Қазығұрт тауына шаңғы базасы керек пе?

Осыдан 8 ай бұрын, яғни екі мың да он сегізінші жылдың 21 наурыз күні "Қазығұрт-Кемеқалған" туристік тарихи-мәдени кешенінің қазығы қағылып, іргетасына облыс әкімі Ж.Түймебаев бастаған топтын капсула салу рәсімі өтті. Сол рәсім мен туристік кешен туралы БАҚ өкілдері жан-жақты ақпарат таратып жатты.

Кешен іргетасына облыс әкімі капсула салуда
Фотосурет мына жердікі lenta.inform.kz/ru/oko-kazygurt-tauynda-iri-turistik-keshennin-kazygy-kagyldy_a3192958

Қош дедік. Туристік кешен салу — жақсы идея. Турис тартудың тамаша әдісі.

Сонымен, туристік кешен үшін Қазығұрт ауданынан 4 га, қалған 16 га-сын Төле би ауданы жер бөлетін болады. Бөлді. Кешеннің негізгі нысаны — 3 қабатты кеме Қазығұрт тауының батыс өркешінде орналасатын болды. Теңіз деңгейінен 1768 м.биікте. Аңызда айтылатын Нұһ пайғамбардың кемесі қалды дейтін нүкте ғой. Оған баратын аяқжолдан бастап қанатты жолдар тартылу, көру алаңқайларын салу жоспарланды. Атшабарлар (ипподром) мен этноауылдар салу жобаланды. Бұл идеяларды мақұлдауға болады. Туристер үшін қазақ халқының ұлттық ерекшеліктері мен спорт түрлерін көрсетуге ыңғайлы орын. Құптайық. Одан басқа тау айналасындағы жер-жерде аквапарктер орналастыру мен тау басынан төмен құлдилайтын тау шаңғысының трассаларын салу жоспарланыпты. Аквапарктерді қоя берейікші, Қазығұрт тауынан бастау алатын өзендердің жобада көрсетілген мөлшерде су тауып бере алмауы белгілі болса да мақұл дейік. Шаңғы базалары мен жолақтары не үшін керек? Ақыл жетпейтін нәрсе осы.

"Қазығұрт-Кемеқалған" кешеніндегі тау шаңғысы мен шаңғы жолдары жобасы
Фотосуретке сілтеме тағы да сол www.inform.kz/kz/oko-kazygurt-tauynda-iri-turistik-keshennin-kazygy-kagyldy_a3192958

Саралап көрейік.

«Қазығұрт-Кемеқалған» туристік тарихи-мәдени кешені жобасы орналасатын аумақ ең жақын елді мекен — Қазығұрт ауданының Қ.Әбдалиев ауыл округіне қарасты Атбұлақ ауылынан оңтүстікке қарай 4,5 шақырымда орналасқан. Бұл жер Қазығұрт тауының оңтүстік батыс сілемі. Жоба орналасатын учаскеге жақын Қазығұрт тауының ең биік нүктесі теңіз деңгейінен 1768 метр. Ал, Жобаның шаңғы базасы орналастырылатын аумағы шамамен теңіз деңгейінен 1200 метрден 1600 метр биіктік аралығы болады. Салыстырмалы түрде Жоба орналасатын аймаққа жақын Атбұлақ ауылының интернет ресурстарда көрсетілетін қысқы мезгілдегі жауын-шашын түсу мөлшерін қарайтын болсақ, 2018 жылдың ең суық айы – қаңтар айының өзінде Цельсий бағанымен орташа алғанда күндіз +5, түнде -1 болған. Бұл – Қазығұрт тауының баурайында шаңғы жолағы үшін қажетті қар мөлшерін сақтауға жеткіліксіз. Қардың ерімей жату мерзімі ұзақ емес. Шаңғы базасын салуға қолайсыз, өзін-өзі ақтауы қиын жоба.
Атбұлақ ауылының ауа райы күнделігі
Атбұлақ ауылының 2018ж. қаңтар айындағы ауа райының күнделігіне сілтеме www.gismeteo.ru/diary/57447/2018/1/

Артық қаржы мен уақытты не үшін жұмсауымыз керек? Шаңғысыз Қазығұрттың туристік келбеті қалыптаспай қала ма?

Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше