Қазақ күресін мектеп бағдарламасына енгізу қажет
Бұл ретте көптеген мектепаралық сайыстар, клубтарда чемпионаттар ұйымдастырған жөн...
«Қазақ күресін мектеп бағдарламасына енгізу қажет, көптеген мектепаралық сайыстар, клубтарда чемпионаттар ұйымдастырған жөн. Бұл ұлттық спортымыздың дамуына ықпал етеді. Өйткені, қазақ күресі ұлтымыздың абыройы, халқымыздың қазынасы, біздің мақтан тұтар байлығымыз. Демек, біздің алдымыздағы мақсат – оны жоғалтып алмай, керісінше одан әрі дамыту. Бұл ретте, қазақ күресін дамытуды «Рухани жаңғыру» бағдарламасына қосса игі» — дейді Халықаралық Qazaq kuresi федерациясының бас хатшы кеңесшісі Ұлан Рысқұл.
Айта кету керек, жуырда ғана Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында қазақ күресінен Азия чемпионаты өтті. Чемпионаттың басты ұйымдастырушысы Халықаралық Qazaq kuresi федерациясы болса, оған Тенгизшевройл компаниясы қолдау көрсеткен болатын.
Чемпионат қорытындысы бойыша жалпы есепте Қазақстан құрамасы екінші орынды иеленді. Бірінші орын 16 медальмен Моңғолия құрамасында.
Жалпы, Халықаралық қазақ күресі федерациясы – ұлттық спорт түрін әлемдік деңгейде дамытып, халықаралық серіктестер мен спортшылардың басын біріктіріп жүрген бірлестік. Халықаралық Федерацияның құрылғанына аз болса да, осы уақыт аралығында ауқымды шаралар мен нәтижелі жұмыстар атқарылды. Оның үстіне, әлем бойынша да ұлттық спортымызға қызығушылық танытқандар саны күн санап артуда.
Үстіміздегі жылы қазақ күресінен халықаралық федерацияның құрылғанына 2 жыл толды. Осы күні федерация әлем бойынша өз одақтастарын жинай алатын, шетелде ұлттық күрестен беделді турнирлерді өткізетін жалғыз спорт федерациясы атанған. Федерация құрамына 29 шет ел және екі халықаралық спорт ұйымдары кірді. Жақын арада тағы 10 шетелдік мемлекет қосылады деген сенім бар.
Еуропа және Әлем чемпионаттарын сәтті ұйымдастырғаннан кейін, Халықаралық федерация жазғы Олимпиада ойындарының бағдарламасына қазақ күресін қосуға ынталы.
Пікір жоқ әзірше