1 қазанда «Алау» МС қысқы маусым ашылады

Астана жаңалықтары: 1 қазанда «Алау» МС қысқы маусым ашылады

1 қазанда «Алау» мұзайдыны сарайында бұқаралық коньки тебу маусымы ашылады. Қазіргі кезде дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Келушілерге 400 метрлік жол, хоккей мен мәнерлеп сырғанауға арналған корттар ұсынылады. Айдындардағы мұз озық технологиялар мен жоғары сапалы материалдарды қолдана отырып құйылады.

Биылғы маусымда хоккей кортында EХPO-2017 логотипі, ал жүгіру жолында – ұлттық ою-өрнек бейнеленеді.

Мұздың жалпы ауданы — 9200 м², ол үшін 460 000 литр су қажет. Бұл ретте ауа температурасы аренада +13; +16°C, ал мұз үстіндегі температура — минус 5°C құрайды.

Еске салайық, жазғы маусымда «Алау» спорт орталығына 12 710 адам келген, соның ішінде 1500 оқушы қалалық мектептердің жанындағы лагерьлерге барған балалар. Сонымен қатар, көп балалы отбасылардан шыққан 250 бала сарайда сүйікті спорт түрлерімен айналысу мүмкіндігіне ие болды.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11365
Әрі қарай

Мәскеуде Астана күндері өтіп жатыр

Астана жаңалықтары: Мәскеуде Астана күндері өтіп жатыр

Ресей астанасы Мәскеу қаласында Астананың мәдениет күндері аясында бірқатар іскерлік және мәдени шаралар өтіп жатыр. Елорда әкімі Әсет Исекешев Мәскеу мэрі Сергей Собянинмен кездесті. Сонымен қатар, қос астананың іскерлік ынтымақтастығы форумы, іскерлік топ өкілдерінің кездесулері ұйымдастырылады. Шаралар әлемдегі ең ірі экспозициялық алаң — Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінде этноауылдың ашылуынан басталды. Ресми шараға елорда басшысы Әсет Исекешев пен Мәскеу Үкіметінің министрі Сергей Черемин қатысты.

Этноауыл аумағында бірнеше тақырыптық киіз үй тігілді — «Ақ Орда», «Аңшының үйі», «Шеберлердің киіз үйі», «Қолөнершілер шеберханасы» және т.б. Сонымен қатар, келушілерге ұлттық тағамдар ұсынылды.

Этноауыл аумағында алдағы «ЭКСПО-2017» көрмесіне арналған павильон орнатылды. Экспозиция Мәскеу уақыты бойынша сағат 22.00 ашылады.

Астана күндері аясында Ресей астанасында қала тұрғындары мен қонақтарының назарына қазақ халқының мәдениетімен танысуға мүмкіндік беретін көптеген іс-шаралар ұйымдастырылады, елордалық театр әртістері мен танымал қазақстандық шоу-бизнес өкілдері өз өнерлерін ортаға салады. Бүгін Мемлекеттік Кремль сарайының сахнасында қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өтеді. Театр сүйер қауым «Томирис – Сақ патшайымы» қойылымы мен бейнелеу өнерінің «Жусан иісі» көрмесін тамашалай алады.

Бұдан басқа, шара аясында бірқатар іскерлік кездесулер өткізу, «Мәскеу қаласының бірыңғай геоақпараттық кеңістігін», Спорттық инновациялық технологиялар және құрама командалар дайындау орталығын, Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығын аралау, сондай-ақ, Мәскеу аумағында жәрмеңкелер ұйымдастыру ерекшеліктерімен танысу жоспарланған.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11374
Әрі қарай

Елордада «ЖасStart» спорт фестивалі өтеді

Астана жаңалықтары: Елордада «ЖасStart» спорт фестивалі өтеді
Алдағы демалыс күндері «Астана Жастары» жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Қ. Мұңайтпасов атындағы стадионда сағат 10-нан 18-ге дейін спорт пен салауатты өмір салты фестивалі өтеді.

Іс-шараға қала тұрғындары мен қонақтары, аула клубтарының тәрбиеленушілері қатысады. Олар шағын-футбол, шахмат, үстел теннисі, стритбол ойнап, кроссфит пен армрестлингке арналған алаңдарда жаттығады.

Сондай-ақ «ЖасStart» фестивалі аясында спорт тауарларының жәрмеңкесі өтеді. Мұнда спорт тауарлары мен киімдер туралы ақпарат алуға, жаттығу құралдарын сынап көріп, сатып алуға болады, елордалық спорт федерациялары жаттықтырушыларының шеберлік сыныптары өтеді. Мұнымен қоса, қатысушыларға қаладағы фитнесс-клубтар мен спорт ұйымдары туралы мәліметтер ұсынылады. Кіру тегін.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11357
Әрі қарай

Отбасы күніне арналған шараларға 155 мыңнан астам елордалық қатысты

Астана жаңалықтары: Отбасы күніне арналған шараларға 155 мыңнан астам елордалық қатысты
Отбасы күніне арналған шараларға 155 мыңнан астам елордалық қатысты. Аталған мереке Қазақстанда үш жылдан бері қыркүйектің әрбір екінші жексенбісінде тойланып келеді. Елорда әкімдігінің мерекелік жоспарына сәйкес, 30 астам шара өткізілді, оның басым бөлігі «25 ізгі іс» акциясы аясында халықтың әлеуметтік осал топтарына қайырымдылық көмек көрсету мақсатында өткізілді. Соның ішінде тұрмысы төмен және көп балалы отбасылардан шыққан балалар саябақтарға, спектакльдер мен концерттерге барды, мұқтаж отбасыларға материалдық көмек көрсетілді.

Сонымен қатар, «Астана» балалар деревнясында Олимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлерінің қатысуымен «Тату және бақытты отбасы!» спорттық-зияткерлік мерекесі ұйымдастырылды; «Мамандандырылған бала үйі» МКК 45 әлеуетті бала асыраушыға Ашық есік күні өткізілді. Елордалық үш перинаталды орталықта жаңа туған сәбилерге естелік сыйлықтар табысталды. Бұл күні 71 нәресте дүниеге келді, соның ішінде 30 ұл және 41 қыз.

«Балалар арбаларының шоуына» қатысушылар да көп болды, сондай-ақ, Астана қаласының Мемлекеттік академиялық филармониясы әртістерінің отбасылық жұптарының қатысуымен мерекелік концерт, оқушылар арасында «Әке, ана және мен» сурет байқауы және т.б. ұйымдастырылды.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11353
Әрі қарай

Астанада туризм бойынша халықаралық конференция өтті

Астана жаңалықтары: Астанада туризм бойынша халықаралық конференция өтті
Бүгін, 12 қыркүйекте елордада «Астана ЭКСПО-2017» көрмесіне келушілерді тарту мақсатында халықаралық конференция өтті. Оған Қазақстанның өңірлерінен 200 және Ресей, Қытай, Еуропа, Азия мен ТМД мемлекеттерінен 100 туроператор қатысты.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Бектұрова Малика Ерланқызы конференция қонақтарын ЭКСПО-2017 көрмесі барысында өткізу жоспарланған шаралармен таныстырды.

Сонымен қатар, конференция аясында Қазақстанның туроператорларымен көрмеге 70 мыңға жуық билет сату туралы меморандумға қол қойылды.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11330
Әрі қарай

Астанада тұңғыш рет «Астана жұлдызы» республикалық турнирі өтті

Астана жаңалықтары: Астанада тұңғыш рет «Астана жұлдызы» республикалық турнирі өтті
Елорданың іргесіндегі «Қазанат» атшабарында алғаш рет «Астана жұлдызы» республикалық турнирі өтті. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған дүбірлі доданы Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев салтанатты түрде ашты.

Ұлттық спорт түрлерінен өткен турнирге еліміздің 14 облысынан және Астана мен Алматы қалаларынан командалар келді.

— Ұлттық спорт түрлері біздің терең тарихымыз бен мәдениетіміздің ажырамас бөлігі. Астана қаласының әкімдігі ұлттық спорт ойындарының жандануына, бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға үнемі қолдау көрсетіп келеді. Осы мақсатта жыл сайын қаламызда ұлттық ойындар мен жарыстар бойынша 200-ден аса іс-шара өткізілуде. Енді міне, тағы бір жобаны іске асырып отырмыз. Бүгінгі фестиваль дәстүрлі спорт ойындары мен ұлттық салт-дәстүрімізді жаңғыртқан, халыққа рух берген, Тәуелсіздік мерейтойына арналған керемет шара. Елорда әкімдігі алдағы уақытта да осындай жобаларды қолдап, ұлттық спорт түрлері мен салт-дәстүрлерімізді насихаттауға көңіл бөлетін болады. Елбасымыздың бастамасымен осы «Қазанат» атшабарында жалпы көпшілікті ұлттық спорт түрлеріне баулитын арнайы Орталық ашуды жоспарлап отырмыз.

Құдай қаласа, мұнда қарапайым халыққа атқа мінуді үйренуге, аударыспақ, асық ату, тоғызқұмалақ ойнауға және өзге де ұлттық спорт түрлерін үйренуге жағдай жасалады. Президентіміз 2020 жылға дейін халықтың 30 пайызын дене шынықтыру мен спортқа тарту туралы тапсырма бергенін білесіздер. Осы ретте, Астана қаласының әкімдігі алдағы екі жылда бұқаралық спортты дамыту мақсатында қала бойынша 22 спорт алаңын салуды жоспарлауда, — деді елорда басшысы Әсет Исекешев.

Ат шаптырым жерде халық алдымен теңге ілу сайысын тамашалады. Одан кейін Қыз қуу көптің көңілінен шықты. Ал білектілер Аударыспақта ат үстінде алысты. Үш күнге жалғасқан турнирде көкпаршылардың ішінен Астана құрамасы мен Ақмола облысының командасы финалда сынға түсті.

Думанды шара барысында «Қазанатқа» қазақ ауылы қонды. Мұнда 13 киіз үй тігіліп, жиналған жұртқа ұлттық тағамдардан дәм ұсынылды. Сондай-ақ жастар үшін алтыбақан құрылып, балалар асық ойнап, ләңгі тепті.

Сонымен, «Алтын жұлдызы» республикалық турнирінің бас жүлдесіне Астана әкімі Әсет Исекешев автокөлік тікті. Бұл жүлденің иегері орта қашықтықтағы жүйріктер бәйгесінде анықталды.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11323
Әрі қарай

Астана әкімінің бас бәйгесі Байторы сәйгүлігіне бұйырды

Астана жаңалықтары: Астана әкімінің бас бәйгесі Байторы сәйгүлігіне бұйырды
Астанада Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай алғаш рет өткен «Астана жұлдызы» республикалық турнирі өз мәресіне жетті. Елорда әкімі Әсет Исекешев тағайындаған бас жүлде автокөлікті Байторы сәйгүлігімен Алматы облысынан келген шабандоз Ержігіт Төлегенов иеленді.

«Қазанат» атшабарында өткен бұл турнирде орта қашықтықтағы бәйге 9 шақырымды қамтыды. 5 айналымға созылған бұл қашықтыққа 30 жүйрік шапты.

Байторы сәйгүлігінен соң мәреге екінші болып жеткен Жұматай Ақжол Триумп жүйрігімен 2-орынды, ал шабандоз Асқар Омаров Қыран атты тұлпарымен 3-орынды иеленді.

Сонымен қатар, Теңге ілу сайысында бойынша 1-орынды Берікқали Жақишев алды. Одан кейінгі жүлде – Әлихан Бәшімбаевқа, 3-орын Бақытжан Сапарбековке бұйырды.

Жамбы ату сайысына қатысушылар ат үстінде шауып келе жатып садақпен нысана көздеді. Бұл сайыста мергендігімен танылған Тілекқали Ізденбаев бәрінен үздік болды. 2-орынды Елдос Бадашев алса, 3-орынға Саят Қыстаубаев лайық болды.

Аударыспақта балуандар ат үстінде жүріп күш сынасты. Бұл сында 1-орынды Біржан Қосалиев иеленді. 2-орынның иегері Арман Сағымбаев, 3-орынның иегері Данияр Смайлов атанды.

Асау үйретуде Өмірбек Төлегенов 1-орын, Ерасыл Диханбаев 2-орын, Жанәділ Ғазизов 3-орын алды.

Ал көкпардың финалында Астана қаласының құрамасы мен Ақмола облысының командасы кездесіп, бас жүлдені сарапқа салды. Нәтижесінде астаналықтар қарсыластарын 6:0 есебімен жеңіп, 1-орын алды. 2-орынды Ақмола облысы, 3-орынды Қостанай облысы иеленді.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11325
Әрі қарай

Астанада Алматы облысының ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтіп жатыр

Астана жаңалықтары: Астанада Алматы облысының ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтіп жатыр
Бүгін, 10 қыркүйекте Астанада Б. Момышұлы даңғылындағы Оқушылар сарайының жанында Алматы облысының ауыл шаруашылық тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі өтіп жатыр.
Алматы облысы ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Сексенбай Бекішевтің айтуынша, аймақ өндірушілері жәрмеңкеге 160 млн теңгеден астам соманың 370 тонна өнімін әкелді.
— Қазақстан Республикасының 25 жылдығын мерекелеу аясында елордада Алматы облысының 16 ауданы мен үш қаласының 85 өндірушісінің қатысуымен ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтіп жатыр. Астаналықтар жәрмеңкеде жаңа піскен өнімдерді жалпықалалық деңгейден төмен бағамен сатып ала алады, — деді Астана әкімінің орынбасары Малика Бектұрова.
Шараға адамдар көптеп келіп жатыр. Алматы облысының шығармашылық ұжымдары өз өнерлерін ортаға салуда.
Оқушылар сарайының жанында өтіп жатқан Алматы облысының жәрмеңкесі 11 қыркүйекке дейін жалғасады.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11322
Әрі қарай

«Астана Опера» театрында жаңа маусым ашылады

Астана жаңалықтары: «Астана Опера» театрында жаңа маусым ашылады
Елордалық опера және балет театры өзінің төртінші маусымын А. Жұбанов пен Л. Хамидидің «Абай» операсымен ашады. Белгілі режиссер Джанкарло дель Монако (Италия) мен көрнекті қоюшы дирижер Алан Бөрібаевтің қойылымындағы бірегей ұлттық спектакль Астана тұрғындары мен қонақтарына III Халықаралық «Жібек жолы» фестивалінің аясында ұсынылады.

Биыл қазақтың композиторлық өнерінің алыптары – А. Жұбанов пен Л. Хамидидің туғанына 110 жыл толады. Қазақ-итальяндық шығармашылық топ жүзеге асырған опера, қазақ философиясының данышпаны – Абай Құнанбайұлының өмірдегі қызметі, құндылығы мен армандары жайлы баяндайды. Қойылым сол кезді шынайы етіп, дәлме-дәл жеткізеді.

— Классикалық опералық спектакльді итальяндық мектептің көзімен ұсынған көркемдік-қойылымдық топ, операда бірінші кезекте, музыкада берілген драматургиялық қақтығыстарға апаратын адам құштарлығының көрінісін тыңдарманға эмоциялық тұрғыдан бірге бастан кешіруді көздеген. «Абайды» тек осылай көрген олар, театрдың керемет кәсіби деңгейін пайдалана отырып, ұлттық негізді ескеретін қойылым жасады, — дейді операның тұсаукесерінде болған өнертану ғылымдарының докторы, ҚазҰӨУ профессоры Үмітжан Жұмақова.

Бірінші актінің екінші көрінісіндегі Абайдың таңғажайып үйі, ойшылдың рухани байлығын жеткізіп, көрерменді таң қалдырады. Ақынның шығармашылығын осылайша сезінген атақты суретші-сценограф Эцио Фриджерионың (Италия) сценографиялық жұмыстары әркез таңдай қақтырады. Франко Скуарчапино (Италия) ұсақ-түйегіне дейін зерттеп, нәтижесінде түпнұсқаға парапар етіп тіккен сахналық костюмдер, ұлттық мұражайлардағы қазыналарымыздан кем түспейді.

«Астана Опера» солисттері жаңа маусымдағы көрерменмен алғашқы кездесуін асыға күтеді. Бас партияға дайындалып жатқан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Жанат Шыбықпаев, Ажар – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова, Айдар – Қазақстан мен Татарстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Бекмұхамбетов, Сырттан –Арменияның халық әртісі Барсег Туманян, Әзім – Бейімбет Таңарықов, Жиренше – Евгений Чайников, Қарлыгаш – Салтанат Мұратбекова, Көкпай – Талғат Ғалеев, Нарымбет – Рамзат Балакишиев, Мес – Нұрлыбек Қоспармақов.

Қойылымға бас хормейстер Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов жетекшілік еткен «Астана Опера» хоры да қатысады.

Спектакльдің басталуы — 19:00, билет бағасы 500 теңгеден жоғары.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11301
Әрі қарай

Елорда тұрғындары профилактикалық тексеруден өтті

Астана жаңалықтары: Елорда тұрғындары профилактикалық тексеруден өтті
Елордалық дәрігерлер «Шапағат» коммуналдық базарында «25 ізгі іс» акциясы аясында тұрғындарды профилактикалық тексеруден өткізді.

Шара барысында мамандар кеңес беріп, экспресс-диагностика жасады. Терапевт, онколог, окулист, ЛОР-дәрігер, гинеколог, УДЗ-маманы және фтизиатр науқастарды тегін қарады. Жалпы, 397 адам дәрігерлердің қабылдауында болған.

Базар қызметкерлері мен жергілікті тұрғындар қандағы қант пен холестерин мөлшерін анықтау үшін экспресс-диагностикадан өтіп, консультативтік-диагностикалық қызметтер алды, флюорографиялық тексеруден өтті.

Салауатты өмір салтын қалыптастыру және әлеуметтік маңызды аурулардың алдын алу мәселелері бойынша халықтың денсаулығын күшейту және сақтау проблемасына назар аудару мақсатында тексеруге қатысушыларға онкологиялық аурулардың, туберкулездің, қан-айналымы жүйелері ауруларының, нашақорлық пен алкоголизмнің алдын алу бойынша ақпараттық-білім беру материалдары да таратылды.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11298
Әрі қарай