Үшарал әуежайы ашылды
Бүгін Алматы облысы Үшарал қаласының әуежайы ашылып, әуежайға Астанадан алғашқы рейспен демалушылар ұшып келді. Мұндағы ескі əуежайдан соңғы ұшақ осыдан ширек ғасыр бұрын ұшқан болатын — деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Салтанатты шарада облыс әкімі А. Баталов өңірде туримзді өркендету бағытында атқарылып жатқан шаралар, соның ішінде инфрақұрылымды дамыту, туристік нысандардың құрылысы жайлы айтып өтті.
— Бүгін бәріміз үшін — тарихи күн. Елбасының облысымызға 2014 жылы іссапармен келгенде берген тапсырмаларының бірі — Алакөл көлінде туристік саланы дамыту болатын. Соған сәйкес өңірде туристік инфрақұрылым қарқынды дамып, заманауи туристік нысандар, қонақ үйлер көптеп салынуда. Соның нәтижесінде Алакөлге елімізбен қатар ТМД-дан, тіпті алыс шетелдерден де демалуға азаматтар келіп жатыр. Алакөлдің туристік потенциалы зор. Жаңа әуежайдың ашылуы туристік саланың одан әрі дамуына тың серпін береді деп ойлаймын, — деді А. Баталов. Сонымен қатар Алматы облысының Құрметті азаматы Мұхтар Жолжанов, ауданның басқа азаматтары көпшілікке өз құттықтауын жеткізіп, мемлекеттік қолдауға ризашылығын білдірді.
Облыстық жолаушы көлігі жəне автомобиль жолдары басқармасының басшысы Е. Жасыбаевтың айтуынша, əуежайдың құрылысына облыстық бюджеттен 1 млрд. теңгеден астам қаржы бөлініп, құрылысын «ASD Group» ЖШС мердігер мекемесі жүргізген. Мұнда «Жетісу» авиакомпаниясы қызмет көрсетеді. Енді Үшарал әуежайы аптасына төрт рет «Астана-Үшарал-Астана» және үш рет «Талдықорған – Үшарал – Талдықорған» бағытындағы әуе рейстерін қабылдайтын болады. Бұл рейстерді субсидиялауға республикалық және облыстық бюджеттен 177,2 млн.теңге қаржы бөлінді. Атап өтсек, Астанадан ұшатын рейстің құны 16 мың теңгеден, Талдықорған рейсі 8 мың теңгеден.
Бұған дейін 2015 жылдан бастап «Жетіген-Достық-Жетіген» бағытындағы темір жол қатынасы қолға алынған болатын. Алғашында 16 вагонмен басталып, қазіргі кезде сұраныстың артуына байланысты вагондар саны 23-ға жеткен.
Жалпы, Алакөл маңында туризм бағыты бойынша 162 нысан қызмет көрсетеді. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының өндірістік инфрақұрылымды дамыту бағыты бойынша 2014 жылы 200 млн. теңге, 2015 жылы 352 млн. теңге бөлінді. Ақши және Көктұма ауылдары кәріз жүйесі құрылысының құжаттарын дайындауға 21,6 млн. теңге қарастырылды. Ақши ауылының демалыс аймақтарына дейін баратын 23 шақырым жолдың құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы ауыз су құбыры жүйесі 343 млн. теңгеге жасалып, пайдалануға берілді. Жуық арада «Талдықорған-Үшарал» автожолының жөндеу жұмыстары басталады.
2016 жылы Алакөлде 452 мыңнан астам адам демалса, биылғы жылы 500 мыңнан астам келеді деп күтіліп отыр.
Алматы облысы əкімінің баспасөз қызметі
Пікір жоқ әзірше