Астанада смс-хабарландырудың арқасында айыппұл төлемі 73 % артты
2018 жылдың сәуір айынан құқық бұзушыларға айыппұл туралы 140 мыңнан астам хабарлама жіберілген, деп хабарлайды астана әкімдігінің ресми сайты.
Қалалық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлағандай, соңғы 5 жылда ішкі істер органдары салған әкімшілік айыппұлды өндіру 50% аспаған. Бұның негізгі себебі – қала тұрғындарының өз қарызы туралы білмеуі.
2017 жылдың қыркүйегінде Астананың полиция департаменті азаматтарға қарызының бар екендігі туралы SMS-хабарламаларды тесттік режимде жібере бастаған болатын. Алайда тұрғындардың басым бөлігі алған ақпараттың растығына сенбеген.
«Алдағы уақытта халық тарапынан болатын сенімсіздікті жою мақсатында қала прокуратурасы полиция департаментімен бірлесіп, мүдделі органдардың пікірі есепке алынған алгоритм әзірледі. Енді ЖҚЕ бұзылған кезде айыппұл туралы мәлімент — әкімшілік құқық бұзушылықтың бірыңғай реестріне келіп түседі. Бұдан электронды үкімет порталының бірыңғай байланыс-орталығы арқылы құқық бұзушының телефон номері тексеріледі, осылайша оған төленбеген айыппұлының бар екендігі туралы смс-хабарландыру жіберіледі», — деді прокуратура.
2018 жылдың сәуірінен бастап аталған смс-хабарландыру әдісі толықтай онлайн-режимде жұмыс істеп тұр.
Осы уақыт аралығында құқық бұзушыларға айыппұл туралы 140 мыңнан астам хабарландыру жіберілді. Айта кетейік, қызметтің бұл түрі бюджеттен қосымша шығынды талап етпейді.
Хабарландырудың жаңа әдісі астаналық полицейлерге айыппұлды өндіру деңгейі 73 % арттыруға мүмкіндік берді.
Пікір жоқ әзірше