"Ла-Ла-Ленд" туралы

Жағымсыз жаңалықтар, атыс-шабыс фильмдер сананы улап, күнделікті күйбең тіршілікке одан сайын күңгірттік беретіні рас қой. Олай болса, осындай қыстың аязды күндері бір сәтке жазға барғыңыз келсе, осы фильмді көруді ұсынамын.
Мюзикл біздің күнде тамашалай бермейтін жанрымыз. Алайда эстетикалық сұлулық, стиль, қызыл-жасыл түстер, мөлдір махаббат және өнерге ғашықтық сізді, әсіресе, қыздар қауымын бірден баурап алары анық.
Фильмде сондай бір жеңілдік, шынайылық, пәктік бар. Әдепсіз, көз жұмарлық кадрлар мүлдем жоқ. Маған ұнағаны да осы!
Бұл жерде картинаның әрі режиссері әрі сценарий авторын айта кету керек. 32 жасар американдық Дэмиен Шазель бұдан бұрын Whiplash (Одержимость) фильмімен көзге түскен болатын. Фильмді көрген адам болса, екі фильм арасындағы тақырып ұқсастығын бірден байқайды:
— өнерге адалдық;
— джаз;
— өнер жолындағы қиындықтар мен құрбандықтар;
Оның үстіне режиссердің фишкасына айналған камераны 180 градусқа ерсілі-қарсылы бұру арқылы екі әрекеттің, екі кейіпкердің байланысын көрсету әдісі бірден көзге түседі. 2014 жылғы шығармасында барабаншы мен дирижер арасында өрбісе, «Ла-ла-лендте» музыкантшы мен билеп жүрген қыз арасындағы керемет үйлесімділік осы әдіспен орындалған.
Тағы бір айта кетерлігі, екі картинадан да Джей Кей Симмонсты көруге болады: «Одержимость» фильмінде екінші пландағы рөлі арқылы «Оскарды» алса, бұл шығармада эпизодта ғана көрінеді. Шазельдің Симмонсқа азғантай да болса рөл бергеніне қарағанда, оның режиссердің бойтұмарына айналғаны анық.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше