Мектеп бітіру кешінің машақаты

Көршінің қызы жер тепкілеп жылайды, сауда үйінен көрген 80 мыңның көлегін алмасам қатарластарымнан қаламын деп анасына жекиді. Мектеп бітіру кешіне ақша таппай, қызының көз жасына төзе алмай шарасыз көп балалы анада күндіз күлкі, түнде ұйқы жоқ.
Мектеп бітіру бүгінде түлектер үшін де, ата-аналар үшін де дүркіреген ұлы той. Мектептер бір-бірімен бақталаса қымбат мейрамхана, танымал асаба, шетелдік соңғы маркалы көлік іздеп шарқ ұрып жүр. Тоқсан біткенде сынып жетекшісі бала үлгерім табельіне қол қойдыру үшін таба алмайтын ата-аналар жыл соңында күнде мектепте: қанша қаржы жинаймыз? Сынып жетекшісіне нендей кәдесый береміз? –дегендей талқылайтын мәселелері аса маңызды. Түлектер үшін: қандай маман боламын? Қай оқу орнын таңдаймын? Сынаққа түпкілікті дайынмын ба? –деген сауалдар бүгінгі күн тәртібінде екінші орындағы мәселе, маңыздысы жігіттер смокинг, қыздар қымбат көйлек, әрлеуші маман іздеп сабақ оқуға қолдары босамайды.
Киім демекші сол салтанатты кешке екі сағаттқа жетер жетпес уақыттағы түлектер келбетіне қанша қаражат кетеді? Бірге есептеп көрейік. Қыздар үшін ең сәнді, соңғы үлгідегі жарасымды, салтанатты көйлек бағасы орта есеппен 30 мың теңгеден басталып, 100 мың теңгеден асып түседі, енді бұл көйлекке сай келетін аяқ киім қажет. Биік өкшелі, сәнді туфлилер бағасы 5 мың теңгеден басталып 30-40 мыңға дейін аспандайды. Make up -10 мың тг, әшекей бұйымдары мен қол сөмкесіне тағы 10 мың қосыңыз, бұл бағадан асып түспесе кемімейді. Сонымен 60-70 мың тг көлемінде қызыңыз салтанатты кешке ханшайымдай болып барады. Жігіттерге смокинг 30 мыңнан басталып 100 мыңның үстіне шығады, классикалық үлгідегі туфли 10-50 мың тг аралығында, галустуг немесе мойынға тақыштар, жейде қыстырғыштары секілді аксесуарларға 10-15 мың тг кетеді десек сіз ханзадаңызға 50-60 мыңдай қаржы жоғалтайын деп тұрсыз. Бұл тек орта есеппен алғандағы бағалар егер көйлекті тіктіртемін, брендтік бұйымдарды тағып, танымал сәнгерлер ұсынған үлгіден киінемін дейтін түлектерге аталған бағаға тек бір ғана бұйымын ала аласыз. Салтанатты мейрамханаға, танымал асабаға, сағаты 15-20 мың тұратын шетелдік көлікке жиналатын ақшаны қоспағанда тұрмыстық жағдайы төмен немесе көп балалы отбасылар қалай балаларын ханзада, ханшайым етеді? Бұл бізден бұрын психологтарды аса алаңдатқан сауал. «Соңғы уақыттағы суидцидтің көбейуінің себебі, жас жеткіншектердің қатарынан қалуынан, әлі өмірдің маңыздылығын түсініп болмаған жас жеткіншекке суидцидтен басқа амал қалмағандай көрінеді» -дейді мамандар.
Бір мектеп бітіру кеші осынша мәселе тудырып, тіпті өліммен аяқталуының себебі неде? Білім ордасы бұл сорақылыққа мұрындық болғаны қалай? Бір сағаттық кеш үшін бір айлық жалақысын шаша салатын ата-аналар неге сондай дарақылыққа барады? Әлеуметтік желілер арқылы бітірушілерге сауал жолдаған едік. Жалағаш ауданы түлектерінің жауабы қайран қалдырды. Бітірушілер 30 мың теңгеден жинап, атестатты мектептен алып, қатарластарының үйінде тойлайтын көрінеді. Ата-ана да қаржыдан қиналмайды, түлектер де алаңсыз, бастысы қауіпсіздік жоғары. Жақсы бастама, өзге мектептерге де үлгі етіп неге дәстүрге айналдырмасқа?
Көкейде сауал көп түйін біреу. Қарапайым атестат тапсыру рәсімін ұлан асыр тойға айналдырған қазақ балам мектеп бітірді деп ат шаптырып, бәйге берсе таң қалмаңыз.
Блог - Jarkinai: Мектеп бітіру кешінің машақаты
Бөлісу:

1 пікір