Кейбір қоғамдық көліктердің бағыты өзгертіледі

Ағымдағы жылдың 19-қазанынан бастап, Ш. Айтматов пен Сарайшық көшелерінің қиылысына бағдаршам орнатылатындықтан № 17, 44, 61, 101 қоғамдық көліктерінің бағыты өзгертіледі.

Осылайша, № 17, 44 бағдарлар «Қазақ технология және бизнес университеті» аялдамасына дейін өзгеріссіз, одан әрі келесі сызба бойынша жүреді: Сарайшық көшесі – І. Омаров көшесі, Сығанақ көшесі — Ш. Айтматов.

№ 61, 101 бағдарлар «№ 81 мектеп-лицейі» соңғы аялдамасына дейін өзгеріссіз, ал одан әрі І. Омаров көшесі – Сарайшық көшесі – Ш. Айтматов көшесі – Сығанақ көшесі сызбасымен жүреді.

Қосымша ақпаратты 574 – 777 телефоны арқылы байланыс орталығынан алуға болады.
Әрі қарай

Астанада «Автобус» жедел-алдын алу шарасының қорытындысы шығарылды

Қазанның 13-і мен 15-і аралығында елордада «Автобус» жедел-алдын алу шарасы өткізілді. Шараның мақсаты — елорда автожолдарындағы апаттылық деңгейін төмендету, жолаушылар және жүк тасымалын жүзеге асыратын жүргізушілер арасында көлік жүргізу тәртібін жақсарту, жол қозғалысына қадағалау мен бақылауды күшейту.

«Автобус» жедел-алдын алу шарасы барысында полиция қызметкерлері мерзімді жолаушы тасымалын іске асыратын, рейс алдындағы техникалық бақылаудан өткен жүргізушілердің Жол жүру ережелерін бұзуының және рейс алдындағы медициналық тексеруден өтпей қалған жүргізушіні рейске жіберудің 720-ға жуық дерегін тіркеген.

Атап өтерлігі, қалада автобус парктерінің 8 лауазымды тұлғасы жауапқа тартылып, 10 автобусты пайдалануға тыйым салынды. 134 жүргізушіге ұялы телефонмен әңгімелескені үшін айыппұл салынса, 87 жүргізуші маневрлеу ережелерін бұзған, және жаяу жүргіншілерге жол бермеудің 13 дерегі тіркелген. Бұған қоса, жедел-алдын алу шарасын өткізу кезінлде тексерістен өтпеген автобустарды пайдалануға берудің 23 фактісі анықталған.

Елорда аумағында қоғамдық көлікпен жолаушылар тасымалы саласында 9 кәсіпорын жұмыс істейді, олардың күнделікті қолданысында 750-ден аса қалалық автобус бар.
Әрі қарай

Астанада ҚХА этномәдени бірлестіктерінің күндері ашылды

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу аясында елордадағы көлік және коммуникациялар колледжінде Астана қ. Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктерінің күндері ашылды.

Шараның мақсаты Астана қ. ҚХА қызметін насихаттау, жастарды этномәдени бірлестіктердің қызметіне тарту, Қазақстанда тұратын этностардың әлеуметтік-мәдени мұрасын қайта жандандырып, сақтау. Концерттік бағдарламада немістердің «Возрождение» қоғамының тәрбиеленушілері, «Қырғызстан-Астана» қоғамдық бірлестігінің өкілдері, және «Таң» татар-башқұрт мәдени орталығының мүшелері өнер көрсетті. 2016 жылғы қарашаның соңына дейін ауқымды шаралар елордадағы алты жоғары оқу орнында өткізіледі.

«Біз бастап отырған шаралар кезегі студенттерді, мектеп оқушыларын толеранттылық пен отансүйгіштікке тәрбиелеуге бағытталған этномәдени бірлестіктердің қызметімен таныстыруды көздейді. Тәуелсіздік алғалы бері бауырлас халықтар достық пен келісім жағдайында өмір сүріп келеді. Бізде жексенбілік мектептер қызметі дамуда, ол біздің этносқа өз мәдениетімізді, салт-дәстүрлерімізді сақтауға мүмкіндік береді. Меніңше, мемлекеттің қамқорлығы деген осы», — деп атап көрсетті қырғыз этномәдени бірлестігінің төрағасы, ҚХА мүшесі Шавкат Исмаилов.
Әрі қарай

Олимпиада ойындарының чемпиондары бір күнге дене шынықтыру пәнінің мұғаліміне айналды

Дүйсенбі, 2016 жылдың 17-қазаны елорда мектептерінің мыңдаған оқушылары үшін әдеттегі және үйреншікті түрде өтсе, № 54 мектеп-лицейдің бесінші сынып оқушылары үшін бүгінгі күн ерекше күн болды. Олар үшін дене шынықтыру сабағын Данияр Елеусінов пен Юрий Мельниченко өткізді. Оқушылардың айтуынша, 45 минут уақыт байқалмай өтіп кеткен, ал ең бастысы, бұл дәріс олардың жандары мен тәндері үшін пайдалы өтті.

«Бұл мектепке қайта келгеніме қуаныштымын, мен мұнда биыл бірінші қырқүйек күні келгенмін», — деді чемпион журналистерге сұхбат беру барысында. Ол туған білім ордасына қуана келетінін атап көрсетті. Данияр осы мектептің түлегі. Және бүгін ол қонақ емес, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі ретінде келіп отыр. Данияр 1996 жылғы Олимпиаданың алтын жүлдегері Юрий Мельниченкомен бірге балалармен алдымен денені ширату жаттығуларын, содан кейін бұлшық еттерді мығым етіп, қозғалыс үйлесімділігін дамытатын жаттығуларды жасады.

«Егер балалар осы жастарында дене шынықтырудың маңызы мен мәнін түсініп, әуестене шұғылданатын болса, денсаулықтары мықты болады. Біз үшін олардың спортшы немесе басқа салада жетістіктерге жететін қарапайым азаматтар болатыны маңызды емес, ең бастысы, табысты адам болғаны. Ал бұл үшін мықты денсаулық қажет», — деді Юрий Мельниченко.

Оқушылар отырып, секіріп жатқанда жоғарғы сынып оқушылары атақты спортшының автографын алып, онымен селфиге түсу үшін сабақтың аяқталғанын тағатсыздана күтті. Астана әкімдігінің және «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту Қорының қолдауымен ұйымдастырылған «Физкульт-Ура» жобасының арқасында үстіміздегі жылдың сәуірінен бері ондаған мың елордалық мектеп оқушылары Дмитрий Баландин, Гюзель Манюрова, Серік Сәпиев, Ольга Шишигина, Валерий Тихоненко, Ермахан Ыбрайымов және Жақсылық Үшкемпіров сияқты үлкен спорттың жұлдыздарымен кездесуге мүмкіндік алды. Болашақта ұйымдастырушылар жобаны өзге аймақтарда да өткізіп, Ақтөбе және Қарағанды қалаларының мектеп оқушыларын да қуантуды жоспарлап отыр.

Астанада әйелдердің денсаулығын қорғау бойынша Ашық есік күні өткізіледі

Ертең, қазанның 17-і — Бүкіләлемдік сүт безінің қатерлі ісігі жөнінде ақпараттандыру күні елорданың Онкологиялық орталығында (Манас к-сі, 17) сағат 11.00-де онколог, маммолог мамандардың қатысуымен әйелдердің денсаулығын қорғау бойынша ашық есік күні өтеді.

Сондай-ақ, алдын алу бөлімінің және салауатты өмір салтын ұйымдастырушы дәрігерлер үшін: «Сүт безінің қатерлі ісігі. Ерте анықтау» тақырыбында қалалық семинар өткізіледі.

Астана қ. Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының хабарлауынша, Астана қаласында аталған індетпен ауыру көрсеткішінің 165,8-ден (2014ж) 198,4-ге дейін (2015ж) өсу үрдісі, және өлім-жітім көрсеткішінің 100 мың халыққа шаққанда 82,8-ден 86,6-ға дейін өскені байқалып отыр.

Атап өтерлігі, 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» ҚР денсаулық сақтау мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде онкологиялық ауруларды басқарудың интеграцияланған моделін енгізу бағытында белсенді негізде жұмыс жүргізілуде.
Әрі қарай

Астанада Тәуелсіздік күніне орайластырылған «Сиқырлы әуен» І Республикалық инструменталды байқауы өтті

Астанада «Сиқырлы әуен» I Республикалық инструменталды байқауы өтті, шара Астана, Алматы, Көкшетау және Қостанай қалаларынан дарынды балалардың басын қосты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, шығармашылық байқау жас орындаушыларды музыка мәдениеті мен өнеріне баулуға, орындаушылық шеберліктерін шыңдауға, және шығармашылық қарым-қатынас ортасын құруға және рухани мұраны насихаттауға бағытталған.

Байқау екі номинация бойынша өтті: ұжымдар (оркестрлер, ансамбльдер), оған жеке орындаушылар да қатысты (домбыра, қобыз, фортепиано, скрипка, флейта, жетіген, прима-шертер және т.б.).

Байқау қатысушыларын бағалауға Қазақстан Республикасының белгілі өнер қайраткерлері шақырылды.

Байқау жеңімпаздары мен қатысушылары дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Әрі қарай

Астанада «жасыл» технологиялар оқыту орталығы ашылды

Елордада «Астана Эко Стандарт» жылыжай кешенінің базасында «жасыл» технологиялар оқыту орталығы ашылды, онда С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенттерімен бірге фермерлер мен кәсіпкерлер де көкөніс өсіру бойынша озық білім алатын болады. Ал келесі жылдың қыркүйегінде бұл жерге ең озық еуропалық жабдықтармен жабдықталған жылыжай кешені орнатылады.

«Астана әкімдігі оның құрылысына арнап жер телімін бөлді. Оның жалпы ауданы 8 200 ш.м. Біз салат пен қиярдың ең жақсы және сұранысқа ие сұрыптарын өсіруді жоспарлап отырмыз»,- деп мәлім етті «Астана Эко Стандарт» ЖШС директоры Жеңіс Досмағанбетов таныстырылым барысында.

Құны 7,1 млн евроны құрайтын жобаға оқыту орталығы мен жаңа жылыжай кіреді, ол Еуропа Одағының қаржылық қолдауымен іске асырылуда және азық-түлік қауіпсіздігін, соның ішінде су қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған. Жобаның атқарушы әріптестері БҰҰДБ және БҰҰ ЕЭК.

БҰҰДБ Тұрақты өкілінің орынбасары Мунхтуя Алтангерел ханым бұл жоба бизнес секторда «жасыл» экономиканың қағидаттарын енгізудің көрнекі мысалы болатынына үміт білдірді. С. Сейфуллин атындағы ҚазАТУ проректорының м.а. Нұрлан Серікпаев еліміздің солтүстік және орталық аймақтарында жылыжай шаруашылықтарын дамыту бойынша бірлескен оқу орталығын құру алдағы уақытта жылыжай шаруашылығының дамуына ықпал етіп, республиканың азық-түлік тәуелсіздігін қамтамасыз ететін болады.

