Дарынды жастар "Салтанат" балына қатысады

Астанадағы Мектеп оқушылары сарайында 25 мамырда дарынды балаларға арналған «Салтанат» балы өтеді. Бұл төртінші рет өткізіліп отырған шара республикалық, халықаралық ғылыми жобалар мен жалпы білім беретін пәндерден олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қошеметтеу мақсатында өткізілмек. Биылғы жылы бал «Астана дарыны» өңірлік ғылыми-практикалық орталығының 10 жылдығына арналып отыр.

2015-2016 оқу жылы елорда оқушылары АҚШ-тағы, Бразилиядағы, Грузиядағы, Ресейдегі, Оңтүстік Кореядағы халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар жарыстарынан 268 медаль алып келді.

Астана қаласының оқушылары командасы республикалық олимпиада мен республикалық ғылыми жобалар конкурсында І жалпыкомандалық орынға ие болды және «Үздік команда» атанды. 2015-2016 оқу жылында елорданың мектеп оқушылары 97 жүлделі орындарды жеңіп алды.

Астана жаңалықтары: Дарынды жастар Салтанат балына қатысады

«Салтанат» балының қатысушылары Астана қаласы мектептерінің 10-11 сынып оқушылары, 2014-2015 оқу жылындағы республикалық, халықаралық ғылыми жобалардың және олимпиадалардың жеңімпаздары.

Бал бағдарламасында — 2015-2016 оқу жылындағы республикалық олимпиадалар мен республикалық ғылыми жобалар конкурсында алтын медальмен марапатталған Астана қаласы мектептерінің оқушылары мен олардың педагогтерін қошеметтеу және марапаттар тапсыру көзделген.

Марапаттау ҚР Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің және Астана қаласының әкімі Ә.Жақсыбековтің қатысуымен өтеді. Құрметті қонақтар ретінде ҚР Парламенті мен Астана қаласы мәслихатының депутаттары, «Нұр Отан» партиясының, ҚР Білім және ғылым министрлігінің, «Дарын» РҒПО, Астана қаласы әкімдігінің өкілдері, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ және М.В. Ломоносов атындағы ММУ қазақстандық филиалының ғалымдары, Астана қаласы білім мекемелерінің басшылары шақырылды.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше