Кісі қолынан қаза тапқан қорықшы жерленді

Кісі қолынан қаза тапқан қорықшы Ерлан Нұрғалиев жерленді. Марқұмның денесін Қарағанды облысы, Нұра ауданы, Баршын ауылындағы қорымға қойды. Қаралы жиынға келген ауыл шаруашылық министрінің өкілі Ерлан Нұрғалиевты «Ерлігі үшін» наградасына ұсынғандарын айтты.

Полицияға көңіліңіз тола ма?

Ішкі істер министрлігі «банда полицейлер» жайлы видео таратқан Қарағандыдағы ІІМ академиясының өкілін қызметтен босатты. Ал әлеуметтік желіде полицейлердің жұмысына қатысты талқылаулар көбейді. Азаттық тілшілері Астана тұрғындарынан «Полицияға көңіліңіз тола ма? Нені өзгерту керек?» деп сұрап көрді.

Мүмкіндігі шектеулі жандар IT мамандықтарын тегін меңгереді

Тыңдаушылар интернет-маркетинг, бағдарламалау және дизайн сияқты ІТ саласының үш бағыты бойынша білім алады, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Тәуелсіздік күні қарсаңында «Интернет-технология» инновациялық мектебінің негізін салушы Әмір Сүлейменов мүгедектерді IT саласының 3 бағыты бойынша тегін оқытатынын хабарлады.

Оқу қашықтықтан жүргізіледі, сондықтан курсқа Қазақстанның кез келген өңірінің азаматы өтініш бере алады. Қазіргі таңда мектепке 50 адам жазылған. Мүмкіндігі шектеулі жандарды үш негізгі бағыт бойынша оқытады: интернет-маркетинг, бағдарламалау және дизайн.

«Қазір сұранысқа ие мамандықтарға СММ-менеджмент, сайт жасау, интернет-магазин, андройд-қосымшалар әзірлеу, веб-дизайн жатады. Кезінде мен де халықаралық олимпиадаға барар жолда көлік апатына ұшырап қалдым. Арбаға таңылған соң, мен қиындықтарға соқтықтым. Біздің білім беретін орындарда лифтілер, пандустар жоқ. Менің алдымда осылай жатып қалу, не тіршілік жасау таңдауы тұрды. Мен программист мамандығын таңдадым. Себебі ол әлемнің кез келген нүктесінен қашықтан жұмыс істеуге мүмкіндік береді», — дейді Ә.Сүлейменов.

Бүгін «Интернет-технология» мектебінен Астана, Қарағанды, Петропавл қаларынан мүмкіндігі шектеулі 40 жуық адам оқудан өткен.

Әмір Сүлейменов адамдарды оқытуды оңалту орталықтарынан бастаған, онда білімі жоғары, тәжірибесі бар адамдар тек зейнетақымен жүргенін көрген. Қазіргі күнде Әмірдің курсынан өткен көптеген адам өз ісін бастаған немесе ірі корпорацияларда жұмыс істейді.

«Курстан өткендердің 80 % жұмысқа тұрды. Біз оларды СММ менеджментке оқыттық: әлеуметтік желілерде мақсатты аудиторияны қалай табуға және инстаграмда тауарды және қызмет көрсетуді қалай көрсету керектігін үйреттік» — дейді ол.

Мүмкіндігі шектеулі адамдарды тегін оқыту туралы толық ақпаратты isit.kz сайтынан біле аласыз.

АТТ мүшелерінің біліктілігін арттыру – уақыт талабы

Жақында Қазақстан Республикасы Қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-ның мемлекеттік гранты аясында Қарағанды, Орал және Талдықорған қалаларында «Парасат» кеңес беру-әдістемелік орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен Дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобы (АТТ) мүшелерін даярлау және қайта даярлау республикалық оқыту курсының өткендігінен БАҚ арқылы көпшілік хабардар.

Бүгінгі қоғам үшін АТТ мүшелерін қайта даярлау уақыттың талабы. Себебі бүгінде ақпарат кеңістігінде түрлі материалдардың жариялануы, оның ақ-қарасын ажырату үшін кез-келген азаматтың, әсіресе дін мәселесіне қатысты сауаттылықтың болуы маңызды. Осы ретте ел тұрғындарымен етене жұмыс жасап жатқан АТТ мүшелерінің бірінші кезекте біліктіліктерін жетілдіру өзекті. «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-ның мемлекеттік гранты аясында ұйымдастырылған семинар курсына қатысуға, мәселен үстіміздегі жылдың қазан айының 22-26 күндері Орал қаласында өткен курсқа Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарынан 120 АТТ мүшесі, ал қараша айының 5-9 күндері Талдықорған қаласында өткен курсқа Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Талдықорған облыстарынан және Шымкент, Алматы қалаларынан 130 АТТ мүшесі өтініш білдірген. Бес күндік, яғни 40 сағаттық академиалық курс барысында бүгінгі қоғамдағы ең өзекті деген мәселелер көтеріліп, жан-жақты пікір алмасулар болды.

Бір ғана зайырлы қоғамдағы діннің рөлі, исламның құндылықтары, зайырылық мәселелері тақырыбында дәрістер қатысушыларға тың ақпарат берумен қатар, оларға үлкен серпін берді.

Тәжірбиелі маман Индира Беркімбаева басқаратын «Парасат» кеңес беру-әдістемелік орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен өткен курс жұмысы жоғары деңгейде өткізілді. Білікті ғалыммен қатар сала мамандары және Қоғамдық даму министрлігінің Қоғамдық келісім комитетіне қарасты мекеме қызметкерлері дәріс жүргізіп, өз тәжірбиелерімен бөлісті.

Жалпы дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру жұмысы – мемлекеттің дін саласындағы саясатының түрлі аспектілері бойынша қоғамдық пікір қалыптастыру мақсатында билік органдарының халықпен жұмыс жүргізу формасының бірі. Сондай-ақ қоғамдағы зайырлылық сана-сезімін нығайту, азаматтар мен қоғамды сыртқы әртүрлі жалған ақпараттан қорғауды қамтамасыз ету және халық санасында еліміздің болашағын зайырлылық қағидаларына негіздеу қажеттілігі.

Бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру топтары қарқынды жұмыс жасап келеді. Олардың жұмыстары туралы күн сайын әлеуметтік желілер арқылы билік пен бұқара халық хабардар. Дін мәселелері бойынша елімізде 1 республикалық және 250 өңірлік ақпараттық-түсіндіру топтары жұмыс жасайды. Оған шамамын 3,5 мың адам мүше екен. АТТ құрамында дін саласындағы кәсіби мамандар, дінтанушылар, теологтар, дәстүрлі дін өкілдерінен бөлек, жастар ұйымдарының, этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері, мәдениет және спорт саласының майталмандары, сондай-ақ халық қалаулылары мен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері бар. АТТ жұмысы бір бағытта ғана емес жан-жақты жұмыс жасауға дағдыланған. Дін мәселелері жөніндегі АТТ қызметі конфессияаралық келісімді қамтамасыз етуге, тұрғындардың, соның ішінде жастардың назарын дін саласындағы өзекті мәселелерге аударуға, мемлекеттік-конфессиялық қатынас саласында орын алып отырған мәселелерді шешуге жұмылдыруға, экстремизм мен терроризмнің алдын алуға үлкен септігін тигізіп келеді.

Осы ретте бұрыңғы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі 2017 жылғы ресми мәліметіне сүйенсек қоғамда мемлекеттің дін саласындағы саясатын халықтың 87 пайызы қолдайды деген ақпарат берген болатын. Өткен 2017 жылы қабылданған Дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасында Қоғамдық даму министрлігі 2018 жылы халықтың 89 пайызы, ал 2020 жылы халықтың 91 пайызы мемлекеттің дін саласындағы саясатын қолдайды деген межелі көрсеткішке жетуді мақсат қойып отыр.

Республика бойынша әртүрлі форматта ұйымдастырылған іс-шараларда тұрғындардың діни-құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру, еліміздің зайырлылығы және құқықтық сипаты туралы, дін саласындағы мемлекеттің саясаты, мемлекеттің дін саласындағы ұстанымдарын, деструктивтік сипаттағы діни ағымдар туралы, олардың қоғамға төндіретін қатері жөнінде жан-жақты ақпарат беріп келеді. Мәселен бір ғана 2017 жылы 23 мыңға жуық іс-шара өткізіліп, олар 2 миллионға жуық адамды қамтыған делінген Қоғамдық даму министрлігінің (бұрыңғы ДІАҚМ) ресми ақпараттарында. Әрине мыңдаған іс-шараларда осы ақпараттық-түсіндіру топ мүшелерінің еңбектері ерекше.
Семинарға мемлекеттік құрылымдардың қызметкерлері, дәстүрлі діндердің өкілдері, дінтанушылар мен теологтар, мектептің «Зайырылық және дінтану негіздері» пәнінің мұғалімдері қатысты.
Семинар барысында конфессияаралық мәселелер, мемлекеттің зайырлылық ұстанымдары, толеранттылық пен азаматтық бірегейлікті қалыптастыру, еліміздегі діни бірлестіктер мен діни теріс ағымдардың қызметтері туралы, діни экстремизм мен терроризмді насихаттайтын идеологиялардың таралуын ауыздықтау, радикалдық діни идеологияны жақтаушылардың, оның ішінде қылмыстық-түзету мекемелерінде жазасын өтеушілердің арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, оларды қоғамдық орта мен дәстүрлі діннің құндылықтарына қайтару және оңалту, сонымен қатар дәстүрлі діндердің қызметінің мән-мағынасы кеңінен сөз болды.

Ұйымдастырылған семинар жұмысы өңірлік АТТ мүшелеріне үлкен теориялық және тәжірибелік білімін одан әрі жетілдіруге үлкен мүмкіндік болды.

Т.Әбуов,
РАТТ мүшесі, дінтану магистрі

Ғалымдар «Мәңгілік Ел» идеясының тарихы мен болашағы туралы ой қозғады

Бүгін Назарбаев орталығында  «Мәңгілік ел идеясы: тарихы мен болашағы» атты республикалық ғылыми конференциясы өтті. Қазақстанның үшінші жаңғыруы – қоғамның рухани жаңаруы міндеттері мәтінінде өткізілген конференцияны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасының кітапханасы ұйымдастырды, деп хабарлайды астана әкімдігінің ресми сайты.


Іс-шараны конференцияның модераторы, Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары, саяси ғылымдарының докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.


– Құрметті ғылыми конференцияға қатысушылар! Сіздерді «Мәңгілік Ел: тарихы және болашағы» тақырыбындағы ғылыми-тәжірибелік конференциясының ашылуымен құттықтаймын! Біз небір тар жол, тайғақ кешуден де, неше түрлі сыннан да бірлік пен ынтымақтың арқасында аман өткен елміз. Елбасының жыл сайынғы Жолдауларын асыға күтіп, стратегиялық бағдарламалары мен жаһандық бастамаларының іске асырылуына әр ұжым, әр азамат өзінің хал-қадірінше атсалысуға тырысады. Себебі, біздің еліміз жеткен табыстар мен болашақ жоспарлар – Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен байланысты. Біз Президентіміздің «Мәңгілік ел» жолындағы дана саясатының арқасында бүгінде дамыған елдер қатарына жеттік. Халықаралық және әлемдік деңгейде абыройлы, беделді мемлекет атандық. Ендеше Мәңгілік Ел болу жолындағы асқақ мұратымыз орындалсын!


Конференцияда сөз алған Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының жанындағы Сот төрелігі академиясының «Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор  Төлеуғали Бүрбаев баяндамасында  ұлттық идеяға қойылатын талаптарға тоқталды. 


«Мәңгілік Ел» идеясы негізінде қоғамда көптеген жұмыстар жүргізілуде. «Мәңгілік  Ел» идеясын қалай ұлттық идеяға айналдырамыз? «Мәңгілік Ел» идеясы – алауыздық пен әлеуметтік жүктемеге жол бермейді. Ұлттық идеяның ішкі және сыртқы өлшемдері бар. Ішкі өлшемдер елдің даму бағыты, деңгейі, әлеуметтік ахуалы, құндылықтар жүйесіне байланысты болса, сыртқы өлшемде оның басқа елдермен ынтымақтастық негізде қарым-қатынасы көрініс табады. Ұлттық идеяның ішкі мәні – даму, өзгеру, жаңғыру. Мемлекет пен қоғам үнемі өзгеріп, жаңғырып, дамыса, онда ұлттық идея да  жасампаз болады, — деді Т. Бүрбаев


– Қоғамдық идеал – ұлттық құндылық. Мәңгілік ел идеясы алдымен ұлттық  мемлекеттілікпен, оның ажырамас рәміздері ретіндегі қазақтың  ұлттық қалпы мен жалпыхалықтық құндылықтарымен астасуы қажет.  «Мәңгілік Ел» қоғамдық идеалын қалыптастыруда қай-қайсымыз қолдан келер қайраткерліктен қапы қалмайық!, — деді өз баяндамасында М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалының профессоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Алтайы Оразбекова. 


Конференцияға танымал отандық ғалымдар, академиктер, профессорлар, доценттер, сонымен қатар докторанттар мен магистранттар қатысты.


Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы кітапханасының, Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты жанындағы Сот төрелігі академиясы, ҚР БҒМ Ғылым комитеті Философия, саясаттану және дінтану институты, ҚР Ұлттық қауіпсіздік Комитеті Шекара қызметі академиясы, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалы, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы, ҚР Ұлттық музейі, «Өрлеу» АҚ Павлодар облысы филиалы мұражай бөлімі, ЦИОМ (Қоғамдық пікір зерттеу орталығы), «Тұран» білім корпорациясы, «Тұран-Астана» университетінің қызметкерлері мен өкілдері конференцияда Мәңгілік ел идеясына байланысты жұмыстардың тарихи, экономикалық, саяси, философиялық, мәдени, әлеуметтік, құқықтық және басқа  да қырларын талқылады.


Конференция жұмысының қорытындысы бойынша «Қазақстан жолы: Мәңгілік Ел» монографиясын шығару  жоспарланды.


7 мыңнан аса астаналық оқушы «Мектепке жол» акциясының қолдауына ие болды

Республикалық «Мектепке жол» акциясының қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды астана әкімдігінің ресми сайты.


Акцияның мақсаты – аз қамтылған, көпбалалы отбасылар, жетім балалар мен жаңа оқу жылынан бастап ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ әлеуметтік жағдайына байланысты мектепке келе алмайтынын ескерткен балаларға материалдық және басқа да көмек көрсету.


Акцияның қорытындысы бойынша жалпы сомасы 152 961 000 теңге көлемінде астаналық 7524 балаға көмек көрсетілді. Оның ішінде 6439 оқушы демеушілер есебінен берілген 109 409 200 теңгенің көмегін алды. Айта кетейік, Астанада осы акцияны өткізген 11 жыл ішінде 63 мыңнан астам балаға көмек көрсетілген.  
«Мектепке жол» акциясы шеңберінде орталық алаңда мектепке қажетті форма, кеңсе тауарларының 10-50 % жеңілдіктері бар жәрмеңке өткізілді. Жәрмеңкеге 40 мыңнан астам адам келді. Шараға ірі тігін фабрикалары «Фортуна», «Казлегпром-Алматы», «Sens fashion», Карағанды аяқ киім фабрикасы және Астана, Қарағанды, Петропавловск, Шымкент, Теміртау қалаларынан тауар өндірушілер мен 30-дан аса кәсіпкер қатысты.


Осы жылы «Мектепке жолды» мемлекеттік органдар, «Нұр Отан» партиясы, мешіттер, әскери бөлімдер, екінші деңгейдегі банктер, «Билайн» компаниясы, жеке кәсіпкерлер, волонтерлер мен қоғамдық қорлар белсенді түрде қолдады. Шара барысында белсенді меценаттар марапатталды және әлеуметтік маңызы бар бағдарламаларды іске асыруға арналған «Қайырымды іс» жаңа акциясы басталды.


 «Мектепке жол» жыл сайын Мемлекет басшысының 1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін мектеп оқушыларының толық келуін қамтамасыз ету бойынша тапсырмасын орындау үшін Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігінің бастамасымен өткізіледі. 


Қарағандыда дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерін даярлау және қайта даярлау курсы өтті

2018 жылдың 5 қазанында Қарағанды қаласында (Қазақстан Республикасы қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-ның мемлекеттік гранты аясында) «Парасат» кеңес беру-әдістемелік орталығы» мекемесі ұйымдастырған «Дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерін даярлау және қайта даярлау жұмыстарын ұйымдастыру» гранты аясында ақпараттық-түсіндіру топтарының әр түрлі деңгейдегі мүшелерін оқыту курсы аяқталды.
Курсқа Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды облыстарының ақпараттық-түсіндіру топтарының 100 мүшесі қатысты. Сертификаттар мен ҚР Қоғамдық даму министрлігі қоғамдық келісім комитетінің «Өңірлік дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі» деген арнайы куәлігін Қоғамдық келісім комитетінің басқарма басшысы М.Қарабаева табыстады. Барлығы 37 курс тыңдаушысы куәлік иегерлері атанды.
Арнайы куәлікті иелену талаптары:
өңірлік ақпараттық-түсіндіру топтарының құрамында 1 жылдан 3 жылға дейінгі жұмыс тәжірибесінің болуы;
жергілікті құзырлы мемлекеттік органның ұсынысы;
аттестациялық тестілеудің қорытындысы;
курс барысында тәжірибелік жұмыстарын тыңдармандар мен сарапшылардың бағалауы;
Келесі аймақтық курс 2018 жылдың 22-26 қазан аралығында Орал қаласында өткізілуі жоспарланған. Бұл курсқа Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері шақырылады.

МӘМС: Елордалық жұмыс берушілер мен кәсіпкерлер 13 млрд теңгеден астам жарна аударды

Астана қаласы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударылатын міндетті төлемдердің сомасы бойынша Алматы қаласы және Қарағанды облысымен қатар көш бастап тұр.

Қыркүйек айында Астана қаласының жұмыс берушілері мен кәсіпкерлері 1 млрд теңгеден астам жарна аударды, ал 2017 жылдың шілде айынан бері аударылған жарнаның жалпы сомасы 13 млрд теңгеден асты. Жалпы республика бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 105 млрд теңге түсті, бұл соманың 92%-і жұмыс берушілерге тиесілі. Жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша жұмыс істейтіндер Қорға 8,6 млрд теңге аударды. Міндетті медициналық сақтандырудың жинақталған қаржысы Ұлттық банкте сақталады. Ұлттық банкпен Қор сенімгерлік басқару туралы келісім бекіткен. 2020 жылдан бастап бұл қаражат МӘМС пакеті шеңберіндегі қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады. Бұл уақытқа дейін «ӘМСҚ» КЕАҚ тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық қызметтердің ақысын төлейтін қаржы операторы міндетін атқарады.

«Жыл басынан бері «ӘМСҚ» Астана қаласы бойынша филиалы медициналық мекемелерге тұрғындарға көрсеткен қызметтері үшін 60,8 млрд теңге төледі. Астана қаласында біз 115 медициналық мекемелермен жалпы құны 84,6 млрд теңгені құрайтын келісімшарттар бекіттік», — дейді «ӘМСҚ» КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалының директоры Н.Қабдықапаров.

Естеріңізге сала кетсек, әрбір азамат өзінің Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің медициналық қызметтерді тұтынушы ретінде қатысушысы болатындығы туралы ақпаратты Халыққа қызмет көрсету орталығының бөлімі арқылы анықтамаға тапсырыс бере алады.

Астанада құрбандық шалу орындары анықталды

Астана жаңалықтары: Астанада құрбандық шалу орындары анықталды

Құрбан айт — Рамазан айынан соң 70 күннен кейін атап өтілетін, қажылық сапарының аяқталу мейрамы. Әлемнің барша мұсылмандары «Құрбан айт» мейрамын жыл сайын атап өтеді, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Құрбан айт мейрамын атап өту осы жылдың 21 тамызы күні елорданың барлық 9 мешітінде мерекелік «Айт намазынан» (басталуы сағат 7-00) бастау алады. 23 тамызға дейін елордада құрбандық шалу ұйымдастырылады. Қазіргі таңда Астана қаласында негізгі құрбандық шалу орындары бекітілді:

Алматы ауданы: «Метро» СҮ (Астана-Қарағанды т/ж)

Байқоңыр ауданы: «Нұрбереке-555» ЖШС, Алаш шоссесі, 30 («Көк Базар» базарының арты), «Есжанова А» ЖК, «Жайлау», Алаш шоссесі, Ц 313 көшесі, «Шаушен» ШҚ, «Астана-Павлодар» т/ж, 9 км, «Темеш» ШҚ, Астана – Софиевка т/ж 7 км

Есіл ауданы: «Алтын-Таға» базары, Қосшы кентінің маңы

Сарыарқа ауданы: «Ұлжан» әмбебап базары, (бұрынғы «Саянұр» базары)

Сонымен қатар, «Құрбан айт» мерекесін атап өту күндері халыққа құрбандық шалу және тағы басқа өзекті мәселелер бойынша ақпараттандыру үшін тәулік бойы «2288» Call-center жұмыс жасайды.

Бурабайда жыл сайын қайырымдылық Burabike веложарысы өтеді

Астана жаңалықтары: Бурабайда жыл сайын қайырымдылық Burabike веложарысы өтеді

Қайырымдылық Burabike 2018 веложарысы дәстүрлі түрде 30 тамыз күні Щучинск – Бурабай курорт аймағындағы Rixos Borovoe отелінің территориясында өтеді. Ұйымдастырушылар — Rixos Borovoe отелі және Ақмола облысы әкімдігінің қолдауындағы Болат Өтемұратовтың қоры. Шараның өткізілу уақыты 9:00-ден 16:00-ге дейін.

Burabike – отбасы мен спорт мерекесі, яғни мақсаты Қазақстандағы балалар ауруханасына қажетті өмірлік медициналық құралдармен жабдықтау үшін қаражат жинау. 5 жыл ішінде Burabike жарысына қатысушылар мен қонақтар қайырымдылыққа 470 миллион теңге аударған. Былтыр 168 429 890 теңге жиналған, бұл 2013 жылмен салыстырғанда 15 есе көп (ол жылы веложарыс бірінші рет өткізілген болатын).

Қатысушылар саны да 5 жы ішінде 8 есеге көбейе түсті: 130-дан 1023 адамға дейін. Осы жылы 2000 адам қатысады деп күтілуде. Оның 600-і 30 километр қашықтықты бағындырып, өздерінің үлесін балалардың өмірін құтқаруға арнайды.

Веложарыстан түскен қаражаттың бәріне Меркі ауданындағы Орталық аурухана (Жамбыл облысы), Тимирязев аудандық орталық ауруханасы (СҚО), Панфилов ауылындағы перзентхана мен Алакөл аудандық орталық ауруханасы (Алматы облысы), Ағадыр кентіндегі ауылдық аурухананасына (Қарағанды облысы) қажетті өмірлік медициналық құрал-жабдықтар сатып алынады.

Жарыстан кейін қатысушылар мен қонақтарды Риксостың атынан үлкен пикник пен қазақстандық және ресейлік жұлдыздардың концерті, қайырымдылық жәрмеңкесі, тағамдарға арналған мастер-класс пен балалар мерекесі күтіп тұр. Сонымен қатар курорт аймағында Болат Өтемұратовтың қорындағы «Асыл мирас» орталығындағы аутизм ауытқуы бар балалардың қолымен салынған шығармашылық жұмыстарға арналған қайырымдылық аукционы өтеді.

Burabike жарысына қатысушылар мен қонақтардың бәріне Астанадан Щучинскіге барып келуіне трансфер беріледі. Астанада адамдар елордалық цирктің алдында сағат 6:00-ден 6:45-ке дейін жиналады. Ал велосипедті тасымалдау үшін арнайы жүк трансфері қарастырылған әрі таңғы және түскі тегін ас та беріледі.