Қостанай облысының тауар өндірушілері елордаға 400 тоннаға жуық өнім әкелді

Қалалық алаңда Қостанай облысының ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтіп жатыр. Шараға өңірдің 14 ауданы мен 3 қаласынан 74 кәсіпорын қатысуда. Жалпы облыстан елордаға 400 тоннаға жуық түрлі өнім әкелінді, соның ішінде, көкөніс, ет, сүт және нан өнімдері және т.б.

Жәрмеңкеде азық-түлік өнімдерінің бағасы базардағыдан орта есеппен 15-20% арзан. Елорда әкімі Әсет Исекешев пен Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов ұсынылған тауарлардың сапасы мен әралуандылығына көз жеткізді.

— Біздің жәрмеңке қалалық алаңда өтіп жатыр, жақын маңда зейнеткерлер, бюджеттік сала қызметкерлері көп тұрады, олар бірнеше айға деп, өнімдерді артығымен сатып алуда. Өйткені біздің өнім сапалы әрі базар мен гипермаркеттерге қарағанда 15% арзан. Айта кетейін, біз жәрмеңкемен ғана шектелмейміз, азық-түлік өндірушілер мен ауыл шаруашылық тауар өндірушілерімізді қалалық базарларға, гипермаркеттерге делдалсыз тікелей шығару үшін Астана қаласының әкімдігімен меморандумға қол қойылды, — деді Архимед Мұхамбетов.

Оның айтуынша, келесі аптада 10-15 ірі ауыл шаруашылық тауар өндірушімен азық-түлікті Астанаға тікелей жеткізу бойынша келісім жасалады.

Қостанай облысының әкімі өңірдің алдағы ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысты жоспарларымен де бөлісті.

— Қостанай өңірі ЭКСПО көрмесіне азық-түлік жеткізіп қана қоймай, қонақтарды да қарсы алатын болады, біздің туристік маршруттарымыз жақсы, — деді Архи­мед Мұхамбетов.

Қостанай облысының ауыл шаруашылық жәрмеңкесі бүгін және ертең – 15-16 қазанда өтеді.
Әрі қарай

Астанада дәстүрлі Махамбет оқулары өтеді

17 қазанда М. Өтемісов атындағы оқушылар сарайында «Махамбет — тарихи тұлға» атты Махамбет оқуларының қалалық байқауы өтеді.

Конкурс XIX ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ поэзиясының көрнекті өкілдерінің бірі Исатай Тайманұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыстың рухани көшбасшысы, қазақтың ұлы ақыны Махамбет Өтемісовке арналған.

Махамбет оқуларының қалалық байқауына 8-17 жастағы 100 бала қатысады. Басты кезеңге 60 мектептің ішінен 24 мектептің оқушылары өтті.

Биыл «Махамбет — тарихи тұлға» қалалық байқауы «Мен – Өтемістің баласы Махамбет атты батырмын», «Тартынбай сөйлер асылмын...» номинациялары бойынша өтеді.

2003 жылы астаналық оқушылар сарайына батыр бабамыз Махамбеттің есімі берілді. Оқушылар сарайы 13 жылдан бері Махамбет оқуларын ұйымдастырып келеді.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11438
Әрі қарай

Елордада үздік сынып жетекшілері анықталды

ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу аясында Төлеген Айбергенов атындағы №16 орта мектепте «Ең үздік сынып жетекшісі» жалпы мектепішілік конкурсы өтті. Байқауда 11 сынып жетекшісі бес номинацияда сайысқа түсті.

Бірінші кезеңде сынып жетекшілері «Менің педагогикалық ұстанымым» тақырыбында эссе жазып, сынып туралы жарнамалық кітапшаларын таныстырды.

Келесі номинацияда педагогтар ашық сынып сағаттарын өткізді. Бұл олардың оқушылармен өзара сыйластық қатынас құру, әрбір оқушыны тақырыпты талқылауға тарта білу қасиеттерін көруге мүмкіндік берді. Бағалау кезіндегі басты критерий сабақтың мазмұны, оны өткізу әдістері мен нысаны болды. Конкурс барысында қатысушылар «Сынып жетекшісінің өмірінен бір күн» бейнеролигінің авторы атанды. Бұдан басқа, сынып жетекшілері өз шығармашылық өнерлерін ортаға салды.

«Ең үздік сынып жетекшісі» байқауының Гран-приі мен «Ең үздік сынып жетекшісі» атағы Гулистан Уринбасароваға бұйырды.

Бірінші орынды Сымбат Омарова мен Айгүл Долапова өзара бөлісті. Аяулым Ахметбекова екінші, Роза Акиярова үшінші орында.

Қалған қатысушылар номинант атанып, грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Конкурс оқушыларды тәрбиелеудің инновациялық әдістерін анықтау, кәсіби даму, шығармашыл сынып жетекшілеріне қолдау көрсету мақсатында өткізілді.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11437
Әрі қарай

14 қазанда Астанада коммуналдық меншік нысандарын жекешелендіру бойынша кезекті сауда өтеді

Астана қаласы әкімінің тапсырмасына сәйкес, Коммуналдық мүлік және мемлекеттік сатып алулар басқармасы коммуналдық меншік нысандарын сату бойынша аукцион өткізілетінін хабарлайды. Бұған дейін алдағы сауда туралы хабарландыру www.gosreestr.kz веб-порталында (2016 жылғы 29 қыркүйекте) жарияланған болатын.

Сауда-саттық ертең, 14 қазанда сағ. 10.00-17.00 аралығында өтеді.

Аукционға мыналар шығарылады:

1. Астана қаласы әкімдігінің «Астана қаласының Көңілді тапқырлар театры» МКҚК. Бастапқы бағасы – 8 275 000 теңге. Кепілді жарна сомасы бастапқы бағаның 15%;

2. Елорда әкімдігінің 25,9% көлеміндегі «Ақмола Диірмен» ЖШС қатысу үлесі. Бастапқы бағасы — 76 045 000 теңге. Кепілді жарна сомасы бағаның 15%.

3. Астана қаласы әкімдігінің «Астана» су полосу спорт клубы» МКҚК. Бастапқы бағасы – 39 851 000 теңге. Кепілді салым сомасы бағаның 15%.

Саудаға ЭСҚ-ңыз болса, тиісті кепілді жарна төлеп, www.gosreestr.kz интернет-ресурсы арқылы да қатысуға болады.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11436
Әрі қарай

Қазақ балалары да робот жасай алады

Астана жаңалықтары: Қазақ балалары да робот жасай алады

Таяу күндері Астанадағы Халықаралық мектепте робототехникадан республикалық Олимпиада өтті. Білім және ғылым министрлігі мен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы бірлесе ұйымдастырған шараға еліміздің жалпы білім беретін ордалар мен Назарбаев Зияткерлік мектептерінің аймақтық жарыс кезеңдерінің 184 жеңімпаз оқушысы қатысты.
Ұйымдастырушылардың айтуларынша, шараның негізгі мақсаты – оқушылардың ғылым мен техниканың өзекті салаларына назарларын аудару, заманауи ғылыми-техникалық бағытта шығармашылықтарын дамыту, білім беру процесінде робототехниканың оқу бағдарламаларын табысты жүзеге асыру.

Айта кетейік, жарыс робототехниканың халықаралық Олимпиадасының (Word Robot Olympiad – WRO) ережелеріне сәйкес өткізілді. Жүлделі орындарға ие болған командалар серіктес Microsoft, Lego, Dr. WEB компанияларынан бағалы сыйлықтар алды. Енді республикалық сайыс жеңімпаздары қараша айында Делиде (Үндістан) өтетін халықаралық Олимпиадада ел намысын қорғайтын болады.

Бұл олимпиаданың 12 жылдық тарихы бар. 2004 жылдан бүгінге дейін әлемнің 50-ден астам елінде өткізілген білім жарысына 20 мыңнан астам команда қатысыпты. Ал елімізде өткізілген жарыстарға 2014 жылы 100 команда, 2015 жылы 115 команда атсалысқан.

Астана жаңалықтары: Қазақ балалары да робот жасай алады
Әр елде Олимпиаданың қорытынды кезеңін өткізумен ұлттық ұйымдастырушылар айналысады. Word Robot Olympiad шешімімен Қазақстандағы ұлттық ұйымдастырушы болып «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы бекітілген. Бүгінде НЗМ жалпы білім беретін мектептерге робототехниканы енгізу үшін 80 жаттықтырушыны даярлап, еліміздің 2500 мұғаліміне робот жасаудың қыр-сырын үйретуді қолға алды. Еліміздегі кей мектептерде робототехника үйірмелері ашылып, оқушылар робототехника саласымен жете танысуы басталып та кеткен. Демек, мектеп қабырғасында жүріп, робот жасауды меңгерген шәкірттердің алдында ғылыммен айналысу мүмкіндіктерінің ашылары сөзсіз.

Еске сала кетсек, «Робототехника» – математика, физика, информатика, технология, инженерия және тағы басқа да пән негіздерін бірлестіретін пәнаралық элективті курс. Бұл курс логикалық ойлауға, әр оқушының дербес негізде техникалық өнім моделін құрастыру дағдыларын дамытуға, оқушыларға жаңа үлгідегі 21 ғасырдың техника мен технологияларымен танысуларына мүмкіндік береді. Келесі жылғы Олимпиаданы EXPO-2017 көрме базасында өткізу жоспарланып отыр.
Астана жаңалықтары: Қазақ балалары да робот жасай алады
«Біз үш жыл қатарынан Олимпиада өткізіп жатырмыз. Бұл шара тұңғыш рет Қазақстанда 2014 жылы ұйымдастырылды. 11 қыркүйекте өңірлік кезеңдер өткізілді. Онда робототехника саласы бойынша үздік оқушылар іріктеліп алынды. Республикалық сайыста қатысушылар жас бойынша 8 санатқа бөлінді. Олардың жасы 9-дан 25 жасқа дейін», – дейді Олимпиаданың бас қазысы Азамат Биданов.

Оның айтуынша, жыл өткен сайын Олимпиаданың тақырыбы өзгеріп отырады. Биылғы жылдың тақырыбы – қалдықпен күресу. Қатысушылардың барлық жұмысы осы салаға арналады. Мәселен, қалдықтарды реттеу мен өңдеу жөнінде жұмыстар ұсынылатын көрінеді.

Астана жаңалықтары: Қазақ балалары да робот жасай алады
Рас, Қазақстан үшін робототехника өте жас сала. Мысалы, Жапония, АҚШ, Германия сияқты робототехника саласындағы жетік елдер сондай биік дәрежедегі өндіріске ондаған жыл бойы тынымсыз еңбектеніп жетті. Қазіргі кезде бұл елдерде робототехника саласы қарқынды дамып келеді және Қазақстаннан робототехника бойынша 10-20 жылға озып отыр. Германияның Kuka AG, Жапонияның Kawasaki Robotics индустриалды роботтарды шығаратын компаниялары соған мысал.
Жас мемлекетіміз үшін бұл кемшілік саналмасы белгілі. Қай салада болмасын талай межені бағындыруға талпынған еліміз робототехника саласын да жете меңгеріп, келешекте қазақ балалары арасынан да мықты ғалымдар шығып жатса, таңғалуға болмайды. Өйткені, Білім және ғылым министрлігінің ерекше көңіл бөлуінің арқасында бүгінде оқушыларымыз біршама белесті бағындырып та үлгерді.

Ендеше, бұл – адам өмірін жеңілдетуге арналған роботтарды күнделікті өмірде қолданатын уақыт жақындап келе жатыр деген сөз.

Айша БЕКҚЫЗЫ
Әрі қарай

Әлеуметтік тақырыптағы сурет байқауына қатысуға өтінімдер қабылдау жалғасады

Байқау адамдардың шығармашылығын дамытуға, сондай-ақ, қоғам назарын әлеуметтік маңызды проблемалық мәселелерге аударуға, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

Суреттерді қазанның 1-і мен 21-і аралығында тапсыруға болады. Астаналықтар ұлттық мәдениетті қолдау; патриотизмді насихаттау; халықтың өмір сүру деңгейі; денсаулық сақтау және білім саласындағы жағдай; ұлтаралық және конфессияаралық шыдамдылық; нашақорлықтың, ойынқұмарлықтың, темекі шегу мен маскүнемдіктің және ЖИТС-тің алдын алу; қоршаған ортаны қорғау және т.б. тақырыптардағы өз еңбектерін ұсына алады.

Сонымен қатар, конкурсқа Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге арналған суреттер де қабылданады.

Шығармашылық байқауға елордада тұратын, оқып жүрген немесе жұмыс істейтін азаматтар қатыса алады. Конкурста жекелеген авторлар да, ұжымдар да бағын сынайды.

Ол үшін ұйымдастырушылар ұсынған бір немесе бірнеше тақырып бойынша эскиз дайындау керек. Әр туындымен бірге белгіленген үлгідегі өтінім тіркелуі тиіс. Өтінімдерді Астана қаласының әкімдігіне 15 қазанға дейін тапсыруға болады.

Жұмыстар А3 форматында немесе графикалық нұсқада орындалуы керек.

Айта кетейік, конкурсқа қатысу тегін. Конкурстың қорытындысы 1 қарашада шығарылады және біздің сайтта жарық көреді. Жеңімпаздарға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталады, үздік туындылар аталған тақырыптар бойынша жарнама конструкцияларын жасау кезінде пайдаланылады.

Анықтама телефондары: +7 (717 2) 55 67 14, 8 (700) 555 22 58.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11404
Әрі қарай

Астана әкімдігінде жаңа кадрлық тағайындаулар жасалды

Әсет Исекешев Жакенов Берік Оралұлын Астана қаласы әкімі аппаратының басшысы етіп тағайындау туралы өкімге қол қойды.

Берік Жәкенов 1978 жылы 25 тамызда Астана қ. (Целиноград қ.) туған. 2000 жылы Шәкірім атындағы Семей мемлекеттік университетін «Экономист» мамандығы бойынша бітірген. «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша экономика ғылымдарының магистрі. Еңбек жолын 2000 жылы Ақмола облысының Көкшетау қаласында салық полициясы органдарында бастаған. Қазақстан Республикасының салық органдарында көп жыл еңбек еткен, Астана қаласы бойынша салық комитетінің ақпараттық жүйелерді енгізу және сүйемелдеу бөлімінің маманы болған. 2009 жылы Қарағанды облысы бойынша Салық департаменті бастығының орынбасары, содан кейін Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Сарыарқа ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы болып істеген. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшылығы Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары болған. 2015 жылғы тамызда Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыс бөлімінің мемлекеттік инспекторы қызметіне тағайындалды.

Сонымен қатар, Астана қаласының өкімімен Карагойшин Асхат Жиенбайұлы Астана қаласының автомобиль жолдары басқармасының басшысы болып және Кенжебаев Назымбек Әміржанұлы Астана қаласының жер қатынастары және жерді пайдалануды бақылау басқармасының басшысы болып тағайындалды. Екеуінің де мемлекеттік мекемелерде жұмыс істеу тәжірибесі мол: А.Карагойшин 2010 жылдан, Н.Кенжебаев 2007 жылдан бастап басшының орынбасары болып қызмет еткен.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11403

Елордалық дәрігерлер тұмауға қарсы вакцина жасауға шақырады

Жыл сайын күн суығанда тыныс алу жолдарының вирусты инфекцияларына шалдыққан адамдар саны артады. Тұмаудан қорғанудың ең тиімді жолы екпе жасату болып табылады. Иммундау үшін ең қолайлы кезең — қазан-қараша айлары.

Астана қаласының денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, қазіргі заманғы вакциналар аса тиімді, қауіпсіз және алты айдан асқан балалар мен ересектер арасында тұмаудың алдын алуға бағытталған. Иммунитетті күшейтуге 2 күннен 7-15 күнге дейін уақыт қажет және ол 6 айдан 12 айға дейін сақталады.

Вакциналау тұмауға жатпайтын басқа вирустық инфекцияға қарсы қорғауды қамтамасыз етпейді, бірақ вакцинация аурудың өте жеңіл түрде өтуіне сеп болады және оның асқынуына жол бермейді.

Тұмауға қарсы вакциналау екпенің Ұлттық күнтізбесіне жатпайды, оны ақылы екпе жасау пунктерінде салғызуға болады. Атап айтқанда, № 1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9 және 10 қалалық емханаларда, сондай-ақ «Интертич» ОДА (Кенесары, 1), «Медлайн» МО (Күмісбеков к-сі, 8), «Медикер» МО (Қабанбай батыр даңғ., 17), «Ореn Clinik» МО (Отырар к-сі, 8/2), «Фармаком» ҚФК ЖШС (Майлин к-сі, 15), «Интертич Астана Медициналық Ассистанс» МО (Мәскеу к-сі, 38 А), «Медикал Ассистанс групп» ЖШС (Сығанақ к-сі, 21/1), «Архимедес Қазақстан» ЖШС (Сарайшық к-сі, 5).

Айта кетейік, биыл Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарына екпе жасау үшін тұмауға қарсы «Гриппол» вакцинасының 15055 мөлшері сатып алынды. Екпе Балалар үйінің, нәрестелер үйінің тәрбиеленушілеріне, Мүгедектер үйіндегі тұлғалар мен соғыс ардагерлеріне, сондай-ақ, «тәуекел топқа» жататын балаларға, екінші және үшінші триместрдегі жүкті әйелдерге салынады.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11382
Әрі қарай

Астананың жасыл белдеуінде 23 километрлік веложол салынды

Елорданың «жасыл белдеуі» аумағында ені 2 метрлік жалпы ұзындығы 23 км жаңа веложол салынды.

Бүгін Қорғалжын тасжолында орналасқан веложол ашылды. ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған бұқаралық велошеруге елорда әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев пен бокстан Риодағы Олимпиада Чемпионы Данияр Елеусінов қатысты.

— Астанада салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған спорттық шаралар жиі өткізіледі, осы жолы және жақында өткен марафон және басқа да ірі шаралар. Сол себепті елордамызды елміздегі ең спорттық қала деп атауға болады,- деп атап өтті Е. Аманшаев.

Велошеруге қатысу үшін 80-ге жуық адам жиналды. Олардың арасында олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері, «Астана Орманы» компаниясының қызметкерлері, спортшылар және велоспортпен әуестенетін қала тұрғындары бар.

Велошабандоздар Ильинка кентінен бастап Қосшы кентіне дейінгі жолды еңсерді. Жасыл белдеудің аумағында веложол салу — Астана қаласының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу Басқармасының бастамасы. Басқарма жетекшісінің орынбасары Танысбек Арашапов атап көрсеткендей, веложолақты төсеу жұмыстары екі ай ішінде толықтай аяқталды. Пайдалану мерзімі – 10 жылға жуық.

— Отырғызылған жасыл желекті аумақты тиімді пайдалану және Астананың «Жасыл белдеуін» одан ары дамыту мақсатында елорда тұрғындары мен қонақтары үшін велосипед жолы салынды. Демалушылар осы жерде демалыс күндерін өткізіп, табиғат аясына велосипедпен шығып, таза ауамен тыныстай алады. Велосипед жолының бойымен демалуға арналған 6 күрке орнатылды. Ал қыста бұл жерде шаңғы трассасы болады, — деді Танысбек Арашапов.

Алайда ол демалушыларға тазалық сақтау және қоршаған ортаға қамқорлықпен қарау қажеттігін еске салды.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11380
Әрі қарай

Биыл 100 астам адамға әлеуметтік қолдау көрсетілді

Астанада мүмкіндігі шектеулі жандарға және халықтың әлеуметтік осал топтарына мемлекеттік қолдау көрсету бойынша жұмыстар белсенді жүргізіліп жатыр. Биыл 100 астам адамға түрлі ақшалай төлемдер төленіп, нақты қызметтер көрсетілді, соның ішінде 71361 — зейнеткер, 20265 – мүмкіндігі шектеулін жан, 7406 – көп балалы отбасы, 4197 – көп балалы ана, 3000 – тұрмысы төмен отбасы. Бұл туралы қалалық Қоғамдық кеңес отырысы барысында Астана қаласының жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Артем Абильдинов мәлімдеді.

Үстіміздегі жылы әлеуметтік төлемдерге 4 млдр 570 млн теңге бөлінді. Қаңтар-қыркүйек айларында жергілікті бюджет есебінен мүмкіндігі шектеулі жандарға, соның ішінде балаларға, зейнеткерлерге тегін қызмет көрсету және ақшалай төлем жасау түрінде 1 млрд 997 млн теңгеге әлеуметтік көмек көрсетілді.

Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандардың проблемаларына назар аудару, мемлекет тарапынан қамқорлық көрсету мақсатында 2 қазанда ҚР Мүгедектер күні аталып өтіледі.

— Қалада мереке аясында мүмкіндігі шектеулі жандарға ерекше назар аудару дәстүрі қалыптасқан. Ұйымдар мен кәсіпорындар түрлі қайырымдылық шараларын өткізеді. Жыл сайын Мүгедектер күніне орай бес мың теңге мөлшерінде бір реттік материалдық көмек көрсетіледі. 2016 жылы 19 мыңнан астам адамға аталған көмекпен қамтылды, — деді Артем Абильдинов.

Қазіргі кезде елордада 20265 мүмкіндігі шектеулі жан тұрады, бұл жалпы қала халқының 2%. Жыл басынан бері 8000 астам адамға түрлі әлеуметтік қолдау көрсетілді. Қозғалыс жасауда қиындыққа тап болатын астаналықтар үшін 2010 жылдан бері инватакси қызметі жұмыс істеп келеді. Инватакси автопаркінде 18 машина бар. Айта кетейік, жыл басынан бері 1500 адам тасымалдау қызметін пайдаланған.

Сондай-ақ, қалада азаматтардың аталған санаттарына қызмет көрсететін орталықтар ашылған, деді А.Абильдинов.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11371
Әрі қарай