Донорлық заңмен бекітілді
Шымкент қаласының медициналық жедел-жəрдем ауруханасында «Донор бол! Өмір сүруге мүмкіндік сыйла» тақырыбында кездесу өтті. Кездесудің тұсауын аталмыш емхананың бөлім жетекшісі Байтеміров Сәбит Тұрғынұлы ашып берді. Келесі кезекте осы емхананың дәрігерлері, реципиенттер және Исамиддин баба мешітінің наиб имамы адам ағзасы донорлығының маңызы туралы айтып өтті. Кездесуге келіп отырған жастар да өз пікірлерімен бөлісіп, өз туыстарының бастарынан өткен оқиғалар туралы айтып берді.
Отырыс соңында арнайы бейне баян көрсетіліп, анонимді сауалнама жүргізілді. Сауалнама қорытындысы бойынша қатысушы 50 адамның 46-сы донорлықты қолдайтындығын білдірді.
Қазақстан медицинасында органды транспланттау ісі басталғанына 30-дан аса жыл өтті. Республикалық трансплантациялық үйлестіру орталығы 2012 жылдан бері жұмыс істейді. Қазақстанда мұндай операцияларды алты клиника жасайды. Трансплантация көбінесе қан, жұлын, бауыр, жүрек, бүйрек ауруына шалдыққан жандарға қажет. Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің статистикасы көрсеткендей, қайтыс болған бір адамның органдары кезек күткен бес-алты науқастың өмірін құтқаруы мүмкін. Мемлекет мұндай операция жасауға квота бөлгенімен, қиындық донорлық органдардың тапшылығына келіп тіреледі. Қазақстанда жеті мыңға жуық адамның органын ауыстырып салу қажет.
Іс-шараның мақсаты Қазақстандағы донорлықтың пайдасы мен оны дамыту қажеттілігіне қоғамның көзін жеткізу. Донорлық көмек көрсету ісіне халықты жұмылдыру.
Пікір жоқ әзірше