Көмір сатып алуға әлеуметтік көмек кімдерге беріледі

Астана қаласының Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасы қатты отынды сатып алуға әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен аспайтын болған жағдайда басқа тұрғын үйі жоқ, жергiлiктi (пештік) жылытатын жеке тұрғын үйде тұратын, оның жеке меншік иесі (жалға алушысы) немесе жеке меншік иесінің отбасы мүшелері (жалға алушысы) болып табылатын жасы бойынша зейнеткерлерге, мүгедектерге және мүгедек балаларға жүргiзiледi, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.


Өтемақы жылыту маусымына 8 айлық есептiк көрсеткiш көлемінде жүргiзiледi ( 19 240 теңге).


Қатты отынды сатып алуға өтемақы алуға құқығы бар бiрнеше адам бiр жекеменшiк тұрғын үйде тұрған жағдайда, өтемақы тек қана бiреуiне берiледi.


Әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші жылыту маусымы кезеңінде (15 қазаннан бастап 30 сәуірге дейін) Астана қаласының Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасына Достық көшесі, 13 «Нұрсая»-2 ЖК, телефон 55-68-22, 55-68-45, 55-68-34  мекенжайы бойынша өтінішке қоса төмендегi құжаттарды ұсынады:


1) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;


2) мекенжай анықтамасы;


3) осы Қағидаға 3-қосымшаға сәйкес адамның (отбасының) құрамы туралы мәліметтер;


4) Жиынтық табысын есептеу қағидасына сәйкес адамның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтер;


5) зейнеткерлiк куәлiгiнің көшірмесі – зейнеткерлер үшін, мүгедектiгi жөнiндегi анықтамасының көшірмесі – мүгедектер үшін;


6) Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң аумақтық органы берген жылжымайтын мүлiкке тiркелген құқығының болмауы (болуы) жөнiндегi анықтама.


7) банктік шот туралы мәлімет.


Құжаттардың түпнұсқалары және көшiрмелерi салыстыру үшін ұсынылады, одан кейін түпнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.


Айта кетейік, 2017 жылдың жылыту маусымы кезеңінде әлеуметтік көмекті 8573,3 теңге жалпы сомасында 422 өтініш беруші алды.


«Балалар жол-көлік оқиғасына қарсы» акциясы басталды

Акция 2-6 қазан аралығында өтеді, деп хабарлайды астана әкімдігінің ресми сайты.


Акцияның мақсаты – жолдарда болатын балалар жарақатына қоғамның назарын аудару, сондай-ақ балаларды жол қозғалысы ережесін сақтап жүруге үйрету.


Бүгін № 56 мектеп-лицейдің жас жол қозғалысы инспекторлары (ЖҚИ) Астана ІІД ЖПҚ қызметкерлерімен бірлесіп «Балалар жол-көлік оқиғасына қарсы» атты ерекше акция өткізді. 


«Балалар көбіне өтуге болмайтын жерлерден жолды кесіп өтеді. Таңертең мектепке асығып кетіп бара жатып, жан жағына да қарамайды. Сол себепті, кәмелет жасына толмаған жеткіншектердің қатысуымен болатын ЖКО жиі кездеседі. Осыған байланысты, біз «Жас инспекторлар қозғалысымен» бірге акция өткізуді ұйғардық. Бүгінде акцияға 7-ден астам мектеп қатысуда», — деді Астана ІІД ЖПҚ ювеналдық полиция бөлімінің инспекторы Айымгүл Валеева.


Шара барысында ЖИҚ отрядының оқушылары жадынамалар мен кітапшалар таратты, ол кітапшаларда көшеден қалай дұрыс өту керектігі, негізгі ЖЖЕ, ата-аналарға арналған жадынамалар қарапайым түсінікті тілде жазылған. Одан басқа, жас инспекторлар дыбыс ұлғайтқыш құрылғы арқылы жүргізушілерге арналған ЖЖЕ сақтау туралы ұрандарды дауыстап оқыды.


Айта кетейік, жыл басынан ҚР ӘжҚБ туралы заңының 593 бабын бұзған (Жол жүрiсi қағидаларында көзделген жолаушыларды және жүктердi тасымалдау, қауiпсiздiк белдіктерiн немесе мотошлемдердi пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау) 4000-нан астам құқық бұзушылық әкімшілік жауапкершілікке тартылды.


Астанада жыл сайын шамамен 15 мектеп салынуы тиіс

2017 жылы Астанаға аймақтардан шамамен 80 мың адам көшіп келген, оның 17 мыңы балалар. Бұл әлеуметтік жүйеге және мектепке қосымша жүктеме түсіріп отыр. Осы мәселені шешу үшін Астанаға жыл сайын шамамен 15 мектеп салынуы тиіс, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.


Бұл мәселені 2015-2017 жылдарға арналған «Нұрлы жол» бағдарламасының «Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту» бағытын жүзеге асыру бойынша республикалық бюджеттен және Ұлттық қордан бөлінген қаражатты мақсатты игеруге арналған «Нұр Отан» фракциясының жанындағы жиында талқылады.


Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылованың айтуынша, үш ауысымды мектептердің пайда болуы ол демографиялық және көші-қон мәселесіне байланысты.


«Қазақстандағы халық санының өсімі жыл сайын 230 мың адамды құрайды. Оның ішінде Астана, Алматы, Шымкент және Алматы мен Түркістан облысындағы табиғи және көші-қон мәселесіне байланысты жыл сайын халық өсімі 40-50 мыңды құрауда. Сол себепті, әлеуметтік инфрақұрылым осы шараларға үлгермеуде. Өйткені, елімізде жыл сайын республикалық бюджет есебінен 10 мектеп салыну керек, ал Астанада 15 мектеп», — деді ол.


Осы жерде ол инвесторларды мектеп салуға ынталандыру керек деді.


Үшжылдық бюджет шеңберінде жеке секторға білім беру объектілерінің құрылысы бойынша, студенттік жатақхана құрылыс жобасына ұқсас өтемақы төлемдері көзделеді.


«Қазір барлық аймақта мектеп салуға қызығушылығы бар бизнесмендер бар, біз осы бағытта жұмыс жасап жатырмыз», деді Б. Асылова.


Халық шеберлеріне құрмет көрсетілді

Өткен аптаның демалыс күндері ҚР Ұлттық музейінде республикалық Қазақстан қолөнершілерінің «Шебер-2018» конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болып өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.


Астанада жыл сайын Шебер байқауы өтіп тұрады, мақсаты – Қазақстанда қолөнер индустриясын дамыту, ұмыт болған халық қолөнерін қайта жаңғырту. Осы жылы байқауға 76 өтініш беріліп, 100-ден аса жұмыс ұсынылды. 27 шебер финалға өтті. Қолөнер туындысының көп бөлігін еліміздің әр аймағындағы шеберлер жасаған.


«Республикалық байқауға қатысу шеберлердің шығармашылығы мен туындысын дамытып, дәстүрлі мотивтің қатарына және қалыптасқан техника бойынша заманауи шешім мен жаңа қадам жасауға алып келеді. Шеберлердің арқасында біз негізгі мақсатымызға қол жеткіздік, ежелгі қолөнер түрін заманауи түрде дамытып, Қазақстандағы халық көркем қолөнерін қайта жаңғырттық», — деді ҚР қолөнершілер одағының төрайымы Айжан Бекқұлова. 


Байқауға келіп түскен жұмыстарды өнертанушылар, суретшілер, бизнес өкілдерінен құралған сарапшылар комиссиясы бағалады. Әділқазылар құрамының арасында Германиядан келген халықаралық зергер Мартин Демпф те бар. Шеберлерге 7 номинация бойынша марапаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Ал ең басты марапат «Хас шебер – 2018» күміс медалін — Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Суретшілер одағының мүшесі, музыкалық аспаптар дайындау бойынша мектептің авторы Жолаушы Тұрдығұлов жеңіп алды. Ол оның 6-шы марапаты.


Сонымен қатар, басқа да жеңімпаздар Таиландта өтетін халықаралық World Ikat Textiles Symposium – 2018 фестиваліне қатысатын жолдама алды.


Астанада аулаларды абаттандыру жұмыстары жалғасуда

Қыркүйек айында А. Кравцов көшесі үйлердің аулаларында жаңа балалар алаңдары, спорттық тренажерлар орнатылды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Жалпы бұрынғы Целинный шағын ауданында 5 аймақта көріктендірілу жүрді. Олар: А. Кравцова 3, 7, 7/1, Пушкина 1 және Пушкин 3/1 мекенжайында орналасқан үйлердің жанында. Балалар алаңы жасанды көгалдармен жабылған.

Айта кетейік, Астанада мыңнан астам аула ішілік аумақ бар. Осы жылы 400 аула абаттандырылды. Оның ішінде Алматы ауданында – 203, Байқоңыр ауданында – 73, Есіл ауданында -10, Сарыарқа ауданында — 100. Онда балалар алаңдары, тренажерлер, шағын сәулет нысандары пайда болды.

Астанада ерекше балаларға арналған алғашқы инклюзивті алаң ашылды


«Kunshyaq» инклюзивті платформасы әкімдіктің және «Ротари-клуб Астана» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен құрылды.


29 қыркүйекте астанада мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған ойын алаңы ашылды. Ол «Қазақстан» спорт кешені ғимаратының алдындағы алаңда орналасқан, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.


Жоба үшін арнайы 1382 шаршы метр алаң аумағы бөлінді. Алаңда 42 түрлі құрал-жабдық бар. Мұнда арба-орындығымен  бірге шыға алатын мүмкіндігі бар ойын кешендері, қауіпсіз әткеншектер, лайықталған құм-орындықтар, арнайы тактильді панельдер орнатылған.


Алаңның салтанатты ашылуына астана әкімдігінің өкілдері, «Ротари-клуб Астана» қоғамдық бірлестігінің президенті Ләззат Алшынова, АҚШ және Норвегия елшілігінің өкілі, «Қасиетті жол» қайырымдылық қорының және ДЦП балаларды оңалтудағы мамандандырылған орталықтың  президенті Гүлмира Әбелдинова қатысты.


 «Астана қаласы әкімдігінің атынан осы алаңның ашылуына қатысқандардың барлығына алғысымды айтқым келеді. Алаң өте ыңғайлы және қала үшін өте қажет орын. Мұндай жобалар қалада әлі де көбейе түспек. Қалада тек қауіпсіздікті ғана қамтамасыз ететін емес, біздің барлық тұрғындар үшін де арнайы бағдарламалар бар. Бұл жоба көзге айтарлықтай түседі деп ойлаймын. Біздің балаларымызды әкімдік дайындап отырған тағы бір сыйлық күтіп тұрғанын хабарлай кеткім келеді», — Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев.


Қазақстандағы зерттеулерге қарасақ, мүмкіндігі шектеулі балалар өзінің қатарластарынан медициналық көрсеткіш бойынша емес, әлеуметтік жағынан кенже қалып қойған, яғни белсенді түрде айналысу, қарым-қатынас және қозғалыс ойындары жоқ. Демек, инклюзивті ойын алаңын құру – ерекше күтімдегі балалардың игілігі үшін жасалған кезекті қадам.


«Кәдімгі алаңдарда арбаға таңылған балалар әткеншек пен сырғанақ ойындарын пайдалана алмайды. Ойнағысы келеді, бірақ мүмкіндігі шектеулі. Ал мұндағы әткеншекке арбасымен отырып, өздігінен тербеле алады. Барлығы тамаша жасалған. Барлық балалар үшін осындай жобалар ашылып, бүлдіршіндер әрдайым қуанып жүрсе екен. Себебі, ең бастысы – баланың бал күлкісі», — дейді ерекше баланың әжесі Дария Рахимова.


2 қазанда балабақшаға 300-ден аса жолдама беріледі

2 қазанда келесі мектепке дейінгі мекемелерде электронды жолдама беру басталады: № 95 «Almaty balabaqshasy» (Алматы к, 4) және№ 54 «Нұр-ай» (Қарқабат к, 15), деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.


Өз уақытында құжат тапсырған ата-аналар және орын алғандарға смс-хабарлама келеді. Балабақшаға берілетін жолдаманы анасы немесе әкесі ЭЦҚ-кілті арқылы E.ASTANA.KZ сайты арқылы алады.


Жолдама қазақ және орыс топтарына беріледі.


Айта кетейік, жоғарыда көрсетілген балабақшадағы орынды үш күннің ішінде (2, 3 және 4 қазанда) таңдауға болады. 5 қазан таңертеңнен бастап сұраныс болмаған орындар қолжетімді бос орындарға жүктеледі, яғни оны келесі кезектегілер алады.


Астаналық білім басқармасы астана тұрғындарына электронды кезекке қою туралы сұрақтар бойынша консультация күндері болатынын тағы да еске салады. Ол әр сәрсенбіде сағат 9-дан 18.00-ге дейін барлық мектепке дейінгі мекемелерде өтеді.


Толық ақпаратты мына телефондар арқылы алуға болады: 55-68-73, 55-68-83.


Айта кетейік, 2017 жылдан бастап 55 мың орын электронды жүйе арқылы берілді.


Тұрғын үй кезегіне тұрғандар (2006 жыл бойынша) құжаттарын жаңартуы қажет

Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы хабарлайды!


«Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 71-бабына сәйкес Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы (одан әрі Басқарма) коммуналдық тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған Қазақстан Республикасы азаматтарының кезектегі тізіміне жыл сайын түгендеу жүргізіледі.  


Осыған байланысты, құжаттарды жаңартуға 2006 жылға (қоса) коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждардың есебінде халықтың әлеуметтік осал топтарының тізімі бойынша тұрған кезектегілерге Басқарманың 3 кабинетке құжаттарды өткізу қажет: Астана қаласы, Достық көшесі 13 мекенжайы бойынша («Нұрсая-2 тұрғын үй кешені»).


Жұмыс уақыты сағат 8.30-дан 17.00-ге дейін, үзіліс сағат 13.00-ден 14.30-ға.


Тұрғын үй алу үшін тұрған азаматтар құжаттарды жаңартуға


мыналар қажет


  • Көшірмелер: өтініш берушінің және отбасы мүшелерінің (болған жағдайда) жеке басын куәландыратын құжаттар, туу туралы куәліктері; 
  • нотариалды куәландырылған азаматтық хал актілерін (туу, қайтыс болу, неке қию (ерлі-зайыпты болу), некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу, бала асырап алу, әке (ана) болуды анықтау, атын, әкесінің атын және тегін өзгерту) мемлекеттік тіркеу туралы куәліктердің көшірмелері;
  • мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері және мемлекеттік сайланбалы қызмет атқаратын адамдар жұмыс орнынан (қызметтен) анықтамасы, отбасы құрамын растайтын және кадрлар бөлімінен куәландырылған еңбек кітапшасының көшірмесі ұсынылады;
  • Артықшылықты растайтын құжаттардың көшірмесі (оралман куәлігі, зейнетақы кітапшасы, көпбалалы отбасы кітапшасы, 1 және 2 топтағы мүгедектердің дәрігерлік-консультациялық комиссияның анықтамасы, Ауғанстандағы әскери операцияларға қатысушы куәлігі, Чернобыль АЭС-да аварияны жоюға қатысушы куәлігі, 4-форма анықтамасы, әке болу туралы куәлік) растайтын құжатты қосымша ұсынады;
  • Халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтар әлеуметтік қорғау органынан күнкөрістің ең төменгі деңгейінің 3,1 есе мөлшерін растайтын жиынтық табыстың есебін беретін анықтамасы. 

(Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы, Достық көшесі, 13 үй, № 11 үстел).

Астана базарларында тәртіп орнатыла бастады

Әкімдікте Байқоңыр ауданында орналасқан «Алаш», «Шарын», «Сапар», «Әмір» және «Биг Шанхай» ірі базарлардың директорларымен жиналыс өтті. Базар әкімшілігіне мемлекетке тиесілі жер телімдерінде заңсыз салынған құрылысты бірнеше күннің ішінде бұзу туралы нұсқама берілді, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.


 


Жүргізілген маниторинг нәтижесінде аталмыш базарларда заңсыз салынған сауда және түрлі қызмет көрсететін 159 орын бар. Оның ішінде 26 – павильон, 14 дүңгіршек, 81 контейнер, сондай-ақ, кафе-асхана, қалқалар, жапсарлас құрылыстар, биодәретханалар. Әкімдік ақпараты бойынша осы орындарда жабайы сауда мен кассалық аппараттарды пайдаланбай, тіркеуден өтпеген сауда мен қызмет көрсету қызып тұр. Бұл нысандарда өртке қарсы қауіпсіздік және санитарлық нормалар сақталмаған, бұндай жағдай сатушылар мен сатып алушылардың денсаулығы мен өміріне қатер төндіреді.


Кейбір сауда орындары мемлекетке тиесілі жер телімдерінде салынған. Сонымен қатар, базар қожайындары мемлекетке тиесілі жерде салынған жаңағы сауда алаңдарын жалға беріп пайда тапқан.  


Әкімдік бұл заңсыздықты бірден тоқтатуды және үш күннің ішінде заңсыз сауда орындарын базарға тиесілі жер теліміне көшіруді талап етті.   


Сонымен қатар, қала әкімдігі аталған базарлар аумағында құрылыс салу жоспарларын қарастырды. Қазіргі кезде мақсатты қолдануы автотұрақ болуы тиіс жер телімдерінде сауда контейнерлері мен павилондар қойылған. «Егер ол жердің мақсатты қолданылуы автотұраққа арналса, онда сауда орындары емес автотұрақ болуы тиіс», деді әкімдікте. Базар иелеріне өздеріне бөлінген жерді мақсатына қарай пайдалану туралы ескертпе берілді және жуық арада орындалуы тиіс.


Сондай-ақ, жиында қалаға кіретін ірі жолдардың бірі Алаш тасжолындағы көлік жүйесіне тәртіп орнату мәселесі қаралды.  


Әкімдік басшылығы базарлар аумағына кіретін жолдар схемасын қайта қарау керектігін және ол жүрдек магистраль қозғалысына кедергі келтірмеу  керектігін айтты. Базарлар әкімшілігіне орталық кіреберіс есіктерді қарама- қайшы бетке ауыстыруды, ал көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасына  сатып алушылар үшін ыңғайлы кірме жолдар, аялдама павильондарын орнатуды қамтамасыз ету тапсырылды.


«Біз барлығы тәртіпке сай және қала тұрғындары үшін ыңғайлы болуын қалаймыз. Сіздердің сауда орындарыңызға тұрғындардың көбі бармайды, себебі онда ашығын айтқанда бей-берекетсіздік орын алған», деді әкімдікте «Алаш», «Шарын», «Сапар», «Әмір» және «Биг Шанхай» базарларының иелері мен директорларына.  


Анықтама:


8 айда елордада 250 заңсыз салынған құрылыс бұзылды, оның ішінде 23 сауда павильоны, 4 тұрғын үй құрлысы, 143 металл гараж, 4 жапсырма, 74 контейнер мен 2 қоршау.


Сот шешімімен 37 құрылыс бұзылған, оның 29 – коммерциялық, 8 –і тұрғын үй нысаны.


Өзіне тиесілі емес жерге өз бетімен күрделі құрылыстарды салу, шектеулер қою мен сауда контейнерлерін орнату арқылы жер телімдерін кеңейту жолымен айналысқан «Орталық базар», «Көк базар», «Шарын», «Алаш» базарларында орналасқан 5 субъекті әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды (жалпы сомасы 1 млн тг.).


Астанада қандай мамандықтар сұранысқа ие?

Елордалық жұмыспен қамту орталығы ең сұранысқа ие мамандықтарды айтты, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.


Астанада бәрінен бұрын сатушыларға сұраныс жоғары. Екінші орында бармендер, даяшылар және құрылысшылар.  Еңбек рыногы осы салаларда 23% тиісінше 24% ұсыныс жасайды. Ал сұраныс 25 % бен 18 % аралығында. Үшінші орында көлік қызметкерлері және логистика. Төртінші орында әкімшілік қызметкерлері. Еңбек нарығында осы салаларда ұсыныс 15% және 12% құрайды. Сонымен қатар, медбикелер, мұғалімдер қажет. Жалпы жұмыспен қамту орталығында қазаіргі күнде 6 мыңнан астам адам тіркелген.


Өз мамандығыңыз бойынша жұмысқа орналасу үшін орталықтың сайтына кіріп, міндетті түрде электронды адресті көрсетіп анкетаны толтырып тіркелу қажет. Сосын «іздеу» тетікшесінде қандай жұмыс, қандай тәртіпте толтырасыз. Ал, орталықтан бос жұмыс орындары туралы ақпарат сіздің поштаңызға келіп тұрады.