Зейнетақы жарнаңыз қанша?

Зейнетақы жарнаңыз қанша?
Әр адам өзін бақытты зейнетпен қамтамасыз ету үшін бүгіннен бастап еңбек етіп, зейнетақы қорындағы шотын толтырғаны абзал. 2013 жылдың 22 тамызынан бастап акционерлік қоғам негізінде құрылған бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жеке зейнетақы шотын ашу, міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті сияқты қызметтерді атқарады. Салымшыларға зейнетақы жинақтарының жай-күйі жайлы ақпарат берумен, жеке зейнетақы шоттары иелерінің деректемелерін өзгерумен, зейнетақы активтердің инвестициялық басқару жөніндегі қызмет мәселелері бойынша қызмет көрсетеді.
Қазақстанның бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры пайда болғанға дейін «Қазақстан Халық Банкінің», «Құрмет», «Ұлар үміт», «НефтеГазДем» сияқты жинақтаушы зейнетақы қорларында халық жинақтары болатын. Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, жоғарыда аталғандай біріңғай жинақтаушы зейнетақы қоры ашылды.
2013 жылы 26 тамызда Ұлттық Банк пен БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқару туралы шарт жасасты. Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы ҚР Заңына сәйкес «БЖЗҚ» АҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық декларациясына сәйкес зейнетақы активтеріне қатысты инвестициялық шешімдер шығарады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін көтеру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Қазақстан Республикасының Президенті басшылық ететін Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді. Бүгінгі таңда зейнетақы активтері мемлекеттік бағалы қағаздарға, «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек», «Казагро», «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан темір жолы» сияқты компаниялардың қағаздарына инвестицияланады.
Ал салымшылардың жеке шотына келер болсақ, бүгінгі күні жеке зейнетақы шотының жай-күйі туралы ақпаратты enpf.kz сайтынан ақпарат алуға болады. Алайда, ғаламтор арқылы алынатын үзінді көшірмелер құжат ретінде ұсынуға келмесін тағы ескерген жөн. Үзінді көшірмелер жеке зейнетақы шотын ашу туралы шартта немесе хабарлау тәсілін өзгерту, анықтау туралы қосымша келісімде салымшы көрсеткен мекенжайларға, оның ішінде электронды мекенжайларға жіберіледі. Егер ағымдағы жылы 1 қаңтардағы жағдай бойынша салымшының жеке зейнетақы шотында қаражаты жоқ болса немесе ол хабарлау тәсілін таңдамаған болса, қор өткен жыл үшін жинақ шотының жай-күйі туралы ақпарат бермейді. Бүгінде еліміздің барлық аймағында, елді мекендерінде жалпы 236 қызмет көрсету орталығы жұмыс істеуде.
Зейнетақы қорында шоты бар белгілі адам қоныс аударған жағдайда, міндетті түрде жергілікті БЖЗҚ кеңсесіне келіп, деректемелерін өзгерткені жөн. Деректеме өзгертілмеген жағдайда, жеке шот туралы ақпарат берілмейді.
Зейнетақы салымшыларының ішінде мүмкіндігі шектеулі жандардың бар екені анық. Мұндай жағдайда денсаулығына байланысты зейнетақы қорының кеңсесіне келе алмайтын адамдарға қор қызметкерлері өздері барып қызмет көрсетеді. Ал салымшы қайтыс болған жағдайда, барлық зейнетақы жарналары бойынша заңнамада белгіленген тәртіпке сай мұраға алуға болады. Мұраға қалдырылған зейнетақы жинақтарын алу үшін мұрагер өзі не пошта байланысы арқылы не сенім білдірілген тұлғасы арқылы зейнетақы қорының кез-келген кеңсесіне барып өтініш жасайды. Өтінішпен бірге құжаттардың түпнұсқаларын және олардың нотариат куәландырған көшірмелерін береді. Заңда мұраға қалдырушы қайтыс болған соң мұрагерге мұраны алу үшін алты ай уақыт белгіленеді.Мерзімін өткізіп алған жағдайда, оны сот арқылы қалпына келтіруге болады.
Мұрагерлік құқықты ресімдеген соң және зейнетақы жинақтарын төлеу үшін қажетті құжаттарды ұсынғаннан кейін мұрагерлерге зейнетақы жинақтары олар зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініште көрсеткен банк шотына аударылады. БЖЗҚ-ға құжаттар қабылданған не келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде мұрагерлерге зейнетақы төлемдері жүзеге асырылады.
Сондай-ақ, БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда оның отбасына не жерлеуді жүзеге асырған тұлғаға БЖЗҚ-дан республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 52,4-еселенген мөлшері шегінде, бірақ жеке зейнетақы шотындағы қаражаттан асырмай жерлеуге арналған біржолғы төлем жасалады.
Біржолғы төлем жасалғаннан кейін алушының жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтарының қалдығы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен зейнетақы мөлшерінен аспайтын соманы құраған жағдайда осы қалдық жерлеуге арналған біржолғы төлем сомасына қосылады.
Атап өтпеске болмайтын маңызды жайттардың бірі, 2018 жылдан бастап әйелдердің зейнет жасы кезең-кезеңмен өзгеріп отырады. Мәселен, 2018 жылға дейін ерлерге арналған зейнеткерлік жас 63 жастан, әйелдер үшін 58 жастан басталады. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының 11-бабына сәйкес 2018 жылдан бастап әйелдердің зейнеткерлік жасы 2027 жылға дейін жарты жыл сайын 63 жасқа жеткенше көтерілетін болады. Осылайша, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап — 58,5 жасқа, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап 59 жасқа жеткенше 6 ай мерзімнен қосылып отырады. 1964 жылы туған әйелдер зейнеткерлікке ерлермен бірге 63 жаста шығады.
2017 жылдың 1 қаңтарындағы көрсеткіш бойынша салымшылардың жалпы саны 10 042 868 адамды құрап отыр. Соның ішінде, міндетті зейнетақы жинақтары бойынша 9 583 995 адам, яғни салымдардың 95,43%, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша 419 966 адам, пайыздық мөлшерде 4,18, ал ерікті зейнетақы жарналары бойынша 38 907 адам, яғни 0,38% құрайды. Ағымдағы жылдың 1 қаңтарындағы көрсеткіш бойынша зейнетақы жинақтары 6 685 264 840 мың теңгені көрсетуде. Жіктеп келсек, міндетті зейнетақы жарналары 98,46 % (6 582 870 747 мың теңге), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары 1,50 % (100 704 163 мың теңге), ерікті зейнетақы көрсеткіші 0,025% (1 169 930 мың теңге) құрап отыр.
2017 жылдың 1 қаңтарындағы көрсеткішпен салыстырмалы түрде қарастырсақ, 2015 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша жалпы салымшылар саны 9 959 267 адамды құраған, яғни пайыздық мөлшерде 0,84 % өскен. Ал 2016 жылдың 1 қаңтарындағы көрсеткіш бойынша салымшылар саны 10 116 751 адамды құрап, салымшылар саны 2017 жылдың 1 қаңтарындағы көрсеткіштен 74 адамға көп. Бұл орайда көрсетілген кестеге сәйкес, 2016 жылмен салыстырғанда ерікті зейнетақы салымшыларының саны 2017 жылдың 1 қаңтарындағы көрсеткіш бойынша 1153 адамға (2,88 %) азайғаны байқалады.
Міндетті зейнетақы жарнасы, міндетті кәсіптік зейнетақы немесе ерікті зейнетақы жарнасы болмасын, әр адам зейнеткерлік өмірдің бастамасын бүгін құруда. Ал сіздің зейнетақы жарнаңыз қанша?
Салтанат Амиржанова.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше