Үш бірдей ұлттық паркте экологиялық туризм қолға алынады
АҚШ-тың бірегей тәжірибесін зерттей келе, «Kazakh Tourism» ҰК» акционерлік қоғамы Іле-Алатау, Шарын және Көлсай көлдері ұлттық парктеріне енгізуді көздеді. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін еліміздің Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мен Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің қатысуымен үш бірдей келісім жасалды. Атап айтқанда, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы «Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» мемлекеттік мекемесімен бірлескен жұмыс туралы келісімге қол қойды. Дәл сондай келісімдер «Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» және «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» республикалық мемлекеттік мекемелерімен де жасалды.
«Тұмса табиғаты көз тартатын Қазақстанның шетелдік туристердің қайта айналып келгісі келетіндей құдыреті бар. Сондықтан, ұлттық парктердегі туризмді жаңа деңгейге шығару –қазіргі заман талабы» — деп мәдениет және спорт министрі Ақтоты Рахметоллақызы өз сөзінде атап өтті. Өз кезегінде, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Маратұлы қос ведомствоның бақылауындағы жобалар жемісті боларына сенім білдірді. «Қолға алынған шара ортақ мүдде үшін тиісті дәрежеде орындалуы тиіс. Сол себепті, экологиялық туризмді дамыту жолында бірлесе қызмет атқаруға дайынбыз».
Аталған келісімдер аясында Қазақстандағы туризмді дамытудың тың әдістерін әзірлеу жоспарланған. Яғни, туристтік әлеуетті арттыруға бағытталған оңтайлы инфрақұрылым жобалары пысықталатын болады. Негізгі мақсат — ұлттық парктердегі бірегей экологиялық жүйені сақтай отырып, туристердің белсенді демалысын ұйымдастыру. Айта кетерлігі, бұл іске білікті халықаралық сарапшылар және экологиялық туризм саласындағы ұйымдар тартылады. Сондай-ақ, инвестиция тарту үшін нақты аумақтар белгіленетін болады. Қанатқақты жобалар сәтімен іске асқан жағдайда, бұл тәжірибе міндетті түрде еліміздегі барлық ұлттық парктерге енгізілетін болады.
Осылайша, экологиялық туризмді дамытудың жаңа үлгісін енгізу арқылы 2025 жылға дейін туристердің санын 1,3 млн –нан 3,4 млн-ға жеткізу көзделіп отыр. Бірлескен жобаларды жүзеге асыру барысында 20 мың жаңа жұмыс орнын құру және алдағы 5-7 жылда 100 млрд.теңге көлеміндегі инвестиция тарту жоспарлануда. Бұл өз кезегінде, туризмнің дамуына үлес қосатын кәсіпкерлердің жұмысын жүйелі жолға қоюға мүмкіндік бермек.
Қосымша ақпарат: ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Ұлттық парктер аумағындағы флора мен фаунаны сақтай отыра, туризмді тұрақты дамыту бірлесе жайлы өзара келісімге келді. Қазақстан Республикасының ұлттық парктеріндегі экологиялық туризмді дамытуға бағытталған барлық іс-шаралар 2019-2025 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы туризмді дамыту бойынша мемлекеттік бағдарламада белгіленген. Мемлекеттік бағдарлама Қазақстан Республикасының №360 қаулысымен 2019 жылдың 31-мамырында бекітілді.
Жалпы, еліміздегі ұлттық парктер ерекше қорғауға алынған табиғи аумақтарға жатады. Олардың қызметі тиісті заң негізінде іске асырылады. (Ерекше қорғауға алынған табиғи территориялары еліміздің 9 % аумағын, яғни 24,7 млн. Гектарды қамтиды.)
Қазіргі таңда елімізде мемлекеттік қорықтар кешендері, нысандар мен табиғи ресурстар қорын сақтауды қамтамасыз ететін 13 Ұлттық парк жұмыс істейді.
Статистикалық мәлімет бойынша, ұлттық парктерде жыл сайын демалатын туристер саны шамамен 8% құрайды. 2018 жылғы мәлімет бойынша 1,3 миллион халық демалысын ұлттық парктерде өткізген. Айта кетерлігі, бүгінде аталған жерлердегі инфрақұрылымның әлсіз дамуы ұлттық парктердегі экологиялық туризмнің дамуына қол байлау болып отыр.
Пікір жоқ әзірше