Kcell компаниясының Астанадағы драйв-тестіне қатыстым
Драйв-тест жасауға жеңіл көлікпен шықтық, бірақ тест-драйвпен шатастырып алмаңыз. Драйв-тест — ұялы байланыс операторының белгіленген маршрут бойынша арнайы құралдар арқылы байланыс сапасын тексеру тесті.
Бүгін Kcell компаниясының Астана қаласындағы осындай драйв-тестіне қатыстым. Жалпы драйв-тесттер екіге бөлінеді екен: Бенчмаркинг және Инжиниринг. Бенчмаркинг — маркетингтік мақсатта компания қызметтерін бағалау, басқа бәсекелестермен салыстыру, нарықты бағамдау сияқты мақсаттарда жасалады. Ал Инжиниринг тесті болса тек компанияның өз өнімдерінің сапасын тексеру мақсатында.
Жеңіл көліктің арты мынандай қондырғылармен жабдықталған. Wifi роутеріне 4 аппарат жалғанған, ол аппараттарға 4 телефоннан қосылған. Яғни, тестке барлығы 16 телефон қатысады. Барлығы Kcell/Activ sim-карттары. Сараптама осы телефондардан шығатын/кіретін сигналдар арқылы жасалады.
Астана қаласы 6 кластерге бөлінген. Біз бүгін бір кластерді тексеру үшін жолға шықтық. Бұлай жабдықталған көлікпен бүкіл Қазақстанды шарлап шығады екен. Алматы және Астана қалаларында жылына 2-3 рет жасалады мұндай драйв-тест. Бұл тесттер арқылы қаланың қай аймақтарында сигнал нашар екені, интернет жылдамдығы қаншалықты төмен екені анықталып, жақсарту жұмыстары жүргізіледі.
Суреттегі «вагондар» арнайы нүктеге жасалған 2 минуттық қоңыраулардағы дыбыс сапасын көрсетеді. Әр 10 минут сайын баға қойылып отырады халықаралық дыбыс сапасын өлшеу шкаласы POLQA бойынша. Ең жоғары баға 5-ке тек лабораториялық жағдайда ғана жетуге болады екен. Ал жалпы жақсы дыбыс сапасы үшін 2,7 балл жақсы көрсеткіш болып саналады. Астана қаласы бойынша бұл көрсеткіш 4-тің үстінде. Сондай-ақ интернеттің жылдамдығы 40 мб файлды түсіру және 5 мб файлды жіберу арқылы өлшенеді. Көрсеткіштер лог файлға жинақталып, күні бойы орталыққа автоматты түрде жіберіліп отырады. Бір күнде 4-5 гб лог-файл жиналады.
Осылайша бір кластер бойынша 1 квадрат жол жүріп өттік. Инженер Дмитрий Курбановтың айтуынша Астанадағы көрсеткіштер өте жақсы. Kcell-де Астанада 4G орнатуы үшін барлық техника дайын, тек лицензия күтуде екен. Алдағы жылы қосылып қалуы да мүмкін. Демек бұл салада да сапалы бәсекелестік пен қызмет сапасы да болады деген сөз.
Пікір жоқ әзірше