Ет дегенде, бет бар ма?!
Қазақ халқының басты тағамы – ет. Ұлттық тағамдарымыздың басым көпшілігі еттен жасалатындықтан одан дәмді әрі қуатты ас жоқ. Қазақ баласын еттің түр-түрімен таң қалдыра алмайсыз. Дегенмен соңғы бес-алты жылда біздің нарықта «мәрмәр сиыр еті» деген жаңа ұғым пайда болды. Сонымен «мәрмәр сиыр еті» деген не?
«Мәрмәр сиыр етінің» отаны – Жапония. XIX ғасырдың алпысыншы жылдары пайда болған бұл деликатестің бүгінде 120-дан астам түрі бар екен. Бұл ет түрінің дәмі де, түсі де, өңі де ерекше. Яғни бұлшықеттегі май қабаттары етті сөлді әрі жұмсақ етеді. Бірнеше жылдан бері бұл бағалы деликатес елімізде де өндіріле бастады.
Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту мақсатында елімізде 2010 жылы «KazBeef Ltd» ЖШС құрылған еді. Инновациялық жобаны «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ қаржыландырды. АҚШ-тан «Ангус» және «Герефорд» тұқымды 2 мың бас іріқара әкелінді. Бүгінде мұндағы мал басы 10 мыңға жуықтады.
Кәсіпорын малға қажетті жем-шөпті дайындаудан бастап, төл өсіру, бордақылау, ет және шұжық өндірумен айналысады.
Компания ірі қара малды жасанды ұрықтандыру жұмыстарына айрықша көңіл бөліп келеді. АҚШ пен Канададан ұрық әкелініп, жергілікті мал тұқымын асылдандыру жұмыстары жүріп жатыр.
Жалпы «Герефорд» және«Ангус» тұқымдары біздің ауа райымызға бейім. Жаздың аптабына, қыстың қаһарына төзімді болып келеді. Малды азықтандыру нормасы мен рационды зоотехник әзірлейді. Таңертең берілетін және кешкі жем әртүрлі. Еттің «мәрмәрлі» өрнек алуында жем-шөп пен қоректендіру тәсілдерінің маңызы зор.
Мынау биылғы төл. 6 айлық бұзаулардың салмағы 250 келіге дейін барады. Ал бір жасқа толған тайыншалар 400-450 келі тартады. Ет комбинатына жеткізілетін дөнежіндердің тірі салмағы 750-780 келіге дейін жетеді екен.
Мал сою, өнімді өңдеу мен қаптау цехтары мұнтаздай, ондағы тазалық таңғалдырады. Жұмысшылардың барлығы мұқият дезинфекциядан өтіп қана өз ісіне кіріседі. Әрбір қызметкер алдымен душ қабылдайды, сосын таза жұмыс киімін киіп, арнайы ерітіндіде қолын жуады.
Міне, мәрмәр сиыр еті! Компания өндіретін бұл деликатеске сұраныс жоғары. Тапсырыс негізінен отандық және ресейлік мейрамханалардан келіп түседі.
Пікір жоқ әзірше