскер болып жүріп, барған елінің тарихи құндылықтарын үптеп кетуге тырысатын кейіпкерді ойнайды. Жанында тарихи құпияларды жаны сүйетін, Ежелгі Египетті зерттейтін Дженни Холси есімді археолог болады. Бұл екеуі туралы мақтап яки даттап әлдене дей қою қиын, өздеріне берілген міндеттерді белгілі бір деңгейде орындап шыққан.

Киностан: Мумия: Үлкен әңгіменің әлқиссасы
Жеке ойым, фильмнің ең әсерлі жері — Аманет ханшайым туралы, оның өткенін суреттейтін сәттер, құр сүйегі қалған мумиядан бұрынғы бейнесіне оралатын жерін көрсететін кадрлар. Тегі алжирлік София Бутелла «Кингсманда» көрген жерімнен ұнап еді, «Мумиядан» кейін болашағанынан үміт ететін сүйікті актрисама айналды.

Киностан: Мумия: Үлкен әңгіменің әлқиссасы
Аманеттен кейінгі тамаша — Рассел Кроудың ойнауындағы доктор Генри Джекил. Құбыжықтарға қарсы күресетін құпия ұйымның басшысы генри Джекилдің өзі — монстр. Бұл кейіпкер туралы керемет туындылар алды әдебиетте, қала берді кинода бар, гуглдатып көруге кеңес беремін.

Юниверсалдың жаңа әлемінен үлкен үміт күтемін. «Dark Universe» жаһандық әдебиеттің классикалық шығармаларындағы кейіпкерлерден тұрады — бұл ересек аудиторияның жанына жағады деп ойлаймын. Жоғарыдағы Том Круз бен Рассел Кроу, одан бөлек Джонни Деп пен Хавьер Бардемм бар әлем жаман болмауы тиіс.

Әрі қарай

"Жетісу тарландары" "Айбын" халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынында бақ сынамақ

Алматы облысы: Жетісу тарландары Айбын халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынында бақ сынамақ
Биыл қарулы күштердің 25 жылдығына орай ұйымдастырылып отырған «Айбын» жастар жиыны 12-17 маусым аралығында Қарағанды облысындағы «Спасск» оқу-жаттығу орталығында өтеді. Жыл сайын өткізілетін әскери-патриоттық жастар жиынының мақсаты — әскери қызметті насихаттау, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің беделін арттыру, әртүрлі елдердің жас армияшылары бірлестіктері арасындағы ынтымақтастықты нығайту болып табылады. Осы бағытта Алматы облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті мен облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастыру мен өткізу бойынша үлкен жұмыс атқаруы бойынша баспасөз мәслихатын өткізді.
«Халықаралық деңгейде өтетін жастар жиынына Алматы облысының ең үздік жігіттері таңдалынып алынды. Осы уақыт ішінде, қатысушылар күнделікті дайындықтың арқасында өз шеберліктерін машықтай түсті. Біздің командада физикалық күшті, рухы биік, білікті жастардан құралған. Біз жеңіске абыроймен жетеміз деген сенімдемін!», — деді «Жетісу тарландары» әскери-патриоттық клубының жетекшісі Жаналиев Жандос Жұманұлы.
«Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынында «Эрудит» зияткерлік сайысы бар. Бұл сайыс облысымыздың спорт және білім саласында жеткен жетістіктерін таныстырады.
Баспасөз мәслихатына қатысқан БАҚ өкілдері «Жетісу тарландарына» сайыстан жүлделі оралсын деп тілектестіктерін білдірді.
Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметі

EXPO билеттеріне қатысты 7 сұрақ

Астана жаңалықтары: EXPO билеттеріне қатысты 7 сұрақ

EXPO-2017 билеттері туралы сұрақ көп. Ең бастыларына тоқтала кетейік.

1. Билеттер қаншадан?
3 түрлі билет түрі бар. Нақты күні көрсетілмеген демалыс күндеріне арналған, жұмыс күндеріне арналған және нақты бір күн белгіленіп алынатын билеттер. Демалыс күндерінің билеттері 8000 тг, жұмыс күндерінікі 6000 тг, нақты бір күндікі 4000 тг. Мысалы, алдын ала бір демалыс күні кіремін деп алып қойсаңыз, 8000-ға аласыз. Кез келген жұмыс күні барғыңыз келсе, 6000 тг төлеп алдын ала алып қоясыз. Ал егер ертең немесе нақты бір жұмыс күнін белгілеп алсаңыз, 4000 теңгелік билет аласыз.

2. Балаларға тегін бе?
6 жасқа дейінгі балаларға көрмеге кіру тегін. 6-дан 16 жасқа дейінгілерге 50% жеңілдік. 12 жастан асқан балалар мектептен анықтама әкелулері керек.

3. Бір билетпен күні бойы кіріп шығуға бола ма?
Бір билетпен Көрмеге тек 1 рет қана кіре алады. Көрме аймағынан шығып кетсе, қайта кіру үшін жаңа билет алуы қажет.

4. Билеттер қайда сатылады?
Билеттерді онлайн tickets.expo2017astana.com сайтынан және арнайы сату нүктелерінен алуға болады. Мына жерден қараңыз.

5. Студенттерге жеңілдік бар ма?
Студент билетімен 50% жеңілдікпен билет ала алады.

6. Билет кімдерге тегін?
— Ұлы Отан Соғысының қатысушылары мен мүгедектері және 1 алып жүруші;
— Жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген адамдар;
— Барлық топтағы мүгедектер және 1 алып жүруші;
— Жетім балалар және 10 балаға дейін топқа 1 алып жүруші тегін.

Сондай-ақ зейнеткерлерге, көп балалы аналарға, 4 және одан артық бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары бар көп балалы отбасыларға 50% жеңілдік.

7. Көрменің жұмыс режимі қандай?
Көрменің жұмыс уақыты сағаты 09.00 — 01.00 дейін. Келушілер көрмеге сағат 22:30 дейін кіре алады.
Әрі қарай

Астанада тегін дәретханалардың желісі кеңейтіледі


Елордада бірден алты модульді дәретхана орнатылды, деп хабарлайды қала әкімдігінің медиа-орталығы.«Бүгінгі күні Астанада алты модульді дәретхана орнатылды: «Арай», «Ғашықтар» саябақтары, теннис алаңының аумағы, орталық саябақ, «Көрме» орталығы мен «ЭКСПО-2017» көрмесінің аумағына жақын Ұлы дала даңғылы», — деп хабарлады «CLC Company» ЖШС мердігер мекеменің директоры Евгений Чирьев, медиаорталық тілшісіне.

Жаңа қоғамдық дәретханалар шағын әрі заманауи келбетте, ал ең бастысы — экологиялық стандарттарға сай. Қондырғы екі шағын кабинадан тұрады. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы пандустар орнатылған, сұйық сабын мен қағаз орамалдарға арналған диспенсерлер де бар.

Қоғамдық дәретханалар келушілер үші тегін, деп сендірді Елорда әкімдігі.

«Өндіруші ел – Ресей. Мұндай үлгідегі қондырғылар Мәскеу, Санкт-Петербург сынды Ресейдің көптеген қалаларында бұрыннан қолданылады. Сыртқы келбеті мен құрылғысы қарапайым болғанымен қолайлы әрі берік, — деді мердігер мекеменің өкілі.

Аталған үлгідегі қондырғылардың ерекшелігі сонда, оларды жыл бойы қолдануға беруге болады әрі Астана қаласының климаттық жағдайына бейімделген. Дәретхана кабиналары сағат сайын тазартылады.
Әрі қарай

Астанада қайырымдылық «Спорттық уик-энд» өтті

Астана жаңалықтары: Астанада қайырымдылық «Спорттық уик-энд» өтті

10 маусым күні «Астана Арена» стадионында жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар арасында шағын футбол мен үстел теннисінен жарыс өтіп, экскурсиялық серуен ұйымдастырылды.

Бүгін таңертең Ақмола облысының Ақкөл қаласы, Урюпинка ауылы және Целиноград ауданы Малотимофеевка ауылындағы балалар үйінің 60 тәрбиеленушісі нағыз «спорттық демалыс» күтіп тұрған Елордаға келді.

— Біздің қоғамдық қор облысымыздағы балалар үйінің тәрбиеленушілерін қолдау мақсатындағы шараларға 2003 жылдан бері белсенді ат салысуда. Бүгін біз оларға мерекелік көңіл-күй сыйлап, спорттық таланттарын байқататын пайдалы әрі қызықты шаралар ұйымдастырдық. Ұлдар арасында шағын футболдан, қыздар арасында үстел теннисінен турнирлер өткізіледі. Сосын «Алау» мұз сарайын аралаймыз және «Хан Керей» мейрамханасында түстенеді, — деді «Bestforkids» қоғамдық қорының кәсіби бағдарлау бағытындағы үйлестіруші Әйгерім Қарбаева.

Сағат 10-да балалар «Астана Арена» стадионына келді. Бұл жерде оларды президент ложасын аралау тосынсыйы күтіп тұрды.

— Қайырымдылық шарасы жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Бұл жолы ауқымын кеңейтуді әрі форматын өзгертуді шештік. «BestForKids» қоғамдық қоры мен «Алау» мұз сарайына бастамамызды айтып хабарластық, олар бұл идеямызды қуана қабылдады. Балалар алаңда ылғы ойнайды, сондықтан бұл жер оларға таңсық емес. Сондықтан, жасөспірімдерді басқаша таңқалдыру қажет деп шештік. Олар бұрын соңды болмаған президент ложасын, скайбокс вип-ложаларын көрсеткіміз келді. Матчтан соң коньки мен ролик тебетін «Алауға» апарамыз. Мұндағы балалар негізінен футбол ойнайды, ал біз оларға спорттың басқа қырларымен танысуға мүмкіндік жасадық. Айтпақшы, «Астана» ФК «12-ші ойыншылар» фан-клубы да жас футболшыларды қолдауға арнайы келді. Болашақта бәлкім балалардың арасынан танымал ойыншылар шығар, — дейді «Астана арена» стадионы «Достық» спорткомбинатының бөлім басшысы Шыңғыс Қабылов.

— Футбол – менің хоббиім. Әзірге спорттың бұл саласымен кәсіби тұрғыда айналысуға шешім қабылдаған жоқпын, дегенмен футбол қатты ұнайды, — дейді Ақмола облысы Тимофеевка ауданының «Светоч» балалар үйінің тәрбиеленушісі Татьяна.

Ұйымдастырушылардың айтуынша «спорттық уик-энд» шарасының негізгі мақсаты – балаларды әлеуметтік бейімдеуге әрі өзін-өзі танытуға жәрдемдесу.

Спорттық шараны Астана қаласы әкімдігі және серіктестердің қолдауымен «Астана Арена» стадионы мен Bestforkids қоғамдық қоры ұйымдастырды.
Әрі қарай

Алматы облысының «Б» корпусының мемлекеттік қызметшілері кешенді аттестаттаудан өтті

Алматы облысының «Б» корпусының мемлекеттік қызметшілері кешенді аттестаттаудан  өтті
Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес кәсіби мемлекеттік аппаратты құру бойынша бағыттардың бірі — мемлекеттік қызметкерлерді аттестаттаудан өткізу. Осы жайлы Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі Алматы облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Ляззат Бейсекулова баяндады.

Алматы облысындағы мемлекеттік қызметшілердің нақты саны – 7606 адам. Оның ішінде 4108-і жергілікті атқарушы органдар, 3498-і орталық атқарушы органдардың аумақтық бөлімшелерінде. Аттестаттаудан өтуге тиіс мемлекеттік қызметшілердің жалпы саны – 5541-ді құрады (73%). Елбасы тарапынан аттестаттауға жатпайтын тұлғаларға қатысты талаптар бекітілді. Олардың жалпы саны — 27% құрап отыр. Биылғы аттестаттау бұрынғысына қарағанда ерекшелігі — заңнаманы білуге қатысты тестілеудің жоқтығы.
«Алматы облысының «Б» корпусы бойынша барлық мемлекеттік қызметшілерінің кешенді аттестаттаудан өтіп, облыс қызметкерлері жалпы жақсы көрсеткіш көрсетті» — деді өз сөзінде Ляззат Бейсекулова.

Егер де мемлекеттік қызметші кешенді аттестаттаудан өтпей қалатын болса, ол өз лауазымынан төмен орынға иеленеді.
Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметі
Оралбекова А.Т
Алматы облысының кейбір мемлекеттік қызметшілері кешенді аттестаттаудан босатылады
Кешенді аттестаттау – мемлекеттік қызметшілердің әлеуетін дамытудың кепілі. Қолданыстағы мемлекеттік қызмет туралы заңнама мемлекеттік қызметтің қазақстандық моделінің негізі болмақ. Осы тақырып төңірегінде Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі Алматы облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Ляззат Бейсекулова баяндаған болатын.
«Сонымен қатар кейбір мемлекеттік қызметшілер кешенді аттестаттаудан босатылаған. Олар:
1) аттестаттаудан өткізу кезінде «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген зейнеткерлік жасқа толуына екі жыл және одан аз уақыт қалған
«Б» корпусының қызметшілері.
2) жүктілік пен босануға, сондай-ақ бала күтіміне байланысты демалыстағы «Б» корпусының қызметшілері;
3) жүктілігі туралы медициналық қорытынды ұсынған жүкті әйелдер,
үш жасқа дейінгі балалары бар әйелдер, он төрт жасқа дейінгі балаларды
(он сегіз жасқа дейінгі мүгедек балаларды) тәрбиелеп отырған жалғызбасты аналар, көрсетілген санаттағы балаларды анасыз тәрбиелеп отырған басқа
да адамдар;
4) тиісті аттестаттау комиссиясында әңгімелесуден өту сәтінде мемлекеттік қызмет өтілі алты айдан аз, мемлекеттік әкімшілік лауазымға алғаш рет тағайындалған адамдар;
5) «А» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервінде тұрған «Б» корпусының қызметшілері.» — деді Ляззат Бейсекулова.
Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметі
Әрі қарай