«МузАРТ LIVE» мега-жобасының Астанадағы іріктеу кезеңіне 100-ден астам үміткер қатысуда




Ұйымдастырушылардың айтуынша, алғашқы кезеңде республика бойынша 12 мың өтініш келіп түскен.
«Оларды бес күн бойы қарап, таңдаулыларына хат жібердік. Үміткерлер арасында елімізден бөлек, Қырғызстан және Қытай елінен қандас бауырларымыз болды», дейді әнші Кенжебек Жанәбілов.
Айта кетсек, Астана қаласындағы іріктеу туры екі күнге жалғасады. Одан кейін топ ізбасарларын таңдау Алматы, Атырау, Семей және Шымкент қалаларында жүргізіледі.
Аймақтардағы тыңдалымдар аяқталған соң ұлттық музыкалық байқаудың үшінші кезеңіне жолдама алатын 60 үміткердің есімі жарияланады. Жобаның осы ІІІ кезеңі үміткерлерге телетүсірілімге қатысуға мүмкіндік жасайды.
«Таңдалған 60 үміткер стиль, имидж, репертуар, хореография саласы бойынша сабақтар алады. Ең соңында ақтық айқас екі топ арасында өтеді. Ол квартет немесе трио болуы мүмкін», дейді жобаның атқарушы продюсері Гүлнұр Мамасарипова.
Пікір жоқ әзірше