«Бүгінгі күні біз жан басына шаққандағы ұн өндірісі бойынша әлемде бірінші орын аламыз. Егер көкөніс өнімдері туралы айтатын болсақ, өкінішке орай, солтүстік және орталық облыстар және жалпы Қазақстан көкөністің 80 % сырттан әкеледі, сол себепті қорғалған топырақтағы көкөніс шаруашылығын дамытудың маңызы зор, — деп атап көрсетті ол.
Әрі қарай

Астанада тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері талқыланды

1. «Асар» РҚБ Көктал т.а. көп пәтерлі тұрғын үй кешені нысаны бойынша ТҚК төрағасы К. Бодауханның инженерлік желілер бойынша жобалық құжаттар «Мемсараптама» РМК-нің қарауында жатқаны туралы; коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының 2017 жылдың бюджетінде магистральдік инженерлік желілердің құрылысына қаржының бар екендігі туралы мәлімдемелері назарға алынды.

ВАК ТҚК мүшелеріне төрағамен бірге әрбір пайшы және шығындар бойынша салынған қаржыға ревизия жүргізуге кеңес берді.

2. Интернациональный кентіндегі «Есіл» тұрғын үй кешеніне су құбырларын және кәріз жүйесін тарту мәселесін қараған комиссия мүшелері «Астана Су арнасы» МКК-сіне елорданың экологиялық департаментімен және табиғат пайдалану басқармасымен бірлесіп тұрғын үй кешенін сумен жабдықтау үшін ұңғыманы бұрғылау үшін белгіленген тәртіп бойынша рұқсат беру құжаттарын рәсімдеуді ұсынды.

3. «Айсанам» ТК құрылыс жүргізушілеріне нысанды мерзімінде пайдалануға тапсыру бойынша процедураларды жеделдету ұсынылды.

4. «Азбука жилья Құрылыс» ЖШС өкілдерінің комиссия мүшелеріне сарапшы ұйымның қарауына тапсыру үшін «Тұмар» ТК бірінші және жоғарғы қабаты бойынша жобалық құжаттар дайын екендігі туралы өтініші назарға алынды.

5. «Жастар-4» ТК құрылысын аяқтауға қатысты «Бақыт-11» ЖШС директоры Д.Т. Кәрімбекованың нысанда 48 адам жұмыс істеп жатқаны туралы; ү.ж. 8 қарашасында екінші транш түсетіні туралы; ү.ж. қараша айының соңына дейін мұрагер жылжымайтын мүлікке меншік құқығын рәсімдеген соң 7 кіреберістің астындағы жер мәселесі шешілетіні туралы мәлімдемесі назарға алынды;

ВАК Сәулет және қала құрылысы басқармасына кезең-кезеңмен пайдалануға тапсыру үшін нысанды кезектерге бөлу мүмкіндігін қарастыруды және Астана қ. ВАК-ты ақпараттандыруды ұсынды.

6. «Оберег» ЖШС директоры А.К.Мақажановтың «Оберег» ТК құрылысын аяқтауды қаржыландыру бойынша әлеуетті инвестормен келіссөз жүргізу туралы мәлімдемесі назарға алынды.

ВАК А.К. Мақажановқа ВАК-тың келесі отырысына «Оберег» ЖШС құрылтайшыларын шақыруды ұсынды.

7. Ал «Тамыз Инвест Групп» АҚ өкілдері құрылысты аяқтау және нысанды пайдалануға тапсыру үшін ТҚК құрылғаны туралы хабарлады.

8. «Номад Строй ЭК» ЖШС директоры А.С. Логвиновтың №188 көшедегі тұрғын үй кешенінің меншік иелеріне пәтерлерді рәсімдеу бойынша жұмыстың басталғаны туралы; «Есіл-1» ТК кәріз желілеріндегі апаттар жойылды, үстіміздегі жылдың 11 қарашасына дейін «Есіл-1» ТК пайдалануға тапсыру туралы; «Есіл-2» ТК құрылысынбастауға 30 адамның кіріскені туралы; «Есіл-1» ТК кәріз желілеріндегі аварияларды жою жұмыстарын аяқтау туралы; «Есіл-2» және «Фьючи Хом» тұрғын үй кешендерін техникалық тексеру бойынша «Стройпрокат» ЖШС-мен келісім жасалғаны туралы өтінішіназарға алынды. А.С. Логвинова ВАК-тың «Есіл-2» ТК жер учаскелерін ТҚК атына қайта рәсімдеу бойынша кеңестері орындалмағаны атап өтілді.

Ағымдағы мәселелерді қарау барысында комиссия Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына «Фьючи Хом» және «Есіл-2» тұрғын үй кешендерінің құрылысы үшін жобалық құжаттарды ұсыну бойынша мәселені шешу үшін жобалаушы ұйымның өкілін және А.С.Логвиновты шақыруды ұсынды.

9. «Үміт-Береке» ТҚК құрылысына қатысты ВАК Сәулет және қала құрылысы басқармасына алдағы 2 жылда инженерлік желілерді жобалау және салудың перспективалары туралы мәселені қарауды ұсынды.

10. «ҚазГазАстана» ЖШС (Ахмедияров Д.К.) нысандары бойынша « ҚазГазАстана» ЖШС-інің коммерциялық директоры Б. Исажанованың «Марсель» ТК-сінің 24 инвесторының 2 инвесторы «Зере-1» ТК-іне, 18 инвестор «Зере-2» ТК-іне ауыстырылғаны және 4 инвестор «Марсель» ТК-інде қалғаны туралы; «Зере-2» ТК-інде сатылмай қалған 102 пәтер; «Зере-1» ТҚК-мен нысанды бірлесіп күзету туралы келісімге қол қою дайындығы туралы мәлімдемесі назарға алынды.

ВАК Б. Исажановаға ВАК-тың келесі отырысына салынған қаржы және қалдық ақшаны, сондай-ақ, сатылмаған пәтерлердің ауданын көрсете отырып сатылған пәтерлер туралы ақпарат беру ұсынылды;

11. «Төленді» ТҚК нысандарының құрылысына қатысты «Столичный-2» ТК құрылысы баяу қарқынмен жүріп жатқаны айтылды; «Көктал» ТК бойынша нобай жобасы келісіліп, жобалауға қаулы берілді. ВАК құрылыс жүргізушіге рұқсат беру құжаттарының жоқтығына байланысты нысандардың құрылысын уақытша тоқтатуды және тапсырылмаған нысандарға қоныстануға жол бермеуді ұсынды.

12. Тұрғын үйді сату фактілері бойынша ВАК «Азия контракт Групп» ЖШС директоры М.М. Сәрсеноваға Е542 және Е567 көшелерінің ауданында орналасқан көп пәтерлі тұрғын үй кешенінің инвесторларына қаражаттарын қайтаруды ұсынды.
Әрі қарай

Астанада жалпықалалық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтеді

9 қараша күні сағат 10:00-ден 13:00-ге дейін «Жастар» сарайында жалпықалалық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтеді. Оған елордалық 60 жұмыс беруші қатысып, 1000 жуық бос жұмыс орнын ұсынады деп күтілуде.

Елорданың Жұмыспен қамту орталығының хабарлауынша, осыған дейін өткізілген 11 жәрмеңкенің қорытындысы бойынша, 400-ге жуық адам жұмысқа орналастырылды.

Үстіміздегі жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша, орталық 11 679 адамға қызмет көрсеткен, соның ішінде 6974 тұрғын жұмыс орындарымен қамтамасыз етілді, олардың қатарында тұрақты жұмысқа, жастар тәжірибесіне, қоғамдық жұмыстарға жіберілгендер және әлеуметтік жұмыспен қамтылғандар бар. Қазіргі уақытта қалалық Жұмыспен қамту орталығының базасында 3654 бос жұмыс орны және 1430 жұмыс беруші бар. Жыл басынан бері Астана аумағында 15 719 жаңа орны құрылды.
Әрі қарай

Астанада Алматы күндері өтіп жатыр

Елордада ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылған «Қуатты өңір — қуатты Қазақстан» республикалық акциясының шеңберінде Алматы қаласының күндері өтіп жатыр. Меймандар Астанадағы төрт балалар үйінің тәрбиеленушілеріне 1000 кг аса нағыз алматылық апорт пен 3000 дана қазақстандық шоколад алып келді.

Астана жаңалықтары: Астанада Алматы күндері өтіп жатыр

Алматы қ. ішкі саясат басқармасының жетекшісі Нұрлан Сыдықов бастаған делегация алдымен SOS Балалар ауылына барды. Мұнда 3-тен 16 жасқа дейінгі 67 бала тұрады. Меймандардың сұрақтарына балалар зор ықыласпен жауап берді. Балғындар Алматының қайда орналасқанын және қаланың немен танымал екені туралы хабардар екен. Суретке де, бейнекамераға да қуана түсті. Нұрлан Сыдықов балаларға қаланың атауы «алма» сөзінен алынғанын еске салды — мегаполис ертеден алматылық апорттың отаны болғанымен танымал, оның бұл атағы шет елдерге де жеткен.

«Біз осында келіп, балаларға кірмей кете алмадық. Балалар — біздің болашағымыз. Олардың дені сау болып өскені біз үшін өте маңызды, сондықтан да дәрумендердің қайнар көзі — алманы көбірек алып келдік», — дейді Нұрлан Сыдықов.

Сондай-ақ, ол Астанаға мазмұнды мәдени бағдарлама ала келгендерін атап көрсетті. Бұл «Алматы — Тәуелсіздіктің алтын бесігі» мультимедиялық көрмесі және Ұлттық музейде ашылған Алматы туралы фотокөрме. Сағат 15.00-де ҚР Ұлттық кітапханасында жастар қазіргі заманның танымал ақындарымен кездесті. Сағат 18.00-де Тәуелсіздіктің мерейтойлық датасына орай Алматы қаласының эстрадалық-симфониялық оркестрінің және Қазақстан экстрадасы жұлдыздарының қатысуымен «Алматы — Тәуелсіздіктің алтын бесігі» гала-концерті өтеді.

Ертең, 6 қараша күні сағат 15.00-де Бейбітшілік пен келісім сарайында «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің және белгілі дәстүрлі орындаушылардың қатысуымен «Мәңгілік мұрат» дәстүрлі музыка концерті өтеді. Балалар үшін бүгін және ертең Алматы қаласының Мәдениет және мұрағаттар басқармасының Мемлекеттік қуыршақ театры Қ. Қуанышбаев атындағы музыкалық-драма театрының сахнасында «Алтын Адам» эпикалық спектаклін және «Куклы шоу» балалар спектаклін қояды.

Алматы күндері қарсаңында орталық коммуникациялар қызметінде Алматы қ. әкімінің орынбасары Арман Қырықбаевтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Қаланың жетістіктері туралы әңгімелеу барысында ол: «Оңтүстік астана өзінің ғылыми, білім және мәдени әлеуетін сақтай отырып, еліміздің қаржылық туристік орталығына айналды. Қала өз дамуында ауыз толтырып айтарлық табыстарға жетті. Егер 90-шы жылдардың басында Алматы ЖІӨ-нің оннан бір бөлігін қамтамасыз етсе, бүгінгі күні мегаполис ел экономикасының бестен бір бөлігін қалыптастырып отыр. Оңтүстік астананың басшылығы Алматыны жоғары технологиялық мегаполиске ғана емес, сонымен бірге, дәстүрлері мен тарихы сақталған айрықша қалаға айналдыруды жоспарлап отыр. Қазіргі әлемде тарихи-мәдени мұра креативтілік пен инновацияның, қалаларды жаңартудың көзіне айналып отыр. Осы ретте, үстіміздегі жылы Алматыда еліміздегі жалғыз «Алатау» дәстүрлі өнер театры, дәстүрлі музыканың мультимедиялық орталығы ашылды. Жыл соңына дейін Алматы қаласы тарихының жаңа мұражайы ашылады», деп атап көрсетті.
Әрі қарай