ЭКСПО-2017 ашылу салтанаты өтті

Астана жаңалықтары: ЭКСПО-2017 ашылу салтанаты өтті

Жылдың басты оқиғасына Елбасы және 17 мемлекеттің үкімет басшылары мен Президенттері қатысты. Салтанатты ашылуына көрменің аумағына РФ Президенті Владимир Путин, Чехия Президенті Земан Милош, Люксембург Премьер-министрі Ксавье Беттель, Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев, Қытай коммунистік партиясының ОК бас хатшысы Си Цзиньпин және өзге де мәртебелі меймандар келді.

-2012 жылдың қарашасында Парижде 100-ден астам халықаралық көрме бюросына мүше мемлекеттер бізге осы көрмені өткізуге үлкен құрмет пен сенім танытты. Мен барлық мемлекеттерге біздің өтінішіміз бен тақырыбымызды қабылдағаны үшін алғыс айтқым келеді. Осындай ауқымдағы көрме – ол тек бір мемлекеттің ғана күші емес, бұл осы көрмеде өз жетістіктерін ұсынатын халықаралық қауымдастықтың еңбегі. Астанадағы халықаралық ЭКСПО көрмесі – біздің мемлекетіміздің дамуындағы, жаһандық кеңістіктегі Қазақстан ұлттық брендін қалыптастырудағы жаңа белес, — деді мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы біздің мемлекетімізді әлемдік аренада танымал еткен бұл оқиғаның маңыздылығы мен қажеттілігін атап өтті.

— «Болашақтың энергиясы» тақырыбын ұсынып, біз ғылыми прогресстің бел ортасында болуды көздейміз. Лондондағы дүниежүзілік көрмеден бері бір жарым ғасыр ішінде адамзат ауқымды технологиялық өзгерістерді өткерді. Біз бүгін тиімді, қауіпсіз энергия саласындағы жаңалықтардың босағасында тұрмыз. Біздің көрмеміз осы ғаламдық процесске өз үлесін қосатынына сенімдімін. Қазіргі заманның парасат пайымы жоғары адамдарының қатысуымен өтетін шара адамзаттың жаңа даму жолын айқындап береді, — деді Президент.

-Миллиондаған қазақстандықтар, әлемнің түкпір-түкпірінен келген 100 мыңдаған қонақтар әлемдік ғылыми инженерлік ойлардың үздік жетістіктерімен танысады. ЭКСПО бағдарламасында 600 әртүрлі шара жоспарланған. Олар мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастың дамуына ықпал етеді, Қазақстан мәдениетімен тек Астанада ғана емес, ел бойынша танысады. Біз барлық қонақтарды біздің аймақтарымызды көруге, ерекше табиғатпен, тарихи мұралармен танысуға шақырамыз. Қайда барсаңыз да барлық жерде сізді қонақжай халық қарсы алады,- деді мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы 2050 Стратегиясында жасыл экономика тұжырымдамасына көшу мақсаты қойылғанын айтты. Онда Қазақстан қайта қалыпқа келетін көздер арқылы 2050 жылға дейін электр қуатының жалпы көлемінің жартысын өндіруге қауқарлы болу керек деген мақсат қойылған. Сонымен бірге экономиканың энергиялықсыйымдылығы азаяды. Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде екі есеге кеміген. 2025 жылға дейін осы көрсеткіштерді тағы 30% төмендету жоспарланған.

Ашылу салтанатында музыкалық шоу жасау үшін командасында дүниежүзілік белгілі шараларда, оның ішінде Олимпиада ойындары мен Евровидениеде жұмыс істеген Еуропа мен Ресейдің үлкен тәжірибелі, жоғары білікті мамандары бар StarProject продюсерлік компания шақырылған. Ауқымды шоудың бағдарламасы энергия тарихына негізделген. Ғаламның пайда болуынан заманауи уақытқа дейінгі және оның болашақта іске асыратын жаңалықтары көрсетілді. Басында шоуды ойлап тапқандар күн энергиясының пайдаланылуын көрсетті. Одан кейін жер шарына айналып, әлемде құбылыстардың пайда болу кезеңдерін қамтыды. Қызықты көрсетілім ақырындап заманауи Қазақстанды көрсетумен аяқталды. Қойылымға 300 жоғары деңгейлі бишілер мен әртістер қатысты. Қазақстандық белгілі опера әншісі Мария Мудряк халық әні «Япурайды» орындады.

Ашылу салтанатының соңында лазерлік шоу қойылып, отшашулармен аяқталды.

Көрмеге 115 мемлекет және 22 халықаралық ұйым қатысады. Бұдан бөлек өз жобаларын алып компаниялар: Shell, Samsung, CityGroup, Siemens, Казатомпром тағы да басқалары ұсынады.

3 ай бойы 10 маусымнан бастап 10 қыркүйекке дейін қалаған адамдар халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесін тамашалай алады. Тақырыбы – «Болашақтың энергиясы» әлемдік қауымдастықтың назарын энергия тұтыну және ұқыпты тұтынуға аудару болып табылады.

Астанада көрме кезінде 6000 мәдени-бұқаралық шаралар өтеді.
Әрі қарай

Астанада ЭКСПО көрмесі аумағының үстінен дрондарды қолдануға тыйым салынды

08.06.2017, 18:28 Жаңалықтар / ЭКСПО-2017
Заңды білмеу оның жауапкершлігінен құтқармайды. Содықтан біле жүріңіз — Астанада ЭКСПО көрмесі аумағының үстінен дрондарды қолдануға тыйым салынды.
Астанада ЭКСПО халықаралық көрмесінің әуе кеңістігінде ұшқышсыз ұшатын аппараттарды қолдану үшін құзырлы органдармен келісілуі тиіс. Олар мемлекеттік күзет қызметі, ҚР ҰҚҚ, ҚР ИДМ азаматтық авиация комитеті. Әрі оларды пайдалану ұшу жоспарына сай жүргізілгені жөн.
Астана жаңалықтары: Астанада ЭКСПО көрмесі аумағының үстінен дрондарды қолдануға тыйым салынды

«Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі» туралы ҚР Заңына және ҚР Үкіметінің 2011 жылғы 12 мамырындағы «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану ережелерін бекіту туралы» №506 қаулысына сай әуе кеңістігіне дрондарды ұшыруға шектеу қойылып отыр.

Егер рұқсат етілмеген фактілер анықталатын болса ҚР әуе кеңістігін пайдалану ережесіне сай тиісті тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіледі.

Құқық бұзғандар әкімшілік жазаға тартылады. Жеке тұлғалар үшін 10 АЕК бойынша 22. 690 теңге, лауазымды тұлғаларға 20 АЕК бойынша, яғни 45.380 теңге көлемінде айыппұл салынады.

Елордалық тәртіп сақшылары көрме аумағының әуе кеңістігінде, яғни шектеу қойылған аумақта ұшқышсыз ұшатын аппаратарды рұқсатсыз қолданбақ болған 4 фактінің алдын алды. Аталған фактілер бойынша әкімшілік материал әзірленіп, құзырлы органдардың қарауына жіберілді.

Мамандар қала тұрғындары мен қонақтарынан, БАҚ өкілдері мен блогерлерден ҚР ұшқышсыз ұшатын аппараттарды қолдану туралы заңнама талаптарының бұзылуына жол бермеулерін шақыруда деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Әрі қарай

EXPO билеттеріне қатысты 7 сұрақ

Астана жаңалықтары: EXPO билеттеріне қатысты 7 сұрақ

EXPO-2017 билеттері туралы сұрақ көп. Ең бастыларына тоқтала кетейік.

1. Билеттер қаншадан?
3 түрлі билет түрі бар. Нақты күні көрсетілмеген демалыс күндеріне арналған, жұмыс күндеріне арналған және нақты бір күн белгіленіп алынатын билеттер. Демалыс күндерінің билеттері 8000 тг, жұмыс күндерінікі 6000 тг, нақты бір күндікі 4000 тг. Мысалы, алдын ала бір демалыс күні кіремін деп алып қойсаңыз, 8000-ға аласыз. Кез келген жұмыс күні барғыңыз келсе, 6000 тг төлеп алдын ала алып қоясыз. Ал егер ертең немесе нақты бір жұмыс күнін белгілеп алсаңыз, 4000 теңгелік билет аласыз.

2. Балаларға тегін бе?
6 жасқа дейінгі балаларға көрмеге кіру тегін. 6-дан 16 жасқа дейінгілерге 50% жеңілдік. 12 жастан асқан балалар мектептен анықтама әкелулері керек.

3. Бір билетпен күні бойы кіріп шығуға бола ма?
Бір билетпен Көрмеге тек 1 рет қана кіре алады. Көрме аймағынан шығып кетсе, қайта кіру үшін жаңа билет алуы қажет.

4. Билеттер қайда сатылады?
Билеттерді онлайн tickets.expo2017astana.com сайтынан және арнайы сату нүктелерінен алуға болады. Мына жерден қараңыз.

5. Студенттерге жеңілдік бар ма?
Студент билетімен 50% жеңілдікпен билет ала алады.

6. Билет кімдерге тегін?
— Ұлы Отан Соғысының қатысушылары мен мүгедектері және 1 алып жүруші;
— Жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген адамдар;
— Барлық топтағы мүгедектер және 1 алып жүруші;
— Жетім балалар және 10 балаға дейін топқа 1 алып жүруші тегін.

Сондай-ақ зейнеткерлерге, көп балалы аналарға, 4 және одан артық бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары бар көп балалы отбасыларға 50% жеңілдік.

7. Көрменің жұмыс режимі қандай?
Көрменің жұмыс уақыты сағаты 09.00 — 01.00 дейін. Келушілер көрмеге сағат 22:30 дейін кіре алады.
Әрі қарай

Астанада тегін дәретханалардың желісі кеңейтіледі


Елордада бірден алты модульді дәретхана орнатылды, деп хабарлайды қала әкімдігінің медиа-орталығы.«Бүгінгі күні Астанада алты модульді дәретхана орнатылды: «Арай», «Ғашықтар» саябақтары, теннис алаңының аумағы, орталық саябақ, «Көрме» орталығы мен «ЭКСПО-2017» көрмесінің аумағына жақын Ұлы дала даңғылы», — деп хабарлады «CLC Company» ЖШС мердігер мекеменің директоры Евгений Чирьев, медиаорталық тілшісіне.

Жаңа қоғамдық дәретханалар шағын әрі заманауи келбетте, ал ең бастысы — экологиялық стандарттарға сай. Қондырғы екі шағын кабинадан тұрады. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы пандустар орнатылған, сұйық сабын мен қағаз орамалдарға арналған диспенсерлер де бар.

Қоғамдық дәретханалар келушілер үші тегін, деп сендірді Елорда әкімдігі.

«Өндіруші ел – Ресей. Мұндай үлгідегі қондырғылар Мәскеу, Санкт-Петербург сынды Ресейдің көптеген қалаларында бұрыннан қолданылады. Сыртқы келбеті мен құрылғысы қарапайым болғанымен қолайлы әрі берік, — деді мердігер мекеменің өкілі.

Аталған үлгідегі қондырғылардың ерекшелігі сонда, оларды жыл бойы қолдануға беруге болады әрі Астана қаласының климаттық жағдайына бейімделген. Дәретхана кабиналары сағат сайын тазартылады.
Әрі қарай

Астанада қайырымдылық «Спорттық уик-энд» өтті

Астана жаңалықтары: Астанада қайырымдылық «Спорттық уик-энд» өтті

10 маусым күні «Астана Арена» стадионында жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар арасында шағын футбол мен үстел теннисінен жарыс өтіп, экскурсиялық серуен ұйымдастырылды.

Бүгін таңертең Ақмола облысының Ақкөл қаласы, Урюпинка ауылы және Целиноград ауданы Малотимофеевка ауылындағы балалар үйінің 60 тәрбиеленушісі нағыз «спорттық демалыс» күтіп тұрған Елордаға келді.

— Біздің қоғамдық қор облысымыздағы балалар үйінің тәрбиеленушілерін қолдау мақсатындағы шараларға 2003 жылдан бері белсенді ат салысуда. Бүгін біз оларға мерекелік көңіл-күй сыйлап, спорттық таланттарын байқататын пайдалы әрі қызықты шаралар ұйымдастырдық. Ұлдар арасында шағын футболдан, қыздар арасында үстел теннисінен турнирлер өткізіледі. Сосын «Алау» мұз сарайын аралаймыз және «Хан Керей» мейрамханасында түстенеді, — деді «Bestforkids» қоғамдық қорының кәсіби бағдарлау бағытындағы үйлестіруші Әйгерім Қарбаева.

Сағат 10-да балалар «Астана Арена» стадионына келді. Бұл жерде оларды президент ложасын аралау тосынсыйы күтіп тұрды.

— Қайырымдылық шарасы жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Бұл жолы ауқымын кеңейтуді әрі форматын өзгертуді шештік. «BestForKids» қоғамдық қоры мен «Алау» мұз сарайына бастамамызды айтып хабарластық, олар бұл идеямызды қуана қабылдады. Балалар алаңда ылғы ойнайды, сондықтан бұл жер оларға таңсық емес. Сондықтан, жасөспірімдерді басқаша таңқалдыру қажет деп шештік. Олар бұрын соңды болмаған президент ложасын, скайбокс вип-ложаларын көрсеткіміз келді. Матчтан соң коньки мен ролик тебетін «Алауға» апарамыз. Мұндағы балалар негізінен футбол ойнайды, ал біз оларға спорттың басқа қырларымен танысуға мүмкіндік жасадық. Айтпақшы, «Астана» ФК «12-ші ойыншылар» фан-клубы да жас футболшыларды қолдауға арнайы келді. Болашақта бәлкім балалардың арасынан танымал ойыншылар шығар, — дейді «Астана арена» стадионы «Достық» спорткомбинатының бөлім басшысы Шыңғыс Қабылов.

— Футбол – менің хоббиім. Әзірге спорттың бұл саласымен кәсіби тұрғыда айналысуға шешім қабылдаған жоқпын, дегенмен футбол қатты ұнайды, — дейді Ақмола облысы Тимофеевка ауданының «Светоч» балалар үйінің тәрбиеленушісі Татьяна.

Ұйымдастырушылардың айтуынша «спорттық уик-энд» шарасының негізгі мақсаты – балаларды әлеуметтік бейімдеуге әрі өзін-өзі танытуға жәрдемдесу.

Спорттық шараны Астана қаласы әкімдігі және серіктестердің қолдауымен «Астана Арена» стадионы мен Bestforkids қоғамдық қоры ұйымдастырды.
Әрі қарай

EXPO-2017 ашылуына барасыз ба?

ЕХРО-2017 халықаралық көрменің ашылуына 2 күн қалды. Қаласаңыз да, қаламасаңыз да алдағы бірнеше ай бойы бұл басты тренд тақырыптардың бірі болмақ. Бұл ауқымды шараға бару жоспарыңызда бар ма?

Астана жаңалықтары: EXPO-2017 ашылуына барасыз ба?

EXPO-2017 билеттерін мына жерден онлайн сатып ала аласыз: tickets.expo2017astana.com/kk
Әрі қарай

Таксометр қосылмаса, сапарыңыз тегін

Арам пиғыл танытқан такси жүргізушілері ЭКСПО қонақтарын тегін тасымалдайды деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Елорда басшылары «Экспо» көрмесі кезінде шетелдік қонақтарды қарсы алу барысында такси жүргізушілері бағаны өздері асыра көтерген жағдайда тиісті шаралар қолданылатынын айтты.

Барлық бірыңғай такси қызметтерінде әуежай мен вокзалдан елорда нысандарына дейінгі аралықта сапардың шамамен бағаланған құны көрсетілетін қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған парақшалар болатынын Астана қаласы әкімінің орынбасары Малика Бектұрова медиа орталыққа хабарлаған болатын.
Астана жаңалықтары: Таксометр қосылмаса, сапарыңыз тегін

-Жолаушыларға назарына: егер сіз бірыңғай такси қызметтерімен таксометрді қоспай жол жүрсеңіз, сіздің сапар тегін болатынын айтқым келеді» — дейді М. Бектұрова.

Сондай-ақ ол таяуда орын алған венгр азаматын Астананың оң жағалауына дейін 40 мың теңгеге жеткізген такси жүргізушісінің оқиғасына қатысты пікір білдірді.

-Біріншіден, ол таксометрі бола тұра, оны қоспаған. Екіншіден, турист барғысы келген бағыттың сапар бағасы такси қызметінің нұсқаулығында көрсетілген. Сәйкесінше, таксист сапар құнын әдейі көтерген. Көлік жүргізушісі өз кінәсін толық мойындап және өтеуін төлеп, өкінгендіктен біз оны жауапкершілікке тартқан жоқпыз. Алайда, бұл жағдай оған және оның әріптестеріне сабақ болады деген ойдамын», — деп Бектұрова өз сөзін жалғастырды.

Шетелдіктен қомақты қаражат алған жүргізуші бірыңғай такси қызметіне жақында жұмысқа орналасқаны белгілі болды.

-Бұрын ол жеке такси жүргізушісі болған, кейін заңдастырылғысы келген. Алайда, ауру қалса да, әдеттері әлі қалмаған екен, — деп әзілдеді Бектұрова.

ЭКСПО – 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі Астанада өз жұмысын 10 маусымнан бастайды.
Әрі қарай

Астана Операда Шуберт әуендері орындалады

«Астана-Опера» музыкадағы романтизм стилінің негізін салушы Франц Шуберттің 220 жылдығын атап өтеді. 21 маусым күні «Музыка және оны жасаушы» циклі бойынша «Кешкі серенада» концерті театрдың камералық залында өтеді.
Астана жаңалықтары: Астана Операда Шуберт әуендері орындалады

Ф.Шуберттің австриялық ұлттық фольклорына негізделген музыкасы ХІХ ғасырдың еуропалық классикадағы романтизмнің ең үздік үлгісі болды. Кешті жүргізуші – музыкатанушы Сәуле Маулетова.

Ф.Шуберт шығармасын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әнші-сопрано Айгүл Ниязова, сирек кездесетін контртенор дауысына ие Батыржан Смақов және де талантты музыкант-аспапшылар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мақпал Бекмағамбетова, Нығметолла Каримов, Асқар Мұқанов, Анатолий Якушкин, Раушан Бескембирова, Салтанат Ақбасовалар орындайды.

Сонымен қатар, Ф.Шуберттің белгілі шығармалары: «Аққулар әні» жинағынан «Серенада», «Гретхен ұршықпен», Вальтер Скоттың «Көл аруы» поэмасынан Эленнің үш әні шырқалады.

Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Әрі қарай

Астанада «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезеңі жеңімпаздары анықталды

Астана жаңалықтары: Астанада «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезеңі жеңімпаздары анықталды
«Астана» концерт залында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезеңі жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Байқау қорытындысы бойынша екі отбасы – Бимолдин және Лестегі жанұялары өзара бірінші орынды бөлісті. Бимолдиндер 6 бала, 18 немере тәрбиелеп өсірген әскерилер отбасы. Әулеттің әжесі Кенжетай «Күміс алқа» иегері. Ал Лестегі отбасында 10 бала тәрбиеленуде. Олардың әрқайсысы спортта, өнер мен білімде жетістікке жеткен. Маржан Әлиқызы «Алтын белгімен» марапатталған.
-Байқау жеңімпаздарын шын жүректен құттықтаймын. Шара жастарға үлкен өнеге болады, отбасылық, құндылықтар мен дәстүрлерді сақтауға, құрметтеуге тәрбиелейді. Рухани құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіп келе жатқан жанұяларға ары қарай дамуды, бақ-береке тілеймін, — деді құттықтау сөзінде Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев.
Байқау Елбасының бастамасымен төртінші жыл қатарынан өтуде. Қатысушылар үш кезеңнен: аудандық, облыстық, республикалық арқылы іріктеледі. Осы жылдың жеңімпаздары қыркүйек айында өтетін республикалық байқауда елорда намысын қорғайды.
-Дәстүрлі түрде біз бүгін «Мерейлі отбасы» байқауының қорытындысын шығарып жатырмыз. Бірінші, екінші, үшінші орын жеңімпаздары марапатталады. Әр орын екі жанұяға беріледі. Бірінші орынды жеңіп алған отбасылар осы жылы қыркүйек айында өтететін республикалық байқауға қатысады. Конкурс ережесінің шартттары бойынша талаптарға сай келетін қатысушылар өтініш береді. Комиссия бір ай ішінде құжаттарды қарайды. Және құпия түрде дауыс беру арқылы жеңімпаз анықталады, — деді Астана қаласы әкімдігі Ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Ермекұлы Қаналимов
-Бүгін біз «Мерейлі отбасы» байқауына қатысып жатырмыз. Шараға қатысуға әжеміз Кенжетай себепкер болды. Ол өткен жылы байқауды теледидар арқылы тамашалады және қатты қатысқысы келді, ал біз қолдадық. Менің ойымша, мұндай конкурстар көп болу керек. Өйткені жастарға тәрбиелік мәні мол. Бірінші орынды жеңіп алғанымызға өте қуаныштымыз, — деп өзінің қуанышымен бірінші орын жеңіп алған жанұяның келіні Әсел Бимолдина бөлісті.
Бірінші орынға лайық деп танылған отбасылар екі адамға шипажайға жолдама алды. Байқаудың қалған қатысушыларына тұрмыстық техника алуға 100 000-150 000 теңгенің сертификаты табысталды.
Әрі қарай