Астана тәртіп сақшыларының патрульдік қайығы Есіл өзенінде қызмет етеді

Астана жаңалықтары: Астана тәртіп сақшыларының патрульдік қайығы Есіл өзенінде қызмет етеді

ҚазАқпарат — Астана акваторийіндегі Есіл өзенінде полиция Қазақстанда шығарылған «Kazboat-47» патрульдік қайығымен тәртіп күзетеді.

Астана қалалық ІІД-нің басшысы, полицияның генерал-майоры Амантай Әубәкіровтің айтуынша, «Kazboat-47» қайығымен елордалық полицейлер бақылау жүргізеді. Олардың міндетіне Астана акваторийінің Есіл өзенінде тәртіпті күзету, жедел-іздеу, сондай-ақ құтқару жұмыстарын жүргізу кіреді. Кеме судағы полиция пункті болып есептеледі.

Полиция жасағының құрамына Астана қалалық ІІД жергілікті полиция қызметінің жол-патрульдік полиция полкінің арнайы дайындықтан өткен екі қызметкері және бір кеме жүргізушісі кіреді. Патрульдеу уақыты — күн сайын сағат 14:00-ден бастап, 21:00-ге дейін.
Полицияның кемесі дабыл, жылжымалы радио құрылғы және барлық қажетті арнайы құралдармен, сондай-ақ құтқару күртелерімен, өрт сөндіргіш құралдар және алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған қобдишамен жабдықталған.

inform.kz/kaz/article/2898916
Әрі қарай

Жер кодексіндегі жаңалықтар қандай?

Астана жаңалықтары: Жер кодексіндегі жаңалықтар қандай?

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды әрі тиімді пайдалануды қамтамасыз ету үшін жерлерді нарықтық айналымға шығаруға бағытталған бірқатар шаралар қабылданды.
Жерлердің белсенді нарықтық айналы­мын ынталандыру және жер қорының эконо­микалық қайтарымын арттыру мақсатында 2015 жылғы 2 қарашадағы «Қазақстан Респуб­ликасының Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» (бұдан әрі – Заң) Қазақстан Республикасының заңымен Жер кодексіне бірқатар өзгертулер енгізілді.
Бірінші. Мемлекет меншігіндегі ауыл шаруашылығы мақсатына арналған жер телімдері ҚР жеке және заңды тұлғаларына аукциондар арқылы сату жолымен жекеменшік құқығына келесі ретпен берілетін болады:
Бірінші кезекте – жер телімінің кадастрлық (бағалау) құнын арттыруды қарастыратын аукциондар арқылы.
Егер екі аукцион қорытындылары бойынша жер телімі сатылмаған жағдайда, ол жер телі­мінің бағасын кадастрлық құнынан белгі­ленген ең төменгі шекке дейін (кадастрлық құнының 50%-на дейін) төмендетуді қарас­тыратын аукционға қойылады.
Екінші. Бұған дейін жалға алынған жер телімдерін сатып алу бойынша жеңілдік шарттарын ұсыну.
Бұл норма қазіргі жер пайдаланушылардың мүдделерін ескеріп, оларға бұрын ұсынылған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерін жалға алу мерзімінің соңына дейін, оның кадастрлық құнының 50%-ы көлемінде белгіленген жеңілдікпен, 10 жылға бөліп төлеу арқылы жекеменшігіне алу құқығын береді
Сонымен қатар, егер олар өз үлестерін шаруашылық серіктесіктерінің жарғылық капиталына салым ретінде немесе өндірістік кооперативтерге жарна ретінде салған болса, үлестері бар жер иелерінің құқықтарын қорғайтын норма да қарастырылған.
Үшінші. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалға алынған жерлерді пайдалану бойынша шектеулерді алып тастау.
Ұсынылған норма жер пайдаланушыларына оны жалға алу құқығымен құқықтық мәмілелер жасауға, атап айтқанда, банкке салуға, бүкіл жалға алу мерзімі кезінде меншігінен шығаруға мүмкіндік береді.
Бұл жер пайдаланушылар құқығының құндылығын арттыруға мүмкіндік беріп, ауылшаруашылық тауарларын өндірушілер үшін мемлекеттік қолдаудың пәрменді шарасы ретінде қызмет ететін болады.
Төртінші. Жер телімінің нысаналы мақ­сатын ауыстыру ресімін жеңіл­дету.  Ауыл­шаруашылық жерлерінің пайда­ланы­луына жиі мониторинг жүргізу, барлық пайда­ланылмай жатқан пайдалы жерлерді әрі қарай жекешелендіру үшін мемлекет қорына беру.
Жер кодексіне ауыл шаруашылығын жүргізумен байланысты нысандарды салу кезінде және аталған жер телімдерінде шаруашылық жүргізу түрін ауыстыру кезінде ауылшаруашылық жерлерінің нысаналы мақсатын өзгерту рәсімін болдырмауды қарастыратын норма енгізілген.
Әкімшілік кедергілерді алып тастау және шығындарын азайту арқылы шаруалар үшін қолайлы жағдайлар тудыру мақсатында ауыл шаруашылығын жүргізуге байланысты нысандарды салу кезінде және аталған жер телімдерінде шаруашылық жүргізу түрін ауыстыру кезінде ауылшаруашылық жерлерінің нысаналы мақсатын өзгерту рәсіміне жол берілмейді.
Ауыл шаруашылығына арналған жер телімдерінің шетелдік азаматтарға берілуі туралы
Жер кодексінің нормаларына сәйкес шетелдік азамат ауыл шаруашылығына арналған жер телімін тек жиырма бес жылға дейінгі мерзімге жалға алуға құқымен ғана иелене алады.
Ауыл шаруашылығы жерлері олардың жекеменшігіне берілмейді.
Сатып алынған жер телімі сол құқық түрімен оған тиесілі бола алмайтын жағдайларда, үш ай ішінде бұл құқық түрі меншігінен шығарылуы немесе қайта ресімделуі тиіс.
Сонымен қатар, шетелдіктерге, азамат­тығы жоқ тұлғалараға және шетелдік заңды тұл­ғаларға Қазақстан Республикасының шекара маңы аймағында және шекара жолағында орналасқан жер телімдерін ұсынуға жол берілмейді.
Ұзақ уақыт бойы пайдаланылмай жатқан жеке немесе заңды тұлғаға тиесілі жер телімін мәжбүрлі түрде алу туралы
Жер кодексінің 92-бабының 2-тармағына сәйкес егер құрылысқа арналған жер телімі оны беру туралы шешім қабылданған күннен бастап үш жыл бойы (егер жобалық-сметалық құжаттамада одан ұзағырақ мерзім қарастырылмаған болса) мақсатына сай пайдаланылмаса, онда мұндай жер телімі Кодекстің 94-бабында қарастырылған тәртіппен мәжбүрлі түрде қайтарып алынуы тиіс.
Қазақстан Республикасы азаматтарының жекеменшігіндегі жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілген жер телімдеріне бұл норманың қатысы жоқ.
Мұндайда Кодекстің 94-бабының 2-тармағына сәйкес жер телімін мәжбүрлі түрде алу туралы талапарыз Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінде қарастырылған жазалау шараларын қолданғаннан кейін ұсынылатын болады. Сонымен қатар мәжбүрлі түрде алу туралы талапарыз берілген жазбаша ұйғарым мерзімі өткен соң ұсынылады.
Жер телімін мақсаты бойынша пайдалану шараларын қабылдау үшін берілетін мерзім жер телімінің мақсатына сай пайдаланылмауы туралы факті анықталған сәттен бастап бір жылға белгіленеді.
Жер кодексінің 92-бабының талаптарына сәйкес, жер телімінің нысаналы мақсатына сай пайдаланылмау мерзімі оны беру туралы шешім қабылданған күннен бастап есептеледі.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учас­кесінің нысаналы мақсатын өзгерту
Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (әрі қарай – Кодекс) 97-бабы 3-бөлігіне сәйкес, ауылшаруашылық алқаптары айрық­ша қорғалуға жатады. Бұл жерлерді ауылшаруашылық өндірісіне байланысты емес мақсаттарға пайдалануға ерекше жағдайларда жол беріледі (осы Кодекстің 90-бабы).
Ауылшаруашылық өндірісін, шаруа немесе фермер қожалықтарын жүргізу үшін жеке және заңды тұлғаларға берілген жер учаскелерінде және жеке қосалқы шаруашылықтың егістік телімдерінде ауыл шаруашылығын жүргізуге қатысы жоқ нысандар, оның ішінде тұрғын үйлер (жеке тұрғын үйлерді қоса алғанда) салуға жол берілмейді.
Осылайша, жер пайдаланушы жер учаскесін коммерциялық қызметке пайдалану үшін жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуі қажет. Ол Кодекстің 49-1-бабымен реттеледі. 49-1-бабтың 2-бөлігіне сәйкес, жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге мүдделі жеке және заңды тұлғалар жер учаскесі орналасқан жер бойынша жергілікті атқарушы органға өтініш береді.
Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органы, не жергілікті атқарушы органның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесі құзыреті шегінде қорытындылар келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жер учаскесін мәлімделген нысаналы мақсат бойынша пайдалану мүмкіндігі туралы ұсыныс дайындайды (Кодекстің 49-1-бабы 7-бөлігі).
Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту немесе жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту жөніндегі өтінішті қабылдамау туралы жергілікті органның шешімі тиісті ұсыныстың комиссияға келіп түскен кезінен бастап бес жұмыс күні ішінде қабылданады.
Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуден бас тарту уәжді болуға тиіс (Кодекстің 49-1-бабы 12-бөлігі).
Жер учаскесін кепілге салу
Жер кодексіне сәйкес кепiлдікке берушiнің жеке меншiк құқығындағы жер учаскесi кепiл зат бола алады.
Егер Қазақстан Республикасының заң­дарында өзгеше белгiленбесе, жер учас­кесiнiң және жер пайдалану құқығының кепiлiне жылжымайтын мүлiк ипотекасы туралы ережелер қолданылады. (ЖК 76-бап) Жеке меншiк құқығында немесе уақытша өтеулi ұзақ мерзiмдi жер пайдалану құқығында жер учаскелерi бар жеке және мемлекеттiк емес заңды тұлғалар кепiлге берушi бола алады (ЖК 79-бап 1-б.).
Жер учаскесінің кепілі немесе жер пайдалану құқығы – бұл кепілдің келісіміне, я болмаса, Қазақстан Республикасы заңдарына негізделген міндеттердің орындалуын қамтамасыз ету тәсілі. Шаруаның жер учаскесін кепілге салу бойынша құқығы ерікті түрде жүзеге асады, оны ешкім еркінен тыс кепілге салу туралы келісімге қол қойдыра алмайды.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қолдану тиімділігін бақылау жөнінде
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қолдану тиімділігі Ұлттық экономика министрлігінің бұйрығымен бекітілген (2015 жылғы 27 наурыз №268) Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану ережелерімен реттеледі.
Ережелер ауыл шаруашылығы мақ­сатын­дағы жерлерді тиімді пайдалануды қамтамасыз етуге, соның ішінде, егістік өнімділігінің құлдырауына, топырақ құнарлығының жойылуына, арамшөптердің және т.б. өсімдіктердің басып кетуі салдарынан жер учаскесінің ауыл шаруашылығы мақсатынан шығып қалуына жол бермеуге бағытталған.
Жерлерді пайдалану мен қорғаудың мемле­кеттік бақылауы бойынша жұмыстар жүргізуде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану мәселелері өзекті болып отыр.
Жергілікті атқарушы органдардың жерлер­ді пайдалану мен қорғауды бақылау бо­йынша басқармалары жерлерді тиімсіз пайдалану фактілерін анықтаған жағдайда оларға әкімшілік әрекет ету шараларын қабылдайды, тіпті, жерді тәркілеуге дейін бара алады.
Әрі қарай

Астана мереке құшағында

Астана жаңалықтары: Астана мереке құшағында

Ертең мерекесі көп мамыр айы басталады. Астана Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған мерекелік шараларды өткізуге дайын. Қалада көптеген мерекелік инсталляциялар мен сахналық алаңдар орнатылды.

Қазақстан халқының бір­лігі күніне арналған басты мерекелік шара 1 ма­мыр күні «Қазақ елі» мо­нументінің алдындағы алаңда өтеді. Мерекелік концертте 450-ге жуық әртіс пен шығарма­шылық ұжым өнер көр­сетпек. Этномәдени бір­лес­тіктердің 300-ден аса өкілі халықтық серуенге қатысады. Бұл күні әрбір этномәдени ұйым ұзындығы 50 метрлік мерекелік дас­тарқанға ұлт­тық тағамын қойып, жұрт­шылыққа ұсынады.

Көпшілік назарына Ас­тана қаласының шығар­ма­шылық ұжым­дарының қатысуымен мерекелік бағдарлама ұсы­нылады. Халықтық серуен өтетін «Қазақ елі» монументінің алдындағы алаңда мере­ке­лік сауда, түрлі спорт түр­­­лерінен жарыстар ұйым­дасты­ры­лады. Мә­дени және спорттық ша­ра­лар «Бәй­терек» монументінің ал­дындағы алаң­да, «Сту­дент­тік» паркте де өтеді.
Қазақстан халқының бір­лігі күнін мерекелеу аясында қалалық мәдениет мекемелерінде де концерттер, спектакльдер, көрмелер өткізіледі.
Астана қаласының әкімдігі елорда тұрғындары мен қонақтарына арналған жеке бағдарлама әзірледі. Кешкі сағат 20.30-дан 23.00-ге дейін қалалық алаңда танымал «Формат» тобының Қазақстан халқының бір­лігі күніне арналған мерей­тойлық концерті өтеді.
Мереке құшағындағы Астана тағы екі айтулы күн­ді атап өтуге қызу әзірлік жүргізуде. Отан қор­­ғау­шылар және Ұлы Жеңіс мерекесіне орай елорда төрінде түрлі саяси-әлеу­меттік, мәдени-рухани шаралар өткізілетін болады.

www.astana-akshamy.kz/?p=34007
Әрі қарай

Орталық саябақта ашық бассейндер пайдалануға беріледі

Астана жаңалықтары: Орталық саябақта ашық бассейндер пайдалануға беріледі

Астанадағы Орталық саябақ қала тұрғындарына тосын сый дайындауда. 1 мамырдан бастап есігін ашатын елордалық паркке жаңа аттракциондар орнатылды. Сонымен қатар, онда ашық бассейндер кешені пайдалануға беріледі.

Шырайлы шаһардың халқы мен меймандарына арналған тамаша демалыс орын­да­ры­ның бірі – саябақ екені белгілі. Әсіресе, жаз шыға салысымен республиканың түкпір-түкпірінен Астанаға қарай асығатын ұл-қыздар «Бәйтеректен» кейін аттрак­циондарды іздейді. Ондайда бүлдіршіндерді Есіл жаға­сындағы елордалық паркке ертіп апаруға болады. Бұрындары мұндағы әткеншектер саны аса көп емес-тін. Басыңды шыр көбелек айналдырып, жүрегіңді аспанға ататын экстремалды аттракциондар мүлдем жоқтың қасы еді. Бала біткеннің адре­налинді аңсап тұратын әдеті емес пе?! Енді бұл олқылық реттеліп, таңдау мүмкіндігі көбейе түсті. Атап айтсақ, саябаққа «Merry go round», «Сircus swing», «Aladin jet 6», «Balloon wheel», «Wonder Flight» секілді жаңа аттракциондар орнатылды. Ал парк аумағына құрылған тренажерларда ересектер мен балалар спортпен шұғылдана алады.
Қазір парктегі жөндеу жұ­мыстары аяқталды. Нәтижесінде «Уақыт өзені» субұрқағы бар аллея, «Сағат» стеласы, су шымылдығы бар үңгірлер, «Күннің көзі» композициясы, Олимпиада чемпиондары алаңы жасалып, қайта қалпына келтірілді. Сондай-ақ, саябақта үш тас көпір мен серпінді су­бұрқақтар салынып, тоғанның көлемі кеңейтілді.

Ең кереметі, Орталық парктің ішінде бассейндер кешені пайда болмақ. Астана қаласының Коммуналдық шаруашылық басқармасы берген ақпарат бойынша, хауыздардың ашылуы осы жылдың маусым айына тұспа-тұс келеді. Бассейндер кешенінің құрамына ауданы 708 шаршы метр, тереңдігі 0,4-1,8 метр болатын, SPA-ваннасы бар хауыздар кіреді. Сонымен қоса, онда спорттық жүзуге арналған, ұзындығы 25 метрлік 5 жолдан тұратын бассейн де табылады. Бұдан бөлек, кешен жерасты техникалық бөлмесі және жазғы дәмханасы бар би алаңқайларымен, «Са­ңырауқұлақ» балалар фонтанымен, трамплиндермен, төбешіктермен жабдықталған. Мұнымен бірге, бассейн аума­ғында ерлер мен әйелдердің киім бөлмесі, резеңке жабын төселген ойын алаңқайы, бадминтон мен жағажай волейболына арналған алаңдар, ағаш күркелер болады.
Коммуналдық шаруашылық басқармасының мәлімдеуінше, электрлік сужылытқыштардың арқасында бассейн кешені қыркүйек айына дейін қызмет көрсетеді. Ондағы судың температурасы шамамен 24-26 градус төңірегінде болмақ.

www.astana-akshamy.kz/?p=34050
Әрі қарай

1 мамырда субұрқақтар маусымы ашылады

Астана жаңалықтары: 1 мамырда субұрқақтар маусымы ашылады

Жаз жақындаған сайын Астана тұрғындары қаладағы субұрқақтардың іске қосылуын асыға күтеді. Биыл субұрқақтар маусымының ашылуы 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орайластырылып отыр.

Бүгінде бас шаһарда 40 субұрқақ кешені бар. Олар былтырғы 1 қазанда қысқы режимге ауыстырылған болатын. Қысқы мезгілде ондағы су толығымен сорып алынады. Сыртқы жабдықтары, қондырмалары бөлшектеледі. Сондай-ақ, су қоймаларының жабындары қар мен мұздан тазартылады. Бұдан бөлек, жер астына жылытқыш құралдар орнатылады. Осы жұмыстардың бар­лығын Астана қаласының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Астана көгалдандыру құрылысы» акционерлік қоғамы атқарады.
Әдетте фонтандардың сыртқы безен­дірілуі де ерекше маңызды. Бұл орайда Есіл ауданындағы субұрқақтардың бәсі биік. Небір креативті үлгіде салынып, алуан пішінде атқылайтын заманауи фонтандар елордалықтар мен шаһар қонақтарын таңғалдырудан әсте танар емес. Әсіресе, біздің редакция ғимараты алдындағы биші субұрқақтар жазғы кештерде жұртшылықтың серуендейтін сүйікті мекеніне айналған. Сонымен қоса, Министрліктер үйі, Астаналық цирк, «Арай» саябағы, Есіл өзені маңындағы фонтандар да көздің жауын алып, көңілге рақат сезім сыйлайтыны рас. Жалпы, Есіл ауданындағы 16 субұрқақ кешенінің 8-і декоративтік жарықтандырылу құралдарымен қамтамасыз етілген. Ал фонтандардың түгелі дерлік компьютер арқылы басқарылады.
Алматы ауданының әкімдігі ұсынған деректерге сүйенсек, мұнда 13 субұрқақ кешені жұмыс істейді. Ішіндегі ең үлкені – 2007 жылы Президент саябағында салынған субұрқақ. Ондағы су көлемі 17045 текше метрге тең. Ал белгіленген қуаттылығы 648 киловатты құрайды. Мұнда 88 электрсорғы, 243 прожектор қойылған. Ауқымы жағынан «Қазақ елі» алаңындағы субұрқақ кешені де бұдан кем түспейді. Аталған орында 2070 текше метр су бар. Қуат деңгейі 605 киловатқа жетеді. Кешен 118 электрсорғы және 808 прожектормен жабдықталған.
Сарыарқа ауданы әкімдігінің мә­лім­деуінше, аймақта 10 субұрқақ кешені салынған. Көктемгі уақытта он­дағы сорғылар, вентильдер, жабындар, бүріккіш құралдар, бекітпелер, қақ­пақшалар және шүмектер қайта жаңар­тылып, қалпына келтірілді. Сонымен бірге, жерасты сулары ағызылып, сылан­баған ағаш қаптамалар бөлшектелді. Жазғы маусымда субұрқақ кешендерінің гранит төсемдеріндегі тұз іздерін тазалау, қоқыстан арылту, судың химиялық құрамын тексеру жұмыстары жүргізіледі.
Қаладағы барлық фонтандар 1 мамырдан бастап таңғы сағат 8-ден түнгі 12-ге дейін қосулы тұрады. Техникалық ережелерге сәйкес, түскі 11 мен 12-нің, және кешкі 4 пен 5-тің арасында үзіліс қарастырылған.

www.astana-akshamy.kz/?p=34057
Әрі қарай

«Жаужүрек полк» арнайы ролигі шығарылды

Астана жаңалықтары: «Жаужүрек полк» арнайы ролигі шығарылды

Астанада 9-шы мамыр күні «Жаужүрек полк» ауқымды шарасы өтеді. Үш мыңға жуық адам Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің, тыл еңбеккерлерінің, партизандардың және соғысқа басқа да қатысушылардың портреттерін қолдарына ұстап, Тәуелсіздік даңғылындағы«Astana mall» сауда-ойын-сауық орталығынан «Отан Қорғаушылар» монументіне дейін жүріп өтеді.

Акцияға арнап шығарылған арнайы роликтен және ақпараттық баннерлерден шараға қатысу шарттарымен танысып, ұйымдастырушылармен байланысу жолдарын білуге болады. Акция 9-шы мамырда сағат 12:30-да басталады.

astana.gov.kz/kk/modules/material/10442
Әрі қарай

Астанада Олимпиада ойындарына 100 күн қалғаны атап өтілді

Астана жаңалықтары: Астанада Олимпиада ойындарына 100 күн қалғаны атап өтілді

Қала әкімі Әділбек Жақсыбеков Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарының басталуына 100 күн қалғанына орай өткен спорттық шараға қатысты. Сонымен бірге, шараға мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы және Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы Данияр Әбілғазин қатысты.

Төртжылдықтың басты спорт жарысының басталуына қалған 100 күнді бүкіл әлемде атап өтеді. Осы күні жүздеген елордалық тұрғын Риода ел намысын қорғайтын біздің спортшыларымызды қолдау үшін жиналды. Олар спортшылардың өнерін тамашалап, түрлі жарыстар мен шеберлік дәрістеріне қатысты. «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығының маңындағы алаң нағыз спорттық алаңға айналды.

Елорда әкімі олимпиадашыларды төртжылдықтың басты додасының жақындауымен құттықтай отырып, оларға үлкен табыс тіледі, ал жиналғандарды спортпен айналысуға шақырды.

«Қазақстан спортшылары Олимпиада ойындарында жоғары нәтижеге қол жеткізе алатынына сенімдімін. Оларға сәттілік және денсаулық тілеймін. Бұл – әлемдегі ең елеулі және ауқымды шаралардың бірі. Бүгінде біздің спортшылар Олимпиаданың 82 жолдамасын жеңіп алды. Елімізде Президенттің тапсырмасымен спортшылар үшін барлық жағдай жасалған, сондықтан олар жақсы нәтиже көрсетеді деп сенеміз, ал біз, жанкүйерлер, оларды қолдап, демеу көрсетеміз», — деді Ә. Жақсыбеков.

Алаң бірнеше спорттық аймаққа бөлініп, онда велоспорт, бокс, күрес, таеквондо, дзюдо, ауыр атлетика, триатлон, теннис сияқты спорттың олимпиадалық түрлерінің ұлттық федерациялары шеберлік дәрістерін, түрлі жарыстар және автограф және фотосессиялар өткізді. Шараға келген әр адам олимпиадалық спорт түрінде күшін сынап, өзін нағыз спортшы ретінде сезінуге мүмкіндік алды. Сонымен қатар, елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына урбан-спорттың стрит-воркаут және паркур сияқты түрлері де көрсетілді.

Рио-де-Жанейро Олимпиадасына дейін үш айдан асар-аспас уақыт қалғаны белгілі, және қазір отандық спортшылар жоғары нәтиже көрсету үшін жарысқа дайындықтарын пысықтай түскен.

Олимпиада жолдамаларының қоржынына елордалық спортшылардың қосқан үлесі де қомақты. Бүгінгі күні астаналықтар 2016-шы жылғы Ойындарға спорттың 8 түрі бойынша 13 лицензия жеңіп алған. Алайда қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Берік Маржықпаевтың айтуынша, «лицензиялар әлі де болады».

Рио-де-Жанейрода өтетін спорт жарысында ел намысын қорғайтындардың бірі – бокстан Қазақстан құрамасының капитаны, әлем чемпионы және AIBA-ның үздік боксшысы Данияр Елеусінов.

— Мен, шынын айтатын болсам, жоғары нәтижеге – «алтын» алудан үміттімін. Риоға «алтын» үшін барамын, өйткені егер «күміс» немесе «қола» алам десем, қарсыласыма бірінші немесе екінші жекпе-жекте есе жіберуім мүмкін. Олимпиада «алтынын» жеңіп алып, барлығын, барша Қазақстан халқын, өз отбасымды және бірінші кезекте, өзімді бақытты еткім келеді, — деп пікір бөлісті Қазақстанның олимпиада құрамасының мүшесі және елордалық бокс мектебінің өкілі Д.Елеусінов.

Шараға сондай-ақ, белгілі қазақстандық спортшылар Юрий Мельниченко, Гюзель Манюрова, Асхат Житкеев, Арман Чилманов, Дариға Шәкімова, Ләззат Күнгейбаева, Юрий Щукин, Сәбина Әшірбекова және т.б. қолдау білдірді.

Астанада өткізілген акцияның нышаны ретінде шара соңында аспанға 100 әуе шары салтанатты жағдайда ұшырылды.

astana.gov.kz/kk/modules/material/10441
Әрі қарай

Ұлттық музейде Ахмет Ахмедияровтың «Жалғыз да көп» көрмесі ашылды

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Ахмет Ахмедияровтың «Жалғыз да көп» көрмесі ашылды, деп хабарлайды Ұлттық музейдің ақпараттық-имидждік қызметі.
Көрменің салтанатты ашылуында сөз алған Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай Асхат Ахмедияровтың туындыларының ерекшелігіне тоқталып өтіп, оның өнеріне шығармашылық табыстар тіледі.
Асхат Ахмедияровты көркем сурет, фотосурет, видео, инсталляция және перформанс салаларында жұмыстанып жүрген танымал суретші ретінде білеміз. Оның туындылары біздің елімізде де, шет елдерде де жоғары бағаланып жүр. Себебі оның жұмыстарының өзіндік бояуы бар, өзіндік стильі қалыптасқан. Тиісінше сұраныс та жоқ емес. Автордың мән-мазмұны терең көрмесінің Ұлттық музейде өтуі еліміздің күллі көркемдік әлеміндегі маңызды кезеңі болмақ деп ойлаймын. Сондықтан да Асхатқа шығармашылық табыстар тілей отырып, өнердің биік шыңдарын бағындыруына тілектеспін, — деді Д.Мыңбай.
Асхат Ахмедияров өзінің авторлық көрмесі туралы айта келе, осыған дейін оның талантына қолдау көрсетіп келген өнер жанашырларына алғыс білдірді.
Ұсынып отырған жұмыстарымның көпшілігін осы көрмеге арнайы дайындадым. Әлбетте, өнердің жолы оңай емес. Осы уақытқа дейін көптеген сындардан өтіп, өмірімнің ең қиын сәттерін артта қалдырдым деп ойлаймын. Десе де мен қайта өнер жолын таңдадым. Белгілі бір деңгейге жету үшін көп еңбектену қажет болды. Бұл ретте мен Ұлттық музейдің директоры Дархан Мыңбай мырзаның, Халықаралық Өнерді дамыту ассоциациясының негізін қалаушы Дина Байтасованың ерекше қолдауларына ие болдым. Сол үшін де бүгін көпшілік алдында ол кісілерге үлкен алғысымды білдіргім келеді. Біздің қоғамда да өнерді жоғары бағалай білетін осындай жандардың бар екеніне қуаныштымын, — деді А.Ахмедияров.
Айта кетейік, Ұлттық музей бұл көрмені Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Астана қаласы әкімшілігі және Халықаралық Өнерді дамыту ассоциациясының қолдауымен бірлесіп өткізді.
«Жалғыз да көп» көрмесі 2016 жылғы 17 маусымға дейін жұмыс істейді.
Әрі қарай

Жол жөндеу жұмыстарына 100 астам жұмыссыз қала тұрғыны тартылады

Астана жаңалықтары: Жол жөндеу жұмыстарына 100 астам жұмыссыз қала тұрғыны тартылады

«Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында жұмыссыз жүргендер жұмыс істейтін болады. Бүгінгі таңда конкурстық процедуралар жүргізілуде, ал мамыр айының соңында жөндеу жұмыстарымен айналысатын компаниялар анықталады, содан кейін жұмыс берушілерге жұмысқа мұқтаж азаматтар жіберілетін болады.

— Мысалы, «Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша жол салуға өткізілген конкурста жеңіске жеткен компания Жұмыспен қамту орталықтарының жолдамасымен жұмыссыз жүргендердің ішінен жұмыс істеу үшін 50% қабылдауға міндетті. Азаматтар өз келiсiмін бергенде ғана тиісті жұмыстарға жіберіледі. Содан кейін жұмыс берушілер әңгімелесу кезінде олардың кандидатурасын қарастырады. Жұмысшы мамандықтар бойынша тәжірибенің болуы қажет емес, — деді Астана қаласы әкімдігінің Жұмыспен қамту орталығы талдау бөлімінің басшысы Марат Қадырбаев.

Жоспарға сәйкес, жұмыссыз жүрген 137 қала тұрғыны Иманбаева, Мұстафин, Отырар, Нәжімеденов көшелерінде және Абылай хан даңғылында ағымдағы және орташа жөндеу жұмыстарына тартылатын болады.

Жалпы, биыл жұмыссыз жүргендердің күшімен елордада 55 түрлі нысанды жөнделеді, сондай-ақ жол жөндеу жұмыстары да жүргізіледі, 1133 жұмыс орны құрылмақ. Салыстыру үшін, өткен жылы 10 жоба бойынша 144 жұмыс орны ашылды.

Астана қаласының әкімдігі Жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, қазіргі кезде елордада 4597 жұмыссыз тіркелген, соның ішінде 1998 адам жұмысқа орналастырылды.

astana.gov.kz/kk/modules/material/10439
Әрі қарай