Мег Майерс туралы: Жанды жеп айту деген осы

«Мег Майерс — музыкадағы жас қыздар туралы стереотиптің көзін жоятын тұлға.»
Nylon Magazine

Қуатты дауыстарға "құлай" салатын адам едім онсызда. Шамамен бір ай бұрын Facebook-тағы досымның бөліскен сілтемесіне өтіп, бірде күңірене теңселіп, тыншу таба қалатын, бірде буырқанып, жан демей, жүрек демей, жолдағысының бәрін жапырып өтетін әлдебір орасан толқынның астында қалдым.

Әңгіме Мег Майерс және оның музыкасы жайлы.

Блог - qisyq: Мег Майерс туралы: Жанды жеп айту деген осы
Мег шығармашылығы инди мен альтернатив роктың тоғысқан тұсында жатыр дейді сыншылар. Шартты түрде, әрине. Себебі оның әндері жоғарыдағы қос бағытпен шектеліп қалмайды, рок-н-ролл, кантри, хип-хоп, r’n’b элементтерін де қамтиды. Содан болар музыканың жілігін шағып, майын ішкендер арнайы Мег Майерс үшін "кантри-гот" деген жаңа жанр ойлап тауыпты.



Мег әндерін әңгіме айтып отырып, фон болсын деп дауысын бәсеңдетіп, ойнатып қоя алмайсың. Бірде нәзік үнімен бойды балқытып, жаймашуақ көңіл сыйлайтын, бірде ойнақы әуенімен қопаңдатып, теңселе билетіп алатын, енді бірде ызаға толы, долы дауысымен тас-талқаныңды шығарып, кеңсірігіңді ашытып, шымылдата жөнелетін бұл қызды я құлай сүйесің, я сол сәтте-ақ құлақтығыңды шешіп лақтырып, енді тыңдамаспын дейсің. Екінің бірі.

Сенің көңілің — оның палитрасы. Сенің жүрегің алақанында. Әлгінде ғана аялап ұстап тұрған еді, енді міне «Кешір мені! Не дейін саған!?» деп сығымдап қалып, уыстап алып, қан жылатады.



Мег шығармашылығы қорқынышты. "Heart Heart Head" әнін алайықшы. Солайымен истерика. Құлай сүйіп, ес-түссіз ғашық болған әйелдің шер болып қатқан күйігі, сыздаған сезімі, тиген жерін ойып түсіретін ыстық махаббаты, кегі, қалауы сұмдық берілген. Мұнда үміт те, депрессияның алғашқы белгілері де, әлдебір маниакал симптомдар да бар.

Қырсық қыз бір әннің бойында солығын баса алмай жылап, сыбырлай сөйлеп, сезімін білдіріп, қарлыға айқайлап, бар ыза-ашуын төгіп үлгереді. Иә, дәл өмірдегідей.

Блог - qisyq: Мег Майерс туралы: Жанды жеп айту деген осы
Мег мені алдамайды. Әндері шынайы. Мұнда «кинодағыдай» деген жоқ. Гитараның қуатты әні, ауыр бас мен тістеніп, әр сөзді қадап-қадап айтып, құшағыңа еніп, тұңғиығына тартып әкететін әншінің дауысы таптырмас ем екен.

Музыка әлемі Мег Майерске үлкен үміт артып отыр. Формат тұрғысынан бұл әнші миға жабысып, күні бойы құлақтан түспейтін арзан әуендермен ауыратын аудиторияға ұнай алады. Бірақ қаптаған көптің ортасында шаң жұтып қалып қоймай, ерекше, бітімі бөлек шығарма да сыйлай алады. Соған сенемін.

Анықтама

Мег Майерс — 1986 жылы АҚШ-тың Смоки қаласында (Теннеси) дүниеге келген. Бала кезінде Иегова куәгері болған, тұрмыстары ауыр болған. Мектеп бітірген соң Лос-Анджелеске қоныс аударып, клубтарда, барларда ән айтады. Осы кезде продюсер Doctor Rosen Rosen-мен танысып, «Daughter In The Choir», «Make a Shadow» атты шағын альбомдарын шығарады. 2015 жылы ішіне 10 ән кіретін «Sorry» деген альбомы жарық көрді.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше