Әсет Исекешев елордалық құрылыс компанияларының өкілдерімен кездесті

Астана жаңалықтары: Әсет Исекешев елордалық құрылыс компанияларының өкілдерімен кездесті
Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев пен қаланың басты салушылары қалалық әкімдікте өткен кездесуде құрылыс қызметін дамытудың негізгі мәселелерін талқылады.

Кездесу барысында Ә. Исекешев құрылыс секторының елорданың индустриалды кешенінде жетекші орында екендігін және экономиканың барлық салаларын дамытуға елеулі үлес қосатынын атап өтті.

Құрылыс саласына салынған инвестициялардың негізгі қаржы көздері шаруашылық субъектілерінің өз қаражаты болып табылады, оның көлемі 227,6 млрд теңгені (59,3%) құрады, сондай-ақ 97,3 млрд теңге (25,3%) -мемлекет қаржысы, салымдардың бір бөлігі — құрылыстар мен ғимараттарды салу және күрделі жөндеу бойынша жұмыстар, олардың үлесі 76,7%, немесе 294,6 млрд теңгені құрады.

Тұрғын үй құрылысындағы инвестицияның шамамен 18% Астанаға тиесілі. Үстіміздегі жылдың жеті айында 74,1 млрд теңге инвестиция тартылды.

Кездесу барысында салушылар құрылыс барысында туындайтын проблемалық мәселелер бойынша өз ұсыныстарын жеткізді. Кездесуге «BI Group» компаниясы Директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев «Хайвилл Қазақстан» ЖШС бас директоры Канг Джон Дэ, «ОРДА INVEST» Корпорациясының» басқарма төрағасы Шалқарбек Тәліпов және басқалары қатысты.

Салушылар жер аумақтарын игеру саласындағы проблемалар, нақтырақ айтқанда, жерлердің шекарасында орналасқан жылжымайтын мүлікті сатып алуға байланысты қиындықтар туралы айтып берді. Сондай-ақ, кездесуге қатысушылар паркингтер салу кезінде тұрақ орындарына, құрылыс мерзімдерінің ұзақтығына және құрылыс жүргізуге рұқсат құжаттарын алу барысында қойылатын талаптардың тым жоғары екендігін жеткізді және т.б. Құрылыс компанияларының өкілдері елорданың қала құрылысы кеңесіне инвестициялаумен айналысатын бизнес өкілдерін қосуды ұсынды.

Кездесу қорытындысы бойынша елорда әкімі мемлекеттік органдарға құрылыс компанияларында туындайтын проблемаларды зерделеп, оларды шешу үшін тиісті тапсырмалар берді, сондай-ақ, бизнес пен мемлекеттік органдардың өкілдерінен құрылыстағы проблемалық мәселелерді шешу жөніндегі Комитет құрылатын болды.

Сонымен қатар, Ә. Исекешев жұмыстарды жүргізу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша құрылыс ұйымдарына қойылатын кейбір талаптарға тоқталды. Осы талаптар аясында салынып жатқан нысандардың сапасына, рұқсат құжаттарынсыз құрылыс жүргізуге, құрылыс алаңдарын тиісінше ұстамауға, құрылыс ұйымдарының жұмыскерлерінің тұруы, тұрмысы мен тамақтану жағдайларына, сондай-ақ еңбек мигранттарының көші-қон процесін және тұрғын үйлерді заңсыз сату мәселелерін бақылауға баса назар аударылды.

Әсет Исекешев кездесуге қатысушыларға заң талаптарын сақтау мен бұзушылықтарға жол бермеу бойынша кеңес берді.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11178
Әрі қарай

Жұмыспен қамту орталығына 8 мыңнан астам жүгінді

Астана жаңалықтары: Жұмыспен қамту орталығына 8 мыңнан астам жүгінді
Жұмыспен қамту орталығына 8 487 адам жүгінді. Олардың 4 233 адамы тұрақты жұмыс орындарына, 1 244 адам қоғамдық жұмыстарға жіберілді. Сондай-ақ, 623 адам кәсіптік оқытудан өтіп жатыр, 435 түлек жастар практикасына қатысуда, 105 жұмыссыз азамат әлеуметтік жұмыстарға орналастырылды.

Мұнымен қоса, жыл басынан бері 9 Бос орындар жәрмеңкесі, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі тұлғалар үшін, әйелдер мен жастар және арнайы білім беру саласына да қатысты жәрмеңкелер өткізілді. Жұмыспен қамту орталығы жұмыс берушілерді «Халықты жұмыспен қамту туралы» ҚР Заңының нормалары мен ережелерін сақтау туралы ақпараттандырады.

Сонымен қатар, «Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» бағдарламасы туралы елорда тұрғындарын хабардар етумен айналысатын мобильді топ жұмыс істейді. Елорда тұрғындары еңбек нарығындағы жағдай мен кадрларға сұраныс жайлы толық ақпарат ала алады.

Бұрын хабарланғандай, үстіміздегі жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша елордамызда еліміздің басқа аумақтарымен салыстырғанда жұмыссыздық деңгейі төмен болып, 4,7%-ды құрады. Сонымен қатар, қолға алынған шаралардын нәтижесінде әйелдер жұмыссыздығы 1,6 пайыздық бөлікке (6,3%-дан 4,7%-ға ) және жастар жұмыссыздығы 0,4 пайыздық бөлікке (5,6% -дан 5,2%-ға) төмендеген.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11174
Әрі қарай

Ата-аналар оқушылардың үлгерімін қосымшаның көмегімен бақылайды

Астана жаңалықтары: Ата-аналар оқушылардың үлгерімін қосымшаның көмегімен бақылайды
Енді ата-аналар оқушылардың үлгерімін электронды түрде бақылай алады. Биыл Edupage порталы арқылы Astana Learning Management System жобасы іске қосылады. Аталған жүйе веб-сайт форматында да, смартфондар мен планшеттерге арналған мобильді қосымша түрінде де жасалды.

Edupage порталының көмегімен сабақ кестесімен, бағалармен, үй тапсырмаларымен кез келген уақытта танысып, сабаққа қатысу журналын, асхана мәзірін көріп, қосымша оқу материалдарын алуға, тіпті сауалнамаларға да қатысуға болады.

Жоба мектеп жаңалықтарын, алмастырушы мұғалім, өткізілетін жиналыс немесе шаралар туралы ақпаратты тәулік бойы оқуға мүмкіндік береді. Ата-аналар мектеп әкімшілігімен және әр мұғаліммен тікелей байланыс орнатады.

Ал мұғалімдер болса, осы жүйенің көмегімен сабақ кестесін автоматты түрде жасап, барлық бағаларды электрондық түрде тіркейді.

Қосымшаны Play Market пен App Store-дан жүктеп алуға болады.

Жүйе іске қосылған кезде мектеп әкімшілігі оқушыларға пароль сөздер таратады.

Айта кетейік, бағдарлама ғаламтордың ең төмен жылдамдығымен жұмыс істейді.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11172
Әрі қарай

Елордада 31,8 млрд теңгенің 6826 нысаны заңдастырылды

Астана жаңалықтары: Елордада 31,8 млрд теңгенің 6826 нысаны заңдастырылды
Бүгінгі таңда Астана қаласының жергілікті атқарушы органдарына жалпы сомасы 95,5 млрд теңгені құрайтын 7405 өтініш келіп түсті. Соның ішінде, тұрғын және тұрғын емес нысандар, коммерциялық нысандар, сондай-ақ заңды тұлғаларға қатысу үлестері бар. Барлығы жалпы құны 31,8 млрд теңгені құрайтын 6826 нысан заңдастырылды.

Астана қаласының мемлекеттік кірістер органдарына шетелде орналасқан 10 нысан бойынша 440,8 млн теңгені құрайтын 8 арнайы декларация ұсынылды. Сонымен қатар, ҚР тыс орналасқан 6,3 млн теңгені құрайтын үш заңды тұлғаларға қатысу үлесі заңдастырылды.

Ақша қаражатын заңдастыру да жүргізіледі. Жалпы құны 416,3 млрд теңгені құрайтын 284 арнайы декларация ұсынылды, соның ішінде 8,3 млн теңге мөлшерінде 10% алым төлеу арқылы шотқа енгізбестен 82,5 млн теңге заңдастырылды. Сонымен қатар, 8,1 млн теңгені құрайтын бағалы қағаздар заңдастырылды.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11152
Әрі қарай

«Арай» саябағында тамақ пен сән фестивалі өтеді

Астана жаңалықтары: «Арай» саябағында тамақ пен сән фестивалі өтеді

Тамыздың 27-сі мен 28-і күндері «Арай» саябағында сағат 12-ден кешкі 20-ға дейін Astana food and fashion festival атты тамақ пен сән шарасы өтеді. Фестиваль ҚР Конституция күніне орайластырылып отыр. Келушілер ерекше ас мәзіріндегі тағамдардан дәм татып, қаладағы үздік дәмханалар мен мейрамханалардың қызықты ұсыныстарымен танысады. Сонымен қатар, фестиваль қонақтары отандық дизайнерлердің жаңа коллекцияларын, қолдан жасалған өнер туындыларын, аксессуарлар мен қазіргі заманғы қазақстандық суретшілердің арт-жобаларын тамашалайды.

Саябақ аумағы бірнеше аймаққа бөлінеді. Дәстүрлі «Шатыр», «Жерұйық» және «Көк базар» секцияларынан басқа, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ мейрамханалар мен дәмханаларға, қазақстандық кәсіпкерлер мен ШОБ өкілдеріне ақпараттық-таныстыру секторын ұсынады. Ал Pop Up Shop Astana аймағында дизайнерлік киім, әшекейлер, интерьер заттары мен көркемсурет галереясы жәрмеңкесі ұйымдастырылады.

Елордалық жетекші аспазшылар дұрыс тамақтану бойынша шеберлік сыныптарын, сайыстар өткізіп, дәрістер оқиды.

Айта кетейік, шараға Астана қаласының Recommended by EXPO-2017 серіктестері де қатысады.

Шара барысында бүкіл отбасыға арналған жәрмеңке өткізіліп, кроссфитке арналған ашық алаң жасалады. Балалар батуттарда секіріп, аквагрим, көркемдік пленэрлер, қолөнер студияларына, түрлі ойындарға қатысып, көңіл көтереді. Саябақтағы «Кинотеатр» секторында заманауи фильмдер көрсетіледі, ал «Чиллаут» аймағында қонақтарға ыстық кофе ұсынылады.

Astana food and fashion festival шарасы қазақстандық өнімдерді, брэндтер мен маркаларды дамытуға, отбасылар үшін қауіпсіз демалыс ұйымдастыруға, халықты салауатты өмір салтын ұстануға тартуға, сондай-ақ, қала тұрғындарын аспаздық пен сән әлеміндегі жаңалықтармен таныстыруға бағытталған. Биыл мерекелік шараға 10 мың адам келеді деп күтілуде.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11154
Әрі қарай

Астанада білім саласының қызметкерлеріне арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтеді

Астана жаңалықтары: Астанада білім саласының қызметкерлеріне арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтеді
11 тамызда елордада өтетін кезекті тоғызыншы бос жұмыс орындары жәрмеңкесі білім саласына арналмақ. Жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер «Жастар» сарайында бас қосады.

Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне мектепке дейінгі ұйымдар, балабақшалар, мектептер мен колледждердің өкілдері қатысады.

Астана қаласы Жұмыспен қамту орталығының мамандары тамыз айында білім саласындағы кадрлар қажеттілігі артатындықтан шара барысында педагогтарға басымдық берілетінін атап өтті.

Астаналықтар сағат 10.00-13.00 аралығында жұмыс берушілермен танысып, сұхбаттасып, өз түйіндемелерін қалдыра алады.

Айта кетейік, Жұмыспен қамту орталығы жыл соңына дейін 12 бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11130
Әрі қарай

Астаналық саябақта заманауи жағажай ашылды

Астана жаңалықтары: Астаналық саябақта заманауи жағажай ашылды
Астаналық саябақтағы «Оазис» жағажай клубында уақытты қызықты өткізуге болады. Кешенде ашық бассейндер, SPA-ванна, жазғы дәмхана, волейбол ойнайтын алаң, трамплиндер, сырғанақтар мен субұрқақтар орналасқан. Күн жылы болғанда мұнда жүзге жуық қала тұрғыны мен қонақтары демалады.

Астана жаңалықтары: Астаналық саябақта заманауи жағажай ашылды
Жағажай клубы Астаналық саябақты қайта жөндеу аясында ашылды.

– Кешен қажетті әрі пайдалы болып шықты. Астанада жазда кез келген отбасы демалысқа бара бермейді, ал мұнда жақсы демалуға болады, кешен инфрақұрылымы әлемдік шипажайлардағы қонақ үйлерден еш кем емес, – дейді Астаналық саябақ басқарушысы Ғани Хасенов.

Астана жаңалықтары: Астаналық саябақта заманауи жағажай ашылды
«Оазис» кешені күн сайын сағат 11-ден кешкі 21.00-ге дейін жұмыс істейді.

Кешен аумағында үш бөліктен тұратын (жалпы, балаларға арналған және SPA-ванна) суы жылытылатын бассейн, сондай-ақ, әлемдік стандарттармен жасалған спорттық бассейн орналасқан. Су ұдайы сүзгіден өткізіліп отырады. Сонымен қатар, күнде таңертең бассейндер арнайы су электр шаңсорғыштармен тазартылады.

Астана жаңалықтары: Астаналық саябақта заманауи жағажай ашылды
Демалушылар ашық аспан астында волейбол алаңында күш сынасады. Айналадағы күркелер мен жазғы дәмханалардан салқын сусындар алып, жүрек жалғауға болады. Тамақты өзіңмен бірге ала келуге де тыйым салынбаған. Кішкентай астаналықтар мен қала қонақтары сырғанақтарға шығып, субұрқақтарда ойнап, көңіл көтереді.

– Мұнда ата-анаммен бірге келдім. Маған өте ұнайды. Біз жиі келіп тұрамыз, – дейді 11 жасар Аянат Бақытжанова.

Ересектер үшін жағажайға кіру билетінің құны — 5000 теңге, балалар үшін – 3000 теңге, 3 жасқа дейінгі балалар үшін кіру тегін. Дүйсенбі күндері халықтың әлеуметтік осал топтары клубқа тегін кіреді.

– Бүгін күн жылы болған соң құрбыларыммен бірге келдік. Осындай бассейн бар екенін естіп, өз көзімізбен көрейік деп шештік. Балаларымызды ойнатып, демалып қайтпақпыз. Бізге де, балаларға да ұнады, – дейді Камила Бушенеева.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11129
Әрі қарай

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – елорда әкімдігі қызметінің басым бағыты

Астана жаңалықтары: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – елорда әкімдігі қызметінің басым бағыты
Елорда әкімдігінің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары үшін бизнес өкілдерімен жұмысты ұйымдастыру жөніндегі жаңа талаптар белгіленді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту жөніндегі Ведомствоаралық комиссияның отырысында Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев тиісті тапсырма берді. Отырысқа қала әкімдігінің барлық құрылымдық бөлімшелерінің, ведомствоға қарасты ұйымдар мен ведомстволардың басшылары қатысты.

Елорда әкімі басқармалардың басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саясатын жүзеге асыруға немқұрайлы қарайтынын атап өтіп, осы бағытта пәрменді шаралар қабылдауды тапсырды.

Ә. Исекешев әкімшілік тосқауылдарды қысқарту бойынша жұмыстарды жалғастыруды және әкімдікте көрсетілетін барлық мемлекеттік қызметтердің айқындылығы мен жариялылығын қамтамасыз етіп, талдау жүргізуді тапсырды.

Сонымен қатар, қала басшысы жер учаскелерін беру және құрылыс барысында тендерлер өткізу және орындалған жұмыстар актілеріне қол қою кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталған бірқатар тапсырмалар берді.

Елорда әкімдігі мен ведомствоға қарасты құрылымдардың ғимараттарының бірінші қабаттарында бейнебақылау камераларымен және дыбыс жазатын құралдармен жабдықталған кәсіпкерлермен кездесулер өткізу үшін арнайы орынжайлар ұйымдастырылады. Кездесулер комиссиялардың қатысуымен өтеді, бұл басшылардың кәсіпкерлермен жеке байланысқа шығуына жол бермейді. Әкімдіктің барлық құрылымдық бөлімшелерінің басшыларына құжатқа қол қою үшін кәсіпкерлік субъектілерін өз кабинеттерінде қабылдауға тыйым салынды. Сондай-ақ, жұмыстан тыс уақытта тендер жеңімпаздарымен кездесуге тыйым салынды.

«Қоғамның мемлекеттік қызметшілерге қойған моральдық-адамгершілік талаптары жоғары», — деді Ә. Исекешев.

Мемлекеттік қызметшілер жұмыстан тыс уақытта жалпыға белгіленген моральдық-этикалық нормаларды ұстануы керек, қоғамға қарсы жүріс-тұрыс жағдайларына жол берілмеуі керек. Қала басшысы мемлекеттік қызметкерлердің Әдеп кодексіне сәйкес тәртіп стандарттарын сақтауға баса назар аударып, қызметтік көліктерді жұмыстан тыс уақытта және жеке мақсатта пайдаланудың заңға қайшы әрекет екендігін де еске салды.

Астана әкімі «Астана Су Арнасы» МКК, «Коммуналдық меншік қоры» МКК, «Қалалық жылжымайтын мүлік» МКК, «Астанаэнергосервис» АҚ, «Астанатеплотранзит» АҚ, «Астана-РЭК» АҚ және т.б. кәсіпорындардың басшыларына да сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасын бұзу фактілері тіркелген жағдайда, бірінші басшылар өздері жетекшілік ететін мемлекеттік орган үшін жеке жауап беретін болады, — деді әкім.

«Анықталған кез келген жағдай қоғам алдында тұтастай әкімдіктің беделін түсіріп, азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін жоғалтады. Сондықтан осы шаралардың бәрі лауазымды тұлғалардың да, жалпы, мемлекеттік органның да қызметінің айқындылығын қамтамасыз ету үшін қажет»,- деді Ә. Исекешев.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11115
Әрі қарай

Астана қонақтарына тегін жаяу экскурсиялар өткізіледі

Астана жаңалықтары: Астана қонақтарына тегін жаяу экскурсиялар өткізіледі
Елордада тегін жаяу экскурсиялар жобасы қарқынды дамып келеді, туристер аудиогидтің көмегімен қаланың басты көрікті орындары туралы толық ақпарат ала алады. «Хан шатыр» сауда, ойын-сауық орталығына қарсы және «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаңда арнайы шатырлар орнатылды.

– Идея Нұржол желегін, оның жанындағы көрікті жерлерді барынша кеңінен танымал етуге негізделген, қала қонақтары мен шетелдіктер кепілге аздап ақша қалдырып, аудиогидпен желекті аралайды, жаңалықтармен танысады, – дейді «Астана Конвеншн Бюро» ЖШС директорының орынбасары Амантай Әбілов.

Аудиогид пен жолсілтемені сағат таңғы 10-нан кешкі 22-ге (онға) дейін кепілге 5 мың теңге қалдырып, алуға болады. Жабдықтарды тапсырған соң ақшаны қайтарып аласыз. Жаяу экскурсиялар кезінде «Хан шатыр» сауда, ойын-сауық орталығы, Ғашықтар саябағы, «Қазмедиа орталығы» ғимараты және басқа да нысандар туралы ақпарат төрт тілде: қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерінде ұсынылады.

– Алдағы уақытта аудиогидті прокатқа беретін тағы да 3 орын ашуды жоспарлап отырмыз. Мысалы, орталық саябақта, жағалауда, атаулы көшелерде шатырлар орнатылады. Тілдер саны көбейеді, – деді Амантай Әбілов.

Аталған жоба 20 маусымда іске қосылды, осы күнге дейін 100-ге жуық адамға қызмет көрсетілді. Тегін экскурсиялар шетелдіктердің де, басқа қалалардан келген қазақстандықтардың да арасында кеңінен қолданыс тапты.

Айта кетейік, елорданы ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындау, туристік тартымдылықты жақсарту аясында үш экскурсиялық автобус қатынайды. Қазіргі кезде қала бойынша жаяу жүргіншілерге бағыт-бағдарды анықтауға мүмкіндік беретін үш тілде 100 жуық пилон мен 140 жол көрсеткіш орнату жұмыстары басталды.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11103
Әрі қарай

Елордада алғаш рет үшсайыстан жарыс өтті

Астана жаңалықтары: Елордада алғаш рет үшсайыстан жарыс өтті
Жексенбі күні Астаналық саябақта 200 астам адам Super sprint triathlon Astana – 2016 жарысында шеберлік байқасты. Жарыс үш кезеңмен өткізілді: 350 метрге жүзу, велосипедпен 20 шақырымды бағындыру және 2,5 км жүгіру.

Паркке жарысқа қатысушыларды қолдау үшін жанкүйерлер де жиналды. Спортшылар Есіл өзенінде жүзген соң велосипедке отырды. Белгіленген қашықтықты бағындырғаннан кейін жүгіруге қатысты.

Астана қаласының спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Берік Маржықпаев елорда тұрғындары мен қонақтарына алғыс айтып қана қоймай, өзі де жарысқа қатысты.

— Жарысқа қатысқандықтан оның не екенін білемін, бұл спортта денеге ерекше талаптар қойылады. 350 метрге жүзу оңай емес екен. Бүгінгі спорт мерекесі жақсы өтті. Көңіл күй керемет. Қатысушылардың 147-сі әуесқой, 27-сі кәсіпқой спортшы, меніңше, бұл үлкен жетістік, баршаға қатысқандары үшін алғыс айтамын, — деді Берік Маржықпаев.

Үшсайысқа 18 жастағы және одан асқандар қатысты. Мәреге жеткенде жеңімпаздар бірнеше санат бойынша анықталды. Әрбір қатысушының уақыты тіркеу кезінде берілген жеке чиптің көмегімен белгіленді.

Ерлер арасында үш қашықтықты 54 минут 48 секундта бағындырған Александр Автушко абсолютті жеңімпаз атанды. Әйелдер арасында 1 сағат 9 минут уақыт көрсеткішімен оның жұбайы Анастасия Автушко үздік атанды. Кәсіпқойлардың спорттық әулеті триатлонннан жарысқа Шымкенттен келді.

— Триатлоннан бұрыннан айналысып келеміз, мен 2002 жылдан бері, жұбайым 2008-ден бастап. Бала кезімде достарым шақырған, уақыт өте келе бұл спорт түрімен етене таныстым. Үш түрлі спорт, өте қызық. Бәрі жақсы өтті, ұйымдасқан. Бүгін ауа райы өте жақсы, — дейді Александр Автушко.

Айта кетейік, ұйымдастырушылар үшсайыстан жарысты дәстүрге айналдыруды жоспарлап отыр.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11090
Әрі қарай