Төрткүлден шыққан сазгер.

Блог - meirman_kz89: Төрткүлден шыққан сазгер.

«Ол көктем оралмайды», «Күзгі бақ», «Әттең-ай», «Келеді кездескім», «Жеңешем», «Ұлы дала». Бұл хит әндерді еліміздің сүйікті тобы «МузАрт» орындайды. Қазақ эстрадасында айтылып жүрген шоқтығы биік әсем әндердің авторын ән сүйер қауымның көпшілігі тани бермейтіні анық. Әндері танымал болса да, өзінің қарапайымдылығының арқасында шығар, телевидение, газет, журналға көп шыға бермейтіні.

Блог - meirman_kz89: Төрткүлден шыққан сазгер.

«МузАрт» тобының белді мүшесі әрі музыкалық продюссері, сазгер Арман Бексұлтанның біздің Төрткүлден екенін біреу білсе, біреу біле бермейді. Талантты адамдардың барлығы ауылдан шығатынының тағы бір дәлелі. Арыстанды-Қарабас желімен жарысып, Арыс-Түркістан каналында шомылып, күздің күні мақта, жүзім, картоп теріп өскен бозбаланың қазақ өнерінде ойып тұрып орын алатынын ешкім сенген жоқ. Бала арманы – әке арманын орындауға жетеледі. Қарапайым отбасыда дүниеге келген Арманның өнерге деген құлшынысы бала кезден басталған.

Кеңес одағына аты шығып, бүкіл қазақтың кумиріне айналған Досмұқасан ансамблінің дүркіреп тұрған кезінде, Төрткүл өңірінде 1955 жылы туылған 4 жас жігіт «Ақ-Алтын» деген ансамблді өмірге алып келеді. Бұл 1977 жылы еді. Ансамбль құрамы — Арманның әкесі Ермахан Нурымбетов барабанда, менің әкем Батырбек Сауранбеков гитарада, Бостан Назарбеков пен Фарид Байтуреев ямахада ойнады. Ауылдағы өткізілген әрбір той «Ақ-Алтын» ансамблінсіз өтпейтін. Гастролдік сапармен ауыл-ауылды, аудандарды аралап концерттер өткізді. Тіпті, облыстық фестивальге де қатысқан. Бүгінде ансамбль мүшелері 60-тан асқан аталар. Бастары қосыла қалса «ескінің көзі 55, ескірмеген 55» деп, 40,50,60 жас және басқа да мерейтойларында әннен шашу шашып отырады. Биыл ансамблге 40 жыл толды.

Блог - meirman_kz89: Төрткүлден шыққан сазгер.

Арманның музыкаға деген ықыласын байқаған әкесі өзімен бірге тойларға алып барып, ансамблдің бір мүшесіндей өнер көрсетіп, көптің ықыласына бөленді. Ермахан ағамыз Арманға барабанды қалай ұруды үйретсе, Фарид көкесі клавишта ойнаудың қыр-сырын үйретті. Әкесі Ермахан ансамблден кеткен соң, орнына Арманның өзі тойларға шығып жүрді. 8-ші сыныпты бітірген соң Жетісайдағы училищеге оқуға түсіп, ол жерден бухгалтерлік есеп мамандығын бітіріп шықты. Өнерге деген бір бүйрегі бұрып тұрғаннан кейін, Жетісай драма театрына жұмысқа кіреді. Сазгерлік саласындағы алғашқы қадамы сол кезден басталды. Оқып жүріп-ақ Жетісайда құрылған «Думан» ансамблінің күйсандығында ойнады. Училищені бітірген соң, Шымкенттегі мейрамханалардың бірінде музыкант болып жұмыс істеп жүрді.

Блог - meirman_kz89: Төрткүлден шыққан сазгер.

Арманның сазгерлігінен бөлек, әншілігі бір төбе. Алғашқы әнін де, бейне клипін де Шымкент қаласында түсірді. Өзінің өнерінен бөлек, көптеген әншілердің әндерін дыбыс студиясында жазып, оны өңдеумен айналысып жүрді. 2003 жылы Арманның «Әттең-ай» деп аталатын хит әні жарыққа шықты. Орындаушысы еліміздегі ең атақты бойзбенд — «МузАрт». Менің де әлі есімде, бала кезім — 14 жаста болатынмын. Теледидар, радиодан «Әттең-айды» берсе, отбасымызбен ұйып тыңдашы едік. Арман мен МузАрттықтардың таныстығына осы ән себепші болған. 2004 жылы Сәкен мен Мейрамбектің қолдауымен Алматыға қоныс аударды.

Арман қала Алматы Арманның шығармашылығына жаңа леп әкелді. Жаңа әндер, жаңа орта, жаңа студия мұның барлығы сазгерге шабыт сыйлады. Тынымсыз еңбектің арқасында 2006 жылы ВИА «МузАрттың» мүшесі болды. МузАрттан бөлек, елімізге танымал әншілерге де ән жазып жүр. 2014 жылы сахнада жүргеніне 10 жыл толуына орай, Республика сарайында жеке кешін өткізді. Елімізден Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Жұбаныш Жексенұлы, Өзбекстаннан атақты «Ялла» ансамблі және т.б өнер жұлдыздары Арманның әндерін орындады. Қазіргі таңда сазгердің қоржынында 180-ге жүық ән бар екен. Арман Бексұлтан бұл күнде жеңгеміз Ботакөз екеуі Жандос, Дияс, Аружан, Кәусар есімді ұл-қыздарын тәрбиелеп отыр.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше