Муха Мухырлыч. "Подхалим"

Жырақта жүріп, арды ойлар болар ма. Оның үстіне — баяғы істерге бола.

Болады екен. Болмақ түгілі, сол бір оқиғаларға қатысы болған кісілердің кейпі көз алдыңда қылаң беріп, дауыстары қаңғырлап естілетіні бар екен. Былайғы жұрт Остраваның жайма-шуақ кешінде қазақша сөз түгілі, мұңғұлоидқа ұқсас кескін кездестіруі неғайбыл. Тек маған олай емес. Сыртқа жалғыз көрінгеніммен, қасымда — ертедегі үлкенді-кішілі адами қылмысыма куә болған қырық кісі бар. Барлығы қазақ. Барлығы қазақша сөйлейді. Жады шыңырауынан сыбап жатыр мені.

Сонау бір, үкімет енді жас деп мүсіркемейтін, бірақ кәрі деп шетке шығармаған, қаным бетіме шапқан жылдар болатын. Бүгіндері жеке кәсіпкер Жаназалы-Қоразалылар қолды қылған шимайшылар клубына келгем бір күні.

Мәскеудің есебі түгел баяғы. Осы жерден коньяк пен бильярд артылмайды. Шимайшы ұлт қамын күйттей қалып, жаны күйсе, ішсін дейді. Іше берсін, жалақыны молынан алсын. Сөзі ұсақталып, клубтың дәліз-құжыраларынан аспайды ғой сонда. Масты кім тыңдайды. Міне, кезекті біреу Жануарға айналды, ішіп-ішіп. Есіміне бір-ақ әріп қосу жеткілікті болды.

«Сыншы-сыршы-мінші!» дегенге жоқ сақалын бояғанымен қоймай, көзін адырайтқаны баста әдет болғанымен, кейін ащы судың құдіретімен солай қалып қойған Шимайшы тап берді маған дәлізде. Өлесі мас. Жынды деген атағынан жұрт үрке қашқанға ойлап қалса керек, мені де тықсырамын деп.

— Подхалимсің! — дегені бір кезде.

Айтуынша, бір ашықхатсымақтарына қол қоймаппын. Онысы рас. Бірақ Ұлы Шимайшы жазған хаттардың барлығына қол қоя берсең, осы жерде түнеуің керек. Қол қойып үлгеру үшін. Оның үстіне, басы жазылғасын, диірменге есекпен шапқанын ұмытып кетіп, меймандос бола қалатын әдеті және бар. Үлкенді сыйлап қалғасын, есіне сала бермейміз. Кешегі қылығың не деп. Клубтың хатшылығы да ашық хаттарға еттері әбден үйренген. Шынын айтқанда, сол хатты билеушілерге өкпе-наз айту үшін емес, осындағы дүйім жұртқа сауатын паш ету үшін жазады.

— Ұлы Шимайшының орысшасын көріңдер ме! Немсішесін көрдіңдер ме! Қандай білімді адам ә! — деген күрсініс пен одағайларды есту үшін ғана жазады. Әйтпесе қырық хатының ең болмаса біреуі әдресіне жетсе, Ұлы Шимайшының итжеккенде шіритіні рас-тын.

— Жоқ мен жағымпазбын тек — дедім мен де көзімді тайсақтатпай, бетіне бедірейіп.

— Их-хих-хиеее, подхалим и есть жағымпаз, тупая ты башка — деп, маңдайымнан бір шертсін.

Бассалды-беталды төбелеске құмарлығын білемін. Сондайдан қанаттанады Ұлы Шимайшы. Сондықтан, қышуын қоздырайын деп, әдейі байып сақтадым.

— О, Ұлы Шимайшы! «Подхалим» деген ешқандай да «жағымпаздың» тәржімасы емес. «Жағымпаз» деп, ел көзінше мақтап жіберіп, жылы сөз айтып, бәйек болғанды ғана айтады. Қазаққа соның өзі жеккөрінішті. Ал енді «Подхалим» олай емес. «Подхалим» ел көзінше де, елдің сыртында да мақтайды. Сосын, басқа мақтаушылармен өшпенді жауға айналады. Менен артық мақтап жібермеді ме біреу деп, уайым жейді. Мақтау айтуда машықтанады. «Жағымпазың» тым қарабайыр келеді, мақтап тұрғанының себебін — қожайынының қолындағы күлшесіне көзін көрінеу сатып білдіріп қояды. Ал «подхалим» олай емес. «Подхалим» басыңнан бақ тайып, ешкімі жоқ мүсәпірге айналсаң да мақтауын қоймайды. — Көкем, — дейді подхалимге, мақтау әбден өтіп кеткен кешегі кінәз хал үстінде жатып,- бір тамшы су тамызшы аузыма! Подхалим сонда, «о, ұлы кінәз, Сіздің мәртебеліңіздің аузын мынабір қарабайыр алақаныммен балағаттағаным қалай болар екен» дейді. Сосын кінәздің ұлы істерін, ізгі әрекеттерін тізеді. Кінәз подхалимнен өлген соң да құтыла алмайды. Әруағынан шырақ, мүсінінен гүл шоқтары үзілмейді. Себебі кінәздің артында қалған беделі де бар әлі сарқуға болатын. Ендеше Ұлы Шимайшым менің, Бұқар айтатын жағымпаз бен Чеховтың подхалимін салыстырмай-ақ қой!

Жеңдім-ей. Өзіне қарсы сөз айтатын біреудің табылғанынан есеңгіреп-мәңгірді Ұлы Шимайшы. Содан кейін жолымды кешпейтін болды. Қатты соққы алды білем.
Ал қазір қиналып отырғаным, сол бір жеңісіме малданып кеткенім. Ит те болса, інілігімді сақтап қала беруім керек пе еді деп қам жеймін қатты. Көп жағымпаздың бірі болғанымда ғой. Мүйіз шыққаны шамалы сол жеңісімнен. Ит те болса іні болмадым ба, мазалайтыны тек осы…
Бұдан бұрын — Мразь
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше