Білім басқармасы #АҚША_ЖИНАУҒА_ҚАРСЫМЫЗ акциясын ұйымдастыруда

Астана қаласының Білім басқармасы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп «Астана-адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен бірлесіп, елордалық білім беру ұйымдары арасында #АҚША_ЖИНАУҒА_ҚАРСЫМЫЗ акциясын ұйымдастыруда, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Акцияның бірінші қадамы ретінде назарларыңызға мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаражат туралы ақпарат және заңсыз ақша жинауға тыйым салу туралы бұйрығының көшірмесі ұсынылып отыр.

Білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин өзінің Фейсбук парақшасында, бұл акция мектептерде заңсыз ақша жинауға тыйым салу мақсатында қолға алынғанын айтты.

«Құрметті Астана қаласының тұрғындары! Егер сіз Астаналық білім беру мекемелерінде заңсыз әрекеттерге тап болсаңыз, мына телефон бойынша хабарласуға болады: 55-68-83, 55-68-73», деп жазды ол.

Сонымен қатар, ол мемлекеттік бюджеттен, сондай-ақ ата-аналар төлеген қаражаттың қандай іс-шараларға бөлінетінін егжей-тегжейлі түсіндірді. «Баланы балабақшада тәрбиелеуге қаржы бюджеттен және ата-ананың төлеген ақысынан құралады. Қызметкерлердің еңбекақысы, қызметкерлердің біліктілігін арттыру, шаруашылық және кеңсе тауарларын сатып алу, ойыншықтар, көрнекі және әдістемелік құралдар, дәрі-дәрмек, байланыс қызметтері, ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары, сақтандыру, коммуналдық қызметтер, өрт қауіпсіздігі қызметі, банк және күзет қызметтері, апаттық қызмет, санитарлық-техникалық қызмет көрсету, құбырларды шаю және қысымды тексеру, шағын орталықтар үшін бөлмені жалға алу», деп түсіндірді ол.

Ал, ата-аналар төлемақысы балалардың ас суына бағытталады. Сонымен қатар, ол ата-аналардың балаларын тағы немен қамтамасыз ететінін айтып өтті. Ата-ана баласына кеңсе тауарларын, мысалы, ермексаз, қатырма қағаз, түрлі-түсті қағаз, түрлі бояулар, альбом және тағы басқа да заттар. Сондай-ақ, жоғары және дайындық топтарына баратын балалардың ата-аналары оқытудың негізгі түрлері үшін жұмыс дәптерлерін алып береді.

Ақылы қызметтер ішінде кезекші және демалыс күндердегі топтардың қызметі.

«ҚР МЖМБС және ҚР БҒМ үлгілік оқу жоспарынан тыс басқа да оқыту мен дамыту қызметтері ата-аналардың қалауы бойынша шарттық негізде жүргізіледі», — деп нақтылады Ә. Жанғозин.

Бюджеттен мектептерге қаражат мұғалімдердің еңбекақысын, коммуналдық қызметтерді, жетім және аз қамтылған отбасы балаларын киім-кешекпен және тамақпен қамтамасыз етуге, сондай-ақ кеңсе тауарларын (табель, бор, мақтау қағаздары), жинақтауыш құрылғы (картридж, шамдар), жууға арналған сұйықтықтар, шаруашылық және спорттық тауарлар сатып алуға бөлінеді.

Білім басқармасының басшысы 28 тамыз күні «Ата-аналардан заңсыз ақша жинауға тыйым салу туралы» бұйрығын шығарғанын атап өтті. Құжатта ата-аналардан сынып пен бөлмелердің тазалығын және жөндеу жұмыстарын, құрал-жабдықтарды, жиһаз сатып алуға, мекеменің аттестациясын өткізуге, педагогикалық ұжымға сыйлықтар, мерекелік іс-шараларды өткізуге және тағы басқа жағдайларға мәжбүрлеп ақша жинауға қатаң тыйым салынады.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше