Астанада қар еріп, мұз кеткенімен қызық кеткен жоқ. 1 мамырда белсенді демалуға лайықты орындардың бірі «Алау» мұз айдыны сарайы жазғы маусымда есігін айқара ашады. Елордалықтардың сүйікті көңіл көтеру орнына айналған, «Алау» мұз айдыны сарайы жазғы спорт орталығы форматында жұмыс істеуге көшеді. Келушілер ролик теуіп, үстел теннисін және бадминтон ойнап, уақыттарын көңілді өткізе алады. Ал жазда коньки тепкісі келетін жандар үшін орталық аумағында арнайы корт жасалады.
Жазғы спорт орталығы сейсенбі-жексенбі күндері жұмыс істеп, дүйсенбі күні демалады. Бірінші сессия сағат 10.00-13.00, екінші сессия сағат 14.00-17.00, ал үшінші сессия сағат 18.00-21.00 дейін жалғасады.
«Алау» мұз айдыны сарайына келушілерге ұзындығы 400 метрлік бірегей роликодром, теннис үстелдері мен бадминтон ойнауға арналған алаңдар ұсынылады. Сонымен қатар, алаң аумағында жағажай волейболын, футбол мен шағын-гольф ойнауға болады.
1 мамырда «Алау» сарайында ашық есік күні өтеді. Орталық сағат 10.00-13.00 аралығында жұмыс істейді.
Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков елордалық Ішкі істер департаментінің материалдық-техникалық базасын жақсарту аясында Астана қаласының ІІД жергілікті полиция қызметіне Қазақстанда құрастырылған Peugeot 301 маркалы 35 қызметтік автокөліктің кілтін табыстады, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
«Астанада әлемдік деңгейдегі қоғамдық-саяси, мәдени және спорттық шаралар көп өтетіндіктен елордалық полицейлерге қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және бұзушылықтардың алдын алу бойынша үлкен жауапкершілік жүктеледі, сондықтан олар елордалық жоғары статусқа лайықты және барлық көрсеткіштер бойынша үлгі аларлықтай болуы тиіс», — деді Ә. Жақсыбеков.
Тәртіп сақшыларының материалдық-техникалық базасының жаңартылғанына риза болған тәртіп сақшылары атынан Астана қаласы ІІД басшысы полиция генерал-майоры Амантай Әубәкіров қалалық әкімдікке алғысын білдіріп, елордалық полицейлердің қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуді және құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын жоғары деңгейде атқаратынына сенім білдірді.
Айта кетерлігі бұл автопарктегі полицейлік автокөліктердің қатарын толықтырған автомобильдер елімізде құрастырылған. Барлық көлік ІІБ мәліметтер базасына енуге мүмкіндігі бар борттық компьютерлермен жабдықталған. Сонымен қатар, көліктерге қалалық телефон байланыс қызметі бар заманауи жаңа радиостанциялар, сондай-ақ, жедел кезекшілерге құқық бұзушылықтардың алдын алу және болдырмау, қоғамдық тәртіпті қорғауды қамтамасыз етуге бойынша полиция жасақтарын тиімді басқаруға мүмкіндік беретін GPS спутниктік жүйесі орнатылған.
Құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша қабылданатын шаралардың тиімділігін арттыру және азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет ету мақсатында әкімдік қала аумағында қосымша полиция пункттерін ашу үшін орынжайлар беруде. Астана қаласының әкімдігі қалалық полицейлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға ерекше назар аударады. Ильинка кентінде жергілікті полиция қызметкерлеріне үйлер берілген болатын. Көп балалы және мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасылар санатына жататын, сонымен қатар ІІБ 10 жылдан астам уақыт бойы қызмет еткен, сондай-ақ, қызметінде ерекше көзге түскен полиция қызметкерлеріне жаңа баспана кілті табысталды.
Мемлекет басшысы 5 институционалдық реформаны іске асыру бойынша өзінің «100 нақты қадам» бағдарламасында полицейлердің жұмысын жаңа сапалы деңгейге шығаратын бірқатар басты міндеттерді атап көрсеткен болатын. Осыған орай, Ұлт жоспарының екінші бағыты «Заң үстемдігін қамтамасыз ету» аясында үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап Жергілікті атқарушы органдарға және жергілікті қоғамдастыққа есеп беретін Жергілікті полиция қызметі құрылды. Оның басты міндеті қоғамдық тәртіпті қорғау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бұзушылықтардың алдын алу. Болашақта бұл бағытта атқарылған жұмыстар жалғасын тауып, өз жемісін береріне сеніміміз мол.
Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Биыл 5-21 тамыз аралығында Рио-де-Жанейро қаласында жазғы Олимпиада ойындары өтеді. Жарысқа 206 мемлекеттің спортшылары қатысып, күш сынасады. Осы жазғы Олимпиадаға Астана қаласынан 12 спортшы қатысады, деп хабарлайды қалалық Спорт және дене тәрбиесі басқармасы. Егер үздік нәтиже көрсететін болса, оларға теннисшілер, жүзгіштер мен әйелдер арасындағы күрестен спортшылар қосылып, жазғы Олимпиадаға аттанатын спортшылар сапы толығуы мүмкін.
Әзірше Олимпиада Лицензиясына қол жеткізгендер: бокстан Қазақстан чемпионы Василий Левит пен Әлем чемпионы Данияр Елеусінов, Жеңіл атлетикадан Қазақстан чемпионатының жүлдегері Флорида Менянова, қазіргі заманғы бессайыстан Азия чемпионатының қола жүлдегері Елена Потапенко, байдаркамен және каноэмен есуден Азия ойындарының чемпионы Инна Клинова және байдаркамен және каноэмен есуден Азия чемпиондары Зоя Ананченко мен Олег Токарницкий, грек-рим күресінен Әлем чемпионатының қола жүлдегерлері Досжан Картиков пен Алмат Кебіспаев, әйелдер арасындағы күрестен әлемдік жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегері Жұлдыз Ешімова мен әйелдер арасындағы күрестен Олимпиада-2012 қола жүлдегері Гузель Манюрова, сондай-ақ, үстел теннисінен Қазақстан құрамасының көшбасшысы Кирилл Герасименко бар.
– Лицензия алғандардың барлығына жаттығу үшін жағдайлар жасалады. Әрқайсысы Спорт федерациясының ұсыныстарына сәйкес жеке бағдарлама бойынша дайындалады. Оларға Астана қаласының әкімдігі Спорт басқармасы, Спорт федерациясы тарапынан қолдау көрсетіледі. Жеңіл атлетика мен үстел теннисі биыл тарихта алғаш рет лицензия иеленіп отыр, – деді қалалық спорт және дене тәрбиесі басқармасының басшысы Берік Маржықпаев.
Бір белесті бағындырған жерлестерімізге сәттілік тілеп, алатын асуларыңыз биік болысын, ел абыройын асқақтатыңыздар дейміз.
Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Жалпықалалық сенбілікке Астаналықтар белсенді қатысты. Соның ішінде денсаулық сақтау қызметкерлері де қалыспады. Дәрігерлер үшін жыл сайын сенбілікке қатысу өзіндік дәстүрге айналды. Сондықтан 4 мыңнан астам медицина қызметкерлері, соның ішінде денсаулық сақтау ардагерлері қаланы абаттандыруға, көгалдандыруға және тазартуға өз үлестерін қосты.
«Адамның денсаулығы негізінен оның өмір салтына байланысты деген қағидатты ұстанып, қоршаған орта мен оны күтіп ұстаудың денсаулығымызға тікелей әсер ететінін ұмытпауымыз керек. Жинаған жер емес, қоқыс тастамаған жер таза деп бекер айтпайды ғой. Сондықтан барлық қала тұрғындарын табиғатты аялауға шақырамыз», — деді Астана қаласы денсаулық сақтау саласының ардагері Алтын Сүлейменова.
Сенбілік барысында 3500 қаптан артық қоқыс шығарылды, 5000 жуық ағаш пен 20 мың метрден астам жолдың жиегі әктелді. Бұл қорытынды нәтиже емес. Астанада экологиялық айлық 18 мамырға дейін жалғасатындықтан бұл көрсеткіш әлі де салмақты цифрлармен, тамаша нәтижелермен толығады.
Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Астаналық жастар мен ардагерлер 200 жуық ағаш отырғызды
Жалпықалалық сенблік аясында Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагерлері мен оқушылар қаланы көгалдандыруға белсене қатысты. Олар Қорғалжын тас жолының бойында 200 жуық көшет отырғызды.
— Жасы мен жағдайына қарамастан өз қаласына қамқорлықпен қарау – әр азаматтың борышы, сондықтан біз жолдастарымызбен бірге қаланы көгалдандыруға, оны көркейтуге атсалысу үшін осында келдік. Астана – керемет гүлденген қала, оны мақтан етіп, күтіп ұстауымыз керек, — деді социалистік еңбек ері Леонид Картаузов.
Ардагердің пікірінше, өскелең ұрпақтың қандай болып өсетіні ересектерге байланысты, сондықтан балаларға жақсы үлгі көрсетіп, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды үйретіп, еңбекке баулу керек.
Өз кезегінде қалалық мектеп оқушылары ағаш отырғызуға, аумақты тазартуға қатысып, ардагерлердің әңгімелерін тыңдады, олармен өздерінің болашаққа деген жоспарларымен бөлісті.
— Біздің №69 мектепте сенбіліктер жиі өткізіледі, оған қуана қатысамыз. Ал бүгін ҰОС ардагерлерімен кездесіп, уақытты тиімді өткізу мүмкіндігіне ие болдық. Әрине, оларға көмектесіп, бәрін өзіміз істеуге тырыстық, ал ардагерлер бізге қызықты әңгімелерін айтып берді, — дейді Гүлсезім Хасен.
Шараға 10 ардагер мен 48 оқушы қатысты. Естеріңізге сала кетейік, жалпықалалық сенбілікке 100 000 астам адам шықты, қала бойынша 16 000 ағаш отырғызу жоспарланған.
Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Астанада жол жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге байланысты 24 сәуірден 15 мамырға дейін Абылай хан даңғылының Мұстафин көшесінен Мүсірепов көшесіне дейінгі бөлігінде көлік қозғалысы жартылай шектелетін болады.
Сонымен қатар, 23-25 сәуірде Арай көшесінің Ғарышкерлер көшесінен Сарайшық көшесіне дейінгі бөлігінде көлік құралдарының қозғалысы тоқтатылады.
23-25 сәуір аралығында Ғарышкерлер көшесінің Арай көшесінен Қабанбай батыр даңғылына дейінгі бөлігіндегі жол жабылады.
Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Астаналықтардың көңілінен шыққан, қалтасы көтеретін, қыс бойы сағынған ауыл шаруашылық жәрмеңкелер маусымы басталды, Қала тұрғындары сағынған ауыл дәмін мұнда төмендетілген бағамен сатып ала алады. «Думан» ОСО алдында елордалық, Ақмола және Қарағанды облыстарының жақын аудандарының 150 жуық жеткізушісі мен тауар өндірушісі азық-түлік өнімдерін ұсынады. Ал 29 сәуірден бастап әлеуметтік маңызды тауарларды Қ. Мұңайтпасов атындағы Орталық стадионның жанынан да сатып алуға болады.
Жәрмеңкелер 8 қарашаға дейін әр жұма, сенбі және жексенбі күндері сағат 9.00-18.00 өткізілетін болады. Қазіргі кезде сатып алушылар Ақмола және Қарағанды облыстарынан әкелінген тауарларға өз бағасын беріп үлгерді.
— Біздің отбасымыз үлкен, дүкенге жиі баруға тура келеді. Жәрмеңкеде өнімдер қалалық базарға қарағанда арзанырақ, ал сапасы мен дәмі бірдей, — деді елорда тұрғыны Мария Кондрикова.
Жәрмеңкеде азық-түлік тауарларының 500 астам түрі сатылады – ет, балық, сүт пен шұжық өнімдері, жемістер мен көкөністер, ұн, жарма, май және т.б. Жалпы, 200 тоннадан астам тауар әкелінген.
— Біз әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларына баса назар аударамыз, олардың бағасы нарықтағыдан 10-15% төмен. Мысалы, қала бойынша картоптың орташа бағасы 65-70 теңге болса, мұнда — 55, қырыққабат — 250 теңге, бізде — 175. Қызанақ пен қияр бағасы 850 және одан жоғары. Ал жәрмеңкеде оны 700 теңгеге алуға болады, — дейді қалалық Ауыл шаруашылығы басқармасы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы Риза Қайкенова.
Ауылдың сүр еті мен сары майын, балдай тәтті қымызы мен айранын сағынсаңыз, жәрмеңкеге келіңіз!
Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Астанада экологиялық айлық аясында «Таза қала — бақытты қала!» жалпықалалық сенбілігі өтті. Қала тұрғындары бұл шараға белсенді қатысты. Қалалық басқармалардың өкілдері, жеке меншікті ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері, сондай-ақ, елорда тұрғындары таңертең қала көшелерін жинауға, абатттандыруға атсалысты.
«Алматы» ауданында тиісті жұмыстарға 47 493, «Сарыарқа» ауданында — 33 856, «Есіл» ауданында — 19 852 адам жұмылдырылды. Қаланы санитарлық тазарту жұмыстарына 191 тиегіш техника мен 431 жүк көлігі тартылды. Аудандар аумақтарында терек, тал, шетен, арша және т.б. ағаштар отырғызылды. Сенбілік аясында Астанада 16 мыңнан астам ағаш отырғызылды
Сенбілік аясында 163 мыңға жуық ағаш сыланды, парктер мен саябақтар жиналды. Сонымен қатар, студенттер мен әскери бөлімшелердің әскери қызметкерлерінің күшімен Есіл, Ақбұлақ пен Сарыбұлақ өзендерінің арналарын тазарту бойынша экологиялық акциялар өткізілуде.
Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Таңертеңнен бері қала тұрғындары керекті құрал-жабдықтармен жалпықалалық экологиялық сенбілікке шықты. Қалалық мемлекеттік мекемелер мен жеке меншікті кәсіпорындардың қызметкерлері көшелерді тазалап, 400 жуық ағаш отырғызды.
Ақыртас көшесінде ағаш отырғызуға «KEGOC» АҚ, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қалалық филиалы, «Алматы» аудандық соты, ҚР ІІМ қызметкерлерінен 50 адам қатысты.
Сенбілікке шыққандар елорданы жинап, көркейту әр тұрғынның борышы деп санайды.
— Сенбілікке қатысуға өзім ниет білдірдім, қоғамдық іс-шараларға қатысу, қаланы көгалдандыруға атсалысу әр тұрғынның борышы деп санаймын. Бұл өте маңызды, өйткені, біз осында тұрамыз, сондықтан қала көшелерінің таза және әдемі, ал ағаштардың көп болғанын қалаймыз. Көктем шыққанда әр сенбі сайын үйіміздің алдын тазалап отырамыз, — дейді «KEGOC» АҚ «Энергоинформ» еншілес компаниясының жетекші маманы Серікжан Жарболов.
«БЖЗҚ» АҚ Астана қаласындағы филиалы директорының орынбасары Олжас Баймағамбетовтың айтуынша, қор қызметкерлері қаланы жаппай жинауға қатысу бастамасын бірауыздан қолдады.
— Ағаш отырғызуға қатысқанымызға қуаныштымыз, біз жасыл қала үшін! Қаланың әр тұрғыны оны көркейтуге, жинауға, ағаш отырғызуға үлес қосуы керек деп санаймын, — деді ол.
Айта кетейік, жалпықалалық сенбіліктің мақсаты қоғам назарын қала көшелерінде тазалықты сақтауға аудару және экологиялық мәдениетті қалыптастыру болып табылады.