Астанада қызылшаға қарсы тегін вакцинациялау басталды

Қалада жоспарлы түрде 1 жас, 6 жастағы балаларды, сондай-ақ қызылша ауруына шалдыққандармен байланысқа түсіп, бірақ вакцина алмаған тұлғаларды иммундау шараларын жүргізу үшін вакцина дозасы жеткілікті (25 мың), деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.


Жыл басынан бері қалада қызылшаға қарсы 19 144 балаға (яғни 83,3 %) алғашқы екпе және 6 жастағы 15220 балаға (мақсатты топтың 78,6 %) қайталама вакцина салынды. ОКҚ-де өткен брифингте Астана қаласы қоғамдық денсаулық сақтауды қорғау департаментінің басшысы Садуақас Байғабылов вакцинацияның қызылша ауруына қарсы бірден бір тиімді шара екенін айтып өтті. 


 «Астана қаласында қызылша ауруының маусымдық жандануы байқалады. Қызылша – жұқпалы инфекция, ол адамға ауру адамнан ауа тамшылары арқылы таралады. Эпидемиологиялық процесс барысында 90 % — 1 жасқа дейінгі егілмеген балалар мен 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер ауырады. Қызылша асқынған жағдайда, оның салдары отит, пневмония, энцефалит сияқты ауруларға әкеп соқтыруы мүмкін», — деді С. Байғабылов.


Қызылшаның негізгі симптомдары мен белгілері: 4-тен 7 күнге дейін созылатын 38-40 градус жоғары температура, әлсіздік, тәбеттің жоғалуы, ӨРЖИ белгісіндегі тұмау, жөтел, көздің қызаруы мен жасаурауы, терінің біртіндеп бөртуі, алдымен маңдай, кейін құлақ және барлық дене бөртіп кетеді. 


«Вакцина тегін. Қызылшаға қарсы профилактикалық екпе 1 жастағы және 6 жастағы балаларға жүргізіледі. Сондай-ақ, эпидемиологиялық көрсеткіште алғашқы 72 сағатта 30 жасқа дейінгілерге де салынады. Қызылшадан күдіктенген жағдайда тез арада қаладағы жұқпалы стационарға медициналық көмекке жүгіну қажет. Қаладағы жағдай Астана қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мен АМСК ұйымдарының бақылауында», — деді Садуақас Байғабылов.


Аталған қоғамдық денсаулық сақтауды қорғау департаментінің мәліметінше, 2018 жылы қарашада Астанада 38 қызылшаға күдікті жағдай тіркелген. Оның 20-сы – сәби, 8 – жасы бойынша вакцина алмаған балалар, 5 – ата-анасы вакцина салдырудан бас тартқан балаларға қатысты жағдайлар. 2 жағдай бойынша екпенің егілмеу себептері анықталып жатыр.  


Қазіргі таңда балалар жұқпалы аурулар ауруханасында 35 бала ем қабылдауда. Жағдайлары қалыпты. Үш баланы шығарды. Зертханада 15-іне «қызылша» деген диагноз қойылды. Екпемен 37 адам қамтылды.


Астанада әлеуметтік көмек көрсетуге жыл сайын 5 млрд-тан астам теңге бөлінеді

Елордада қарт адамдарды әлеуметтік қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді, тұрақты негізде әлеуметтік қолдау және өмір сапасын арттыру жүзеге асырылады, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Астанада 80 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Олардың 89-ы – соғыс ардагері бар, 24 мыңы – мүмкіндігі шектеулі жан (4644-і – мүгедек бала). Соғыс ардагерлерінің барлығы үймен қамтылған. Астана қаласының жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ермек Оспанов Есіл ауданында зейнеткерлермен мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша өткен кездесу барысында атап өткендей, барлық санаттағы әлеуметтік жағынан осал азаматтарды әлеуметтік қолдау бағдарламасы аясында тегін қызмет түрінде немесе қаржылай түрде көрсетіледі.

Әлеуметтік көмек көрсетуге жыл сайын 5 млрд-тан астам теңге бөлінеді. Астана қаласының әкімдігі тегін жол жүруді жеңілдік санаттары бар алты категория қарастырған: зейнеткерлер (жасы және еңбек өтілі бойынша), сондай-ақ, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылар, жасы бойынша және асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша, зейнетақы жасына жеткендер, көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар, мүгедектер, он сегіз жасқа дейінгі мүгедек балалар және бірге жүретін тұлғаларға, соғыс ардагерлері және соларға теңестірілген адамдарға. Тегін жүрумен 115 мың адам қамтылды.

Астанада қалалық даму акселераторы құрылатын болады

Елорда әкімдігі жанынан құрылатын қызметтің жаңа түрі қалалық iKomek мониторинг және жедел әрекет ету орталығы аясында көрсетіледі, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.


Қалалық даму акселераторы  қала дамуының негізгі мәселелері бойынша қысқа мерзім ішінде – 100 күнде жұмыс тетіктерін жасап шығарып, оларды сынау үшін әкімдіктің басты қызметкерлерін, сырттан сарапшыларды, белсенді азаматтарды тарта отырып, әкімнің орынбасарлары мен әкім жетекшілік ететін штаб құруды көздейді. Қалалық даму акселераторының міндетіне қаланың жүйелі түйткілдерін шешумен қатар, дамудың стратегиялық көрсеткіштеріне (KPIs) қол жеткізу де жатады.


Әрбір штабта сарапшылардан, атап айтқанда әкімдік, қоғамдық бірлестіктер өкілдерінен, белсенді тұрғындардан, ғалымдардан, кәсіпкерлер мен басқа да мүдделі тұлғалардан тұратын жұмыс тобы жұмыс істейді. Жұмыс тобы жобаны идеядан бастап, түбегейлі іске асырылғанша жоспарланған нәтижеге қол жеткізілгенше жетелейтін болады.


Мұндай даму акселераторлары Дубайда (БАӘ) мемлекеттік деңгейде жұмыс жасайды.


Қалалық даму акселераторын құру қысқа уақыт ішінде тиімді шешімдер әзірлеуге, жылдам нәтижелерге қол жеткізуге, сонымен қатар халықты қалалық түйткілдерді шешуге жұмылдыруға көмектеседі.


Жүйелі түйткілдерге мониторинг жасау құралдарының бірі – нақты уақыт тәртібіндегі қаланың жүйелі түйткілдері рейтингісінің панелі. Әрбір түйткілге қоса түйткілдің сипаттамасы, себебі және қаланың жүйелі түйткілдерінің пайда болуын азайтуға ұсынылатын шешімдер көрсетілген талдамалық анықтама беріледі. Бұл панель қалалық даму акселераторы зерттейтін қаланың жүйелі түйткілдері туралы дереккөздердің бірі болып табылады. Қаланың жүйелі түйткілдерінің рейтингісі елорда тұрғындарының барлық өтініштері базасының BIG DATA арқылы қалыптасады. Талдамалық үлгіге өтініштер мен жағдаяттардың қайталуы, өтініштегі мәселенің резонанстығы мен күрделілігі сияқты өлшемшарттар негіз болады. Қаланың жүйелі түйткілдері рейтингісінің панелі елордадағы түйткілді мәселелердің  жағдайын көрсетіп, автоматты түрде жаңарады.


Әрбір тұрғын жүйелі түйткілдер шешімін бастама етіп көтеріп, iKomek орталығына келесі тәсілдер арқылы жүгініп, елорданы жақсарта алады:


  • Telegram чат-ботына хабарлама жіберіңіздер: https://t.me/astanaikomek109_bot
  • Әлеуметтік желілерде жарияланымдарды #astana109 хештегін белгілеңіздер
  • Елордалық әкімдік сайтындағы astana.gov.kz жеке кабинетте өтініш қалдырыңыздар
  • 109 нөміріне тегін қоңырау шалыңыздар
    Әрқайсыңыздың пікіріңіз маңызды!

Астана ақылды қалалардың Дүниежүзілік ЭКСПО конгресіне қатысты

Әкімдік өкілдері Мадрид пен Барселона мэрлерімен екі жақты кездесу өткізді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.


Астана әкімдігінің делегациясы ақылды қалалардың Бүкіләлемдік ЭКСПО конгресіне қатысып, Испаниядағы UNWTO (Дүниежүзілік туристік ұйым) басшылығымен кездесті. 


 «Іссапар шеңберінде Мадрид және Барселона мэрлерімен, Барселонаның денсаулық сақтау басқармасы және жедел жәрдем станциясымен кездесулер өткізілді. Жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде Барселона мэрімен денсаулық сақтау, білім, туризм және сандық трансформация саласында тәжірибе алмасу бойынша бірқатар келісім-шарт жасалды», — делінген Астана әкімдігі баспасөз қызметінің хабарламасында.


Бұдан бөлек, тараптар Мадрид мэрімен де спорт, денсаулық сақтау, туризм, қалдықтарды жою және көлік саласында әріптестік бойынша келісімдерге қол қойды.


Қалалық туризм бойынша UNWTO саммитін Астанада сапалы өткізу мақсатында UNWTO бас хатшысының орынбасары Мануэль Батлер мырзамен кездесу өткізілді.


2018 жылы қыркүйекте Астана делегациясы Сеулде өткен VII Жаһандық қалалық туризм бойынша UNWTO саммитіне қатысқан болатын. Онда VIII Жаһандық қалалық туризм бойынша UNWTO-ның келесі саммиті Астанада өткізілетіні мәлім болған еді.


Астанадағы саммит UNWTO кестесіне сәйкес 2019 жылдың 7-11 қарашасында өтеді деп жоспарланған.

Желтоқсан айындағы мерекелерде қайда баруға болады

Ботаникалық бақта,  Кемал Ататүрік саябағында және Есіл өзенінің жағалауында елорда тұрғындары мен қонақтары бұғы жеккен шанамен жүре алады, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.


Желтоқсан айы мерекеге толы ай. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні, Елорданың көшкен күні және Тәуелсіздік күні бірқатар мәдени-бұқаралық іс-шаралармен атап өтілмек, олар барлық жастағы астаналықтарды қуантады.


1 желтоқсанда Энергия Холы концерт залында қазақстандық жұлдыздардың қатысуымен Тұңғыш Президент күніне арналған «Жаңа дәуір — жарқын Болашақ!» атты мерекелік кеш өтеді.


Елорданың көшкен күніне орайластырылып «Астана» концерт залында келушілердің назарына «Астана Арманы» мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылады.


Астана әкімдігінің алдындағы алаңда Тәуелсіздік күні құрметіне – 16 желтоқсан күні елорданың жетекші шығармашылық ұжымдары және қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өтеді.


Тәуелсіздік күні қарсаңында 15 желтоқсанда «Алғашқы қар» іс-шарасымен ресми түрде шаңғы тебу маусымы ашылады.


«Қыста мұз айдындары мен мұз қалашықтары елордалықтардың  ең сүйікті демалыс орындарына айналады.  Осы жылы мұз қалашықтары қаланың үш аумағында ашылады: «Хан Шатыр» СОО маңында, Астана әкімдігі алдында және Ботаникалық бақ аумағында. Әр демалыс сайын онда жәрмеңкелер, концерттер, театрландырылған қойылымдар және отбасылық-спорттық «Көңілді қыс» форматындағы «көңілді старт» ойындары өткізіледі», деп мәлімдеді алдағы мерекелерге арналған брифингте мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нарима Мұхамбеталина.


Коньки тебуді және шанамен сырғанауды ұнататындар үшін Астанада 11 негізгі сырғанақ және ақ қалашық ұйымдастырылады:  Ботаникалық бақ, «Хан Шатыр» СОО,  Астана әкімдігі алдындағы алаңда, Кемал Ататүрік атындағы, «Жетісу», «Жерұйық» саябақтарында, ЭКСПО аумағында,  «Алатау» СК жанында, Есіл және Ақбұлақ өзенінің жағалауы, Бейбітшілік және Келісім арайы ауданында.


Қала маңындағы тұрғын үй массивтерінің және елорданың шет аймақтарында тұратын азаматтарға қысқы ойын-сауық қол жетімді болады. Мұз айдындары мен сырғанақ алаңдары Үркер, Көктал-1, Кирпичный, Өндіріс тұрғын үй алабы аумағында,  №10 емхана ауданында, «Жағалау» ТК аумағында және Н. Тілендиев көшесінде орналасқан «Рахмет» СҮ аумағында ұйымдастырылады.


Қала түйткілдерінің рейтингісі – елорданы жүйелі жақсарту және дамыту негізі

Бүгін Астана әкімдігінде қалалық iKomek мониторинг және жедел әрекет ету орталығы жұмыс істеген 11 айда тұрғындардан келіп түскен өтінімдердің негізінде құрылған «Қаланың жүйелі түйткілдерінің рейтингі» жобасының нәтижелері шығарылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.


iKomek орталығы баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, қаланың жүйелі түйткілдерінің панелі елорда тұрғындарының барлық өтінімдерінің базасы болып табылатын BIG DATA-ның көмегімен құрылады.


Талдамалық үлгіге өтініштер мен жағдаяттар қайталуының, өтініштегі мәселенің резонанстығы мен күрделілігінің өлшемшарттары негіз болады. Қаланың жүйелі түйткілдері рейтингісінің панелі елордадағы түйткілді мәселелердің актуалды жағдайын көрсетіп, автоматты түрде жаңарады.


iKomek бірыңғай байланыс орталығы 2018 жылдың қаңтарында құрылып, коммуналдық қызметтер мен қалалық басқармалардың барлық байланыс орталықтарын 1-0-9 қысқа нөміріне біріктірді. Астаналықтар байланыс орталығының тиімділігіне көз жеткізіп, елорда тыныс-тіршілігінің барлық мәселелері бойынша өз өтініштерін, ұсыныстары мен шағымдарын тәулік бойы жолдау арқылы аталмыш сервисті белсенді түрде пайдалануда.


Қаланың жүйелі түйткілдері рейтингісінің панелі Қалалық даму акселераторы зерттейтін қаланың жүйелі түйткілдері туралы дереккөздердің бірі болып табылады.


Әкімдік аясында құрылған Астана қаласының Қалалық даму акселераторы – бұл түрлі саладағы қаланың жүйелі түйткілдерін шешуге, сонымен қатар қысқа уақыт ішінде (100 күнге дейін) қала дамуының стратегиялық KPIs-ке қол жеткізуге арналған бірнеше аклерациялық штабтар. Қалалық даму акселераторы әдіснамасы мәселелерді қысқа мерзім ішінде (100 күн) және минималды бюджетпен немесе тіпті онсыз шешудің үздік тәжірибесі негізінде қалыптасты.


Әрбір штаб – сарапшылардан (әкімдік, қоғамдық бірлестіктер өкілдері, ғалымдар, кәсіпкерлер мен басқа да мүдделі тұлғалар) тұратын жұмыс тобы. Жұмыс тобы жобаны идеядан бастап, түбегейлі іске асырылғанша және жоспарланған әсерге қол жеткізілгенше жетелейтін болады.


Әрбір тұрғын жүйелі түйткілдер шешімін бастама етіп көтеріп, iKomek орталығына келесі тәсілдер арқылы жүгініп, елорданы жақсарта алады:


 


 


  • Әлеуметтік желілерде жарияланымдарды #astana109 хештегімен белгілеңіздер

 


  • Елордалық әкімдік сайтындағы www.astana.gov.kz жеке кабинетте өтініш қалдырыңыздар

 


  • 109 нөміріне тегін қоңырау шалыңыздар

 


Әрқайсыңыздың пікіріңіз маңызды!

Шағын және орта бизнеске көмек беретін мемлекеттік бағдарламала

Кәсіпкерлер елдің әлеуметтік-экономикалық мәселесін шешуде маңызды роль ойнайды: жаңа жұмыс орнын құрады, білікті кадрлар дайындаумен айналысады. Қазіргі таңда елімізде «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамтыудың 2017-2021 арналған бағдарламасы» және «Бизнестің жол картасы – 2020» — мемлекеттік бағдарламалары сәтті түрде жүзеге асырылуда. Аталған бағдарлама шеңберінде кәсіпкерлерге өз ісін дамыту міндеті бойынша іске асырудың бірдей шарты жасалуда, деп хабарлайды астана әкімдігінің ресми сайты.


Астана Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының кәсіпкерлерді дамыту бөлімінің басшысы Еркін Ескендіров Астанада бизнесті дамыту үшін кәсіпкерлерге арналған қандай мемлекеттік қолдау шаралары барын хабарлады.


Осындай кәсіпкерлерді қолдайтын бағдарламаның бірі — «Бизнестің жол картасы – 2020».


«Бағдарлама ШОБ-ты қолдауға бағытталған, яғни экономика секторындағы өзінің қызметін іске асырады. Аталған бағдарлама бойынша 2,5 миллиард теңге сомасындағы ең көп заем беріледі. Бағдарлама екінші деңгейлі банктер арқылы іске асырылады. Бүгінде пайыздық мөлшерлемесі -14 %, оның 8,4 % — кәсіпкер төлейді, 5,6 % — «Даму» қоры атынан әкімдік төлейді. Бағдарлама шеңберінде бірнеше бағыт бар – ол субсидияланған пайыздық мөлшерлеме. Кепілдендірілген, инфрақұрылымы мен өтемақысыз негізде инновациялық бизнес-идеяға берілетін гранттар», — деп хабарлады Е. Ескендіров.


Кепілдендіру барысында кәсіпкердің кепілі жеткіліксіз болған жағдайда «Даму» қоры 50 %-дан 85 % дейін кепіл бола алады. Ол көмек шағын және орта кәсіпкерліктің жобасына жетпей тұрған инфрақұрылымды жүргізуде көмектесуімен түйінделеді.    


Сонымен қатар астаналық әкімдік «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ бірлесіп 2015 жылдан бері ШОБ дамыту және қосымша қолдау көрсету шеңберінде, астананың экономикасының өсуіне дем беруде кәсіпкерлікті қолдайтын аймақтық бағдарламалар іске асырылуда. Ол экономика секторының негізгі тізіміне енбеген бизнестерге бағытталған – сауда, қызмет көрсету және басқасы. Әрбір бағдарламаның өз шарты бар.


Сондай бағдарламаның бірі – Астананың аймақтық шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыру. Аталған бағдарлама шеңберіндегі сыйақының пайыздық мөлшерлемесі -  8,5 % кем емес. Бір кәсіпкерге арналған заемның ең көп мөлшерлемесі – 100 млн теңгеге дейін. Аталған бағдарламаға франшиза құқығына ие болғысы келетін кәсіпкерлер де қатыса алады.


Сондай-ақ «Astana — ZhasStarT» жастар кәсіпкерлігін дамыту бағдарламасы бар, бұл 29 жасқа дейінгі бастауыш жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Мұнда сыйақының пайыздық мөлшерлемесі 8,5 % кем емес. Кәсіпкер ала алатын заемның шекті мөлшерлемесі – 20 млн теңгеге дейін.


«Startup» бағдарламасы бастауыш кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Айта кетерлігі, мұнда сала бағыты бойынша шектеулер жоқ, сонымен қоса Қор бағдарламасы шеңберінде жартылай несиемен кепілдендіру қарастырылған. Несиенің пайыздық мөлшері 7,9 % кем емес. Бір кәсіпкерге берілетін заемның максималды сомасы 50 млн теңгеге дейін.


«Astana Service» бағдарламасы шеңберіндегі пайыздық сыйақы мөлшері 8,5 % кем емес. Бір кәсіпкерге берілетін заемның максималды сомасы 150 млн теңгеге дейін. Заемды екінші деңгейлі банктен рәсімдеу барысында, несиелеу бойынша оң шешім алу мақсатында мемлекеттің кепіл болуы ұсынылады, яғни мемлекет өзінің қатысуы арқылы несиенің сомасына қарай 50% кепіл болады. 


«Astana Retail» бағдарламасы да басталды. Мұның пайыздық сыйақы мөлшері 8,5 % кем емес. Бір кәсіпкерге берілетін заемның максималды сомасы 200 млн теңгеге дейін. Бағдарлама ритейл компаниялар мен өнімдерді жеткізушілерді жеңілдікпен несиелеуді ұсынады, яғни бағаның өсіп кетуін болдырмайды. Аталған бағдарламаны іске асыру үшін 1:1 («Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ (1 млрд теңге) және жергілікті бюджеттен (1 млрд теңге) бөлінеді.    


Жұмыспен тұрақты қамтамасыз ету үшін Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 арналған бағдарламасы іске асырылуда, ол оқытудан өткен және бастауыш кәсіпкерлерге арналған, халықты шағын несиелендіруге бағытталған.  Астана қалалық Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасымен екінші бағыт іске асырылуда – жаппай кәсіпкерлікті дамыту, ол оқытудан өткен және бастауыш кәсіпкерлерге арналған, халықты шағын несиелеуге бағытталған, мұнда бағдарламаның бір қатысушысын қаржыландыру лимиті 8 айлық есептік көрсеткішті құрайды. 


Басқарманың мәліметінше, 2018 жылдың қаңтар-қазанында 9555 ШОБ субъектісі тіркелген. Оның ішінде  заңды тұлға – 6024, жеке кәсіпкерлер – 3437, шаруа қожалықтары – 94. 1 қараша 2018 жылдан бастап қолданыстағы ШОБ субъектілері 119 052 бірлікті құрайды және бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда саны  24,4% көбейген.


Астананың медицина қызметкерлері аймақтағы әріптестерімен тәжірибе бөлісті

Тәжірибе алмасу мақсатында елорда стационаларында Түркістан облысының медбикелер делегациясы болып қайтты, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Қонақтар үшін аурухана қызметі мен қала емханаларына енгізіліп жатқан TRIAGE-жүйесінің таныстырылымы өткізілді, деп мәлімдеді қоғамдық денсаулық сақтау басқармасында. № 1 қалалық ауруханада келушілерге диагноз қоюға және пациентті емді белгілеуге мүмкіндік беретін Chek-up орталығының жұмысы көрсетілді.

Ол, сондай-ақ, тексеру мен диагностикаға кететін уақытты да үнемдеуге көмектеседі. Ал № 2 қалалық көпбейінді ауруханада олар амбулаториялық қызметтің, аурухананың қабылдау-диагностикалық бөлімінің жұмысымен, пациенттерді ағындар бойынша (қызыл, сары, жасыл дәліздер) сұрыптау жүйесімен танысты. Медициналық көмекті босанатындар мен босанғандар қызмет көрсететін медбикелердің жұмысына ғана емес, ауруханадағы перзентхана блогының босандыру бөлімінде жұмыс істейтін медбикелердің қызметіне ерекше көңіл бөлінді.

Астана ТМД-дағы ең үздік іскерлік және оқиғалы туризм қаласы болып танылды

15 қарашада Мәскеуде халықаралық және ресейлік авиакомпаниялардың, әуежайлар, қонақ үй бизнесі, өнеркәсіптік құрылымдар, банктер, корпорациялар, топ-менеджмент және ірі халықаралық компаниялардың басшыларын біріктірген жыл сайынғы Business Traveler Russia & CIS Awards 2018 сыйлығын табыстау рәсімі өтті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты «Астана Конвеншн бюро» ЖШС сілтеме жасап.


Дауыс беру қорытындысы бойынша, Астана екі номинацияға лайық деп танылды. Олар – «Жылдың үздік бизнес-дестинациясы» және «Ресей мен ТМД-дағы іскерлік және оқиғалы туризмнің үздік қаласы».


Business Traveller Awards жүлдесі жыл сайын іскерлік туризм саласындағы көрнекті жетістіктер мен инновациялар үшін тарту етіледі. Оны іскер саяхатшыларға арналған жетекші журнал Business Traveler баспасы табыстайды.


Business Traveller Awards өзінің объективтілігі арқасында беделді марапат болып есептеледі. Себебі жеңімпаздарды қазылар немесе сарапшылар комитеті емес, оқырмандар дауыс беру арқылы анықтайды.  


Журналдың жазылушылары мен оқырмандары ең ірі MICE-агенттіктер, қауымдастықтар, корпорациялар және іскерлік және туристік туризм нарығының басқа да қатысушылары, сондай-ақ іскер адамдар, жетекші халықаралық және ресейлік бизнес мектептерінің бітірушілері, ірі ресейлік және халықаралық компаниялардың басшылары, банктер, мемлекеттік корпорациялар және жеке саяхатшылар.


Сыйлық номинанттарының арасында танымал халықаралық брендтер, сондай-ақ Ресей, ТМД және ТМД елдерінің аймақтық компаниялары, қонақ үйлер, авиакомпаниялар және басқалар ұсынылды.


Астанада ғалымдар мен сарапшылардың халықаралық форумы өтіп жатыр

Жиынға қатысушылар полиэтникалық қоғамның даму стратегияларын талқылады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.


«Полиэтникалық қоғам және заманауи мемлекет: даму стратегиялары» халықаралық форумы Қазақстан халқы ассамблеясының бастамасымен Орталық-Азия аймақтарына қатысты этникааралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығы ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясымен бірлесіп ұйымдастырды.


Кездесу шеңберінде ғалымдар мен сарапшылар жаһандану кезіндегі заманауи қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін талқылады.  


 «Бұл – бүгінгі таңда өте өзекті әрі маңызды тақырып. Біздің кездесуіміздің тікелей міндеті жаңа идеялар табу және полиэтникалық қоғамды интеграциялау болмақ. Осы тұрғыда Қазақстан «Көпүлгідегі бірлік» қағидасын сәтті түрде жүзеге асырған жарқын мысал», — деді Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, ҚХА Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің меңгеруші хатшысы Леонид Прокопенко.


Форум шеңберінде Қазақстандағы Өзбекстан жылының өту қорытындысы шығарылды. Өзбекстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Саидикрам Ниязходжаев 2019 жылы Өзбекстанда Қазақстан жылы өтетінін атап өтті.


 «Бүгін біз 2019 жылы Өзбекстанда Қазақстан жылын өткізуге байланысты үлкен бағдарлама дайындап жатырмыз. Жуық арада шараларды хабарлайтын боламыз. Тағы да айта кетер жайт, осы аталған форумда пікірлер мен ұсыныстар болашақта барлық Орталық-Азия аймақтарын көркейтуге және оның қауіпсіздігін қатайтуға арналған жобаларды әзірлегуе мүмкіндік береді», — деп атап өтті С. Ниязходжаев.


Форумның панельді сессиясы келесі тақырыптар бойынша өтеді: «Полиэтникалық қоғамды дамытудың ұлттық үлгісі: Қазақстандағы Өзбекстан жылы»; «Астанаға 20 жыл: Еуразия жүрегінде» және «Әлеуметтік сәтті даму – полиэтникалық қоғамның консолидациялық негізі».