Ана тіліміздің абыройын асқақтатқан байқау

Астана қаласы М. Өтемісов атындағы Оқушылар сарайында түрлі этностардың өкілдерінің қатысуымен қазақ тілінен жарыс өз межесіне жетті. ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылған «Біз – Ұлы дала балалары» мәдени-бұқаралық шарасы аясында өткен «Тіл – достықтың алтын көпірі»байқауының мақсаты мемлекеттік тілді меңгеруді насихаттау, этномәдени бірлестіктердің жастар қанаттары өкілдерінің арасында қазақ тілін жетік білетін жастарды марапаттау, осылайша қазақ тілінің абыройын көтеру.

Байқау ітижесі бойынша гран-при «Таң» татар-башқұрт мәдени орталығының өкілі Әділ Ишмухаметовқа бұйырды, ал бірінші орын «Возрождение» неміс қоғамының өкілі Анастасия Кровицкая еншісінде.

– Байқау жеңіл әрі қызықты болды. Мен қазақ және ағылшын, сондай-ақ, Конфуций институтында қытай тілін үйреніп жүрмін. Байқауда «Қарлығаш» әнін орындап, өлеңдер оқыдым, әңгімелесуден өттім. Оның үстіне неміс қоғамында актерлікпен айналысамын, мектепте «беске» оқимын, – дейді он бес жасар Анастасия Кровицкая.

Астана жаңалықтары: Ана тіліміздің абыройын асқақтатқан байқау

Осы күні Оқушылар сарайында қалалық жексенбілік мектеп оқушыларының арасында «Менің Отаным — Қазақстан» сурет байқауының қорытындысы шығарылды.

Бірінші топ 6-9 жастағы балалар арасында Неміс жексенбілік мектебінің оқушысы Алина Жакулина Гран-при иеленді, ал Өзбек жексенбілік мектеп оқушысы Абдуллах Аббозов бірінші орын алды.

Екінші топ 10-12 жастағы балалар арасында бас жүлде Орыс-казак жексенбілік мектебінің шәкірті Леонид Грицманға бұйырды, татар-башқұрт жексенбілік мектебінің өкілі Арина Абдрахманова бірінші орын иеленді.

Ересектер арасында (13-17 жас) «Оберег» Украина жексенбілік мектебінің өкілі Әсел Сапаралиева Гран-при алса, осы мектептің тағы да бір өкілі Юлия Шмидт бірінші орынды жеңіп алды.

Шара соңында елордалық этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары өнер көрсетіп, бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан түрлі этностардың ұлттық әдет-ғұрыптарымен және салт-дәстүрлерімен таныстырды.

Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше