
БлогКемп, яғни блоггерлер құрылтайы. Осы құрылтай біткеннен кейін блог тұғырларда да, әлеуметтік желілерде де блог кемп туралы жазбалар мен фотосуреттер, бейнебаяндардың ағыны басталды. Қысқасы, Ұшқын айтқандай, Блогқұрылтайдың буы басылмай тұр әлі…
ВИРТУАЛДАН РЕАЛҒА
Сонымен, құрылтай туралы не айтайын. Ең бірінші айтарым, биылғы құрылтайға мен алғашқы рет барып тұрмын. Виртуалдағы достарыңмен түңғыш рет кездесу ерекше әсер берді. Бір қызығы блог әлемінде жақын достай сөйлесіп жүрген блоггер қасыңда жүрсе де танымай қалуың мүмкін. Өйткені кей блоггерлер (мәселен мен) ешқашан суреттерін аватарына қоймайды немесе шынайы жүзі суретінен өзгеше болады екен. Блоггер болғаныма бар-жоғы бір жыл ғана болыпты. Алайда мен өзім жеке сайт ашып, көбінесе сол жерде блог жүргізген едім. Құрылтайға барып, блогтұғырларда блог жүргізген әлде-қайда тиімді екенін ұқтым. Өйткені бір блогтұғырдың блоггерлері бір-бірімен көптен бері көрісіп тұрған көршілердей амандасып жатады екен. Қызық, виртуалды әлемнің де адамдарды рухани табыстыратын ыстық қасиеті барына таң қалдым.