Елордада ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Аманат» қойылымының премьерасы өтті
М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының сахнасында «Алпамыс» қазақ жауынгерлік эпосының желісі бойынша қойылған «Аманат» спектаклінің премьерасы өтті. Аталған қойылым Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып отыр.
Қоюшы режиссері — Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бекпулат Саттарович Парманов, Алпамыс рөлін сомдаған – астаналық орыс драма театрының актері Максим Ященко, Гүлбаршын рөлін жас актриса Наталья Маштакова орындады. Шығармашылық ұжым репертуарын толықтырған бұл спектакльге театрдың барлық дерлік әртісі жұмылдырылды. Тағы бір ерекшелік – орыс драма театрының актерлері қазақ әндерін орындады. Мысалы: «жоқтау», «Туған жер» және т.б., сондай-ақ, музыкалық әрлеуді жасау барысында қазақ этникалық аспаптар қолданылды: домбыра, қылқобыз, жетіген, шаңқобыз, сыбызғы.
«Биылғы жыл – Қазақстан үшін ерекше. Біз Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын атап өткелі жатырмыз. Осыны ескере отырып, біз үшін мазмұны мен көрінісі жағынан мерейтойлық датаға сай болатын материалды ұзақ уақыт іздедік. Кейін, қазақтың «Алпамыс» атты жауынгерлік эпосын таптық. Ол барлық түркі тілдес халықтары үшін ортақ маңызды әдеби мұра болып табылады. Спектакль атын «Аманат» деп қойдық. Себебі, ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа аманат болып жеткен бұл эпосты кейін жастар буынына жеткізу – біздің басты міндетіміз, Премьерадан кейін ұмытылатын спектакльдер аз емес. Өз кезегімізде, біз өз алдымызға ұмтылмас, көркемдік жағынан ерекше, сахнада ұзақ жылдар бойы көрсетілетін спектакльді жасауды мақсат етіп қойдық және де сол мақсатқа жеткен сияқтымыз», — деп атап өтті режиссер Бекпулат Парманов.
Пікір жоқ әзірше