Қазынаға айналған қарыз!
Қазақта «қарыз қатынас бұзады» деген сөз бар. Ауызша, не жазбаша болсын осындай уағдаласудың артында кейде үлкен реніш, өкпе қалатыны жасырын емес. Бірақ біздің кейіпкеріміз Мейір Абытаевқа «қарыз» пайдалы кәсіппен айналысуына сеп болды.
Бірде Мейірге 1 миллион теңге қарыз болған борышкер берешегін 5-6 ірі қарамен қайтарыпты. Осы сәтте Мейірге бір ой келеді. Ол інісімен ақылдасып, мал шаруашылығымен айналысуға бел буады.
2013 жылы Қарағанды облысы, Сенокосное ауылында «Абытаев» Фермерлік қожалығы пайда болады. Фермер алғашында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-нан «Сыбаға» бағдарламасы бойынша несие алып, 60 бас сиыр сатып алады.
Бүгінде қожалықта 170 ірі қара мен 100-ден аса жылқы бар. Сиырлардың басым бөлігі — симментал мен қара-шұбар тұқымды.
Биыл несие алып, мал басын 500-ге дейін жеткізу жоспарда бар. Осыған орай 200 ірі қара сыятын үлкен ангар салынып жатыр. Оған қоса мал соятын орынды да салу көзделіп отыр.
Ауыл игілігіне жарасын деп, наубайхана құрылысы жүріп жатыр. Бір ауысымда мың бөлке нан шығаратын болады.
«Жалпы үш жылда бірталай жұмыстарды атқарып тастадық. Барға қанағат етіп, шүкіршілік етемін», — дейді Мейір.
Пікір жоқ әзірше