Астаналық полицейлер автобус жүргізушілерінің ЖҚЕ бұзған 200 оқиғаны анықтады

«Автобус» жедел-профилактикалық шарасы барысында 2 күннің ішінде полицейлер жолаушылар автобусының жүргізушілері жіберген жол қозғалысы ережесін бұзған 224 фактіні анықтады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Оның 38 фактісі – қоршаған ортаны ластау (пайдаланылған газ) және шу деңгейі. Сондай-ақ жаяу жүргіншілер жолында жол бермей өтіп кеткен 2 факті мен рульде келе жатып телефонмен сөйлескен 17 оқиға анықталды.


Астана ІІД баспасөз қызметі айтқандай, «Автобус» жедел-алдын алу шарасы астана төңірегінде 9-13 қазан аралығында апаттың болуын төмендету мақсатында жүргізушілердің жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережесін бақылауды күшейту үшін өткізді.


ЖПШ өткізу кезеңінде жолаушылар автотранспортының жүргізушілері тарапынан ЖҚЕ қатаң бұзғандардың жолын кесу және анықтау бойынша рейдтік шаралар өткізілуде. Сондай-ақ автобустардың техникалық жағдайы, норматив пен стандарт талаптары бұзылған автобусты пайдалану және басқару фактілері анықталуда, жүргізушілердің еңбек және демалыс режимі мен жолаушыларды тасымалдаудағы бекітілген нормаларды сақтауы да тексерілді. Бұған қоса, полиция қызметкерлері қалалық автобустардың техникалық жағдайы мен жүргізушілердің жол қозғалысы ережесін сақтағанына да көңіл бөліп бақылады.


Бүгінде шараға бақылау үшін әкімшілік полиция және жергілікті полиция қызметкерлерінен, Астана бойынша көлік бақылау инспекциясы, мемлекеттік кірістер департаменті мен қоғам мүшелерінен құралған 10 топ жұмылдырылды.


Астанада «7-20-25» бағдарламасы бойынша 500 өтініш қабылданды

Бүгінде Астана тұрғындары «7-20-25» ипотекалық несиелеу бағдарламасына белсенді қатысып жатыр. 1 шілдеден бастап аталған бағдарлама бойынша банкте 509 өтініш мақұлданды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Бұл шамамен еліміз бойынша қаралған және мақұлданған жалпы өтініштердің үштен бір бөлігі. Сондай-ақ «Millennium Park» тұрғын үй кешеніндегі өздерінің армандаған пәтеріне 310 астаналық отбасы қол жеткізді.

Айта кетейік, тұрғын үй алудың жаңа мүмкіндігі Мемлекет басшысы белгілеп берген көрсеткіштен өзгертілмейді: ол жылдық мөлшерлеме 7 %, комиссиясыз және қосымша қайта төлемсіз, 20 % тұрғын үйдің бағасына қарай алғашқы жарнасы, несиелеудің шекті мерзімі 25 жыл.

Бағдарламаға Қазақстанның әрбір жекеменшігінде баспанасы жоқ және басқа да ипотекалық заемдары жоқ азаматтар қатыса алады. Бағдарламаға қатысушының кәсіпкерліктен немесе жұмыс орнынан тұрақты түрде расталған табысы болуы қажет.



Жыл басынан бері астаналық клиникаларға 62,1 млрд теңге төленді

Жыл басынан бері «ӘМСҚ» Астана қаласы бойынша филиалы медициналық мекемелерге тұрғындарға көрсеткен қызметтері үшін 62,1 млрд теңге төледі. Бұл сома кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі шеңберінде қызмет көрсету туралы жалпы құны 86,6 млрд теңгеге бекітілген келісімшарттар сомасының шамамен 72%-ін құрайды.


 Қазіргі таңда қалалық филиалдың медициналық қызметтерді жеткізушілер тізімінде 82 мекеме бар, олармен стационарлық көмек, алғашқы медициналық-санитарлық көмек, консультативті-диагностикалық көмек, жедел жәрдем, жоғары технологиялық медициналық қызметтер және тағы басқа қызмет түрлері бойынша 115 келісім шарт бекітілген. Жеткізушілер тізіміндегі 46 медициналық ұйым — жекеменшік. Өткен жылмен салыстырғанда жекеменшік емханалардың саны тағы 10-ға артты. Ал үш жеке меншік медициналық ұйыммен келісімшарт бұзылды. Барлық қызметтер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде көрсетіледі. Астаналық жеткізушілердің толық тізімі Қордың fms.kz сайтында орналасқан.   


«ӘМСҚ» КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалының директоры Н.Кабдықапаровтың айтуынша, медициналық ұйымдарға ақы төлеу кестеге сай жүріп жатыр. Бөлінген қаражат медициналық ұйымдардың операциялық шығындарын өтеуге, оның ішінде қызметкерлердің жалақысын төлеуге жеткілікті.


«Қор апта сайын стационарлық және стационаралмастырушы медициналық көмек көрсететін ұйымдардың қызметтерінің сапасына электронды басқару жүйесі арқылы мониторинг жүргізеді. Айта кетерлігі, мониторинг жүргізу халық арасында сұранысқа ие медициналық қызмет түрін анықтауға да мүмкіндік береді», — дейді Н. Қабдықапаров.  


Медициналық қызметтерді пайдаланушылар тарапынан жеткізушінің қызметіне немесе көрсетілген қызмет сапасына қатысты арыз түскен жағдайда, филиал қызметкерлері жоспардан тыс мониторинг өткізеді.


Естеріңізге сала кетсек, медициналық сақтандыру Қоры тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттері және үкімет белгілеген шеңберде тұрғындар үшін қызметтерді сатып алушы қаржы операторы болып табылады.


 


"Жасыл елдіктер" Астанада 100-ден астам ағаш көшетін отырғызды

9 қазан күні «Жасыл ел» студенттік құрылыс және еңбек жасақтары Ш. Қалдаяқов көшесі бойындағы Президент саябағы аумағында «Қазпошта» АҚ қызметкерлерімен бірге ағаш көшеттерін отырғызу акциясын өткізді.

Акция «Қазпошта» АҚ 25 жылдық мерейтойы мен Астана қалалық «Жасыл ел» жобасының ХІV еңбек маусымының жабылуына орайластырылды. «Жасыл ел» сарбаздары пошта қызметкерлерімен бірге 100-ден астам ағаш көшеттерін отырғызды.

Биыл Астана қалалық «Жасыл ел» сарбаздары жыл басынан бері 350-дей ағаш отырғызып, қала аумағындағы жасыл желектерге өз үлестерін қосты. Қазан айының ортасында 2019 жылғы еңбек маусымының салтанатты жабылу рәсімі өтетін болады.

Астанада «Автобус» жедел-профилактикалық шарасы өтуде

9-нан 13 қазанға дейін Астанада «Автобус» жедел-профилактикалық шарасы өткізілуде, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Шараның мақсаты – қоғамдық көліктердің қатысуымен болатын ЖКО алдын алу. Жергілікті полиция қызметкерлерінен, әкімшілік полиция қызметкерлерінен және «Астана LRT» ЖШС алдын ала жұмылдырылған 10 топ қоғамдық көліктегі жүргізушілердің жұмысын бақылайды.

ІІД қызметкерлерінің айтуынша, мұндай шаралар жол қозғалысы ережесін бұзудың алдын алу мақсатында тұрақты түрде өткізіліп тұрады және жолдардағы қоғамдық көліктердің жүргізушілерінің тәртібін қадағалайды.

2019 жылы Белградта Астана күндері өтеді

Астана әкімі Бақыт Сұлтанов пен Белград мэрі Зоран Радойичич 2019 жылы Белградта Астана күндерін өткізуге келісті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.


Қос ел астаналарының басшылары екіжақты қарым-қатынасты кең көлемде дамытуда және бекітуге келісіп, Қазақстан және Сербия елдері астаналарының арасында комюникеге қол қойып, достық қарым-қатынасты одан әрі дамытуға келісті.


Бұдан бөлек, қала басшылары сауда-экономика саласын, гуманитарлық және ғылыми-білім беру ынтымақтастығын дамытуға келісті. Сондай-ақ, сауда, инвестиция, инновация, туризм, мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау, спорт салаларында тәжірибе алмасуға келісті.


Астана мен Белград қаласының басшылары екі астананың атқарушы органдары арасындағы өзара іс-қимылды үйлестіру мақсатында бірлескен жұмыс тобын құру және оның тұрақты, тиімді қызметін қамтамасыз етуді шешті. 


Астаналық мектеп медбикелері шұғыл көмек көрсету мастер-класынан өтті

№ 9 қалалық емхананың базасында автоматты дефибрилляторды қолданып жүректің кенеттен тоқтауы кезінде алғашқы көмек көрсету бойынша 84 мектептің медициналық қызметкері үшін шеберлік-сыныбы өткізілді, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.


Оқу кезінде және дене шынықтыру сабақтарында оқушылар кенеттен қайтыс болған бірнеше қайғылы оқиғалардан соң, Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы қоғамдық орындарда алғашқы көмек көрсетудің халықаралық стандарттарына сәйкес, «Ақ Жүрек» қоғамдық қорының ұсынысымен әрбір мектептің медициналық пунктіне автоматты дефибриллятор орнатып жатыр.


«Жалпы мектеп медбикесі, мұғалім оқушы есінен танған және тыныс алуы тоқтаған сәттегі 2 минут ішінде келіп көмек көрсететін болса, жүректі қайта соқтыра алады және біз осыған жағдай жасауымыз керек», — деді «Ақ Жүрек» қоғамдық қорының директоры Руслан Масхутов.


Мастер-классқа қатысушылар зардап шегушіге алғашқы көмектің қаншалықты уақтылы және дұрыс көрсетілуін практикалық тұрғыда көрді.


«Жалпыға қолжетімді ZOLL AED Plus автоматты дефибрилляторының жанама жүрек массажының сапасын бақылау сездіргісінің көмегімен мектептің медициналық қызметкері, ұстаз немесе басқа да адамдар жүрегі тоқтап қалған зардап шегушінің тіршілік функцияларын медициналық қызметкерлер келгенге дейін үзбей сақтап тұра алады. Басты жауапкершілікті басқаға артпай шұғыл алғашқы көмекті өзі көрсетуі керек. Әр адам өзіне «Шұғыл жағдайда мен біреудің өмірін сақтап қала аламын ба?» деген сұрақты қоюы керек. Себебі, сіздің қолыңызда ол адамның өмірі», — деді Р. Масхутов.


Енді бізде «Қауіпсіз мектеп, қауіпсіз ЖОО» жобасының арқасында адамдарды құтқару мүмкіндігі бар, шараға қатысушылар дәрігерлер мен медбикелер осындай курстардан өтіп, қолдарында сертификат болуы керек деген ойға тоқтады, Ал ұстаздар мен оқушылар курстардан өтіп алғашқы көмекті өздері көрсете алулары керек.  


 


«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша құжаттарды қабылдау басталды

Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы шеңберінде Астана қаласында коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар тіркеуіндегі кезектілер үшін құжаттарды қабылдауды жариялайды.


Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 22 маусымдағы № 372 қаулысымен  «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) бекітілген. Осы бағдарлама шеңберінде халықтың барлық санаттарына арналған «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамының тұрғын үйі  бағыты бойынша тұрғын үйлерді жүзеге асыру қарастырылған.


Астана қаласының әкімдігі мен «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы арасында Астана қаласында №№ 23-31, 23-16, 23-17, 23-30, А98 (жобалық атаулар) көшелері қиылысы ауданында көппәтерлі тұрғын үй кешенінде орналасқан 4-ші класты жайлылықты, тұрғын үйдің 1 шаршы метрі 120 теңге болатын 21 пәтерді сату бойынша 2016 жылғы 26 шілдеде ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған. Оның ішінде:


3 – 39,4-тен – 42,48-ге дейін ш.м бір бөлмелі пәтер;


15 – 57,59-дан – 58,43-ке дейін ш.м екі бөлмелі пәтер;


3 – 76,97-ден – 78,06-ға дейін ш.м үш бөлмелі пәтер.


Тұрғын үй өз қаражаты немесе тұрғын үй құрылыс жинағынан, несие есебінен тікелей сатып алу арқылы жеке меншікке беріледі. Төлем қабілеттігі расталмаған жағдайда тұрғын үй 8 жылдан аспайтын мерзімге сатып алумен жалға беріледі.


«ҚТҚЖБ» АҚ тұрғын үй» бағыты бойынша бағдарлама шарттарына сәйкес, Астана қаласында коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған азаматтар (кезектегілер) мына санаттар бойынша қатыса алады: жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне және қатысушыларына теңестірілген тұлғалар, жасына қарай зейнеткерлер, оралмандар, толық емес отбасылар, мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері.


Құжаттарды қабылдау өтініш берушінің электрондық цифрлық қолтаңбасын қолданумен, e.astana.kz веб-порталы арқылы ғана жүзеге асырылады, «ҚТҚЖБ» АҚ тұрғын үй»  жүйесінде — 2018 жылғы 10 — 12 қазан аралықтарында (қоса алғанда). Порталдың жұмыс істеу уақыты – тәулік бойы.


Тұрғын үйді алуға үміткерлерге қойылатын негізгі талаптар:


    1) Қазақстан Республикасының азаматтығы немесе оралман мәртебесінің болуы;


    2) өтініш берген күнге соңғы екі және одан да көп жыл Астана қаласында тұрақты тіркеуде болуы;


    3) Бағдарламаға қатысушының және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің (жұбайының, кәмелеттік жасқа толмаған балаларының), сондай-ақ отбасы құрамына кіретін және өтініште көрсетілген отбасының өзге де мүшелерінің:


    әрбір отбасы мүшесіне пайдалы алаңы 15 шаршы метрден кем болатын жатақханадағы бөлменің болуы;


    осы тұрғын үйдің орналасқан жері бойынша жергілікті атқарушы органның тиісті анықтамасымен расталатын құлау (қирау) қаупі бар авариялық жағдайдағы балшықтан құйылған және қаңқалы-қамысты тұрғын үйлерді қоспағанда Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында (ортақ бірлескен меншігі, осы тармақшада көрсетілген тұрғын үй бірлігі ретінде өзге отбасы мүшелерімен ортақ бірлескен (үлестік) меншігін құрайтын үлестік меншіктегі үлесі);


    4) Бағдарламаға қатысуменен және онымен үнемі бірге тұратын отбасы мүшелерінің (жұбайының, кәмелетке толмаған балаларының), сондай-ақ отбасы құрамына кіретін және өтініште көрсетілген отбасының басқа мүшелерінің Қазақстан Республикасының аумағында соңғы 5 (бес) жыл ішінде тұрғын үйді ауыстыру немесе өзіне меншік құқығында тиесілі тұрғын үйді иеліктен шығару арқылы тұрғын үй жағдайларын әдейі нашарлатуы фактілерінің болмауы;


    5) сатып алу құқығымен және сатып алусыз жалға берілетін тұрғын үйді іске асыру шарттары бойынша тиісті кірістерімен міндеттемелерді орындау мүмкіндігін растау (төлем қабілеттілігін бағалау).


Бағдарлама шеңберінде құжаттарды қабылдау мерзімі ішінде өтініш тек бір рет берілуі мүмкін.


Өтініш коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған кезектегі адамдар беруі тиіс.


Егер, өтініш беруші кезектегілер тізімінде болмаса, өтініш жойылады. Өтінішті портал арқылы толтырмас бұрын, өтінішті беру нұсқаулығымен танысу қажет.


Тұрғын үйлерді алуға үміткерлер мынадай құжаттарды ұсынуы қажет:


    1) өтініш беруші мен оның отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжат;


    2) өтініш берушіні және онымен тұрақты бірге тұратын отбасы мүшелерін тұрғылықты жері бойынша тіркеу туралы мекенжай анықтамасы;


    3) неке қию/некені бұзу, жұбайының/зайыбының қайтыс болуы, балалардың туу туралы куәліктері, өтініш берушінің некеде тұрмайтындығы туралы нотариат куәландырған өтініш;


    4) өтініш берушінің және онымен тұрақты бірге тұратын отбасы мүшелерінің Қазақстан Республикасының аумағы бойынша меншік құқығындағы үйінің немесе сатып алумен жалдамалы тұрғын үйінің бар немесе жоқ екендігі туралы анықтама;


    5) жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар және оның техникалық сипаттамалары (балшықтан құйылған және қаңқалы-қамысты тұрғын үйдегі, жатақханадағы бөлмеде үлесі болған кезде) туралы анықтама, сондай-ақ аталған жағдайларда меншік құқығының туындауын растайтын құжаттар;


    6) өтініш берушінің басқа адамдарын отбасы мүшелері ретінде тану туралы сот шешімі;


    7) жалақы туралы анықтама;


    8) жұмыс орнынан анықтама;


    9) «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 67-бабында айқындалған санаттарға өтініш берушінің қатысын растайтын құжаттар.


Қажет болған жағдайда, азаматтар «Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы» мемлекеттік мекемесінің қызметкерлерімен қосымша құжаттар ұсыну немесе өтініш иесімен берілген мәліметтерді анықтау үшін шақырылуы мүмкін. Отбасы құрамы (отбасы мүшелерінің саны) талап етілген пәтердің алаңына әсер етпейді, үміткерлер өз қалауы бойынша пәтер түрін көрсетеді.


Өтініш берушілер арасында алдын ала іріктеу Астана қаласы әкімдігінің жанындағы Тұрғын үй комиссиясымен (бұдан әрі – Комиссия) «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы шеңберінде тұрғын үйге мұқтаждыларды есепке қою тізімдеріне және сол кезекке тұрған күніне сәйкес жүргізіледі.


Өтініш берушілердің төлем қабілеттіліктеріне іріктелген бағалау жүргізгеннен кейін Комиссия Астана қаласы әкімдігінің интернет- ресурстарында жарияланатын бағдарлама қатысушылардың түпкілікті тізімін бекітеді.


Бағдарлама шеңберінде бағдарламаның барлық бағыттары және Қазақстан Республикасының барлық өңірлері бойынша 1 бірліктен аспайтын тұрғын үйді жеке меншікке сатып алуға немесе сатып алу мүмкіндігімен жалға беруге болады.


e.astana.kz веб-порталы арқылы өтініш беру кезінде толығырақ ақпарат алу немесе техникалық ақаулар болаған жағдайда, Астана қаласы әкімдігінің iKomek бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істейді.


«Бизнестің жол картасы – 2020» шеңберінде 700-ден аса жобаға қолдау көрсетілді

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы іске асырылғалы астана билігі «Даму» кәсіпкерлерді қолдау қорымен бірлесіп, жалпы 150 млрд теңгенің сомасындағы 709 жобаға қолдау көрсетті. Бұл туралы астаналық қордың филиал директоры Нұрсұлтан Абдолла астана әкімі Бақыт Сұлтановтың қала активімен Мемлекет басшысының Жолдауын талқылауы барысында мәлімдеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.


Оның айтуынша, қор жұмыс жасағалы көптеген арнайы экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізген. 


«Жыл сайын аталған бағдарламаға қатысушылардан ШОБ саны өсуде. Соңғы үш жылда субсидияланған жобаның саны 75 %, ал кепілдік берілгені – 28 % жетті. Бағдарлама жұмыс жасағалы 8 мыңнан аса жаңа жұмыс орны құрылды, 800 млрд теңгенің сомасында өнім шығарылды, салықтан бюджетке 46 млрд теңгеден аса қаржы түсті. Аталған бағдарлама астанада да, елімізде де ШОБ-тің дамуында үлкен роль ойнайды», — дейді Нұрсұлтан Абдолла.


Айта кетейік, Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында бизнес климатты жақсарту мәселесіне көбірек көңіл бөлген. Елбасы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының мерзімін 2025 жылға дейін ұзартып, 20 мың жаңа жұмыс орнын құруды тапсырды.


Сондай-ақ кездесу барысында Бақыт Сұлтанов жыл басынан қолданыстағы ШОБ 9 пайыздан 106 мың бірлікке дейін өскенін хабарлады. ШОБ-тан бюджетке салық түсімі 300 млрд теңгені құрады (немесе жалпы салық төлемінен 45 пайыз түсім).  


«Астана бизнесті оңай жүргізу рейтингі бойынша ұлттық жеңімпаз атанып, Мемлекет басшысының арнайы премиясын жеңіп алды және 2050 жылға дейін ЖІӨ үлесінің 50 пайызын ШОБ қамтамасыз ету тапсырмасын мерзіміне бұрын орындады. Бүгінде мемлекет тарапынан жеке ісін ашқысы келетін адамдар үшін көптеген мүмкіндіктер ұсынуда. Қазіргі Жолдау экспорттық әлеуетті және отандық тауардың ішкі нарығын іске асыруға қосымша серпін береді», — деді Б. Сұлтанов.  


Еске сала кетейік, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдаралмасы төрт бағытта жұмыс істейді, оның бірі бизнесті қолдауға бағытталған.


Астанада алғаш рет глютенсіз өнім шығаруды бастады

Қазақ ғылыми-зерттеу институтының зерттеу тобы алғаш рет отандық тамақтану өндірісіндегі глютенсіз ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін зертхана құрды, деп хабарлайды астана әкімдігінің ресми сайты. 



Институт жүргізген сауалнаманың нәтижесі бойынша, Қазақстанда целиакиямен ауыратын 11 жасқа дейінгі балалар саны 67 %, 11-ден 12 жасқа дейін — 15%, 21-ден 35 жасқа дейін 17 %. Ауру балаларда байқалған аурудың негізгі көрінісі мынадай: аласа бойлы, қан аздық, психоневрологиялық бұзылушылық және аллергия. Тек глютені жоқ тағамдармен диета сақтау арқылы асқынудың алдын алып, физикалық және интеллектуалдық дамуын қамтамасыз етуге болады.


Бүгінге дейін ұннан жасалған глютенсіз өнімдерді әлемде Америка және Еуропа елдерінде арнайы рецептпен әзірлеп, жер жүзіне өнімді импортқа шығарады. Өкінішке қарай, өнімнің дәл осы санаты өте қымбат тұрады және Қазақстанда целиакиямен ауыратын тұрғындар үшін барлық кезде қолжетімді емес.



«Кейбір отбасыларда бірнеше балалар ауырады. Глютенсіз өнімдердің бағасы глютені барына қарағанда он есе қымбат, сондықтан адамдар шығынға көбірек батады. Барлығы да сапасы жағынан шетелдікінен кем түспейтін отандық өнімнің өндіріліп шыққанын қалайды», — дейді өсімдіктану өнімдерін қайта терең өңдейтін зертхананың бас ғылыми қызметкері Ольга Полуботько.



Қазіргі таңда институтта ұннан кондитерлік қоспа мен ботқа алу бойынша зерттеу жүргізілуде. Шикізат ретінде Қазақстанның түрлі өңірінде өсірілетін жүгері, күріш, тары, зығыр алынды. Зерттеу барысында аталған дақылдарда глютен целиакияны тудырмайды.   


 


«Әзірге зерттеу үшін біз осы өнімдерді алдық. Олардан біз глютені жоқ өнім аламыз, олардан кекс пен печенье жасалады. Талқан қосылған печенье бірінші рет жасалды. Талқан оған өте жақсы дәм беріп тұр, дегустаторлар жоғары деңгейде бағалады. Сондай-ақ тез дайындалатын глютенсіз ботқа дайындаймыз. Алдағы уақытта басқа да дақылдарды зерттейміз. Жоспарымызда макарон өнімдері де бар, себебі көпшілігі макарон өнімдері мен ет асуға арналған қамырға қызығады», — деді өнімдердің жасалу барысы туралы айтқан Ольга Полуботько.



Институттың қызметкерлерінің айтуынша, импорттық өнімнің құрамында крахмал мен басқа да қоспалар өте көп. Зерттеушілер осыған орай өз жоспарларында отандық өнімнің құрамында жасанды қоспалардың аз мөлшерде болуын ескеріп отыр. Қаз ҰЗИ ғылыми хатшысы Дариғаш Шаймерденова Финляндияның Қазақстанмен бірлесіп макароннан глютені жоқ өнім дайындауға қызығушылық білдіріп отырғанын жеткізді.



Қаз ҰЗИ сонымен қатар басқа да тамақтану өнімдерін қайта дайындау туралы зерттеу жүргізіп жатыр, олар: лактозасыз сүт қышқылы, құрамында  пектині бар,  трансизомері жоқ майсыз өнімдер мен дәнді-бұршақты дақылдар.



Институттың қызметкерлерінің айтуынша, импорттық өнімнің құрамында крахмал мен басқа да қоспалар өте көп. Зерттеушілер осыған орай өз жоспарларында отандық өнімнің құрамында жасанды қоспалардың аз мөлшерде болуын ескеріп отыр. Қаз ҰЗИ ғылыми хатшысы Дариғаш Шаймерденова Финляндияның Қазақстанмен бірлесіп макароннан глютені жоқ өнім дайындауға қызығушылық білдіріп отырғанын жеткізді.