Астанада даниялық компаниялар электр қуатын үнемдеу және қала нысандарын жылумен жабдықтау бойынша жобаларын таныстырды

Астана энергетика, жылу және сумен жабдықтау саласында Данияның озық компанияларымен ынтымақтастық орнатпақ. Бұл туралы бүгін елорданың тіршілігін қамтамасыз етуші мемлекеттік органдары басшыларының Дания Корольдігі делегациясымен кездесуінде белгілі болды.

Бизнес-миссияны Дания Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Томас Винклер бастап келді. «Меніңше, өзара байланыстарды дамыту, келісімшарттарға қол қою – Қазақстан мен Дания арасындағы қарым-қатынастарды дамытудың маңызды бөлігі. Менің елім, менің үкіметім, біз осы секторда екі ел арасында байланыстарды дамытудың әлеуеті зор деп есептейміз», – деді өз сөзінде Томас Винклер мырза.

Қазақстан тарабымен кездесуге басқа мемлекеттерде жұмыс істеу тәжірибесі бай жеті ірі шетелдік компанияның өкілдері келді.

«Энергия үнемдеу және қала нысандарын, соның ішінде өнеркәсіп және тұрғын үй секторының нысандарын жылумен жабдықтау бойынша заманауи инновациялық технологиялар таныстырылды. Бұл- біздің қаламыз үшін өте маңызды мәселе, өйткені қазір қала басшылығы әзірлеп жатқан бағдарлама тұрғындар үшін өмір сапасын лайықты деңгейде қамтамасыз ету үшін жақын уақытта, ЭКСПО өтетін кезеңде және одан кейінгі жылдары қаланы жылумен, сумен және электр қуатымен жабдықтау жүйесін жаңғыртуды қарастырады», – деп атап көрсетті елорданың Коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Төлеген Закарьянов.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше