Шұғыл әрекет ету қызметтері күшейтілген жұмыс режиміне көшті

Күннің күрт бұзылуына байланысты қаланың шұғыл әрекет ету қызметтері күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Атап айтқанда, елорданың ТЖ департаменті, Астана қ. ІІД ӘПБ қызметкерлері және «Астана Тазалық» ЖШС мамандары қыс кезіінде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар кешенін жүргізуде. Бұл туралы журналистерге бүгін жедел қызметтердің өкілдері қала әкімдігінде өткен арнайы баспасөз мәслихатында хабарлады.

«Қаланың коммуналдық қызметтерінің қыс маусымына дайындығын тексеру шеңберінде қарашаның 16-сынан 18-іне дейінгі аралықта елордада «Қыс-2016» командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтеді, оның барысында қыс уақытында халықты және аумақты төтенше жағдайлардан қорғауды ұйымдастыру тексеріледі. ТЖД ауа райының бұзылатындығы немесе басқа төтенше жағдайлар туралы ескерту үшін барлық әдістер мен жаңа технологияларды пайдаланады», — деп мәлім етті Астана қ. ТЖД басшысы Барат Дұзақбаев.

Б. Дұзақбаев қар жинау жұмыстарын өткізу кезінде Астананың Әкімшілік полиция басқармасының және Жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшкенін атап көрсетті. Әкімшілік полиция қызметкерлерінің мәліметтеріне сәйкес, 1999 жылы елордада тіркелген автокөліктердің саны 40 мыңды құраған, 2010 жылы 209 мыңға жеткен, ал 2016 жылы — 343 мыңды еңсерген.

«Транзиттік көліктерді және еліміздің басқа өңірлерінен келген автокөліктерді есептемегенде, жыл сайын Астанада 25-30 мың көлік құралы тіркеледі. Осыған байланысты автокөлік құралдарының үлкен ағыны және автокөліктерді дұрыс қоймау қаланың коммуналдық қызметтерінің жұмысына кедергі келтіреді. Жол қозғалысының барлық қатысушыларын қар тазалау жұмыстарына кедергі келтірмеу мақсатында көлік құралдарын қараусыз қалдырмауға шақырамыз», — деп атап көрсетті Астана қ. ІІД ӘПБ айрықша тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Алтыбай Бақытжан.

Сонымен қатар, елорда әкімдігі қар жинау бойынша 16 бағытты бекітті, қалаға кіре берісте және қаладан шыға берісте көлік қозғалысын шектеуге бағытталған 6 блок-бекет жұмыс істейді. Жалпы, соңғы күндері Астанада көктайғаққа байланысты 100-ден аса жол-көлік оқиғасы тіркелген, қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.

Өз кезегінде, «Астана Тазалық» ЖШС мамандары соңғы үш тәулік ішінде елордада қардың бір айлық мөлшері түскенін хабарлады. Соңғы бір тәуліктің өзінде 120 мың текше метр қар шығарылды, 2285 жол жұмыскері және 1698 арнайы техника тартылды. Қала көшелері мен жаяу жүргінші жолдарын тиімді тазалау үшін үстіміздегі жылдың 11 қазанынан бастап «Айсмелт» жаңа реагенті қолдануға енгізілді.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше