Төрт жылдық бір тағдыр

Басталмаған қаланың дастаны әлі Бірінші жыл дала деп жас тамады. Бірінші жыл ауылы естен кетпей, Бесінші жыл қимайды астананы. О жастық-ай, алмайтын өлмей тыным, Ойын-тойсыз, өмірге....(Қ.Мырза-Әли)
Кеше ғана ата-анамызға еркелеп, бар жауакершілікті соларға артып қойған, жап-жас балапан едік. Ал, қазір
Есеюге асығып, арманымызды орындау үшін әсем қала Ақтөбеге келіп, студенттік өмірді бастан кешіп жатқан жайымыз бар.
Бөгде қала. Бөгде адамдар. Бөгде өмір. Ауылды сағыну. Бұл алғашқы кезде қорқынышты болатын… Ал қазір ше?! Қазір қаланың өміріне үйренісіп, буынымыз қатайған 1-ші, 2-ші курстың студенттеріне ақыл беретіндей «ересек» адамбыз.
«Студенттік шақ өмірдің қайталанбас, ең керемет сәті. Қайта келмейді. Өмірдің осы қысқа ғана бөлшегін ұмытылмастай өткізу »-дегенде бір ертегідей көрінетін. Биыл, міне, студенттік кезеңнің үшінші сатысын да тәмәмдаймыз. Үш жыл ішінде бір-бірімізге қатты бауыр басып қалдық. Тіпті, кейде, бір-бірімізден басқа арқасүйеріміз жоқтай көрінеді. Бірде ашпыз, бірде тоқпыз. Қандай жағдай болмасын, қандай да бір кикілжің болмасын үнемі біргеміз!
Әлі есімде. Ең алғаш рет оқуға түскенімді білгенде, газетте жарияланған тізімнің барлығын қарап шықтым. «Мына адамдардың қайсысы менің тобымда оқиды екен?»,-деп қызығып, ғаламтор желісінен барлығын іздеп шыққанмын. Содан соң қалаға келдік. 1-ші қыркүйек жалпы жиынға қатыстық. Ал, 9-ы бәрімізді әр топқа топтастырды. Кураторымызбен және топтағы студенттермен таныстық. Топта 8 қыз, 2 ер бала екен. Алғашында, бір-бірімізді өте қатты жатырқадық. Тіпті, топ басшысы болуға бәсекелестік те болды. Бірақ, бір-біріміздің бауырмашылдығымыздың арқасында қалай жақын араласып кеткенімізді байқамай да қалдық. Бір-бірімізге үйренісіп алған соң, қалжыңдасу, сырласулар басталды. Бірінші курстың ортасына жетпей-ақ санымыз бір ер балаға азайды. Ал, екінші курста екінші ер баламыз да оқудан шығып кетті. Сонымен топта тек қана «нәзік жандылар» қалдық. Бұрын жалпы ойлайтынмын «тек қана қыздар болған жерде, бірлік болмайды» деп. Бірақ, қатты қателесіппін. Аллаға шүкір, татумыз!
Үш жыл уақыттың қадірін білген адамға аз уақыт емес. Үш жылда түрлі қызықтардан басымыздан кешірдік. 1-ші курста корпусымызды таба алмай, сабақ болатын бөлмемізді іздейміз деп, сабаққа кешігіп жүрдік. Біреу тамақ (бәліш, хотдог, т.б.) жегенін көрсек болды «өле жегенше, бөле же»- деп, қолынан тартып алып, бөлісіп жеп қоямыз. Сағыз, дымқыл сүрткіш туралы айтпасам да, барлық студенттерге таныс шығар. Қар атысып ойнап жүргенде деканға да қарымыз тиген. Корпуста өзімізше бір-бірімізді келемеждеп, өзімізше «актерлік шеберлігімізді» танытып жүріп те мұғалімдердің көзіне түсіп қалғанымыз бар. Сабақтан қашқанды қызық көріп, талай «Түсініктеме» жазғанымыз тағы бар. Бірақ, ешқашан топтың ішінде қандай жағдай болмасын сыртқа шығармаймыз. Барлық сырларымыз да, ойын-күлкілеріміз де, реніштеріміз де тек өз арамызда.
Кейбір адамдар айтады «студенттер ең кедей халық» деп, негізі ең бай халық — студенттер, біле білсеңіз, көк қағаздың белсенді тұтынушылары мына біз. Олай деуге негіз көп, ұйымшылдықпен Ақтөбенің тамашаламаған көрікті жерлері қалмаған шығар, сірә. Алғашында аязымен қорқытқан Ақтөбе, қазір, біз үшін ең ыстық қала.
Университет қабырғасында жүргендегі ең қызықты және қатты қобалжитын сәтіміз «Емтихан» деген үрейлі сәт келгенде болады.
Емтихан кездеріндегі алас ұрып, бір семестр бойы мүлдем байыбына жете алмаған пәндерді бір түннің ішінде жарыса жаттау, анығын айтқанда, бар істі тек тамағына тақалғанда ғана қолға алу, қанымызға әбден сіңген үйреншікті әдетке айналды. Әрбір сынақ алдындағы уайымның, іштегі алай-дүлей болып төңкерілген қорқыныштың дені бір бөлек. Бірақ, осы сәтті үнемі бір-біріміздің қолдауымызбен өткеріп келеміз. Бұйырса, осы достығымыздан, бір-бірімізге деген адалдығымыздан айрылмасақ, алдағы емтихандарда да осалдық танытпаймыз деп ойлаймын.
Бұл уақыттың қызығын айта берсек, шегіне жету мүлде мүмкін емес. Өмірдегі әрбір адамның бүкіл ғұмырының естен кетпес көңілді сәтінің ең ауқымды бөлігі де, дәл осы студенттік шақта орын алғаны даусыз. Ендеше, достар, төрт жыл тағдырлас болған, бір нанды бөліп жеп, қиын сәтте қол ұшын созған, студенттік шағымыздың кейіпкерлерін ұмытпайық! (Орфографиялық немесе басқа да қателіктер болса кешірім сұраймын! #Алғашқы пост)
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше