Мал өсірсең, қой өсір.
Атамыз қазақ, «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бәрінен де қой бағып, құйрық жеген озар» демеп пе еді? Ұлттық тағамдарымызды етсіз елестету қиын, әрине. Сыйлы қонағы, құдайы қонағы келсе де, қойдың басы мен жілігін алдына қойған халықпыз. Мүшел жыл санауда қой 8-жыл. Оның пірі – «Шопан ата» (кейде «Қошқар ата») деп аталады. Сондықтан Шопан атадан тілеу тілегенде «Малды берсең, қойды бер» деп өтінген. «Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық-ақжаулық, үшінші байлық- он саулық» деген ұғым да қойға қатысты. Он саулықтың басын құрайтын кәсіптің иесі – қойшы. Қой өсіру қазақ халқының ата кәсібінің бірі болып табылады. Төрт түлік малдың ішінде жылқы мен қойға ерекше мән берген. Ежелден қой жаюдың, оны көбейту мен тұқымын асылдандырудың өзіндік әдіс-тәсілдерін қалыптастырған.
Кеңес одағы кезінде Қазақстанда 37 млн қой болған екен. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап бұл көрсеткіш күрт кеміп кетті. Дәл қазір 18 млн. Статистика ұсынған деректерге үңілетін болсақ, 2010 жылы ОҚО-да 3 756 700 қой мен ешкі болса, 2017 жылдың 1-ші сәуіріне дейінгі есеп – 4 505 000. Республикадағы қой мен ешкінің 23,7% құрайды. Мүйізді ірі қара мал 2010 жылы 833 200, қазір 847 800. Көрсеткіш төмен. Олай дейтінім, ОҚО халқы шамамен 4 миллионға жуықтап қалғанын ескерсек, облыстың әр тұрғынына 1,4 қойдан келетіні анық. 4,5 миллион халқы бар Жаңа Зеландия мемлекетінің бір тұрғынына 10 қойдан келеді екен. Ол дегеніңіз өзін ғана емес, етпен бірталай елді қамтамасыз етіп отыр. Экономикасы туралы гуглдан-ақ көрсеңіз болады.
ОҚО бойынша қой мен ешкі саны жағынан Сарыағаш ауданы 1-ші орында келеді. Жалпы саны – 787 480. Ал, жан басына шаққандағы ең жоғары көрсеткіш Бәйдібек ауданының еншісінде. Бір тұрғынға 10 қойдан келеді.
Ауыл шаруашылығының басым бағыты мал шаруашылығын қолға алсақ, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы көрсеткіші едәуір өсетіні бізге белгілі. Сол себепті де, 2008 жылдан бері үкімет қабылдаған бірқатар мемлекеттік бағдарламалар осы мал шаруашылығын дамыту үшін жүргізіліп келе жатыр. Қойдың санын өсірумен қатар сапасын жоғарылату үшін үкімет «Алтын асық» бағдарламасын қабылдады. 2010 жылы ғалымдар республика бойынша қой шаруашылығын дамытудың кешенді бағдарламасын жасады. Оны жүзеге асыру үшін былтыр республикалық қой шаруашылығы палатасы құрылды.
ОҚО-да төрт түліктің ішінде қой шаруашылығында асылдандыру жұмыстарына көбірек мән берілген. Бұған шаруалардың өзі қызығушылық танытып отыр. Айталық, өңірімізде 120-дан аса шаруа қожалығы қой өсірумен айналысады. Олар қазақы, биязы жүнді, қаракөл қойларын асылдандыру ісін қолға алған. Мұндағы мақсат – аз шығын жұмсап, көп өнім алу. Мәселен, Ордабасы ауданындағы «Сералы» шаруа қожалығы асыл тұқымды «Ордабасы» қойын өсіріп келе жатқанына көп жыл болды. Бұл асыл тұқымды қойдың басқа қылшықты қойлардан ерекшелігі, таза етті бірнеше есе артық береді. Бір аталық мал басы 120 кг дейін ет береді. Бүгінде ел аумағына таралған ет бағытындағы аталмыш қой тұқымына көрші мемлекеттер де қызығушылық танытып отыр. Өйткені, жаңа тұқымды қойлар ыстық пен суыққа төзімді, шөлге шыдамды. Мемлекет тарапынан асыл тұқымды қошқарларды жалпы шаруаға бірдей етіп, аналық бастарын тегін қашыртуға көмек беріліп отыр. Қойды қашыртып алу үшін мамандар мен оның техникалық құрал-жабдықтары, асыл тұқымды «жалға беру» қаржысы мемлекет есебінен жүргізіледі.
Қой асырап, кәсібін дөңгелетіп отырған шаруаларға да мемлекет тарапынан беріліп жатқан субсидия аз емес.
1 пікір