«Астана Опера» камералық залында «Би ырғағында» концерті өтеді

Астана жаңалықтары: «Астана Опера» камералық залында «Би ырғағында» концерті өтедіКөктемгі сәуір айында әсем мэнует, жеңіл вальстерден ширақ регтаймға, екпінді тангоға дейін алуан түрлі би әуендері елорадалықтардың назарына ұсынылады. «Астана Опера» камералық залында 7 сәуірде «Bel Canto музыкалық салоны» абонементінің аясында «Би ырғағында» концерті өтеді.

Отандық және шетелдік композиторлардың музыкасын белгілі опера әншілері орындайды — Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Ғалия Байғазинова, Қазақстанның құрметті қайраткері Айгүл Ниязова, Халықаралық конкурстардың лауреаттары Айзада Капонова, Елена Низамутдинова, Роза Нұркей, Әсем Сембина, Азат Мәлік, дарынды скрипкашылар Майя Бекназар, Шынар Барлықова және т.б.

«Вальс королі» Иоганн Штраустың, «қазақ вальсінің королі» Шәмші Қалдаяқов туындылары, С. Джоплиннің «Рэгтаймы», А. Пьяццолланың «Либертангосы», Л. Делибтің «Испан әні», Ш. Лекоктың «Мадам Анго қызы» опереттасынан «Гавот», Н. Достальдың «Моника» опереттасынан Моника вальсі, Ф. Легардің «Көңілді жесір» опереттасынан Ганна мен Данило дуэті және т.б. орындалады.

Сопрано Елена Низамутдинова Дж. Россинидің «Музыкалық кешінің» циклынан «Неаполитанская тарантелланы» орындайды.

— Дж. Россини — сүйікті композиторларымның бірі, оның шығармашылығына тәнтімін. Адамның көңіл-күйін ерекше сезімге бөлейді. Сонымен бірге, Имре Кальманның «Королева чардаша» опереттасынан Сильваның ариясын орындаймын, — деді Елена Низамутдинова.

Фортепиано партиясында — халықаралық байқаулардың лауреаттары Раушан Бескемпірова, Меруерт Жекенова.

Концерт 19:00 басталады, билет құны — 2000 теңге.

ҚазАқпарат
Әрі қарай

Астана кәсіпкерлері бірлесіп, тауарларын экспортқа шығармақ

Астана жаңалықтары: Астана кәсіпкерлері бірлесіп, тауарларын экспортқа шығармақ

Астана кәсіпкерлері шетелге өз тауарларын экспорттау үшін кооперативке білесудің барлық мүмкіншіліктерін қарастыруда. Бұл мәселені бүгін елордада 500-ден астам шағын және орта бизнес компаниялары бас қосқан «Елорда» бизнес форумын ұйымдастырушылар көтерді.

«Мәселен, сыртқы сауда палатасы кәсіпкерлермен бірге Қытайға барды. Қытай Қазақстаннан не қалайтындығын айтып, көлемін ұсынған кезде біздің бірде-бір компания оны игере алмайтындығы белгілі болды. Сол себепті компанияларды сектор бойынша кооперацияға біріктіру идеясы ұсынылды. Бұған қоса, кооперациялар туралы заң қабылданды. Бұл заң аясында компанияларды кооперацияға бірігіп, тауарларды бір маркамен сатуды ұсынамыз. Сол кезде Қытаймен келісімшарт жасасуға шынайы мүмк3ндік бар», — деді Астана кәсіпкерлерінің «Сарыарқа» қауымдастығы басқармасының төрағасы Данияр Ахтаев.

Оның атап өтуінше, тауарлардың қатарында ет, астық, бидай және майлы дәнді-дақылдар да болуы мүмкін. Сондықтан да бүгінгі форум шағын және орта бизнес кәсіпкерлері мен шаруа қожалықтарының басшыларын бір-бірімен таныстыру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Сондай-ақ форум аясында көрме өтіп, онда 100-ден астам компания өз өнімдері мен қызметтерін ұсынды.

«Біз қауымдастық мүшелері бір-бірімен жақын танысқанын қалаймыз. Көп жағдайда біздің қауымдастық мүшелері бір-бірін білмейді. Мәселен, импортталатын шикізат пайдаланатын компания бар. Ал біз қазақстандық компаниялар бір-бірінен сатып алғанын, сол арқылы импортты отандық тауармен алмастыруға ұмтылғанын қалаймыз», — деді ол.

ҚазАқпарат
Әрі қарай

Астанада барлық салық түсімдерінің 65 пайызы шағын және орта бизнеске тиесілі

Астана жаңалықтары: Астанада барлық салық түсімдерінің 65 пайызы шағын және орта бизнеске тиесілі

Астанада барлық салық түсімдерінің 65 пайызы шағын және орта бизнеске тиесілі. Бұл туралы бүгін «Елорда» бизнес форумында Астана қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғани Тасмағамбетов мәлім етті.

«Толықтай алғанда Астананың ішкі жалпы өнімі 4,2 трлн. теңгені құрайды. Шағын және орта бизнес өндіретін өнім үлесі 61 пайызға тең. Ал барлық салық түсімдерінің 65 пайызы шағын және орта бизнеске тиесілі. қала экономикасына шағын және орта бизнестің қатысуы Қазақстан бойынша орташа көрсеткіштен 3 есе артық. Астанадағы шағын және орта бизнес барынша белсенді», — деді ол.

Ғ.Тасмағамбетовтің атап өтуінше, қала инновация бойынша да көш бастап келеді. Елімізде өндірілетін барлық инновациялық өнімдердің бестен бірін елордалық компаниялар өндіреді. Жалпы, бүгінде Астана Қазақстанның жалпы өнімінің оннан бірін беріп отыр. Сонымен қатар ол ағымдағы жылы жас кәсіпкерлік пен сауданы қолдауға 600 млн. теңге бөлінгенін атап өтті. Бұған қоса, екінші жартыжылдықта жаңа бағдарламаны қаржыландырылуы басталады. Оның аясында стартап-жобаларға 2 млрд. теңге бағытталады.

ҚазАқпарат
Әрі қарай

Д. Назарбаева мектептен тыс жерлерде балалардың немен тамақтанатынын бақылауды тапсырды

Астана жаңалықтары: Д. Назарбаева мектептен тыс жерлерде балалардың немен тамақтанатынын бақылауды тапсырдыҚР Премьер-Министрінің орынбасары Дариға Назарбаева мектептерден тыс жерлерде балалар тамақтанатын тағамдарды бақылау керектігін тапсырды. Бұл туралы ол бүгін Астана қаласының медицина қызметкерлерімен кездесуі барысында мәлім етті.

«Балалардың денсаулығы мәселесіне тоқталатын болсақ, денсаулық сақтау қызметтері балалар болатын барлық жерде, оның ішінде мектептен тыс орындарда бақылау жүргізуі тиіс. Атап айтқанда, буфеттер мен дәмханаларда сатылып жатқан тағамдарды байқау керек. Жалпы, сатылатын және біздің балаларды тамақтандыруға жіберілетін өнімдердің сапасына талаптарды қатайтқан дұрыс болады деп санаймын», — деді Үкімет басшысының орынбасары.

Елордадағы № 5 қалалық емхананың бас дәрігері Алтыншаш Табылдинаның айтуынша, мектеп дәрігері оқушыларды сауықтыру жұмыстарымен тыңғылықты айналысатын болады, оның ішінде дұрыс тамақтандыру шаралары да қамтылады. Осы орайда ол пайдалы тамақтандыру бағытындағы жеткіліксіз бақылау мектептердегі проблемалардың бірі болып табылатынын атап өтті.

ҚазАқпарат
Әрі қарай

Астанада 17 мектеп үш тілде білім беріп жатыр

Астана жаңалықтары: Астанада 17 мектеп үш тілде білім беріп жатырАстанада үш тілді ілкі тәртіпте жалпы білім беретін 17 мектепте енгізілді. Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Дариға Назарбаеваның Астанадағы № 81 «Astana English School» мамандандырылған гимназиясы мұғалімдерімен және оқушыларымен кездесу барысында Астана қалалық білім басқармасының басшысы Эльмира Суханбердиева осылай мәлім етті.

«Қазіргі кезде елордадағы мектептерде үш тілді білім беруді енгізу бойынша мақсатты жұмыстар жүріп жатыр. Тиісті кадрлардың қажеттілігіне мониторинг жасалуда. Үш тілде білім беруге ауысудың нормативтік-құқықтық әдіснамалық негізін жоспарлы зерттеу жүруде. Бүгінде үш тілде білім беруді енгізу тұрғысында қанатқақты мектептер ретінде 17 оқу орны іріктелінді. Бұл 17 мектепте пәндер ішінара ағылшын тілінде өткізіледі, яғни математика, билогия, химия, география пәндері ағылшынша оқытылуда»,-деді ол.

Сонымен қатар басқарма басшысы қаладағы білім беру саласындағы кейбір көрсеткіштерге тоқталды. Жыл сайын Астанаға орташа есеппен алғанда мектеп жасындағы 6,5 мың бала көшіп келеді. Осы ретте бір мұғалімге 86 оқушы тиесілі болады, ал 2015 жылы көші-қонды ескере отырып, елордада балаларды білім берумен қамту 103 пайызды құрады.

ҚазАқпарат
Әрі қарай

Астанада жол қауіпсіздігі ережесі бойынша акция өтті

Астана жаңалықтары: Астанада жол қауіпсіздігі ережесі бойынша акция өтті

Бүгін Астана қаласының жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері жас инспекторлармен ең жас жаяу жүргіншілерге шағылыстырғыш элементтері бар заттар таратты. Елордада «Назар аударыңыз, жүргінші» атты аймақтық акция 29 наурызда басталып, 4 сәуірге дейін жалғасады, деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінен.

Полицейлердің айтуынша, аталған акциялар балалар зардап шегетін апаттар санын азайтуға ықпал еткен.

— Өткен жылмен салыстырғанда биыл статистика бойынша «Назар аударыңыз, жүргінші», «Жаяу жүргінші, өткелмен жүр!» акцияларын өткізудің арқасында балалар зардап шегетін жол-көлік апаттар саны 18% төмендеген, — деді Астана қаласының ІІД жергілікті полиция қызметі ювеналды полиция бөлімінің инспекторы Айымгүл Валеева.
Акция аясында жас инспекторлар жаяу жүргіншілерге шағылыстырғыш элементтері бар белдеулер, байламдардағы белгішелер, білезіктер таратты.

Эксперттер шағылыстырғыш элементтері бар жаяу жүргіншілерді жүргізушілер жақыннан 50 метр қашықтықта, алыстан 150 м қашықтықта көре алатынын дәлелдеген.
Астаналық полицейлер бүлдіршіндерге кішкентай бала кезден жол қауіпсіздігі ережесін үйретуге шақырады, ал жүргізушілерге жолдарда сақ болуға кеңес береді.

ҚазАқпарат
Әрі қарай

Қазақстанда туберкулезді рентгенсіз анықтаудың жаңа әдісі енгізіліп жатыр

Астана жаңалықтары: Қазақстанда туберкулезді рентгенсіз анықтаудың жаңа әдісі енгізіліп жатырЕлорда денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерік Байжүнісов флюорографияға түспестен туберкулезді анықтауға бағытталған қанатқақты жоба туралы айтып берді.

Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Дариға Назарбаеваның Астана қаласының медицина қызметкерлерімен кездесуі барысында Е. Байжүнісов бұл технология Оңтүстік Кореядан жеткізілгенін атап өтті.

«Биылдан бастап туберкулезді қан арқылы анықтау әдісіне алғаш рет көшкенімізді атап өткім келеді. Оңтүстік Корея тарапымен тиісті келісімге қол қойып, олар жабдықтарды жеткізіп, орнатты. Қазіргі кезде біз екі емханада қанатқақты режімде зерттеулер жүргізіп жатырмыз. Егер де бұл бағыттағы жұмыстар нәтиже көрсетсе, онда скринингтік зерттеулер жүргіземіз. Яғни туберкулезді қан арқылы анықтайтын боламыз», — деді басқарма басшысы.

Осы ретте ол бұл әдіс науқастардан туберкулезді нақты анықтауға, сондай-ақ емделушілердің антибиотиктерге сезімталдығын байқауға мүмкіндік беретіндігін жеткізді.

«Биыл біз тубдиспансердің жаңа ғимаратын салатын боламыз. Менің ойымша, онда ем-дом жасаудың барлық циклі қамтылады. Осы ретте туберкулезді түбегейлі жеңуге болады», — деді Е. Байжүнісов.

ҚазАқпарат
Әрі қарай

«Елбасы жолы» киноэпопеясының желісімен түсірілген «Жұлдыздар тоғысқанда» фильмінің тұсаукесері өтті


Астанада «Елбасы жолы» киноэпопеясының желісімен түсірілген «Жұлдыздар тоғысқанда» фильмінің тұсаукесері өтті. Салтанатты премьерада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстанның барлық саяси бомонды бой көрсетті.

astanatv.kz/news/show/id/47650.html
Әрі қарай

Елордада Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай халықаралық конференция мен «KIOSH-2016» көрмесі өз жұмысын бастады

Астана жаңалықтары: Елордада Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай халықаралық конференция мен «KIOSH-2016» көрмесі өз жұмысын бастады

Бүгін елордадағы «Көрме» орталығында Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай, 6-шы Қазақстандық халықаралық конференция мен Еңбекті қорғау және өндіріс қауіпсіздігі жөніндегі «KIOSH-2016» көрмесі өз жұмысын бастады.

«Еңбекті қорғау және өндіріс қауіпсіздігі жөнінде өткізіліп отырған 6-шы халықаралық көрме мен конференцияға қош келдіңіздер. Біздің бұл көрмеміз бен конференциямыз дәстүрлі шаралардың біріне айналып отыр. 5 жылдың ішінде 20-дан астам компанияларды осы көрмеде көретін болсақ, бүгінде олардың саны 40-тан асты. Олар өздерінің құрал-жабдықтарын әкелді.

Біз қауіпті жұмыс орындарының бар екендігін айтқанбыз. Солардағы еңбек қауіпсіздігін сақтаудағы ең негізгі мәселе — әрбір жұмысшының қауіпсіздігін сақтайтын құралдармен жабдықтау», — деді жиынды ашқан ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова.

Айта кетерлігі, конференция мақсаты кәсіпорындарда жарақаттың азаюына, өндіріс нысандарында апат қаупін төмендетуге, қоғамға және қоршаған ортаға тигізетін шығынды азайтуға, кәсіби аурулардың алдын-алуға, еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған мемлекеттік органдардың, бизнестің және қоғамдық ұйымдардың күш-жігерін біріктіру. 2 күндік шара барысында өндірісте еңбектің қауіпсіз шарттарын қамтамасыз етуге экономиканың әсер етуі, еңбектің қауіпсіздігі мен қорғалуы бойынша заңнаманы сақтай отырып, кәсіпорындарда ішкі бақылауды жүзеге асыру, жұмысшыларды жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету, өндірісте болатын жазатайым оқиғалардың алдын-алу үшін кәсіби тәуекелдерді басқару мәселелері қарастырылуда.

ҚазАқпарат
Әрі қарай

2 мамырдан бастап «Астана-Қостанай» жаңа жүрдек пойызы жолға шығады

Астана жаңалықтары: 2 мамырдан бастап «Астана-Қостанай» жаңа жүрдек пойызы жолға шығады

«Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы жолаушылардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында №91/92 «Астана-Қостанай» бағытында жүретін жаңа «Тұлпар-Тальго» жүрдек пойызының жолға шығатынын хабарлайды.

Пойыз 2016 жылдың 2 мамырынан бастап күнара қатынайтын болады.

Жол бойында аялдайтын бекеттері: Атбасар, Жақсы, Есіл, Құсмұрұн, Тобыл, Железорудная. Пойыз таңғы 09 сағат 15 минутта Астанадан, ал Қостанайдан кешкі 21 сағат 11 минутта аттанады. Жолда жүру уақыты Қостанайға дейін 09 сағат 15 минутты, ал Астанаға дейін 09 сағат 11 минутты құрайды.

«Тұлпар-Тальго» пойызы 27 вагоннан тұрады, оның 2-уі «Гранд», 2-уі «Бизнес», 18-і «Турист» санатындағы вагондар, сондай-ақ 2 вагон-ресторан (вагон-бар) мен 3 техникалық вагон бар.

Қосымша ақпаратты темір жол вокзалдарының анықтамалықтарынан немесе 105 бірегей анықтама қызметінен алуға болады.

ҚазАқпарат
Әрі қарай