Сарышұнақ аязда өткен марафон
Қалалық Триатлон паркте өткен қысқы стартқа адамның мүмкіндігі жоғары екендігін дәлелдеп 1,6 –мыңнан астам адам қатысты, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Далада сарышұнақ аяз тұрса да (сынап бағанасы -25 градусқа дейін түсті), кәсіби спортшылар жарыс алдында денелерін қыздырып, әуенге билеп көңілді тұрды.
II Astana winter marathon атты марафонға 1,6 мыңнан астам адам қатысуға ниет білдірген. Олардың үш жүзден астамы еліміздің аймақтары мен Ресей мен Украинадан келіпті.
Ең жас қатысушы 12- де, ал ең ересегі – 74 жаста.
Шыдамдылық пен жеңіске талпынғандар 5, 10 ,21 шақырымдық үш қашықтықта бақтарын сынады. Ал 42 шақырымдық жарыс дүниежүзілік талапқа сай күннің қатты суытуына байланысты өтпеді. Спортшылардың қауіпсіздігі аса қымбат.
Astana Winter Marathon –ның «Шексіз мүмкіндік» ұраны қатысушылардың мінезін толық ашып тұрғандай. Мұнда физикалық дайындық қана емес, шыдамдық пен күш-жігерді көрсету маңызды.
Барлық қатысушыларға үлгі болған жан – Азия, Африка, Австралия және Американың шөл даласын жалғыз жүгіріп өткен қазақстандық марафоншы, ел мақтанышы Марат Жыланбаев. Ол осы жарыстың кеңесшісі де қатысушыларды жігерлендіруші де.
Қатаң климаттық жағдайларға қарамастан адамдар Астана, Ақтөбе, Атырау, Павлодар, Екібастұз, Оралда да жүгіруге шықты. Адамдарға қыс келсе де үйде жатпаңыздар дегім келеді. Далаға шығыңыздар, жүгіріп, шана, шаңғы тебіңіздер!», — дейді Марат Жыланбаев.
Бес шақырымдық қашықтықтағы марафонда Серік Исмаилов пен Адель Шахайдар жеңіске жетсе, он шақырымдық қашықтықты алғашқы болып Мирас Жетібаев пен Зарина Ментаева бағындырды. Ал 21 шақырымдық марафонда Базарбай Дауталиев пен Татьяна Миргородскаяға тең келер атлет табылмады. .
Марафон Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өтті. Шараның бас демеушісі – «BI group» компаниясы.
1 пікір