Мемлекеттік органдардың өкілдері жастарға кеңес берді

Елордалық жастар Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының, халықты жұмыспен қамту орталығының және басқа да ұйымдардың өкілдерінен кәсіби кеңес алды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шара «NEET жастарды әлеуметтендіру және жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын іске асыру шеңберінде өткізілді.

Кездесуді елорда әкімдігінің «Астана жастары» ресурстық орталығы ұйымдастырды.

«Біз барлық сауда үйлері мен ойын-сауық орталықтарында қыркүйектен бастап осындай шараларды өткізіп келеміз. Біз барлық бағдарлама бойынша өзі-өзіне жұмыс жасайтын жастарға кеңес беру үшін бар күшімізді саламыз. Кейбір жастар уақытша тіркеуге тұру туралы білмейді. Осы бағытта түсіндіру жұмыстарын жүргізетін ХҚКО-ның өкілдері бар», – деді «Астана жастары» ресурстық орталығының басшысы Үкібай Нұрпейісов.

Аталған іс-шараның мақсаты – жастарға қолдау көрсету, оларға жастарды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпарат беру.

Денис Теннің шығармашылық жобалары 2019 жылы жүзеге асырылады

Келесі жылы мәнерлеп сырғанау шебері жазған 15 туынды топтастырылған музыкалық диск жарыққа шығады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Қайғылы жағдайда мерт болған мәнерлеп сырғанаудың жұлдызын еске алу қоры 2018 жылдың тамызында құрылған болатын. Оның құрамында Болат Жәмішев, Тимур Бекмамбетов, Сергей Кан, Татьяна Тарасова, Арыстанбек Мұхамедиұлы, сондай-ақ Денистің анасы Оксана Тен бар.

«Қордың көмегімен біз Денистің арман-мақсатын жүзеге асыра отырып, оның атын мәңгіге есте сақтаймыз», – деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Қордың қызметі туралы Оксана Тен де мәлімдеді. Оның айтуынша, келесі жылы 15 композиция жинақталған музыкалық диск жарық көреді. Онда классикалық туындылардан бөлек, Денис жазған әндер де топтастырылған.

«Дискіден басқа, біз ұлым жазған өлең, ертегілер мен әңгімелерді жарыққа шығарамыз. Сондай-ақ, Астана мен Алматыда екі фотокөрме өткіздік», – деді О.Тен.
«Соқыр махаббат» туындысы 2019 жылы жарыққа шығады. Режиссер Тимур Бекмамбетов атап өткендей, фильм АҚШ-та түсірілмекші. Мәтіннің сценарийі ағылшын тілінде жазылған.

«Біз Дениспен тамыз айында таныстық. Ол фильмдер жасау байқауына қатысып көрді. Оның жұмысы қызықты болды. Сөйтіп ол, кәсіпқойлармен өтетін әңгімелесуге келді. Біз онымен сонда таныстық. Денистің ашықтығы, адалдығы жағымды әсер қалдырмай қоймайды. Фильмнің жұмыстары жүріп жатыр. Ол Денистің мерейтойына қарсы дайын болады деп ойлаймын», – деді Бекмамбетов.

«Борышкер» ЖПШ жалғасуда

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы мәліметті qamqor.gov.kz сайтынан білуге болады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Астананың полиция департаменті қалалықтарға Жаңа жылды әкімшілік айыппұл бойынша қарызсыз қарсы алуға ұсынады. Полиция 2019 жылдың 27 қаңтарынан бастап қала аумағында «Борышкер» жедел-профилактикалық шарасының екінші кезеңі жалғасатынын еске салады.

«Әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны жөнінде қосымша мәліметтің бар-жоғы туралы qamqor.gov.kz сайтынан немесе 95-44-98, 76-83-65 анықтама телефондары, 8-776-197-23-48 WhatsApp мессенджерінің номері арқылы білуге болады. Сондай-ақ, қажетті ақпаратты Астана қ, 20-40 к-сі, 4/1 үй мекен-жайы бойынша орналасқан ПД ӘПБ әкімшілік практика бөлімінде алуға болады», — делінген хабарламада.

Иорданияның бас қаласындағы көшелердің біріне Астана атауы берілді

Бақыт Сұлтанов ресми сапарымен Амманға барды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Туыстас қалалар Астана мен Амман экономика және мәдениет салаларындағы ынтымақтастығын нығайтуда. Бүгін Иордания астанасы көшелерінің біріне Қазақстанның елордасы – Астана атауы берілді.

Көшені ашу салтанатына Қазақстан астанасының әкімі Бақыт Сұлтанов пен Иорданияның бас қаласы Амманның мэрі Юсуф әл-Шауариба қатысты.

Астана әкімі Бақыт Сұлтанов Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Иордания королі ІІ Абдолла арасындағы достық қарым-қатынастың өзгелерге үлгі екендігін, екі елдің мүддесі үшін қызмет ететінін тілге тиек етті. Ол аммандықтарға Елбасымыздың қызметіне деген ықыласы үшін өз алғысын білдірді. 2010 жылы Иордания астанасындағы орталық көшелердің біріне Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілген болатын.

«Біз барша аммандықтарға біздің Елбасыға көрсеткен құрметі үшін өз алғысымызды айтамыз. Жаңа ғана жоғары мәртебелі Шауариба мырзамен бірге Нұрсұлтан Назарбаев атындағы көшеде болып, оның дамуын көріп қайттық. Ал енді Қазақстан астанасының атымен аталатын көшені ашып отырмыз. Бұл оқиға жас Астананың 20 жылдығы тойланып жатқан жылы орын алып отыр. Ол біздің қалалар мен елдердің тұрғындары арасындағы қарым-қатынастың нығая түсуіне жаңа импульс беретіндігіне сенімдімін», — деді Б. Сұлтанов.

Өз кезегінде Амман мэрі Юсуф әл-Шауариба екі ел астаналары арасындағы ынтымақтастықтың алдағы уақытта да жемісті болатындығына өз сенімін білдірді.

«Біздің халықтардың арасындағы қарым-қатынас пен екі ел басшыларының арасындағы саяси достық өзгелерге үлгі. Астана – заманауи қаланың үздік эталоны. Одан әлемнің басқа қалалары үлгі алады. Сол себепті, Иорданияның бас қаласында Астана атындағы көшенің ашылғаны біз үшін үлкен құрмет. Ол біздің мемлекеттеріміздің арасындағы достық пен жемісті ынтымақтастықты бейнелейді», — деді Юсуф әл-Шауариба.

Көшені ашу салтанаты Астана әкімі Бақыт Сұлтановтың Иорданияның бас қаласына жасаған ресми іс-сапарының аясында өтті. Кездесу барысында Астана әкімі мен Амман мэрі екі елдің алдағы уақыттағы түрлі салада ынтымақтастықта іс жүргізуінің әлеуетін талқылаған болатын.

«Біздің Амманға іс-сапармен келуіміз урбанистикалық даму саласындағы екі жақты ынтымақтастықты белсендендіруге зор мүмкіндік береді. Амманда көлік, көгалдандыру, құрылыс, смарт-технологиялар, әкімшілік үрдістерді жеңілдету, автоматтандыру, бизнес-ортаны жақсарту салаларында көптеген ірі реформалар мен жобалардың жүзеге асырылып жатқандығын білеміз. Астанада да аталмыш бағыттардағы жұмыс белсенді жүргізілуде. Бұл салаларда біздің бір-бірімізге үйретеріміздің аз болмайтындығына еш күмәнім жоқ. Біз тәжірибемізбен, білімімізбен бөлісуге дайынбыз», — деп атап өтті Сұлтанов.

Ол сондай-ақ, Амман мэрінің есіне Қазақстанның бас қаласында жыл басынан халықаралық «Астана» қаржы орталығының жұмыс істеп жатқанын салып, иорданиялық бизнесмендерді оның жұмысына қатысуға шақырды.

Астана көшесінің ашылу салтанатында қазақстандық және иорданиялық музыканттардың сүйемелдеуімен ұлттық әуендер шырқалып, дәстүрлі халықтық билер орындалды.

Еске салайық, 2012 жылдың қаңтарында Астанада Иордания Королі марқұм Жоғары мәртебелі Хусейн бен Талалдың құрметіне көше атауы берілген болатын.

Астана әкімдігі мен Амман қаласының муниципалды органы арасында туыстық қарым-қатынас орнату туралы келісім-шарт 2005 жылдың 8 қарашысында бекітілді.

Астанада рождестволық концерт өтеді

22 желтоқсанда Оқушылар сарайында рождестволық концерт өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Weihnachtswunder» рождестволық концертін Астананың «Возрождение» неміс қоғамдық бірлестігі мен Ақмола облыстық «Возрождение» қоғамдық қоры Германия елшілігінің қолдауымен ұйымдастырды.

Бағдарлама барысында Астананың және Ақмола облысының неміс қоғамдық бірлестіктерінің шығармашылық ұжымдары және арнайы шақырылған қонақтар — «Романсиада» халықаралық байқауының жүлдегері, «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің дипломанты, «Метрополитен-опера» байқауының аймақтық кезеңінің финалисі, «Астана Опера» солисі Евгений Чайников, республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаты, концертмейстер Елена Цветцих өнер көрсетпек.

Концерт 22 желтоқсанда сағат 19:00-де Оқушылар сарайында (Момышұлы даңғылы, 5) өтеді.

Жастар театры «Қар ханшайымы» ертегісінің тұсаукесерін ұсынады

Жастар театрының талантты әртістері елорданың кішкентай тұрғындарын екі тілде сахналатын Г.Х.Андерсеннің «Қар ханшайымы» ертегісінің тұсаукесерін тамашалауға шақырады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

«Қар ханшайымы» ертегісі 20-30 желтоқсан аралығында сағат 10:00-де, 12:00-де және 14:00-де қойылатын болады.

«Ғажайып ертегінің кереметтігі сол – жақыныңа, досыңа деген шексіз махаббат пен мейірім ғана әлемдегі бар алапат зұлымдықты жеңе алатындығын балдырғандарымызға ұғындырады. Қойылым бүлдіршіндерді мейірім мен адалдыққа, достық пен татулыққа баулиды», – делінген «Жастар» театрының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Қоюшы режиссері – Нұрфат Вахитов. Қоюшы суретші – Ерлан Тұяқов, Балетмейстер – Анар Жүсіпова.

Ертегіден соң шырша маңында кішкентай көрермендерді танымал мультфильм кейіпкерлерінің, Аяз ата мен Ақшақардың қатысуымен өтетін жаңажылдық бағдарлама, тосын сыйлар мен сыйлықтар күтеді.

700-ден астам астаналық қысқа мерзімді кәсіби оқытумен қамтылды

25 мамандық бойынша курстар кәсіби мамандығы жоқ адамдар, жұмыссыздар мен халықтың осал топтары үшін арнайы ұйымдастырылған, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.

Қалалық жұмыспен қамту орталығы баспасөз қызметінің хабарлауынша, Астанада «Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының екінші бағыты аясында қысқа мерзімді кәсіби білім беру курстарын тәмадаған 313 адам тұрақты жұмысқа орналасқан.

«Жыл басынан 732 адам 25 мамандық бойынша білім алды. Олардың ішінде автокөліктерді жөндеуші, «D» деңгейлі жүргізуші, лифт жөндеуші және киберқауіпсіздік саласы маманы мамандықтары халық арасында жоғары сұранысқа ие. Оқу мерзімі 1-6 айды құрайды. Курсты аяқтаған 445 студенттің 313-і тұрақты жұмыспен қамтылды», – делінген хабарламада.

Барлық сұрақтар бойынша Бейбітшілік к-сі, 25 мекен-жайы бойынша орналасқан Жұмыспен қамту орталығына хабарласуға болады.

Тәуелсіздік сарайында «Тау мен дала балладалары» атты көрме ашылды

Суретші Сейсенхан Маханбетовтың «Тау мен дала балладалары» атты жеке көрмесінде 80-ге жуық шығармашылық жұмыс қойылды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Тәуелсіздік сарайында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында, Астана қаласының 20 жылдық мерекесіне орай, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесіне орайластырылған ҚР еңбек сіңірген қайраткері, суретшілер одағының мүшесі, Сейсенхан Маханбетовтың жеке көркем өнер көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Көрмеде суретшінің 80-ден астам жұмысы ұсынылған.

Көрменің мақсаты – өз өнері арқылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасына қолдау көрсету, Н.Назарбаевтың Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру мақаласындағы: «… жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр» сөздерін шығармашылықта шындыққа айналдыру.

«Астана Опера» әртістері тыңдаушыларға жаңа жылдық көңіл күй сыйламақ

22 желтоқсанда театрдың Камералық залында «Музыкалық дивертисмент» концерті өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты «Астана-Операның» баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Тыңдаушы назарына түрлі стильдер мен бағыттардағы композиторлардың танымал вокалдық әрі аспаптық туындылары ұсынылады. Й.Гайднның фортепианолық триосы до мажор және Дж.Энескудің флейта мен фортепианоға арналған «Cantabile et presto» аспаптық шығармалары алғаш рет орындалатын болады. Бұдан бөлек, Э.Гранадос – Г. Кассадоның Интермеццо, К.Сен-Санстың «Аққу», Ф.Крейслердің «Махаббат азабы», «Керемет розмарин», Ф.Шопеннің № 2 скерцо си-бемоль минор туындысы шырқалады», — делінген баспасөз хабарламасында.

Сондай-ақ, кештің көркін вокалдық музыка жауһарлары аша түспек. Өнер сүйер қауымның назарына сондай-ақ, В. Беллинидің «Сомнамбула» операсынан граф Родольфоның ариясы, Ж. Массненің «Вертер» операсынан Вертердің ариясы және Ж. Бизенің «Кармен» операсынан Эскамильоның ариясы, Ш.Гуноның «Ромео мен Джульетта» операсынан Джульеттаның вальсі, Ф.Легардың «Веселая вдова» опереттасынан Ганна мен Данилоның дуэті, «Страна улыбок» опереттасынан ханзада Су-Чонгтың ариясы, К. Дебюссидің «Чудесный вечер», И. Штраустың «Весенние голоса», Л. Ардитидің «Поцелуй», Д. Обердің «Взрыв смеха» туындылары ұсынылатын болады.

Концертті Мәдениет қайраткері Маржан Жәкенова жүргізеді.

Байқоңыр ауданында жаңажылдық шыршалар орнатылды

Аяз ата мен Ақшақар, түрлі гирляндалармен безендірілген көңілді эльфтер мен шыршалар мерекелік көңіл-күй сыйлауда, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Байқоңыр ауданының бес жерінде жаңажылдық шыршалар орнатылып, мұз төбешіктер, ертегі кейіпкерлерінің мүсіндері тұрғызылды («Жастар» сарайының маңы, «Алатау» СК ауданы, Ататүрік саябағы, «Өндіріс» ТА мен «Кирпичный» секторы).

Аяз ата мен Ақшақар, түрлі гирляндалармен безендірілген көңілді эльфтер мен шыршалар мерекелік көңіл-күй сыйлауда. Бұған, әсіресе, елорданың кішкентай тұрғындары ерекше қуанды. Сондай-ақ, бізге ШОБ субъектілері де қолдау көрсетті. Олардың көмегімен «Алаш». «Жастар» сауда үйлерінің, «Алай», «Шарын», «Биг Шанхай» базарларының, «Форум» бизнес-орталығы мен «Жібек жолы» қонақ үйінің аумағында жаңажылдық шыршалар орнатылды», — деп мәлімдеді аудан әкімдігінің баспасөз қызметінде.

Аталмыш шарадан білім беру мекемелері де тыс қалған жоқ. № 5, 27, 31, 49, 54, 55 мектептердің әкімшіліктері мекеме аумағындағы сырғанақ алаңдарын абаттандыру жұмыстарын жүргізді.