Домбырада қос ішектің пайда болуы

Ертеде тауқұдірет деген құс болыпты. Оның жалғыз ғана қанаты бар екен. Бірі еркегінің оң жағына, бірі ұрғашысының сол жағына бітіпті. Ол кезде Қамбарханның домбырасында жалғыз ғана ішек болыпты. Жалғыз ішекпен көсілтіп күй тарта алмайды. Ал, жалғыз қанатты тауқұдірет қалықтап ұша алмай қорланады. Домбырашы да күйге құмары қанбай қиналып жүреді. Тауқұдірет күндіз-түні Тәңірге мұңын шағып, қос қанат сұрап, жалбарынады екен. Бір күні Тәңірі:
– Зарлап қиналғанша, талпынып тірлік етіп көріңдер, – дейді. Аталық тауқұдірет пен аналық тауқұдірет қолдасып ұшқысы келеді. Бірінде – оң қанат, екіншісінде – сол қанат, екі тауқұдірет бір-бірімен қолдасып, қатарласып қанат қағады. Сол кезде қалықтап ұша жөнеледі. Қос тауқұдіреттің қанаттарын жел сүйемелдеп, көк жүзінде рақаттана самғайды. Көңілдері шаттанған құстар Тәңірге ризашылығын білдіріпті. Кейін олардың балапандарына Тәңірі қос қанат дарытады. Домбырашы осыны көріп:
– Қос қанат бірігіп еді – ұшты, домбырада қос ішек болса ше? – деп, екінші ішекті тағыпты. Қос ішекті домбырадан ғажайып үн шығады. Домбырашы қатты қуанады. Риза болғаны сонша, ең алғашқы күйін тауқұдіретке арнайды.
Блог - Zhaukhar: Домбырада қос ішектің пайда болуыӘбуғазы М. Шығыстың шыңырау күйлері. – Өскемен: Шығыс Полиграф, 2009
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше