"Айтуға оңайдан" кейінгі ой: қазақты біріктіріп тұрған нәрсе - Ән!

Былтыр тамыз айында Астанада Сол жағалаудың орталығындағы Керуен Сауда Орталығын таңдадық. Таңдау себебіміз Керуен — адам көп жүретін, жиналатын жер және Сол жағалау әлі орысша мекен. Домбыра арқылы тек домбыра емес қазақылықты, қазақ тілін, қазақты жарнамалағымыз келді. Домбыра арқылы қазақтың тірі екенін, оянатынын көрсеткіміз келді. Негізгі мақсат сол ғана. Ал қазір ДП сол мақсатты орындаудан бөлек жастардың кездесу орнына да айналды. Астана сияқты үлкен қалада адамдар жұмысбасты. Бір біріне уақыт табу қиын. Осы ДП кезінде бірталай адаммен кездесіп, сәлемдесіп қаламыз, жаңа адамдармен танысамыз. Бұдан бөлек жаңа таланттардың ашылуына да жақсы жол. Сол жағалауда жүретін шетелдіктер де қызығып қарайды. Өз жұмыстарындағыдай емес қазақтілді қазақтар бар екенін, олардың да өз өнер-мәдениеттері бар екенін көреді.