Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесін университет ұжымы орталық алаңда ерекше сән-салтанатпен атап өтті. Облыс әкімі Қ.Е.Көшербаев қала тұрғындарын мерекемен құттықтап, биылғы Наурыз тойының ел тәуелсіздігінің 25 жылдығымен қатар келуін тілге тиек етті. Жыл басын университет профессор-оқытушылары мен студенттері де ерекше қарсы алып, Жыраулар ауылында бас қосты. Жыршы-термешілер киіз үйінде төс қағыстырып, бір-біріне деген ізгі тілектерін жеткізді. Университет өнерпаздары Сыр сүлейлерінің жыр-термелерін орындап, ұлттық өнерімізді ұлықтады. Сондай-ақ, облыстық этномәдени бірлестік өкілдері орыс, өзбек, кәріс, шешен әндерін орындап, билерін биледі. Алаңға келген жастар қазақша күрес, арқан тарту, асық және жамбы ату, гір тасын көтеру, қол күрес секілді жарыстарға белсене қатысты. Мерекені тамашалауға келген халық наурыз көжеден дәм татып, әз Наурызды ерекше көңіл-күймен өткізді.
Пікір жоқ әзірше