«Астана – дені сау және спортпен шұғылданатын адамдар қаласы» акциясы

«Дене шынықтыру мен спорт мемлекеттің ерекше
қамқорлығында болуы керек. Нақ сол саламатты
өмір салты ұлт денсаулығының кілті болып саналады».

Н.А. Назарбаев

Астана жаңалықтары: «Астана – дені сау және спортпен шұғылданатын адамдар қаласы» акциясы
Астана қаласының әкімдігі 2016 жылғы 15 тамыздан бастап «Спорттық Астана, сау Астана!» атты бірегей акциясын өткізеді. Мақсаты– астаналықтарды спортқа баулу. Мемлекет басшысы, – «Саламатты өмір салты ұлт денсаулығының кілті» болып саналатынын атап өтті. Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмалары аясында маңызды міндет қойылды – 2020 жылға қарай халықтың 30% дене шынықтыру мен спортқа тарту. Осыған байланысты бір ай бойы елордалық спорт алаңдары мен саябақтарында түрлі бұқаралық спорттық жарыстар ұйымдастырылды, оған мыңдаған қала тұрғыны қатысты. Акцияның ұраны: «Емделген емес, ауырмаған адам сау болады».

Акцияның негізгі міндеті

Дені сау жас ұрпақты тәрбиелеу, балаларды, жастарды және қарияларды, яғни барлық жастағы азаматтарды спортқа тарту осы акцияның басты міндеті болып табылады. Сол себепті елордада бұқаралық спортты дамытуға жағдайлар жасалады.

«Көңілді старттар»

Акция 15 тамызда басталып, 15 қыркүйекке дейін өтеді. Осы уақыттың ішінде елордалық спорт алаңдарында қызықты спорттық жарыстар ұйымдастырылады, оған ниет білдіргендердің бәрі де қатыса алады. Мысалы, әр демалыс сайын Астананың 9 паркінде сағат 18.00-20.00 аралығында зілтемір, гір көтеруден жарыстар, стритбол, шахматтан сайыстар, арқан тарту ұлттық ойыны, сондай-ақ, отбасыға арналған «Көңілді старттар» өткзілді.

Жарыстарға 5-6 жастағы балалар, ата-аналар және ата-әжелер қатысты. Күн сайын 4500 жуық адам өнер көрсетті. Қатысушылар естелік сыйлықтармен және жүлделермен марапатталды.

«Астана – дені сау және спортпен шұғылданатын адамдар қаласы» акциясы аясында «Есіл», «Алматы» және «Сарыарқа» аудандарының өндірістік ұжымдары шағын футболдан жарыста өзара шеберлік байқасты.

Аула клубтарының арасында өткен «Көңілді старттарда» қала тұрғындары тұтастай отбасыларымен қатысты.

Велоспорт кеңінен танымал болып келеді

Елордада велоспорт кеңінен танымал екендігін ескере келе, екі бұқаралық жарыс ұйымдастырылды: «Ардагерлер мен әуесқойлар арасында велоспорттан Қазақстан кубогының II кезеңі» және маунтинбайк жарысы.

Қазақстан кубогына астаналықтардан басқа, алматылықтар, қарағандылықтар мен еліміздің өзге өңірлерінің де тұрғындары қатысты. Айта кетейік, жарыста 65 жас және одан жоғары санат та болды. Қатысушылардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін Тұран даңғылы мен Қабанбай батыр даңғылдары жартылай жабылды, жол полициясының қызметкерлері еріп жүрді.

Маунтинбайк жарысында 10-65 жастағы елорда тұрғындары қатысты. Қатысушыларға қойылған жалғыз талап — шлем мен байктың болуы.

Астаналық спортшылардың арасында байдаркамен ескек есу, стендтік ату, шахмат, тоғызқұмалақ, хоккей және футбол, кроссфит, жүрдек мәнерлеп жүргізу және т.б. спорт түрлерінен чемпионаттар өткізілді.

Акция аясында ірі спорт кешендерінде Ашық есік күндері өткізілді. Кез келген адам «Дәулет» СК Ұлттық теннис орталығында заманауи кортта тегін теннис ойнау мүмкіндігіне ие болды.

«Астана Марафон – 2016»

4 қыркүйекте өтетін «Астана Марафон — 2016» халықаралық қайырымдылық шарасы акция аясындағы ерекше оқиға болады, оған 5000 астам адам қатысады деп күтілуде.

Қайырымдылық марафонға Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы Ә.Р. Жақсыбеков, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.Қ. Мәсімов, Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшелері, Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары қатысады. Осылайша мемлекеттік қайраткерлер ұлт саулығы, қазақстандықтардың салауатты өмір салтын ұстануы мемлекетіміздің басым міндеті болып табылатынын дәлелдемек.

Марафонға Qazaq Banki, ERG, KazTechInnovations, Astana Marriott Hotel, KPMG «Самұрық-Қазына» және BI-Group сынды компаниялар, сондай-ақ, таяу және қиыр шетелден 23 мемлекеттен атлеттер, елшіліктер мен халықаралық компаниялардың қызметкерлері қатысады.

Атап айтқанда, Ұлыбритания, Малайзия, Польша, Чехия, Италия, АҚШ, Қырғызстан, Франция, Австралия, Германия, Иран, Ресей, Ирландия, Бельгия, Эстония, Бразилия, Өзбекстан, Қытай, Оңтүстік Корея, Венесуэла, Түркия, Грекия, Жапония елдерінің өкілдері марафонда бағын сынайды.

Елордада Марафонды өткізуге байланысты сағат 7:30-14:00 аралығында орталық көшелерде қозғалыс тоқтатылады. Елорда тұрғындары мен қонақтарына уақыт үнемдеп, жолдарда дау туғызбас үшін өз бағдарларын алдын ала жоспарлаулары керек. Астана қаласының әкімдігі уақытша ыңғайсыздықтарға түсіністікпен қарауыңызды сұрайды.

Жарыстар, турнирлер, чемпионаттар

4 қыркүйекте Марафоннан басқа, Астанада 15-тен артық жалпықалалық спорттық шара өткізу жоспарланған. Оған 7000 жуық елорда тұрғыны мен қонағы қатысады деп күтілуде.

Мысалы, «Жерұйық», «Астаналық», «Астана Триатлон» саябақтарында асық ату, арқан тарту жарыстары, сонымен қатар веложарыс өткізіледі. Жарыстар 4 қыркүйекте сағат 10.00 басталады, оған ниет білдіргеннің бәрі қатыса алады.

Жақын аймақтардың және елордалық спортшылардың арасында үстел теннисінен, шахматтан, шағын футболдан, жеңіл атлетикадан, су полосынан жәнеат спортынан турнирлер ұйымдастырылады. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталады.

4 қыркүйекте «Барыс» спорт кешенінде елорда тұрғындары мен қонақтарына арналған Ашық есік күні өтеді. Шара аясында кез келген адам мұз айдынына шығып, «Барыс» ХК жетекші бапкерлерінің шеберлік сыныптарына қатыса алады.

2016 жылғы 5-15 қыркүйек аралығында акция аясында 2000 артық адам қатысатын 10 шара өткізу жоспарланған.

Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында 10 қыркүйекте

№ 71 ОМ «Есіл» ауданының мектеп мұғалімдерінің арасында волейболдан турнир өтеді.

11 қыркүйекте «Астана Триатлон» саябағында «Отбасылық Дуатлон» өтеді. Ата-аналар мен балалар осы жарысқа бірге қатысып, салауатты өмір салтының қажеттілігін көрсетпек.

Акция аясында велоспорттан Қазақстан Республикасының Чемпионаты (4 күндік топтық жарыс), Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының Кубогы үшін қоян-қолтық ұрыстан, таеквондодан «Корея елшілігінің кубогы» республикалық турнирі өтеді.

2016 жылғы 7-10 қыркүйек аралығында «Қазанат» ипподромы аумағында «Астана жұлдызы» спорттық жарысында бас жүлде үшін таласады. Аталған жобаның негізгі міндеті – өскелең ұрпақты ұлттық спорт түрлеріне, салт-дәстүрімізге, мәдениет пен тұрмысқа баулу. «Астана жұлдызы» көкпар, қыз қуу, бәйге, аударыспақ, теңге алу және т.б. ұлттық спорт түрлерін дамытуға бағытталған. Жобаға еліміздің үздік спортшылары қатысады.

11 қыркүйекте Қабанбай батыр ауылында ат спортына әуес жандар 51 шақырымдық аламан бәйгеде «Алтын Тұлпар» атағы сарапқа салады. Жарыс «Қазспорт» және «Қазақстан» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Жалпы, «Спорттық Астана, сау Астана!» акциясы аясында түрлі сипаттағы 50 шара өткізілмек, оған 50 мыңнан астам адам қатысады.

Барлық астаналықтарды отбасыларымен бірге спортпен шұғылдануға шақырамыз. Бұл үшін барлық аудандарда және әр аулада қолайлы жағдайлар жасалатын болады. Зиянды әдеттерден бас тартып, темекі шегуді тастауға және спирттік ішімдіктер ішпеуге шақырамыз. Уақытты теледидар алдында босқа өткізгенше, бүкіл отбасыңызбен бірге бұқаралық спорттық шараларға қатысыңыздар, таза ауа жұтып, бойға қуат жинап, сергіп қайтыңыздар.

Салауатты өмір салтының сіздің жетістіктеріңіз бен отбасыңыздың ауқаттылығының артуының 90% кепілі болып табылады.

Жас кәсіпкерлер Астанада тағылымдамалардан өтті

Астана жаңалықтары: Жас кәсіпкерлер Астанада тағылымдамалардан өтті
28 маусым мен 2 шілде арасында Астана қаласында «Аймақаралық бизнес-тағылымдамалар» жобасы іске асырылған болатын. Жобаға еліміздің 14 аймағы мен Алматы және Астана қаласынан 30 жас кәсіпкер қатысты.
Астана жаңалықтары: Жас кәсіпкерлер Астанада тағылымдамалардан өтті
Бүгінгі таңда Қазақстанда жас кәсіпкерлерге үлкен назар аударылуда. Себебі, жастар инновацияшыл, тәуекелшіл, демек, бизнеске деген құлшынысы өте жоғары. Сондықтан болар, Қазақстан ғылым және білім министрлігі тапсырысы бойынша Қазақстан жастарының Конгресі еліміздің 30 жас кәсіпкерін елордамыздың орта және шағын бизнес ұйымдарынан тағылымдама өтуге мүмкіндік берді. Бес күнге созылған тағылымдамалар барысында «Аrta software», «Жасыл Экономика», «Коворкинг Мультиспэйс» сынды бизнес ұйымдарының жұмысымен танысып, бизнес процесстерді оптимизациялау бойынша кеңестерді алды.
Астана жаңалықтары: Жас кәсіпкерлер Астанада тағылымдамалардан өтті
Тағылымдалар аясында Асель Кожакова, «Geneva Business School» Қазақстандағы мектебінің директоры Алина Абдрахманова, жас кәсіпкер Эрик Сагиевтің талімгерлік сабақтарынан өтті.
Әрі қарай

Жаңа ҚР Білім және ғылым вице-министрі тағайындалды

Жаңа ҚР Білім және ғылым вице-министрі тағайындалды

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев жаңа тағайындалған Вице-министр Асланбек Амринді министрлік ұжымымен таныстырды.

Асланбек Кемеңгерұлы Амрин 1982 жылдың 13 наурызында Солтүстік Қазақстан облысы, Совет ауданына қарасты Смирнов ауылында дүниеге келді.

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін (2003 ж., «Қаржы және аудит»), Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін (2006 ж., «Геоақпараттық жүйелер»), «Болашақ» бағдарламасымен University of Illinois at Urbana – Champaign, (2012 ж., «Технологияларды басқару») оқып бітірді.

2003-2005 ж.ж. «KITEX» ЖШС жеке инновациялық компаниясында, «Жаңа технология мен материалдарды енгізу орталығы» ЖШС; «Қазақстандық инновациялық технология» АҚ еңбек етті.

2005-2010 ж.ж. аралығында ҚР Премьер-Министр Кеңсесінің әлеуметтік-мәдени даму бөлімінің сарапшысы, индустриалды-инновациялық даму бөлімінің бас сарапшысы және меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарған.

2012-2015 ж.ж. – «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары, 2015-2016 ж.ж. – «TIMWE International» халықаралық телекоммуникациялық компанияның Қазақстан бойынша бас менеджері.

2016 жылдың 26 тамызында ҚР Үкіметі Қаулысымен ҚР Білім және ғылым вице-министрі болып тағайындалды.
Әрі қарай

Керек-Ринг 28/08/2016

Керек-Ринг Жазғы серия ойындары аяқталды. Соңғы ойынның жеңімпазы: Brainstorm командасы. Жалпы серия жеңімпазы: Бақсы командасы.

1-тур сұрақтары by asaubota

1. Пи санының 2 бейресми күні бар деп есептеледі. Біріншісі: 14 наурыз. Өйткені Америкада бұл күн 3.14 деп жазылады. Ал, екінші күнді Еуропа мәнерінде жазып көріңіз?

2. Дәл 1 апта бұрын шыққан мына картада 59 ел неліктен сары түспен белгіленген?
Интеллектуалдық ойындар: Керек-Ринг 28/08/2016

3. 1969 жылдың желтоқсанында Калифорниядағы Альтамонт елдімекенінде Роллинг Стоунз бастаған ірі рок-фестиваль өтеді. Фестиваль аймағына 300 мыңдай адам жиналды деседі. Фестиваль барысында 4 адам өледі: екеуін машина қағып кетеді, біреуі суға батады, біреуі сахнаға тапаншамен шығып күзетшілерден таяқ жеп өледі. Алайда, 4 өлімге қарамастан фестивальге келген адам саны 4-ке кеміді деп айтуға болмайды. Неліктен?

4. 1833 жылдан 1950-ге дейін шыққан нью-йорктік The Sun газеті мықты кроссвордтарымен де әйгілі болған екен. 2002 жылы бұл газеттің жалғасы ретінде шыққан The New York Sun газеті де алдыңғы газеттің кей элеметтерін, стилін көшіре отырып, кроссвордтар дәстүрін де жалғастырды. Газеттің алғашқы санында жаңа кроссвордпен бірге жанында не жарияланды?

5. Найджел Ричардс атты жаңа зеландиялық 2007 жылдан бері Скрэббл (сөз құрастыру ойыны) бойынша бірнеше дүркін әлем чемпионы. 2015 жылы Ричардс Скрэбблдың француз тіліндегі чемпионатын да ұтты. Алайда ол французша білмейді. Ойыншы бұл жетістікке қалай жетті?

6. Кезінде Лайка атты ит тірі қалмайтыны белгілі бола тұра космосқа ұшырылды. Бұл оқиғадан кейін АҚШ-тың Миссисипи штатындағы бір әйелдер қауымдастығы Біріккен Ұлттар Ұйымына наразалықтарын білдіріп хат жазады. Хатта КСРО-ның иттерге қарсы адамгершіліктен тыс әрекеті сыналады және ғылым үшін космосқа қандай да бір тіршілік иесі жіберілуі тиіс болса, өз штаттарында толып жатқан ИКСтерді жіберуді ұсынады. ИКСті атаңыз.

7. Германияның оңтүстігіндегі Киссинг (Kissing) қаласынан солтүстіктегі Веддинг (Wedding) қаласына дейін автожолмен 9 сағат 15 минут жол жүресіз. Жолда Петтинг (Petting) қаласынан кейін Австрия шекарасындағы қай қаладан өтесіз?

8. Постерде ненің жарнамасы бейнеленген?
Интеллектуалдық ойындар: Керек-Ринг 28/08/2016

9. Кекс, Тәтті бәліш, Эклер, Мұзды йогурт, Балмұздақты вафли, Желе, Киткат, Лоллипоп, Нуга… Тәттілерді ортақ бір атпен жүйеге салыңыз.

2-тур сұрақтары by @MERmukhanov

1. Cәтпаев астероиды жөнінде білесіздер. Одан бөлек, Қазақстанға қатысты тағы кемі 8 жұлдыз бар. Негізгі белдеудің астероидтарының бірі Томирис жайлы сұрақ қойылды. Ендеше, классификацияда 2700 нөмірдегі, 1976 жылы ашылып, топографиялық объектінің құрметіне қойылған астероидты атаңыз.

2. «Шылым шегушінің басымдықтары». Сіздер Алан Каррдың «Шылым шегуді оңай тастау» атты кітабының жиырма бірінші тарауының атауын көріп отырсыздар. Кітапта осы тарау атауынан кейін келетін екі символды жазыңыз.

3. Назар аударыңыздар, ойбастар!
Вербердің жұмбағын шешіңіз.
«Құдайдан Ол ұлық емес,
Сайтаннан қорқынышты да емес Ол.
Кедейлерге тән, бірақ байларға сай емес.
Егер оны жемесең – өліп қаласың».
Янтра — абстрактілі түрде Ғаламды және оның бөлек аспектілерін сипаттайтын, медитацияға арналған тантралық диаграмма. Барлығы 960 янтра белгілі. Олардың ішінде ең көркем, ең нәзік, сәнді деп табылған янтрада Ол бейнеленген деуге болады.
Ол не?

4. Олимпиада ойындарының 3 дүркін жүлдегері, палуан Гүзел Манюрованың пікірінше, сұлулықты еш нәрсемен құрта алмайсың. «Әрине, қыздарда «апельсин» құлақ болғаны онша жақсы емес, бірақ қыздардың көбінде ол жағынан мәселе жоқ. Тіпті құлаққап қиіп те күресуге болады. Бұрын жігіттерде сынған құлақпен жүру тіпті абырой болатын, сенің палуан екеніңді бәрі көру үшін. 50 рубльге олар саған Х-пен құлағыңды қысып беретін».
Сұрақ авторы Х-тің күреске қатысты айтылуын парадоксальды санайды. Х – ол да спорттық атрибут, құрал және оны түрлі материалдардан жасайды. Әйгілі режиссер Ингмар Бергманның өлімінен соң, оның Х-і, яки түрлі-түсті фильмдер кезеңінен бұрын түсірілген фильмінің реквизиті ең қымбатқа сатылды.

5. Немістің «Альянс» сақтандыру компаниясының ғимараты 12 мың шаршы метр ауданды алады және онда 2000 қызметкер қызмет атқарады. Компанияның есептеу орталығының құрамына 80 қуатты компьютер кіреді.
Дәл осы есептеу орталығы компанияның шығындар тізімінде жыл сайын 138 мың еуросын үнемдейді. Бұл нендей шығындар?

6. Марк Твеннің мәңгі актуал цитатасын толықтырыңыз: «Х-ті сатып алыңыздар – оны енді ешкім өндірмейді ғой».

7. Олардың саны 100-ден асады. Мысалы, біреуі – Үңгір, екіншісі – Өрмекші, тағы біреуі – Қала, Тау, Ай, Түтін, Інжір, Сиыр, Темір, Қалам, Піл, болып кете береді. Олардың 28-нің шығу төркіні 24°28′00″ с.е 7.39°36′00″ ш.б., ал одан 3 есе көбі — 21°25′21″ с.е. 39°49′34″ ш.б.-қа тиесілі.
Бәріне қолжетімді болғанымен, көп адамның игеру шеңберінен тыс олардың не екенін атаңыз.

8. Сәрсенбі күні 11-рет Блог Күні тойланады. Кезінде Лайв журнал қолданушылары неліктен дәл осы күнді Блог күні деп тойлауды шешті?

9. ХХІ ғ. басында, жаңадан пайда болған аңыздардың бірі бойынша, Қазақстандағы Арсу мен Қарақсу әулеттерінің бірі екіншісін жеңуінде перизат, пері қыздың, кельт және герман фольклорынан шыққан ізгі мыстан арудың рөлі басым болды. Мұндай қырқыстардың басқа да нұсқалары бар, мысалы, Еуропада: Италияда, Ресейде… Алайда, осы қос әулеттердің бірі екіншісінен гөрі үнемі ненің арқасында жеңіске жететін?

Ойыннан фотолар:

Интеллектуалдық ойындар: Керек-Ринг 28/08/2016

Интеллектуалдық ойындар: Керек-Ринг 28/08/2016

Интеллектуалдық ойындар: Керек-Ринг 28/08/2016

Интеллектуалдық ойындар: Керек-Ринг 28/08/2016

Интеллектуалдық ойындар: Керек-Ринг 28/08/2016

Интеллектуалдық ойындар: Керек-Ринг 28/08/2016

Басқа фотолар мына жерде.
Фото: Ерасыл Әбдірашов
Әрі қарай

Астананың аудандарында Жұмыспен қамту орталығының өкілдіктері ашылды

Астана жаңалықтары: Астананың аудандарында Жұмыспен қамту орталығының өкілдіктері ашылды
Астана қаласында Жұмыспен қамту орталығының үш өкілдігі ашылды. Мұнда жұмыс іздеушілер мәліметтер базасындағы өзекті бос орындармен танысып, сұхбаттасуға жолдама алады. Сонымен қатар, мамандар жастар практикасынан, даярлау және қайта даярлау курстарынан өту жағдайлары мен қажетті құжаттар топтамасы туралы кеңес береді.

Жұмыспен қамту орталығының директоры Олжас Омардың айтуынша, өкілдіктер жұмысқа орналаспаған азаматтардың қолайлығы үшін жасалып отыр.

— Өкілдіктердің ашылуына жұмысқа орналасу саласында жұмыссыз азаматтарды мемлекеттік қолдау шараларымен көбірек қамту қажеттілігі негіз болған. Ең бастысы, халыққа тұрғылықты жерінде мемлекеттік қызметтің осы бір түрін алу өте қолайлы болып табылатындығы, — дейді Олжас Омар.

Жұмыспен қамту орталығының өкілдіктері Тілендиев даңғылының бойында орналасқан «Рахмет» СҮ, Ақжол көшесіндегі «Астықжан» СҮ және «Аружан» СОО ашылды.

Еске сала кетейік, бұған дейін «Астаналық» базарда және «Гүлжан» СҮ осындай 2 орталық өз жұмысын бастаған болатын. Бұл жұмыссыздықтың ең төменгі деңгейін 4,7% шамасында сақтауға мүмкіндік береді.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11214
Әрі қарай

Елордада Қызылорда облысының күндері өтеді

Астана жаңалықтары: Елордада Қызылорда облысының күндері өтеді
3-4 қыркүйекте Астанада ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Қызылорда облысының күндері өтеді.

Б. Момышұлы даңғылында орналасқан Оқушылар сарайының алдындағы тұрақта өтетін ауыл шаруашылық жәрмеңкесінде аймақтың тауар өндірушілері өз өнімдерін ұсынады.

Жалпы, жәрмеңкеде 300 тоннадан астам өнім, соның ішінде жарма, жеміс, көкөніс, сүт тауарлары, ет, шұжық өнімдері, балық, бал, нан-тоқаш және кондитерлік өнімдер сатылады.

Сенбі күні, 3 қыркүйекте астаналықтар «Ырысты, күрішті – Қызылорда» атты концерттік бағдарлама мен арнайы шатырда ашылатын Ыбырай Жақаевтың 125 жылдығына арналған «Ақ күріштің атасы — Ыбырай» көрмесін тамашалайды. Жәрмеңкеде «Қазақстанда жасалған» акциясы аясында шығарылған өнімдер де көпшілік назарына ұсынылады.

Сонымен қатар, Астана қаласының Балалар деревнясында және Мамандандырылған балалар үйінде «Бәрі де бала бақыты үшін» қайырымдылық акциясы өтеді.

Осы күні сағат 17.00 Конгресс-холлда аймақтың өнер иелері «Сыр – Алаштың анасы» атты мерекелік концертте өз шеберлігін ортаға салады. Сондай-ақ, фойеде «Тәуелсіздіктің дара жолы – Сыр елі жетістігі» фотокөрмесі мен ел тәуелсіздігіне арналған сурет көрмесі өтеді. ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында кітап көрмесі, ал ҚР Ұлттық музейінде ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған көрмелер мен экспозициялар ашылады.

4 қыркүйекте Б. Момышұлы даңғылында орналасқан Оқушылар сарайының жанында жәрмеңке мен концерттік бағдарлама ұйымдастырылады.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11211
Әрі қарай

Астанада ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті

Астана жаңалықтары: Астанада ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті
Қалалық әкімдікте Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошунның төрағалығымен үлестік қатысу мәселелері бойынша ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті.

«АССМ-01» ЖШС нысаны бойынша компанияның бас директоры «Ақ Ерке-2» және «Алтын бұлақ» ТК құрылысын жалғастыру үшін қытайлық инвесторлардан транштың түскенін хабарлады. Оның айтуынша, «Алтын бұлақ» ТК құрылысы 2017 жылдың ІІ тоқсанында, «Медина» ТК үстіміздегі жылдың 1 қазанына дейін, «Коргалжинский квартал» ү.ж. 1 желтоқсанына дейін, «Ақ Ерке-2» ү.ж. 30 қазанына дейін аяқталады.

Құрылтайшының уақытылы қаржыландырмауының салдарынан «Оберег» ЖШС тиесілі «Оберег» ТК құрылысы баяу жүргізіліп жатыр. Жобалаушы компанияның мәліметінше, 1 қыркүйекке дейін инженерлік желілер бойынша жоба «Мемлекеттік сараптама» РМК қарауына ұсынылады.

«Араби-1», Араби-2» ТК, «Самал» («Квартиры НС» ЖШС) қатысты комиссияның көмегімен жаңа салушы-инвестор анықталды, ол есептеулер жүргізіп, барлық нысандардың құрылысын аяқтауға, осылайша, алданған үлескерлерді баспанамен қамтамасыз етуге дайын.

«Араби-1» тұрғын үй кешені 80% дайын, комиссия мүшелері үлескерлерге «Араби-1» ТК құрылысын бітіру және нысанды тапсыру үшін құрылған ТҚК пайдасына беру туралы сотқа талап-арыз беруді ұсынды. Қазіргі кезде «Араби-1» үлескерлері қалалық прокуратураға берген шағым беру туралы өтініш қаралу үстінде.

«Араби-2» және «Самал» нысандарының құрылысы әлі басталмаған. Бұл ретте қала әкімдігімен жерді пайдалану құқығын жалғастыру мәселесі шешілді және жер учаскесі «Самал» ТК үлескерлеріне өз бетінше құрылысты аяқтау үшін берілді. Мәселе ведомствоаралық комиссияның тұрақты бақылауына алынды және қарауында болады. Жаңа салушы-инвестор («Маир-7» ЖШС) келісімдер жасау бойынша ТҚК келіссөздер жүргізуде.

«Ақ шаңырақ-2» ТК («Прайс Астана» ЖШС) салу қарқыны төмен. Нысанның құрылысын аяқтаудың жоспарланған мерзімі – ү.ж. желтоқсан айы. Салушы адамдарды тұрғын үй кешеніне өз бетінше қоныстандырғаны үшін жауапкершілік жүктелетіні туралы ескертілді.

Ведомствоаралық комиссия жұмысының қорытындысы және оның ұсыныстары бойынша Астана қаласының әкімдігі «Территория комфорта-1» ТК нысанын жобалауға рұқсат берді. «КазИнвестКонстракшнГрупп» ЖШС «ТК.1-Астана» ТҚК бірлесіп рұқсат құжаттарын рәсімдеу жұмыстарын қолға алды, сонымен қатар, нысанның астындағы жер учаскесі бойынша мәселе шешіліп жатыр, нысанның эскиздік жобасы келісілді. «Мемлекеттік сараптама» РМК жобаны қарап, ескертулерді жою үшін қайтарып берді.

«Future Home Astana» ТК және «Есіл ЭК» ТК құрылысы тұтастай кешендердің жұмыс жобаларының сараптамасы болмағандықтан тоқтатылып қойылды, қазіргі кезде сараптама қажетті келісуден өткізіліп жатыр. Пайшылардың өтінішімен ТК салу мерзімін созу мәселесі ВАК-тың тұрақты бақылауына алынып, салушы апта сайын есеп беріп тұрады.

Комиссия мүшелері салушыға ТК құрылысына жұмсаған қаржының шығынын растайтын құжаттарды ұсынуды сұрады. Тұрғын үйлер құрылған ТҚК арқылы сатылған, ал рұқсат құжаттамасы мен жер учаскесі салушының атына рәсімделген, қазіргі кезде жер учаскесін ТҚК меншігіне қайта рәсімдеу жұмыстары қолға алынды.

Отырысқа қатысушылар «Атлант Инжиниринг» ЖШС нысандарын да талқылады, атап айтқанда, «Магистральный» ТК, 3-ші кезек («Бірлік» ТК), «Рух» ТК («Жас Отау» ТК) және «Доступные квадраты» ЖШС-ның «Пана» ТК («Молодая семья» ТК) нысаны.

Салушыға қатысты қылмыстық іс қозғалды, соның аясында алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Салушыға пәтерлерді заңсыз сатқаны және нысандарда өз бетінше құрылыс жүргізгені үшін жауапкершілік жүктелетіні туралы ескертілді.

«Магистральный ТК, 3-кезек» нысанында паркингі бар екі 18 қабатты блок салынды, үшінші блок бойынша «0» деңгейінде жұмыстар тиісті рұқсат құжаттарынсыз жүргізілген. Қазіргі кезде жұмыс жобасының сараптамасы алынды. Екі блок бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарының қорытындысы бойынша салушы заңнаманы белден басып, инвесторларды қоныстандырған.

Сонымен қатар, техникалық тексерулердің нәтижесінде ҚНжЕ талаптарын өрескел бұзу жағдайлары тіркелді. Салушы конструкцияларды күшейту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оның рұқсат құжаттамасы талаптарға сай емес, бұл нысанды заңды түрде пайдалануға беруге және үшінші блок бойынша жұмыстарды жалғастыруға жол бермейді.

«Рух» және «Пана» нысандары бойынша рұқсат құжаттары бар, бірақ қаржыландыру болмағандықтан құрылыс жұмыстары жүргізілмейді. Нысандар ВАК-тың тұрақты бақылауына алынды.

«AstanaVipProjekt» ЖШС нысандары бойынша комиссия «Семь палат» ТК инвесторларынан қасбетті әрлеудің бекітілген жобаға сай келмейтіні туралы өтініш және Сәулет және қала құрылысы басқармасынан жобалық құжаттаманың қасбеттік бөлігін түзетуді келіспеуі туралы өтініш қабылданды. Салушы тұрғын үй кешенінің қасбетін бекітілген жобалық құжаттамаға сәйкестендіру немесе қасбетті түзетуді келісу туралы шаралар қабылдамаған.

«Алтын Сапа» ЖШС «Зере» және «Зере-2» ТК құрылыс-монтаждау жұмыстарын мүлдем жүргізіп жатқан жоқ. Қала әкімдігі жанындағы ВАК отырысының ақша қаражатын төлеу бойынша ұсыныстары орындалмауда. Кездесу барысында салушы 480,0 млн теңге көлемінде қаржының түскендігі және ү.ж. 22 тамызынан бастап инвесторларға қаржы қайтарылып жатқаны туралы мәлімдеді. «Алтын Сапа» ЖШС директоры Д. Ахмедияровқа «Зере-2» ТК бойынша құрылысты аяқтау мерзімі көрсетілген кестені ұсыну тапсырылды. Айта кетейік, бұған дейін ВАК үлескерлерге қалалық прокуратураға талап-арыз беру туралы өтініш беру үшін ТҚК құруды ұсынған болатын.

Ведомствоаралық комиссияның отырыстары Астана қаласының әкімдігінде апта сайын салушылардың және бастамашылар топтарының өкілдерінің қатысуымен өтеді. Барлық нысандар ВАК-тың бақылауына алынды.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11204
Әрі қарай

Елордада автобустардың қозғалыс сызбасы уақытша өзгереді

Астана жаңалықтары: Елордада автобустардың қозғалыс сызбасы уақытша өзгереді
Бүгіннен бастап Жирентаев көшесінің Қ. Мұңайтпасов көшесінен Петров көшесіне дейінгі бөлігінде жол жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты №3, 14, 18, 23, 31, 40, 73 бағдарлардағы автобустардың қозғалыс сызбасы уақытша өзгереді.

№ 3 маршрут Мұңайтпасов көшесімен «Орбита» аялдамасына дейін өзгеріссіз жүреді, одан әрі Сәтпаев к-сі – Петров көшесімен жүреді, содан кейін Жирентаев көшесіне кірмей қазіргі қозғалыс сызбасы бойынша жүреді.

Кері бағытта осы қозғалыс сызбасы бойынша жүреді.

№ 14, 18, 40 маршруттар Абылай хан даңғылының бойымен «Травматология және ортопедия институты» аялдамасына дейін өзгеріссіз, одан әрі Қ. Мұңайтпасов к-сі –Сәтпаев к-сі және қазіргі қозғалыс сызбасы бойынша жүреді. Бұл бағдарлар да Жирентаев көшесіне кірмейді.

№ 23, 31, 73 маршруттар Мұңайтпасов көшесімен «Орбита» аялдамасына дейін өзгеріссіз, содан кейін қазіргі қозғалыс сызбасы бойынша тура жүреді. Сәтпаев – Петров –Жирентаев көшелеріне кірмейді.

Жол жөндеу жұмыстары аяқталған соң аталған маршруттар бұрынғы қозғалыс сызбасы бойынша жүретін болады.

Толық ақпаратты 57-47-77 телефоны бойынша байланыс орталығынан алуға болады.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11199
Әрі қарай

Елордада 1 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынды

Астана жаңалықтары: Елордада 1 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынды
Үстіміздегі жылдың жеті айында пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданы 1 311 645 шаршы метрді құрады, бұл 2015 жылғы қаңтар-шілдедегі деңгейден 23,4%-ға жоғары. Барлық қаржыландыру көздерінің есебінен 11 987 пәтерлік тұрғын үй тапсырылды.

Астана қаласы статистика департаментінің мәліметінше, жеке салушылармен жалпы ауданы 112 140 шаршы метрлік тұрғын үй салынған, бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 3,7 есеге артық. Тұрғын үйлерді пайдалануға берудің жалпы көлемінде жеке тұрғын үй құрылысының үлесі 8,5%-ды құрады, 2015 жылғы қаңтар-шілдеде 2,8%-ды құраған болатын.

2016 жылдың жеті айында тұрғын үй құрылысына бағытталған инвестициялар көлемі 74 144,8 млн теңгені құрады, бұл 2015 жылғы қаңтар-шілдедегі көрсеткіштердің 99%. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемінде тұрғын үй құрылысында игерілген қаражат үлесі 19,3%-ды құрады.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11194
Әрі қарай

Астанада әлеуметтік нысандардың 90% жылыту маусымына дайын

Астана жаңалықтары: Астанада әлеуметтік нысандардың 90% жылыту маусымына дайын
Бүгін Астанада орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесіне қосылған 2455 әлеуметтік нысанның 2335-і немесе 90,5% жылыту маусымына дайын. Атап айтқанда, 2146 тұрғын үй, 28 денсаулық сақтау, 152 білім нысаны және 9 мәдениет мекемесі.

Астана қаласы энергетика басқармасының хабарлауынша, 2016–2017 жж. жылыту маусымы басталғанша энергокешен толықтай дайындық төлқұжатын алады, ал басқа әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер 100% дайын болады.

Алдағы жылыту маусымына дайындық пен энергокешенді техникалық ақаусыз жағдайда сақтау аясында «Астанаэнергосервис» АҚ күрделі жөндеу жұмыстарын қолға алды.

«Астана-Энерго» АҚ басты және қосалқы жабдықтарын жөндеу бекітілген кестеге сай жүргізіліп жатыр. Қазіргі кезде ЖЭО-1 — 85%, ЖЭО-2 – 73%, ал аудандық қазандықтар 88% дайын.

«Астана-Теплотранзит» АҚ күрделі жөндеу бағдарламасы бойынша 1,15 км магистральді желі қайта жөнделді. Қазіргі кезде ұзындығы 1,432 км тарату желісін күрделі жөндеу және 3 698 шаршы метрлік құбырдың жылу оқшаулағышы қалпына келтірілді.

Сонымен қатар, «Астана-РЭК» АҚ-да 110 кВ-тық әуе желісін күрделі жөндеу, 10 кВ-тық және 0,4 кВ-тық әуе желілері мен жабдықтарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11195
Әрі қарай