Кувейт - Алтын мемлекет

Бүгін, мен үшін өте қызық және іздену барысында таң қалдырған кішкентай ғана ел — Кувейт жайлы аз ғана ақпарат беремін. Шыны керек, бұл елдің тарихы туралы мәліметтер көп емес. Кувейттіктер 90-жылдардағы Ирактың жаулағанынан кейін, елдің тарихын жазып, шетелдерге насихаттай бастаған. Ирактың аннексиясы кезінде С.Хусейннің өзі, оның тобы, әсіресе ұлы Удей Хусейннің: «Кувейт Ирактың жері, олар ешқашан бөлек ел болмаған, барлық мұнайы біздікі» — деген ұрандары осылай жасауға түрткі болды («Адвокат Дьявола» киносынан анық көруге болады). Сонымен, ақпараттарға сүйенер болсақ, Кувейт мемлекеті Осман империясының билігі кезінде дүниеге келді. Қазіргі астанасы Эль-Кувейтке бірінші постымда жазып кеткен Сауд Арабиясы мен Катардан (әлі ол туралы жазамын болашақта) келген бәдеуиліктердің (бедуин) Аназа тайпасы қоныстана бастайды. Жеке-жеке болған рулық қауымдар бір тайпаға жиналып, ең алғаш «Бану Халид» елді мекені пайда болды. Қазіргі Кувейттің тарихы сол кезден басталады екен. Араб елдерінің тарихын оқи келе, әрбір ел әр уақытта державалардың қол астында болғанын менімен бірге оқып, байқаған шығарсыздар. Алайда, Кувейт не Осман империясы, не сол кездердегі Араб елдерін өз қарамағында ұстауға бөліп алған Француздар мен Британдықтардың мандаттылығында толық болмаған ел. Ресми тұрде Османдықтардың қол астында деп саналса да, түріктердің билігі бұл жерде жүрмеген екен. Орналасқан жерінің қолайлығына қызыққан, елді толықтай өзіне көндіруді мақсат еткен Османдықтар Кувейтті басып алу шараларын қолданған жоқ десем, өтірік айтқан болмын. Бірақ, Британдықтар арабтарға жәрдем көрсетудің арқасында түріктердің ойы іске аспай қалған. 1899 жылы кувейттіктер британдықтармен құпия келісімге келеді. Ол келісім бойынша «Кувейттің қауіпсіздігін қорғауға және оның сыртқы саясатына жауапты ел — Ұлыбритания» болды. Кейін, екі ел арасында Кувейтті Британдықтардың қарамағындағы «Тәуелсіз ел» ретінде танитын тағы бір шарт күшіне енді. 1930 ж Кувейтте мұнай кен орны табылды. Оны, бірақ екінші дүниежүзілік соғыстан кейін игере бастады. Әзірше, олар теңізде делдалдық қызмет атқарып, егіншілікпен, көшпелі мал шаруашылығымен айналысып экономикасын көтере береді. Уақыт өте, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде енгізілген британдық әскерлер елден тек 1961 жылы кетіп, сол жылы Кувейт, қазір көбінесе "қала-мемлекет" ретінде қалыптасып қалған ел өзінің тәуелсіздігін алады. Және жоғарыда айтып кеткен Ирактың аннексиясына дейін (сол кезде Кувейтті бүкіл әлемдік қоғамдастық қолдаған болатын, тіпті Еуропаның кей мемлекеттерінде шерулер де болыпты), экономикасын өзге араб мемлекеттеріне қарағанда сәтті көтере алған бұл мемлекет қазіргі таңда, халық арасында «Алтын мемлекет» деген атқа ие. Ең қызығы конституциялық монархияны ұстанатын елдің билеушілері ас-Сабах әулетінің ұрпақтары. Олар елде сонау XVIII ғасырдың ІІ жартысынан бастап билік етіп келеді екен. Ал ұлттық валютасы «динар» әлемдік валюта «доллардан» 3 есе қымбат (міне, таң қалу*_*). Аумағы 200 км2 Эль-Кувейттің өзінде 600-ден астам мешіт бар екен (722 км2 Астанамызда 10 мешіт бола ма, жоқ па?). Қысқасы, бұл мемлекет көлемі бойынша кішкентай болса да, әлемдік сахнада ойнайтын рөлі мөлтек емес.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше