Көктем сыйы

Күннің жылы шуағын аңсағанда,
Бұрқасын қарлы аяздан шаршағанда,
Күлімдеп көктем келді жайма шуақ,
Әдемі сырын сыйлап барша адамға.

Жымыңдап бар тіршілік ұйықтап жатқан,
Үйреніп қуануды қозы лақтан.
Сәбидің күлкісіндей сыңғырлайды,
Шаттанып сыршыл бұлақ ағып жатқан.

Аңсатып ару көктем келіп жеткен,
Әсем қыр керіледі тау етектен.
Көк майса қызыл кілем жамылып ап,
Далам жатыр қысыңмен еңбек еткен.

Бүршік жарған махаббат дірілдейді,
Ерке сылқым арулар күлімдейді.
Балаң жігіт ұрланып қарап қояр,
Ұяңдықтан жүргені білінбейді.

Сығалап туырлықтан сылқым ару,
Жүрекке өрекпіген таппай дәру.
Қарайды келе жатқан аттыларға,
Жігіттің бір сөзіне болып зәру.

Кетеді ойлар кезіп шартарапқа,
Көктеммен қайта оянып махаббатта.
Аңсаған сүйіктісін қайран ару,
Түсуге дайын тұрар жанған отқа.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше