Елордаға жаңаша тыныс әкелген «Астана мюзикл»

Астана жаңалықтары: Елордаға жаңаша тыныс әкелген «Астана мюзикл»
Үстіміздегі жылдың қаңтар айында елімізге әйгілі өнер ордасы «Қазақконцерт» Астанаға көшіп келген болатын. Жаңаша кейіппен Астана төрінен орын алған ұйымға «Қазақстан» орталық концерт залының ғимараты берілді. Жуырда аталмыш өнер ұжымының салтанатты ашылуы кезінде өнер ордасының негізінде құрылған «Астана мюзикл» театрының тұсауы да қатар кесілді. Былай қарағанда қазақ көрермені үшін мюзикл жанры таныс та әрі бейтаныс дүние. Мұны не үшін айтып отырмыз?

Естеріңізде болса, 2015 жылдың мамыр айында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінде Қазақстанның мәдени имиджін көтеруге мүмкіндігі барын, осы мақсатта отандық «Астана мюзикл» театрын құру туралы мәселенің қаралып жатқанын айтып еді. Міне, көп ұзамай театр шымылдығын ашып, көрермен назарына «Достар серті» мюзиклін ұсынды.

Жалпы, мюзикл — театр, музыка, би, ән, көркемсурет, акробатика, сценография, грим сияқты өнердің барлық түрін қамтитын сан түрлі шығармашылықтың синтезі, озық технологияның қосындысы. Театрдың буы басылмаған жаңа туындысы көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп үлгерген сыңайлы. «Достар сертіндегі» декорация, дыбыс және жарық қоюшы режиссерлер мен экранға бейнеәзірлеушілердің қажырлы еңбегі екенін байқау қиын емес.

Мюзикл нағыз шынайы, адал достық туралы сыр шерте отырып, айырылмас төрт достың оқиғасын баяндайды. 70-ші жылдары әр қиырдан арман қуып, бір қалада жолдары тоғысқан абитуриенттер – Жұматай, Қайрат, Айдос, Марат төртеуі консерваторияға оқуға түседі. Сол сәттен олардың таныстығы, достығы басталады. Алғашқы тапсырған емтихандары төрт досты одан әрі жақын етеді, сонымен қатар бір-бірінің шығармашылық дарындарын тануға мүмкіндік береді. Өнерге деген құлшынысы, таланты арқасында төртеуі де консерваторияға оқуға қабылданады. Осындай қуанышты сәтті атап өту үшін жазғы парктегі би кешіне жиналады. Бірақ жергілікті бұзақы жігіттермен сөзге келісіп қалады. Ересек жігіттерге әлдері жетпей, күштері бәсең түссе де, төрт дос бір-бірін сатпай, соңына дейін бірлікте төбелеседі. Осылайша, олардың бұл адалдықтары «достар серті» болып байланады.
Астана жаңалықтары: Елордаға жаңаша тыныс әкелген «Астана мюзикл»
Төбелестің жарақатымен емханаға түскен олар көрікті де сұлу медбике Әсеммен танысады. Араларынан Маратты танып қалған Әсем олардың оқу орындарына бұл төбелестің кері әсері тимес үшін қолынан келгенше көмек көрсететінін айтады. Сөйтіп, Әсем достарды қиын жағдайдан құтқарады. Төрт достың бірі Жұматай Әсемді бір көргеннен ұнатып, сырттай ғашық болады. Бірақ әскерден келген Айдостың да көзі Әсемге түсіп, сөз салудың жолын іздейді.
Астана жаңалықтары: Елордаға жаңаша тыныс әкелген «Астана мюзикл»
Төртеуінің басы қосылған бір жиында ВИА құру идеясы туындайды және араларына әнші қыз ретінде Әсемді шақыру ойларына келеді. Әсемнің әуезді әні оларды бірден баурап алып, сол сәттен бастап олармен бірге ВИА-да ән шырқайды. Ал Жұматайдың үнсіз ғашықтығымен арада біраз уақыт өтіп кетеді. Көктемнің жаймашуақ күндерінің бірінде бәрі Әсемнің туған күн кешіне жиналады. Осы кеште Жұматай ғашықтық лебізін білдіруге бел байлайды. Бірақ Әсемге арнап шығарған әнін орындайын деп тұрғанда, Айдос оның алдын орап, жақсы жаңалығымен бөліскісі келетінін айтады. Болашақ жарым деп Әсемді таныстырады. Екі жасқа бақыт тілеп, достары құттықтай бастайды. Махаббат пен достықтың екі ұшында қалған Жұматай «сертіне» адалдығын дәлелдеп, екеуіне бақыт тілеп, «Той жырын» орындап береді.
Астана жаңалықтары: Елордаға жаңаша тыныс әкелген «Астана мюзикл»
Арада ұзақ жылдар өтсе де, достар арасында байланған серт мәңгілікке жалғасып, достықтың алтын символына айналады. Қойылымға сол жылдарда әйгілі болған, қазақ музыкасының «алтын қорына» енген Ш.Қалдаяқов, Е.Хасанғалиев, «Дос-Мұқасан» тобының әндері арқау болды. Әлемдік музыканың жауһарлары Моцарт, Франкель, Битлз репертуарының шығармалары да орындалады. Сондай-ақ, жаңа бағытта жазылған композициялар да бар. Либретто авторы — ҚР еңбек сіңірген қайраткері — Бақыт Қайырбеков, драматург — Әннас Бағдат. Қойылым музыкасын жазған республикаға танымал дирижер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері — Артур Оренбургский. Ал мюзикл режиссері Есләм Нұртазинді қысқаша сөзге тартқан болатынбыз.

– Идеяны о баста Арыстанбек Мұхамедиұлының өзі ұсынып, оқиғаны 60-70-ші жылдардан алуымызды, сол жылдардағы елдің сүйіп тыңдайтын әндерін арқау етуімізді ұсынды. Мюзикл тек қана жаңадан жазылған музыкаға құрылмайды. Сондықтан, өзіміздің классикаға айналған әндерге таңдау түсті. Ал тақырыптың достыққа арналуы да кездейсоқ емес. Қазақ жаратылысынан достыққа берік халық. Қойылымды сахналау барысында әрине әрбір минут сайын қиыншылықтар кездесті. Себебі, бұл тың жанр, мюзиклдің өзінің стандарттары бар. Біз сол әрбір стандарттарға сәйкес келетін қойылым қойып шықтық деп ойлаймын. Әлемнің кез келген елінен қандай сыншы келсе де «Иә, бұл талапқа сай» деп айтатынына сенімдімін, — дейді.

«Astana Musical» – еліміздегі тұңғыш мамандандырылған мюзикл театры. Спектакльде жас актерлар өнер көрсетті. Олардың бәрі де іріктеуден өткен, яғни вокал, би және актерлік шеберлікті жетік меңгерген кәсіби мамандар. Мюзиклде жеке орындаушылар «Академия солистов» мемлекеттік камералық оркестрі мен Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының «Bigband» ансамблінің сүйемелдеуімен жанды дауыста ән шырқады.

Өз кезегінде "Қазақконцерт" мемлекеттік концерттік ұйымы" РМҚК директоры Салтанат Ақселеуқызы: «Қазақконцерт» – тек үздіктердің үздігі, ең талантты деген өнер иелерінің ортасы. Аталмыш өнер ұжымы республикамыздағы ең ірі өнер оқу ордаларының студенттері арасында іріктеу өткізіп, сол талантты жастардың негізінде «Astana Musical» театры құрылды. «Қазақконцерттің» Астана төрінен орын алуы, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Мұны, Қазақстанның мәдени өмірінде жаңа бір белес болып жазылған, сахна төрінде жаңа есімдердің жұлдызы жанған сәт деп бағалауға болады», — деді.
Астана жаңалықтары: Елордаға жаңаша тыныс әкелген «Астана мюзикл»
Айта кетейік, Тәуелсіздіктің мерейлі тойына орай жоғары буын жұлдыздары мен жас әншілердің қатысуымен аталған өнер ордасы желтоқсан айында үлкен концерт беруді жоспарлап отыр. «Astana Musical» театрының мақсаты – елорданың мәдени әлеуетін арттыру және театр қызметінің алуан түрлі жанрын кеңейту. Еліміздегі ең ірі концерттік құрылым «Қазақстан» концерт залының бар мүмкіндігін пайдалана отырып, әртістердің шеберлігін шыңдау, кәсібилігін арттыру. Алдыңғы қатарлы технологиялармен жабдықталған кешенде есімі елге әйгілі өнер жұлдыздарымен тығыз байланыс жасау арқылы жастарымызды әлемдік деңгейде таныту.

ult.kz
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше