Қазақстанның жаһандық бастамалардағы рөлі

«Жаһандық және аймақтық деңгейде
Қазақстанның алатын рөлі жоғары» — Паоло Бартолоцци
Қазақстанның тәуелсіздік алғанына биыл- 26 жыл. Осындай аз уақыттың ішінде жас мемлекетіміз әлем сахнасында мақтанарлықтай беделге ие. Еліміздің аяғынан нық тұруы, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және экономикамыздың жедел қарқынмен дамуы — қазіргі таңда негізгі стратегиялық бағыттар. Бүгінгі Қазақстан – тек өзі орналасқан аймақта ғана емес, бүкіләлемдік проблемаларды талқылауда және шешуде ықпалды рөл атқаратын ел. ҚР Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың жаһандық бастамаларының арқасында Қазақстанның әлемдік қауымдастықтың сенімді мүшесі ретіндегі халықаралық беделі айтарлықтай артты. Халықаралық деңгейде Қазақстан қарусыздану және жаппай қырып жою қаруын таратпау үдерісінің көшбасшысы, аймақтық және аймақаралық интеграциялық үдерістер бастамашысы, мәдениет, дін және өркениеттер арасындағы пікіралмасудың модераторы ретінде танымал болды. Еліміздің іргелес жатқан көрші елдер және сыртқы әлеммен арадағы белсенді, әрі бейбіт қарым-қатынасы Орта Азиядағы Қазақстандай табиғи байлығы және Еуропа мен Азияның арасындағы экономикалық қатынастарға өте қолайлы еліміздің экономикалық тұрғыдағы дамуын жеделдете түскендігі анық. Қазіргі таңда Н. Назарбаевтың ұсынған бастамалары әлемдік деңгейде мойындалып, жетістікті әрекет етіп келеді. Солардың бірнешеуінің жұмысына тоқталып өтсем деймін.
Ең маңызды бастамалардың бірі- ол ядролық қаруды таратпау және қарусыздану табыстары. Тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап Қазақстан ядролық қауіпсіздік саласындағы бастамаларға белсенді түрде қатыса отырып, қарусыздану және ядролық қаруды таратпау саласында жүйелі әрі жауапты саясат жүргізіп келеді. Бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған уақытқа қарамастан, 1991 жылғы 29 тамызда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі ең ірі Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойып, үлкен батылдық танытты. Бұл, шын мәнінде, қазақстандықтар арасында ғана емес, бүкіл әлемдік қоғамдастық тарапынан кең қолдау тапқан тарихи шешім еді.
Одан соң, АӨСШК – құрлықтағы мәні зор қауіпсіздік құрылымының құрылуы. 1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясы барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Азия құрлығындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша құрылым – Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) құру туралы идеясын жария етті. Ол кезде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сияқты қауіпсіздік пен ынтымақтастықты қамтамасыз ететін өңірлік құрылым Еуразия құрлығында жоқ еді. Азиядағы бейбітшілік пен қауіпсіздікке үнқатысу және ынтымақтастық арқылы ғана қол жеткізуге болатынын жария еткен бұл бастама Азия елдері басшылары тарапынан кеңінен қолдау тапты. Сөйтіп, осы бастама АӨСШК үдерісінің басталуына бірден-бір себеп болды.
Үшінші кезекте- тағылымы мол діндер көшбасшыларының съездері. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу туралы бастамасына бірқатар мемлекеттердің басшылары, белгілі саясаткерлер мен дінбасылары қолдау білдіріп, 2003 жылдың қыркүйек айында Астанада бірінші Съезд өтті. Форумға қатысушылардың басты идеясы бүкіл Жер шарындағы адамдарды бейбіт әрі лайықты өмір сүруі мақсатында әртүрлі діндер өкілдерін ынтымақтастық пен бірлікке шақыру болды. Содан бері Астанада 2006, 2009 және 2012 жылдары тағы үш Съезд өтті.
Елбасымыздың ұсынған Еуразиялық одақ құру идеясы өз кезегінде өзге елдер тарапынан қолдау тапқан болатын. «Еуразиялық одақ» тұжырымдамасы идеясының мәні – Батыс пен Шығыстың заманауи нақты жағдайларын есепке ала отырып, солтүстік Еуразия мен Орталық Азия елдерінің біртұтас экономикалық, геосаяси, тіпті саяси кеңістігін біріктіру. Өз елдерінің экономикалық жағдайына ықпал ететін ішкі және сыртқы факторларға талдау жасаған соң және оны түбегейлі жақсарту мәселесін басшылыққа ала келіп, Ресей, Қазақстан және Белорусь елдерінің басшылары бастапқы кезеңде Кедендік одақ (КО), артынан – Біртұтас экономикалық кеңістік (БЭК), ал ең соңында түпкілікті мақсат – Еуразиялық экономикалық одақ (ЕЭО) құру туралы шешімге келді. Ресей, Қазақстан және Белоруссия арасындағы тығыз экономикалық байланыстың қалыптасуының бастамасы 2010 жылы Кедендік одақ құру арқылы жасалған болатын.
Беделді ұйымдардағы төрағалық та еліміздің беделін айтарлықтай өсірді. 2010 жылдың желтоқсан айында Астанада өткен ЕҚЫҰ-ның саммиті бірегей саяси оқиғаға айналды. ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің басшылары 1999 жылғы Ыстамбұл саммитінен кейін 11 жыл өткен соң алғаш рет Ұйымның күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылауға және алдағы жылдарға арналған жұмыс бағыттарын айқындауға мүмкіндік алды. ЕҚЫҰ-ның Төрағасы ретінде еліміздің осы Ұйым қызметінің бағыттары бойынша белсенді жұмысы саммиттің қорытынды құжатында – «Қауіпсіздікті қолдайтын қауымдастыққа қарай бет бұру» атты Астана декларациясында көрініс тапты.
Жоғарыда атап өткендей, Қазақстан халықаралық проблемаларды шешуде үлкен рөл атқарып келеді. Әлемде кезекті экономикалық дағдарыстармен қатар, әскери және діни қақтығыстардың орын алып жатқан кезеңінде Президент жаңа саяси бастамалар көтерді. БҰҰ мінберінен сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев XXI ғасырда адамзаттың ең басты міндеті әлемді соғыс қатерінен мүлде арылтатын және оның себептерін жоятын стратегияны жүзеге асыру болуға тиіс дегенді баса айтты. Әрине, бұл үшін БҰҰ-ның 100 жылдығына Жаһандық Стратегиялық Бастама – 2045 жылға дейінгі жоспарын әзірлеуді ұсынды. Онда барлық ұлттардың әлемдік инфрақұрылымға, ресурстар мен нарыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ, адамзаттың дамуы үшін жаппай жауапкершілігі көрініс табуы тиіс.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасын жүзеге асыру мақсатында «Ғалымдардың Еуразиялық экономикалық клубы» Ассоциациясы 2012 жылдың 12 қаңтарында www.group-global.org сайтында G-Global ақпараттық-коммуникативтік интернет алаңы форматында зияткерлік желісін іске қосты. G-Global – бұл әлемнің сарапшылар қауымдастығына әлем экономикасы мәселелері жөнінде интерактивті, ашық және бұқаралық пікірталастар, пікірсайыстар жүргізуге жағдай жасайтын көпфункциялы платформа.
Еліміздің жаһандық бастамаларда алатын орны ерекше екендігін айқындайтын басты дәлелдердің бірі- елордамыз Астана қаласында өткен Халықаралық EXPO-2017 көрмесі. Елбасы Н.Назарбаевтың ұсынысы бойынша «Болашақтың энергиясы» атты тақырыпта өткен көрме энергияның экологиялық таза және жаңартылатын көздерін дамыту жөніндегі әлем ғалымдарының күш-жігерін біріктірді. Бұл көрме Қазақстанды тағы да бір қырынан әлем назарына таныта білді. Көрменің жабылу салтанатында сөйлеген сөзінде: «Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесінің жоғары деңгейде әрі табысты өткенін зор мақтанышпен айтқым келеді. Бұл — Тәуелсіз Қазақстанның абыройын асқақтатқан айрықша жетістіктердің бірі болды. «ЭКСПО-2017» көрмесін 4 миллионға жуық адам аралап көрді. Дүниежүзі көз тіккен «ЭКСПО» беделімізді биіктетіп, рухымызды көтерді», — деді Мемлекет басшысы.
Тарих көрсеткендей, Қазақстанның жаһандық идеялары мен бастамалары ғаламшар өкілдерінің жүректері мен саналарынан орын тауып, біртіндеп іске асу үстінде. Қазіргі кезеңде еліміздің тәуелсіздік пен кемел елді орнықтыру және дамыту жолындағы қадамдары нық. Президентіміз ұйытқы болған жаһандық бастамалар әлемдік қоғамдастық тарапынан кеңінен қолдау табуы- Елбасының көреген саясатының арқасы. Атамыз қазақ «нар жолында жүк қалмас» деп бекер айтпаған. Демек, Нұрсұлтан Назарбаевтай ұлы тұлғасы бар, өзіндік көзқарасы, өзіндік ұстанымы, өзіндік даму жолы бар жас мемлекетіміздің шығар асуы әлі де биік болмақ.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше